Болатбек Әлиев: Халық көшеге көлігі болмағандықтан емес, айлығының аздығынан шығады.

Парламент мәжілісінің депутаты Болатбек Әлиев Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында 4 пайыздық жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасына қарсы пікір білдірді, деп хабарлайды ТАQ.KZ ақпараттық агенттігі informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, автонесие бағдарламасымен берілетін көліктер отандық, яғни Қазақстанда құрастырылған дегенмен, оның бөлшектерінің бәрі Қытай, Кореядан әкелінеді. Сәйкесінше, ақша сол елдердің экономикасына кетіп жатыр. Ал, халыққа тұтыну кредитін көптеп беру инфляция көрсеткішін арттыра бермек.

«Мұның бәрі – тұтыну кредиті. Көлік телефонмен алғанмен бірдей, екеуі де өнім шығармайды. Оны тек тұтынасыз. Ал тұтыну кредиті инфляцияны күшейте береді. Үкімет тұтыну несиесін беру арқылы инфляциямен күресудің орнына керісінше жасап отыр. Анығында, халық көшеге көлігі болмағандықтан емес, айлығының аздығынан, табысының төмендігінен шығады. Ал біз адамдардың мойнына тағы да кредит салмағын салып жатырмыз. Қазақстан бүгінде суперәлеуметтік мемлекетке айналып отыр», – деді Болатбек Әлиев.

Мәжілісменнің айтуынша несиені керісінше, ауыл шаруашылығы техникаларын алуға бағыттау керек.

«Бізде «халықта ақша жоқ» деген түсінік бар. Онда несиеге автокөлік берсеңіз, оның өтеуін қалай төлейді? Несиені адамдар мемлекеттің қолдауымен банктен алады. Неге сол несиені ауыл шаруашылығы техникасын алуға бермеске? Сонда шаруа жұмыс істеп, өнім шығарып, сатып, ақша табар еді. Тапқан қаржысына автокөлігін өзі-ақ алады ғой. Мемлекет 100 млрд теңгені жеңілдетілген автонесиеге бергенше, техника алуға берсін. Керісінше, техникаға бөлінген 30 млрд теңгені жеңіл автокөлік алу үшін бөлсін. Халық шаруашылықпен айналысып, өнім өндіріп, жағдайын дұрыстап жатса қаржысын бала-шағасына, азық-түлікке, көлікке жұмсайды. Есесіне банкке тәуелді болмайды», – деп түсіндірді ол.

 

 

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*