ТҮЛКІБАСТАҒЫ ҚЫЗЫЛБАСТАУ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ТІРЕК ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдардағы әлеуметтік меселелерді шешу, әсіресе медициналық нысандарды ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытты Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін, осы орайда Түлкібас ауданына қарасты Қызылбастау ауылында көптен күткен жаңа медициналық тірек ел игілігіне берілді. Шараға арнайы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Тұрғындарға денсаулық сақтау қызметінің жақсарып, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігі артатынын айтты.

« – Қызылбастау ауылында ашылған жаңа медициналық тірек жергілікті халық үшін үлкен қуаныш әкелді. Бұрын дәрігерге қаралу үшін алыстағы ауруханаға баруға мәжбүр болған тұрғындар енді сапалы медициналық көмекті өз ауылынан алатын болды. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл нысан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге, науқастарды дер кезінде тексеріп, ем-дом жүргізуге зор мүмкіндік береді. Медициналық тіректе енді тәжірибелі дәрігерлер мен медбикелер де жұмыс істейді.«Халық денсаулығы – ең басты байлық» қағидасын негізге алған бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыра түсетіні сөзсіз.» – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев.

Бұған дейін ауыл халқы жалдамалы ғимаратта медициналық көмек алып келген. Енді жаңа, заманауи талаптарға сай салынған медициналық тірек халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге толық мүмкіндік береді. Жаңа медициналық тірек – тек денсаулық сақтау нысаны ғана емес, ел игілігіне қызмет ететін маңызды әлеуметтік жоба. Оның жұмысына разы болған тұрғындар алғыстарын білдіріп, медицина қызметкерлеріне табыс тілеп отыр. Биыл ауданда жыл басынан бері тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында Мақталы, Тастұбұлақ, Шақпақ-Баба ауылдарында жаңа медициналық тіректер іске қосылса, жуырда ғана Азаттық ауылында да жаңа медициналық нысан қолданысқа берілді. Ауданда медициналық нысандарды арттыру үшін келесі жылы Қараағашты, Жаңұзақ, Майтөбе және Еңбек елді мекендерінде де заманауи медициналық тіректер салу жоспарлануда.

Айта кетсек, өткен жылы Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жалпы құны 10 млрд теңге құрайтын 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізіліп, толық іске қосылған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар осы жылы да жалғасын табуда. Атап айтқанда облыс көлемінде қайта жаңғырту қажет ететін 73 медициналық нысанның, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*