ИІРСУ ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түлкібас ауданы әкімдігі мен Қытайлық «Kazakhstan Silk Road International Cultural Tourism Investment Management» ЖШС өкілдері арасында Иірсу демалыс аймағының жобасына қатысты кездесу өтті. Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев бастаған топ шетелдік инвесторлармен бірге жобаның нақты кезеңдері мен іске асу тетіктерін егжей-тегжейлі талқылап, ұсыныс пікірлер де ортаға салынды. Алдын ала жоспарға сәйкес, құрылыстың алғашқы кезеңі қаржы тетіктері шешілген жағдайда 2026 жылдың наурыз айында басталып, маусым айында алғашқы нысандар іске қосылады деп жоспарлануда. Жобаның басты ерекшелігі — табиғи сұлулығы сақталған, экологиялық таза аймақта туризм инфрақұрылымын дамыту.

Иірсу елдімекенінен Ақсу шатқалына дейінгі жол құрылысы мемлекет және инвесторлар қаржысымен жүргізілмек. Көру алаңы — яғни шыныдан салынатын аспалы алаңы да мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Алайда жобаның негізгі кешендері – 200 бөлмелі, 3 қабатты, 4 жұлдызды қонақ үй, мейрамханалар мен демалыс орындары инвесторлар есебінен салынады. Кездесу барысында екі тарап табиғатты сақтау, экологиялық нормаларды қатаң ұстану, туристік әлеуетті арттыру мәселелерін алдыңғы орынға қойды. Аудан басшысы Иірсу шатқалын еліміздегі жетекші экотуризм орталығына айналдыру мақсаты бар екенін атап өтті.

Түркістан облысының табиғаты көркем өңірлерінің бірі – Түлкібас ауданы. Таулары мен өзен-салалары, ерекше табиғи ландшафты және таза ауасымен бұл аймақ экотуризм, отбасылық демалыс және сауықтыру туризмі үшін өте қолайлы. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында Иірсу демалыс аймағын құру – аудан экономикасына тың серпін беретін маңызды жоба болып саналады. Бұл жоба – аталған аймақты көркейтуге, халықтың тұрмысын жақсартуға, жастарға жұмыс беруге бағытталған игі бастама. Бұл аймақ халықтың тынығып демалатын орны, туристер келетін тартымды жер, аудан экономикасына табыс түсіретін жаңа мүмкіндік болады. Иірсу табиғаты әсем, ауасы таза, туристік демалысқа өте қолайлы жер. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдалану әлеуметтік-экономикалық даму үшін пайдалы. Бастысы жаңа жұмыс орындары ашылады. Қызмет көрсету, құрылыс, демалыс үйлерінде жұмыс, сауда орындары – бәріне жергілікті тұрғындар да тартылатын болады. Жергілікті кәсіпкерлерге шағын дәмханалар ашуға, азық-түлік сатуға, ұлттық тағам ұсынуға, кәдесый, бал, сүт өнімдері мен бау бақшы, көкөніс-жемістер сату дегендей мүмкіндіктер де пайда болады.

Демалыс аймағы салынса, инфрақұрылым бірге дамиды. Жол, жарық, байланыс жақсарады. Бұл ауыл өміріне де оң әсер етеді. Келген қонақ ауданның көрікті жерлерін көреді және оны танытуға да ықпал жасайды. Иірсу демалыс аймағының жобасына демалыс үйлері мен коттедждер, отбасылық демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, серуендеу және табиғатты тамашалау жолдары, спорттық және жастар демалыс алаңдары да кіреді. Бұл жоба табиғатты құрту үшін емес, халыққа қызмет ету үшін жасалады. Сондықтан мамандар орман мен жасыл аймақ сақталады, қоқыс тастауға жол берілмейді, экологиялық талаптар қатаң бақылауда болатынын айтады.

Жалпы Түлкібас ауданы өзіндік табиғатымен ерекшеленеді және инвесторлардың қызығушылығын арттыра түседі. 2025 жылы аймақта туризм саласын дамыту мақсатында жалпы құны 2,3 млрд. теңгелік 3 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Атап айтқанда, Қараағашты ауылында орналасқан «Ақсу-Жабағылы» оңалту сауықтыру кешенінің» қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізіп, шипажай сыйымдылығын 500 орынға арттыру. Одан бөлек, Кершетас ауылында орналасқан жеке кәсіпкер «Патсаев К» туристік аймағы. Жобаның құны 150 млн теңге. Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда іске қосылды. Машат ауылында орналасқан жеке кәсіпкер «А.Бакеев» демалыс аймағы. Жобаның құны – 200 млн теңге. Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттары рәсімделген. Бұл жобалар арқылы да  175 жаңа жұмыс орны ашылған.

Айта кетейік бұған дейін Түлкібас ауданының делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында Қытай елінің Хунань правициясы, Чанша қаласына қарасты Кайфу мен Нисянь аудандарындағы толық автоматтандырылған өндірістік аймақтарының жұмысымен танысқан болатын. Сонымен қатар, аталмыш ауданның жобалық институтында болған аудан делегациясы білікті мамандар дайындаған шатқал үстінен көру алаңдарының, тағы да басқа түрлі жобаларымен және сол мезетте институт мамандарының дайындаған ауданда Ақсу шатқалында жоспарланып жатқан көру алаңының 7 түрлі нұсқасымен танысқан еді. Инвестициялық жобада мейрамханалар мен саябақтарды қазақтың ұлттық нақыштарына бейімдеу және тау бөктерінде заманауи демалыс орындарын салу қарастырылған. Сондай-ақ, шатқалдан табиғатты тамашалауға арналған аспалы көпірдің түрлі жобасы да әзірленген.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*