Архив рубрики: Қызықты

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМ ТҮРКІСТАНДА ДАЙЫНДАЛДЫ

“Turkistan” телеарнасы жасанды интеллект арқылы алғашқы қазақ мультфильмін дайындап шығарды. Жаңа анимациялық туынды “Түркістан сақшылары” деп аталады. Идея авторы – телеарна қызметкері Ғасыр Құралбайұлы. Жасанды интеллектпен жұмыс істеуді жетік меңгерген маман мультфильмнің бірінші сериясын 7 күнде жасап шыққан. Ең қызығы – бірінші серияға бар болғаны 70 мың теңге қаржы жұмсалған.
Ғасырдың айтуынша, жасанды интеллект бағдарламасының ақылы нұсқасына жазылуға – 100 АҚШ доллары, анимациялық фильмнің саундтрегін жаздыруға 20 мың теңге жұмсалған. Сондай-ақ, ол мультфильмнің келесі сериялары дайындалып жатқанын айтты. Сондай-ақ, болашақта кинотеатрларда көрсетілетін толыққанды коммерциалық мультфильм түсіруді жоспарлап жүргенін айтты. Фильм сюжеті қасиетті қала Түркістанды қауіп-қатерден қорғап, балаларды адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелейтін мифологиялық кейіпкерлердің әрекеттерінен құралған. Олар, Ақпантер – жылдам әрі батыл барыс, Алтынқанат – бәрін байқағыш бүркіт, Тасбатыр ата – ғасыр жасаған ақылгөй тасбақа.

50 Cent бір концерттен 285 млн… Бұл мұғалімнің бір ғасырлық табысы

Бұл қызықты есепті Тик-ток әлеуметтік желісінде @mobius_math атауымен тіркелген азамат жасап көрген. Оның айтуынша Алматыда өткен 50 сеnt-тің концертіндегі ең қымбат билет 300 мың, ал арзан билеттер 75 мың теңгеден сатылған. Оның айтуынша 600 адам 300 мыңның билетін,  1400 адам 75 мыңның билетін алыпты. Жалпы концертке барған 2 мың адамның ақшасын есептегенде 285 миллион теңгені құраған.

Блогер 50 cent-тің бір күнде тапқан ақшасын, айлығы 250 мың теңге болатын мұғалім неше уақытта табады деген сауалға жауап іздейді. Нәтижесінде, 285 миллионды 250 мың теңгеге бөлу арқылы 1140 айды шағарады. Ал, 1140 ай дегеніміз 95 жыл дейді есепші жігіт. Яғни, оның есебіне сәйкес шетелдік репердің бір күндегі табысын табу үшін Қазақстандық мұғалім ғасырға жуық уақыт жұмыс жасауы керек.

ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДА ТАРТЫСТЫ САЙЫС ӨТТІ

Түркістандағы «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубында білімгерлер арасында «3 colours» квест ойыны өтті. Спорттық сайыстарға қызығушылықты арттыру, жылдамдықты, зеректікті, дәлдік пен ептілікті дамыту, балаларды ұжымдық жұмысқа, бірге әрекет етуге үйрету, салауатты, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп, жазғы демалысты қызықты өткізу мақсатында ұйымдастырылған бұл жарысқа үйірме білімгерлерінен құралған 3 команда қатысты.

 

 

 

Тиісінше, әрқайсысы 10 баладан тұратын қызыл, жасыл және сары топтар бастапқы кезеңде сарайдың әрбір бөлігіне жасырылған фигураларды тапты. Содан соң, логикалық сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетсе, үшінші кезеңде қараңғы бөлмелердің біріне жасырылған қара қағазды іздеді.

 

 

 

Сайыс нәтижесі бойынша барлық кезеңнің қорытындысымен ең көп ұпай жинаған “жасылдар” командасы жеңімпаз атанып, арнайы диплом мен кубокқа ие болды. Ал, екінші орынға ие болған “қызылдар” тобы мен үшінші сатыдан көрінген “сарылар” командасы диплом алып, мен арнайы медальдарды тағынды.

 

 

 

Айта кетсек, оқушылардың белсенділігін арттыруға арналған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырыла бермек.

