Әлеуметтік нысандар ауыл әлеуетін арттырады – 2

«– Бүгін еліміз үшін аса қастерлі мерекенің бірі – Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа спорт нысанын ашып отырмыз. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен жүйелі айналысуына барлық мүмкіндік жасалуда. Аядай ауылдардан талай чемпиондар шығып, еліміздің атын әлемдік ареналарда асқақтатып жүр. Спортқа қолжетімділік арта түссе, ауданымыздан әлі де талай биіктерді бағындыратын спортшылар шығатынына сенім мол. Бүгін ашылған алаң ауыл жастарының үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады,» – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Сондай-ақ, шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт нысанының ауыл жастары үшін маңыздылығын атап өтті. Ауыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы Мадияр Бейсенбеков жаңа алаңның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, игі іске сәттілік тіледі. Шараға арнайы қатысқан Жартытөбе ауылынан шыққан спорт саңлақтары, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Таңат Нөсербаев ауыл жастарына жасалған жағдайға жоғары баға берді.

Сонымен қатар, ауыл тумасы, кәсіпкер Дәулет Дүйсебай ауыл жастарына футбол доптары мен жаттығуға қажетті спорттық жабдықтарды сыйға тартты.

Жаңа спорт алаңы барлық қажетті стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда жасанды төсеніш төселген футбол алаңы, жарықтандыру жүйесі, қауіпсіздік қоршаулары, ойыншыларға арналған жылы киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған. Нысан аумағы толық асфальтталып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен тұрақты айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Созақ ауданындағы игі істер мұнымен шектелген жоқ. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында жаңа тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді. «Жеткіншек» шағын ауданында бой көтерген 2 қабатты тұрғын үйде 16 пәтер бар. Бұл пәтерлердің кілттері апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындарына табысталды. Тұрғын үйдің құрылысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «КАTКО» БК ЖШС және «Қазатомпром-Сауран» тарапынан қаржыландырылды.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов әлеуметтік маңызы жоғары жобаның аудан дамуына қосар үлесін атап өтті. Ұлттық компания өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қолдауды алдағы уақытта да жалғастыратынын айтты. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа қоныс иелерін қуанышты сәтпен құттықтады.

«– Апатты үйлердің мәселесін шешу – басты міндеттеріміздің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл жобаны жаңғырту бағдарламасына енгіздік. Қаржы көзін анықтау үшін Қазатомөнеркәсіп компанияларымен келіссөздер жүргіздік. Жобаның іске асуына қолдау көрсеткен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына, «КАТКО» және «Қазатомпром-Сауран» басшыларына аудан жұртшылығы атынан алғыс айтамын. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын!» – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар «КАTКО» БК ЖШС-нің қаржы жөніндегі директоры Алмас Жанқабыл сөз алып, компанияның әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Жаңа тұрғын үй аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында салынды. Пәтерлер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Инженерлік желілермен толық қамтылған. Ауласы қоршалып, балалар ойын алаңшасы орнатылған. Сыртқы қасбеті металлопанельмен қапталып, талаптарға сай әрленген.

Сонымен қатар, жеке демеушілер есебінен де тұрғындарды қуанышқа бөлеген жаңалықтар болды. Бабата елді мекенінде аз қамтылған отбасыға «Қазфосфат» ЖШС-нің демеушілігімен тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы мақсатта ауылға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов жаңа баспананың кілтін табыстап, үй иесін қоныс тойымен құттықтады. Салтанатты шара барысында ауыл қариясы Садық Әбдірашұлы аталған игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар баспана иесінің қуанышын бөлісіп, ізгі тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, Бабата елді мекенінде табысталған тұрғын үй барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Атап айтқанда, су және жылу жүйелеріне арналған жеке бөлмелер қарастырылып, жылу жүйесі толық орнатылған. Сонымен қатар, 20 сотықтан астам жер телімі арнайы шарбақпен қоршалып, қора-жайы қосалқы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік береді.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*