Экологиялық мәдениет пен ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісіне айналған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы – қоғамды тазалыққа, табиғатты қорғауға және ортақ жауапкершілікке үндейтін ауқымды бастамаға айналғаны бәрімізге белгілі. Яғни Мемлекет басшысы жүктеген біл міндет елді мекендерді қоқыстан тазалау ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың туған жеріне деген жанашырлығын арттыруды мақсат етеді. Бұл бастама арқылы ауылдар мен қалалар көгалдандырылып, көшелер, саябақтар, қоғамдық орындар абаттандырылып, елді мекендердің санитарлық жағдайы да жақсарып келеді.
Акция аясында ағаш отырғызу, жасыл желекті көбейту, су көздерін тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар табиғи тепе-теңдікті сақтауға, жердің құнарын арттыруға және климаттың қолайлы болуына ықпал етеді.
Осы бағытта, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Бәйдібек ауданының орталығы – Шаян елді мекенінде көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, Рысқұлов көшесінің бойына жалпы 300 түп “Айланта” және жеміс ағаштары егілді. Іс-шараға Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев, аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Фазылбек Әуен, сондай-ақ ауданға қарасты түрлі мекемелердің қызметкерлері мен ауыл жастары және жергілікті тұрғындар да қатысты.
« – Соңғы жылдары Түркістан өңірінде және еліміздің оңтүстігінде «Айланта» көшетін отырғызу жиі қолға алынып жатыр. Себебі бұл ағаш табиғатқа да, адамға да пайдалы. Айлантаны кейде «аспан ағашы» деп те атайды. Ол тез өсетін, ыстыққа да, құрғақшылыққа да шыдайтын өсімдік. Айлантаның ең үлкен артықшылығы тез өседі және көшеті отырғызылғаннан кейін көп күтімді талап етпейді. Алғашқы жылдары-ақ бой көтеріп, небәрі 3–4 жылдың ішінде үлкен ағаш болып өседі. 5–6 жылда көлеңке беретін деңгейге жетеді. Бұл – саябақ, көше, ауыл, елді мекендерді жасылдандыру үшін өте тиімді. Біздің өңірде жаз өте ыстық, су да үнемдеуді қажет етеді. Осындай жағдайда айланта өте қолайлы ағаш және 45–50 градусқа дейінгі ыстыққа шыдайды екен, құрғақ климатқа да бейімделген. Бұл ағаштың тамыры мықты. Сондықтан желден қорғаныш жасайды, құмның жылжуын тежейді, сай-жыралардың опырылуын азайтады. Ауыл шаруашылығы жерлерінде жел тосқауыл орман белдеулерін жасауға да өте ыңғайлы. Дұрыс отырғызылып, бақылаумен өсірілсе, айланта Түркістан өңірін көгалдандырудың ең қолайлы шешімдерінің бірі бола алады.» – дейді, аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев.
Көгалдандыру жұмыстарының мақсаты – елді мекеннің эстетикалық келбетін жақсарту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және тұрғындар үшін қолайлы ортаны қалыптастыру.Аудан аумағында абаттандыру мен көгалдандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
