Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша, өңірдегі ауылдардың экономикасын өркендетіп, тұрғындар үшiн қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында «Үлгілі ауыл» байқауы қолға алынған болатын. Осы орайда, «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазын анықтау мақсатында облыстық конкурстық комиссияның отырысы өтті. Салалық басқармалар басшылығы, облыстық мәслихат, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысқан жиында қорытынды жасалып, аталған байқаудың жеңімпаздары анықталды. Нақтырақ айтқанда, Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылы бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі І орын Шардара ауданы, Көксу ауылына бұйырса, ІІ орын Сарыағаш ауданы, Мәдениет ауылына, ІІІ орын Созақ ауданы, Жартытөбе ауылына бұйырды.
Естеріңізде болса, ережеге сәйкес байқау екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңі – сәуір мен тамыз аралығында аудан көлемінде ұйымдастырылса, ал екінші кезең – облыстық деңгейде қыркүйек пен қараша аралығында жалғасын тапты. Байқаудың аудандық кезеңіне 16 аудан, қаладан жалпы 75 ауыл қатысқан. Нәтижесінде, облыстық кезеңге 16 ауыл (әр аудан, қаладан – 1-ден) жолдама алып, бақ сынады. Айта кетейік, арнайы құрылған жұмысшы топ барлық ауданды аралап, жеңімпаз ауылды анықтады.
Айта кетейік, ағымдағы жылы аудан деңгейінде өткізілген байқауға әрбір ауылдық округтен бір елді мекеннен қатысып, жасыл желекпен көмкерілген Жартытөбе ауылы үздік деп танылған еді. Осылайша ауыл шаруашылығынан үздік көрсеткіштер көрсетіп, халықты салауатты өмір салтына бейімдеп, ынтымағы мен бірлігі артып, көркейген келбетімен ерекшеленген Жартытөбе ауылы облыстық деңгейде де үздіктер қатарына еніп отыр. Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілген болатын. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы, кезекте облыстық деңгейде де жоғарғы көрсеткішке ие болды.
Айта кетейік, аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылы стандартқа сай жабдықталған білім ордасымен, балабақшамен және ауруханамен , сонымен қатр мәдениет үйімен, балаларға арналған спорт,ойын алаңшаларымен қамтылған. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының сұранысына орай да тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальт және 100 пайыз көше жарықшамдарымен қамтылған екен. Бұған қоса толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.
Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке орауда. Сәні мен салтанаты келіскен ауылдың ажарлана түсуіне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасының да серпін бергенін айта кету керек. Сонымен қатар, денсаулыққа зиянды өнімнің бірі болып саналатын алькогольді ішімдікті сатудан бас тартып, өскелең ұрпақты салауатты өмірге қалыптастыруды жөн санаған ауылда 69 алтын құрсақты батыр аналар тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар.
Сондай-ақ Жартытөбе ауылдық округі бойынша 28 азамат “Ауыл аманаты” жобасы бойынша 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылдан өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.
Міне осындай игі істері мен нақты көрсеткіштері бар Жартытөбе ауылдық округі, биыл ауыл шаруашылығы бойынша 2024 жылдың қортындысымен 1-орынды жеңіп алғандығын айта кету керек. Яғни, ауыл шаруашылық қызметкерлері мерекесіне орай Созақ ауданы бойынша ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің «Алтын Күз»-2024 жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын. Шара барысында 2024 жылы ауыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие арқылы алынған техникалардың көрмесі ұйымдастырылып, шаруалардың тауарлары төмендетілген бағамен сатылымға шығарылды. Биылғы жылы Жартытөбе ауылдық округінің бірқатар шаруалары техникаларын жаңартты. Олар ескі техникаларын «Аманжол Ш» , «Айгерім», «Мұса» шаруа қожалық төрағалары жеңілдетілген несие арқылы алынған DONG FENG 904 маркалы тракторларға жаңартты.
Ауыл шаруашылық саласынының техникаларын жаңартуға өз үлестерін қосқаны үшін, «Аманжол Ш» шаруа қожалық төрағасы Ержан Сүлейменов және «Айгерім» шаруа қожалық төрағасы Нұрлыбек Көкенов аудан әкімі М.Тұрысбековтың алғыс хатымен марапатталса, «Ауыл аманаты» халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша берілген 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиенің 1 – бағыты бойынша өсімдік шаруашылығын дамыту үшін 6 млн теңгеге қол жеткізген көп балалы ана Жамал Балагүл Орынбасарқызы жылыжай өнімдері бойынша бір жылда 4,5 тонна өнім алғаны үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. «Сембек-ата» АӨК-і төрағасы Бақбергенов Жарқынбек Сембекұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша техника алып ауылымыздың тазалығына, сонымен қатар ауыл шаруашылық техникаларын жаңартуға үлесін қосқаны үшін марапатталған болатын.