ЖАУШЫҚҰМ АУЫЛЫНДА ЖЕР ЖӘНЕ СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жаушықұм ауылында жер және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне арналған жиын өтті. Кездесуде жер телімдерін нысаналы мақсатына сай пайдалану, жайылым жерлерге полимерлі пленка қолдану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарын егу, жер үсті және жер асты су көздерін тиімді пайдалану, ағын су пайдалануға рұқсат алу, тиісті келісімшарттар жасау және өзге де өзекті мәселелер қаралды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бердешов Жұмасұлтан Оразбекұлы, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал–Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Бекетов Шерхан Нұртазаұлы, Шардара ауданының аға прокуроры Санжар Дартаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Шардара өндірістік бөлімшесінің жауапты мамандары, ауыл әкімдіктерінің салаға жауапты қызметкерлері және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.

« – Ауыл шаруашылығы, егіншілік, мал шаруашылығы және тұрмыстық қажеттілік үшін су ең басты ресурс екені белгілі. Сондықтан жер үсті және жер асты су көздерін тиімді пайдалану, суды рәсімдеп, заңды түрде қолдану – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Жер үсті сулары, яғни өзендер, бұлақтар, канал, арық, тоған суларын білдіреді. Бұл суларды бейберекет пайдалану табиғатқа зиян келтіреді, ал суды үнемді пайдалану – егіннің өнімді болуына да әсер етеді. Сондай-ақ, жер асты сулары құдық, ұңғыма арқылы алынатын су. Бұл тұста айта кететін жайт заңсыз бұрғылау экологияға зиян тигізеді және бұл әрекетке айыппұл салынады. Сондықтан жер асты суын алу үшін рұқсат пен ресми құжаттар қажет. Сонымен қатар ағын суды пайдалану – рұқсатпен ғана жүзеге асырылады. Ағын су тек егін егуге, бау-бақша суғаруға, малға су беруге пайдаланылғаны дұрыс. Бірақ көп жағдайда өзеннен өз бетімен канал қазып су бұрып алу әрекеттері орын алып жатады. Бұл шешім заңсыз болып табылады. Су торабын бүлдіру де жауапкершілікке әкеледі. Сонымен қатар, суды бекітілген мөлшерден артық пайдалану – басқа шаруаларға зиянын тигізетінін естен шығармаған жөн. Одан бөлек, құдық қазу және жер асты суын пайдалану бойынша да өзіндік ережелер бар. Яғни, терең ұңғыма бұрғыланатын болса, өндірістік мақсатта су пайдаланылса, онда арнайы рұқсат керек болады. Бұл жер асты ресурстарын қорғау, топырақтың отыруын болдырмау, экологиялық қауіптің алдын алу үшін өте маңызды қажеттілік болып саналады. Сондықтан бұл заңдылықтарға әркім жауапкершілікпен қарауы керек, су – ортақ байлық екенін ұмытпау қажет. Тәртіпке бағынған ауыл ғана ұтады, себебі мұнда дау-дамайлар орын алмай, шаруалар жер және су ресурстарын тиімді пайдалануды қарастырады. Жалпы тұрғындар суды дұрыс, әділ әрі тиімді пайдаланса егін жақсы шығады, ауыл шаруашылығы дамиды, табиғат сақталады,ертеңгі ұрпаққа таза су қалады.» – дейді мамандар.

Бүгінде елімізде барлық салада цифрландыру жүріп жатыр. Сол сияқты су шаруашылығында да заманауи технологияларды қолдану – уақыт талабы. Бұл суды үнемдеуге, әділ бөлуге, дау-жанжалды азайтуға және шаруалардың жұмысын жеңілдетуге көмектеседі.

« – Бәpіміз білеміз су – тіршілік көзі, ауылдың қозғаушы күші. Егін де, мал да, тұрмыс та – бәрі судың есебінен. Сондықтан суға жауапсыз қарау – болашаққа зиян. Осыны ескере отырып, енді суды басқаруда жаңа заман талабына сай цифрлы жүйе енгізу жоспарланып отыр. Цифрландыру – суға қатысты жұмыстарды қағазбен емес, электронды жүйемен жүргізуге, есепті қолмен емес, техника арқылы жүргізуге мүмкіндік бермек. Оның пайдасы судың нақты мөлшерін өлшеуге болады,қай жерде қанша су кеткені көрінеді,артық жұмсау азаяды,су әділ бөлінеді. Сондай-ақ, даулы мәселелер азайып, ауыл шаруашылығында шығынан қарағанда өнім көбейеді. Цифрландыру бағытында каналдар мен құбырларға арнайы су есептегіш электронды құралдары қойылатын болады. Ол құралдар судың нақты көлемін есептейді, мәліметті телефон немесе компьютерге жібереді, судың жоғалуын анықтайды.Су беретін мекемелер мен әкімдік қай каналдан қанша су беріліп жатқанын,қай жерде су аз,қай жерде ақау бар екенін онлайн көре алады. Электронды келісімшарт дегеніміз болашақта суға өтінішті интернет арқылы беруге, келісімшартты онлайн рәсімдеуге, төлемді электронды төлеуге мүмкіндік болады. Бұл шаруаның уақытын үнемдейді. Егістікке қажетті су көлемі алдын ала есептеледі. Сол арқылы су ысырап болмайды, әр шаруаға жеткілікті су беріледі, суды кезекпен әділ таратуға мүмкіндік туады. Жер асты суын да цифрлы бақылау нәтижесінде ұңғыма, құдық арқылы алынатын сулар тіркеуге алынады,рұқсаты бар-жоқ тексеріледі және шамадан тыс су алу анықталады. Бұл жер асты суының сақталуын, табиғаттың бұзылуын болдырмауға көмектеседі.» – деді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Шардара өндірістік бөлімшесінің жауапты мамандары.

Кездесу барысында көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*