ҚМДБ Түркістан облыстық өкілдігі, Төлеби ауданының бас имамы Үсен Мырзаханұлының ұйымдастыруымен аудан имамдарына “Уағыз айтудың әдебі” тақырыбында және “Тәртіптік кеңес” құжаттарын түсіндіру бойынша өңір имамдарына арналған семинар болып өтті. Шараға Облыс Бас имамы Ержан қажы Сматұлы, іс басқарушы Ә. Тұрлыбеков, кеңесші М.Құлымбетов және ауданға қарасты мешіт имамдары қатысты.
— Имам дегеніміз ол ел алдындағы рухани жетілген тұлға. Сондықтан имам әрқашан елдің алдында көркем мінезімен, іс-әрекетімен, тіліменде үлгі болуы керек. ҚМДБ тарапынан арнайы уағыз айтудың тәртібін жетілдіру бойынша құжатта қабылданған. Бұл жүйе қажеттілік. Имам әрқашан ортаға лайықты уағыз-насихат айтуы қажет, сол ортаға лайықты насихатты таңдай білу керек. Имам-діннің айнасы. Имам тек сөзбен ғана емес, амал арқылы да тәлім береді. Жақсы адамның аузынан шыққан сөз, оның әрбір амалы айналасындағы адамдар үшін үлгі-өнеге, ғибрат болуы керек. Біз, дін адамы халықтың осынау құрметіне қаяу түсіріп алмауға тиіспіз. Жамағаттың ілтипатына бөлену ыждаһаттылық пен табандылықты талап ететін болса, сол сенім мен кіршіксіз қарым-қатынасқа сызат түсірмеу екі есе жауапкершілік жүктейді. Өзгені жөнге салу үшін алдымен өзімізді өзгерту қажет екенін естен шығармауымыз керек. Өзгені өзімізге еліктету үшін де ең әуелі біздің бойымызда біреуді баурап алатындай көркем мінез, жақсы қатынас, әдемі сөздер толассыз төгіліп тұруы тиіс. Ең бастысы әдептілік. Әдептілік – адамның басқалардың көңіліне тимейтіндей етіп әрекет етуі. Бұған қашан және қалай сөйлеу керектігін аңғара білу де жатады. Имам жамағатты біреудің намысына тимеуге, оларға қол ұшын беруге шақырады. Мейірімді, момын адам өзгелермен жылы-жұмсақ тілдеседі. Татулықты сүйетін кісі әрқашан басқалармен жақсы қарым-қатынаста болудың жолын іздейді. Сабырлы пенде әлдекім өзімен дөрекі сөйлессе де, төзімділік танытыта біледі және асыл қасиеттердің бәрі жиылып, адам бойынан көрініс тапса, өзгелер үлгі ала бастайды. Әрбір мешітте немесе әрбір ортада болсын айтылған уағыз шынайы ықыласпен, мейірімділікпен, ақиқатымен жеткізілсе, оны сезінген жамағат та өзін жөнге салудың қамына кірісе бастайды. Яғни, басты қадам имамнан болады. Сондықтан әрқашан абыройлы қызмет атқаруды нәсіп етсін.» —деп насихат айтты Түркістан облысының бас имамы Ержан қажы Сматұлы.
Расында шынайы мұсылманның іс-әрекеті мен мінез-құлқы имандылыққа, адамгершілік ұстанымдарына негізделеді. «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік» деген Жүсіп Баласағұн бабамыз Ислам дінінде мұсылман баласын ізгілікке, адамгершілікке жетелейтін көптеген асыл қасиеттер бар екенін айтып кеткен екен. Атап айтар болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген тұлға болуы тиіс.
-Ислам этикасы – көркем мінез-құлық нормалары мен имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік сынды көптеген рухани құндылықтардан тұрады. Бүгінгі қоғамның мұсылмандары ислам этикасын, ондағы адами құндылықтарды ұстана білуі қажет. Осындай тәлімі мол тұғырнамалар арқылы қоғамдағы тұрақтылық сақталып, рухани кемелдену жүзеге асады. Қазіргі қоғамымыздағы діни ахуал жағдайында ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, имани құндылықтарды дамытудың маңызы зор.Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін рухани жол. Яғни, адам бойындағы ізгіліктің көрінісі деуге болады. Алла Тағала жіберген әрбір пайғамбардың міндеті имандылыққа шақыру болған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық – иман келтірген адамға бітетін көркем мінез. Сондықтан таза діннің жолында таза, игі амалдарға жақын болайық және қоғамды ынтымақ пен татулыққа шақыра білейік.» — деді Төлеби ауданының бас имамы Үсен Мырзаханұлы.
Сонымен қатар, Облыстық іс басқарушы Әлімхан Тұрлыбеков ”Тәртіптік Кеңес” қабылданған құжаттың міндеттерін, мақсатын түсіндірді. Семинар барысында имамдар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.