Біріккен Араб Әмірлігінің Шардж қаласында пара жеңіл атлетикадан халықаралық ашық біріншілік өтті. Жарыста әлемнің 31 елінен келген 262 спортшы бақ сынады.
Осымен 11-рет ұйымдастырылған додада түркістандық Мұхан Айтмырзаевтың бағы жанды. 3 сайыс бойынша сынға түскен дарабоз найза лақтырудан алтын, диск лақтырудан күміс, ядро лақтырудан қола жүлдегер атанды.
Облыстық мүгедектерге арналған “Сауран” спорт клубының спортшысы жеңіске жетуге бапкері Арыстанбек Отаубайұлының қосқан үлесі мол деген пікірде. Жетісай ауданының тумасы пара жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Айта кетейік, Мұқан Жұмабекұлы “Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы 2022 жылдың үздік спортшысы”. Пара жеңіл атлетикадан ҚР-ның чемпионы. Пара жеңіл атлетикадан Өзбекстан Республикасы ашық біріншілігінің чемпионы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КОМАНДАСЫ ҚҰСБЕГІЛІКТЕН ӨТКЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА БІРІНШІ ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ
«Құсбегілік» спортынан Атырау облысында ересектер арасында ҚР-ның XVI чемпионат өтті. Екі күнге жоспарланған бағдарламаға сәйкес жарыс алаңына ителгі құстары өнер көрсетіп, құсбегілер «Қолға шақыру», «Далбайға салу», «Қоянға салу» сайыстарынан бақтарын сынады. Қорытынды бойынша Түркістан облысының саңлақтары Ибрагим Базарбаев «Ителгі-Қарагөз» лақап атты құсымен және Бағдат Кеуенов «Ителгі-Тұмар» құсымен өнер көрсетіп қола жүлдеге қол жеткізді.
Сайыстың 2-күнінде қаршыға құстарының бәсекесі өтті. 3 түрлі бағдарламадағы жарыста үміткерлер «Қолға шақыру», «Кептерге салу», «Қоянға салу» бойынша бәсекеге түсті. Бұл сында жарыс жолына Түркістан облысының атынан шыққан Дәурен Аршабай «Тұйғын» құсымен жеңімпаз атанса, Бағдат Кеуенов «Тарлан» құсымен екінші орынды қанжығасына байлады.
Тартысты додада командалық есепте Түркістан облысының құрамасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Астана қаласы иеленді. Ал Ақмола облысының құрамасы үшінші орынды қанағат етті.
Ұлттық спорттың құндылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған құсбегілік спорт түрі соңғы уақытта елімізде қарқынды даму үстінде. Бүгінде бұл спорт түріне қызығушылық танытқан жастардың да саны артқан. Өңір намысын қорғаған спортшылар – Болат Қонаев жетекшілік ететін Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірттері.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысында 408 заңсыз бей-берекет қоқыс орындары анықталған
Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Қанат Қалмаханұлы «Ғарыштық Сапары» АҚ-ның космос түсірілімдеріне сәйкес 2022 жылы 408 заңсыз бей-берекет қоқыс орындары анықталғанын айтты. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдармен 404 орын тазаланып, 2 орын қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, ал қалған 2-і жеке аймақтарда орналасқаны белгілі болды.
Сондай-ақ, Экология департаментінің тарапынан экологиялық талаптардың сақталуы бойынша 67 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, экологиялық талаптарды бұзудың 168 фактісі анықталды.
Заң бұзушылықтарға жол берген 253 жауапты тұлға айыппұл ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдын жалпы сомасы 1 млрд 669 млн теңгеден асты. Жыл қортындысымен мемлекеттік бюджетке 1 млрд 666 млн тенге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ, экологиялық талаптарды өрескел бұзып жұмыстарын атқарған 8 субъектінің жұмыстары тоқтатылды.
Мердігерлердің мәселесі сотқа жолданды
Түркістан облысында проблемалық 17 мектеп бар,- деп хабарлайды Таq.kz тілшісі Түркістан облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 17 мектептің қатарындағы 3-еуі (Қазығұрт ауданында 100 орындық мектеп, Отырар ауданында 100 орындық мектеп, Ордабасы ауданында 300 орындық мектеп) бойынша келісімшарт талаптары сақталмауына байланысты мердігер мекемелерімен келісімшарт бұзылып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа берілген.
Бұдан бөлек, Ордабасы ауданындағы 600 орындық және 300 орындық, Мақтаарал ауданындағы 200 орындық 2 мектептің мердігер мекемелері тарапынан келісімшарт талаптары сақталмауына байланысты оларды келісімшартты бұзу және мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа берілген.
Қалған 10 мектеп бойынша алдағы уақытта құрылыс жұмыстары бәсеңдеген немесе келісімшарт талаптары сақталмаған жағдайда заң аясында келісімшартқа сәйкес шара қолданылатын болады.
Проблемалық мектептердің мәселесін шешу мақсатында келісімшарт талаптарын сақтамай өз міндеттемелерін орындамағаны үшін келісімшарты бұзылған мектеп құрылыстарының ЖСҚ-лары қайта түзетуден өткізіледі.
Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін мемлекеттік сатып алу порталына жарияланып, конкурс нәтижесінде анықталған жаңа мердігер мекемелермен келісімшарт түзіледі. Мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарын қысқа мерзім ішінде аяқтау қажеттігі жөнінде міндет жүктеледі.