Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында мүміндігі шектеулі баласын тәрбиелеуші санатындағы жеке кәсіпкер Назира Телғозиева мемлекеттік грант иегері атанып, бүгінде қияр шаруашлығын дамытуға кіріскен. Бастау бизнес жобасы аясында, өзінің бизнес-идеясын қорғап, 2023 жылдың сәуір айында мемлекеттен 1 380 000 теңге алған азаматша ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 3 га егістік алқабында қияр өсіруде. Тәулігіне төрт тонна қияр алатын егістікте, 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тиісінше егістік алқабын игеруге де мүмкіндік алды.
«Бүгінде ізденіп еңбек етіп, жеке кәсібін өрлетемін деген азаматқа мүмкіндіктер өте көп. Ең бастысы ерінбеу керек деп ойлаймын. Жолдасым екеуміз осы кәсіпті игеріп келе жатқанымызға біршама жыл болды, отбасылық кәсіп деп айтуға да болады. Бүгінде еңбегіміздің нәтижесін көріп отырмыз. Табысымыз отбасымызға толық жетеді. Қазіргі тағда қиярға сұраныс өте жоғары, сол үшін балаларымыз да арасында көмек беріп, қолдау көрсетеді»,-дейді Назира Телғозиева.
Қиияр шаруашылығымен айналысу елімізде кеңінен тараған кәсіптің түрі ғой. Шаруалардың көпшілігі оны жылыжайларда өсіріп жатады. Бірақ, қиярды кез-келген, тек қышқыл және тұзды емес топырақтарда да өсіруге болады. Ол басқа көкөніс дақылдарымен салыстырғанда, топырақтан қоректік заттарды аз шығындағанымен, оларды бойына тез сіңіреді. Жалпы қияр өнімін оның пісіп, жетілуіне қарай теріп отыру қажет. Себебі оны уақытылы жинамасаң, ұрықтанып, басқа да көкөністердің өсуіне кері әсерін тигізеді, жеуге де жарамсыз болып қалуы мүмкін. Әсіресе, шілде айында жеміс беру уақыты қызған шақта, күніне немесе екі күнде бір рет өнімді жинап алу керек. Қииярдың күтімі дұрыс болу үшін, топырағын қопсытып, уақытылы арам шөптерін жұлып және жаңа өскен сабақтарын қыстырып отыру қажет. Сосын бұл көкөніс түрі суды жақсы көреді.Сондықтан,оғанда баса көңіл бөлу қажет. Мен бастау бизнес аясында осы кәсіпті бастағаныма қуаныштымын. Шаруашылыққа отбасым,жақындарым да қолдау білдіріп жатыр — дейді Назира Телғозиева.
Айта кетейік, бүгінде Түлкібас ауданында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін өркендетіп жатқан кәсіпкерлердің қатары артқан. Тіпті, шаруаға қосымша азаматтарды тартып, оларды жұмыспен қамтып жатқандары да бар. Ал, 2023 жылға берілетін мемлекеттік қайтарымсыз гранттың үшінші легі ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталады деп жоспарланып отыр.