ЖҮЙЕЛІ БАСТАМА ЖЕМІСІН БЕРЕДІ ДЕГЕН СЕНІМДЕМІЗ

Азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолға алған басты саяси ұстанымы екенін белгілі. Президент лауазымына сайланған 2019 жылы, Мемлекет басшысы ұсынған сайлауалды бағдарламада, еліміздегі  аса маңызды стратегиялық проблемаларға қатысты шешім референдум арқылы қабылданады деп айтылған болатын.

Қазақстанда атом энергетикасын дамыту туралы алғашқы пікірлер осыдан 5 жыл бұрын айтылған еді. 2019 жылғы 27 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Семейде өткен кездесуде АЭС салу туралы шешім қабылдауда, халықтың пікірі ескерілетінін жария етті. Ал, Қазақстанда атом станциясын салу жөнінде түпкілікті шешім қабылдау үшін жалпыұлттық референдум өткізілетіні Мемлекет басшысының өткен жылғы қараша айында ғалымдармен өткен жиында айтылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында айтылып, 6 қазанға белгіленген жалпыхалықтық референдумның өткізілуі – бұл жан-жақты ойластырылған, байыппен талдап-таразыланған саяси шешім екенін осыдан-ақ білуге болады.

Атом станциясын салудың тиімділіктері осы 5 жыл ішінде толықтай зерделенді. Жобаның энергетикалық қажеттілігінен бастап, экономикалық, экологиялық, технологиялық және қауіпсіздік мәселелері түгелдей зерттелді.

Нақты мысалдарды келтіретін болсақ, Қазақстанда халықтың 50 пайызы еліміздің оңтүстігіне жататын 5 облыс пен 2 мегаполисте тұрады. Соның ішінде, Түркістан облысында республика халқының 10 пайыздан астамы шоғырланған. Осыншама халыққа электр қуатын жеткізу – үлкен стратегиялық мәні бар мәселе болып отыр. Осы өңірлерде тұратын 10 млн.-нан астам халықты сырттан келетін энергияға тәуелді етуге болмайтынын жақсы білесіздер.

Экономикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың мүмкіндігі көп екенін түсінеміз. Қазірдің өзінде еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемдебірінші орын алады. Ядролық отын компоненттерін өндіруге технологиялық мүмкіндігіміз жетеді. Қазір мұның бәрін шет елдер бізден шикізат күйінде алып отыр.

Атом станциясы салынса, бізге жаңа буын технология келеді, физик-ғалымдарымыз сыртқа кетпей, өзімізде жұмыс істейтін болады. Бейбіт атоммен жұмыс істей білетін жастарымыз тәрбиеленеді.

Атом энергетикасы экологиямызға да пайдасын тигізеді. Қазір біз тұтынатын қуаттың 70 пайызы көмір станцияларында өндіріледі. Бұл станциялардың 70 пайызы тозып, ескірген. Көмір түтіні ауамызды ластап тұрса, көмір қалдықтары жерімізді ластауда. Атом станциясынан шығатын парник газының көлемі көмірмен салыстырғанда 135 есе төмен екені айтылуда. Пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеу нәтижесінде, пайдалы материалдарының 90 пайыздан астамын қайта пайдалануға болады дейді ғалымдар.

Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Соның ішінде, бұл бастаманы Семей полигонымен салыстырып жатқандар да бар. Ядролық отынды қару ретінде пайдалану мен бейбіт мақсатта қолдану – мүлде үйлеспейтін түсініктер. Сондықтан, тұрғындардың радиациядан зардап шегу қатері жоқ екенін айтуға тиіспіз.

Кейбіреулер Чернобыль мен Фукусима апаттарын мысалға келтіреді. Біріншіден, Чернобыль АЭС-ы 1977 жылы салынған болса, Фукусима станциясы 1971 жылы іске қосылған. Сол кездегі ең мықты технологиялармен салынған бірінші буындағы реакторлар болатын. Қазір дәуір басқа, технология содан бергі кезеңде қарыштап дамыды. Бізде салынатыны ІІІ және ІІІ+ буындағы реакторлар болады. Екіншіден, Чернобыльдегі апат адам салғырттығынан орын алса, Фукусимадағы апат мұхиттағы цунамидің орын алуынан болды.

Жаңа буын станциялар 9,2 баллдық жер сілкінісіне төтеп бере алатындай боп салынады. Атом станцияларының салынуы МАГАТЭ – Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттіктің тікелей қадағалауымен іске асады. Жобасы, салынуы, іске қосылуы және жұмыс істеп тұруы – түгелдей халықаралық мамандардың бақылауында болады.

Атом станциясы туралы шындыққа сай келетін, дәлелді деректерді айтатын АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылғанын білесіздер. Штабтың халық арасындағы түсіндіру жұмыстары Түркістан облысынан басталып, Парламент Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов бастаған өкілдер облыс тұрғындарымен 13 кездесу өткізді.

Қазақстанның қуатты елге айналуы – баршамыздың мұратымыз. Еліміздің тағдырына байланысты таңдау сәтінде баршамыз болашағымызға жауапкершілікпен қарайық!

Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,

«AMANAT» партиясы, Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*