Созақ аудандық мәслихатының кезектен тыс сессия отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков және аудандық мәслихат депутаттары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты. Сессияны аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жүргізіп, күн тәртібінде сегіз мәселе қаралды. Созақ аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында ауданның әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды шаралар талқыланды. Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен олардың шешілу барысына тоқталып, жыл соңына дейін атқарылатын істер жөнінде кеңінен әңгімеледі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мен ауыл тазалығын жақсарту мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Айта кетейік, Созақ ауданында жыл соңына дейін аймаққа қажетті жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар жеткізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, “Созақ сәулет” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балансына LONKING доңғалақты тиегіш, Shacman 6×4 аударғыш жүк машинасы, DongFeng негізіндегі ассенизатор, Шынжыр табанды Shantui бульдозер, КАМАЗ 65115 аралас жол машинасы (суару, жуу, қар тазалағыш), сондай-ақ КАМАЗ-43253 қоқыс тасығыш және CAMAZ 53605 артқы жүк көлігі мен тиегіш экскаватор алынбақ. Бұл жаңашылдықтар ауданның инфрақұрылымын жақсартуға және коммуналдық қызметтерді тиімді көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, барлық 12 кент және ауылдық округтерге Беларус-922,3 маркалы тракторлар жүк салғыш және жетегімен қоса жеткізіліп, “Шолаққорған-Су” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қажетті JCB 3CX маркалы тиегіш экскаватор, жүк көтергіш машина мен тазартқыш ассенизатор машинасы да алынатын болады. Сонымен қатар, тасымалдауға арналған Газел Next автокөлігі мен тізбекті экскаватор да ауданның шаруашылық жұмыстарына қолдау көрсететін болады.
Жалпы, Созақ ауданын кешенді дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында да бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда. Бірқатар ауылдық округтерде жабық үлгідегі кіші футбол алаңы мен мал тоғытуға арналған нысандар салу үшін сметалық құжаттамалар әзірленіп, 100 пайызға көше жарықшамдарымен қамту жұмысы да қолға алынып отыр.
« — Біздің басты мақсатымыз – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және әрбір азаматтың қажеттіліктерін ескере отырып, тиімді шешімдер қабылдау, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және жергілікті басқарудың тиімділігін күшейту. Осы бағытта жұмысымызды жалғастырып, әрбір азаматтың қажеттіліктерін ескеріп, бірге даму жолында аянбай еңбек етеміз. Алдағы уақытта да сіздермен бірге ауданымызды өркендетуге бағытталған жұмыстарды жалғастыратын боламыз.» – деді, Созақ ауданының әкімі Мұхит Сексенбайұлы өз сөзінде.
Сондай-ақ білім саласына қосқан елеулі үлесі үшін аудандық мәслихаттың депутаты Қарлығаш Нышанбайқызын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапаттап, құрмет көрсетті.
Сессияның күн тәртібіне ұсынылған негізгі мәселелер арасында 2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет пен Созақ ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту сынды бірнеше шешімдерге өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Оған қоса, терроризмге қарсы, құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі, есірткі бизнесімен күрес және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты комиссия құрамдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Аудандық мәслихат депутаттары сессияда қаралған мәселелер бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, жұмыс барысы жан-жақты талқыланды. Барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, ауданның әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар айқындалды. Сессия соңында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен олардың шешілу барысына тоқталып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.