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ОТАНДЫҚ ФИЛЬМНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Оңтүстік өңірінің кино қоржыны тағы бір жаңа туындымен толықты.
«Khanshaiym Plaza» ойын-сауық орталығындағы Kinoparkте «Шала бандиттер» шытырман оқиғалы фильмнің көрсетілімі өтті. Тұсаукесер алдында өткен баспасөз жиынында актерлік құрам мен түсірілім тобы бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа туынды жайлы баяндады.
– Түркістан қаласына 37 жылдан кейін келіп тұрмын. Қала мүлдем өзгеріп кеткен деуге болады. Зәулім әрі заманауи ғимараттар мен мәдени орталықтар мұнда құрылыстың қарқынды жүргенін көрсетеді. Нағыз туристік қалаға айналып келеді. Жаңа киноның алғашқы көрсетілімі де дәл осы жерден басталғанына қуаныштымын. Себебі бұл Түркістанның рухани-мәдени саласындағы басты жаңалық болады деп ойлаймын , – деді басты рөлді сомдаған Жан Байжанбаев.
«САҚ» киностудиясы түсірген фильмде Жан Байжанбаев, Ілияс Көпжасаров, Әшім Ахметов, Мәлік Абдраманов сынды танымал актерлар басты рөлді сомдаған. Фильм режиссері – Фурхат Саипов, сценарий авторы – Бақытжан Құлжабай, продюсері – Нұриддин Паттеев, көркемдік жетекші – Батырхан Дәуренбеков.
Фильм желісі Серік атты дәрігердің отбасымен байланысты өрбиді. Бір күні күтпеген жерден Серіктің үйіне «маска» киген бандиттер басып кіріп, отбасы мүшелерін тұтқынға алады. Бас кейіпкер оларға бар ақшасын ұсынады. Бірақ олар ақшадан бас тартады. Бұл әрекеттеріне Серіктің отбасы мүшелері таң қалады. Сонда олар не үшін келді? Әрине, бұл сұрақтың жауабы тереңде жатыр еді.
«Маска» кигендер ақшадан бас тартқанымен әсте де «Шала бандиттер» емес! Олардың не үшін келгені, қандай құпияны жасырғаны фильмнің соңында белгілі болады. Фильм комедиялық жанрға бағытталғанымен, ондағы оқиғалар желісі жақсы мен жаманның, адалдық пен арамдықтың, махаббат пен жалған сезімнің ара жігін ажыратады. Ақиқат пен жұмбақтың күресі арқылы көрерменге ой салады.
Айта кетейік, көрерменге жол тартқан «Шала бандиттер» комедиялық мелодрамасы еліміздің барлық өңіріндегі кинозалдарда көрсетіледі.

ТҮРКІСТАН: ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДА «АКВАЧЕЛЛЕНДЖ» САЙЫСЫ ӨТТІ

Жаз – балалар асыға күтетін, түрлі қызыққа толы жыл мезгілі. Сондай-ақ, бұл демалыс маусымын бүлдіршіндер су қызықтарынсыз елестете алмайды. Осы орайда, бүгін «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубында «Аквачеллендж» су эстафета сайысы өтті. Мекеме директорының орынбасары Асылзат Ибраеваның сөзіне сүйенсек, бұл сайыстың балаларға берері мол.

– Бүгін сарайымыздағы үйірмелерге қатысатын балалар өзара сайысып жатыр. Бұл іс-шараның басты мақсаты – оқушыларымыздың, жалпы жасөспірімдердің спорттық ойындарға деген қызығушылығын, жылдамдығы, дәлдігі мен ептілігін арттыру. Балаларды ұжымдық жұмысқа, бірге әрекет етуге үйретіп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Осы жарысқа қатысқан және көрермен болған барша бүлдіршіндер бүгін бір сергіп, серпіліп қалды деп ойлаймыз. Тағы бір айта кетерлігі – «Оқушылар сарайындағы» 60-тан астам үйірме жаз бойы балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін қызмет етеді, – деді ол.

Атап өтер болсақ, жарысқа түрлі үйірме оқушыларынан құралған «Достық», «Бірлік», «Пантера», «Алаш», «Beeline» және «Болашақ», жалпы 6 топ қатысты. Ең белсенді 30 оқушы 6 кезең бойынша сайысып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, «Пантера», «Алаш» және «Болашақ» топтары үшінші орынды місе тұтса, «Достық» және «Beeline» топтары екінші орынға ие болып, жас таекводошылардан құралған «Бірлік» командасы жеңімпаз атанды.

Тиісінше, жүлдегерлерге арнайы диплом мен медаль берілсе, бас бәйгені қажығалаған командаға кубок тапсырылды. Айта кетсек, мұндай көңілді сайыстар мен түрлі іс-шаралар жаз бойы жалғасатын болады

Түркістан облысы: “Торғайлар көмекке келді” (Видео)

Түркістан облысының тұрғындары шіркейлер мен шегірткелерге қарсы “торғайлар көмекке келгенін” айтады,     деп хабарлайды ТAQ.KZ тілшісі 

Түркістан облысында биыл шіркейлер мен шегірткелердің саны көбейіп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне өз залалын тигізді. Бүгінде, мамандар қос қанатты қансорғыштар мен марокко және азия шегірткесіне қарсы күрес жұмыстарын жалғастыруда. Алайда, әлеуметтік желіде ауыл тұрғындарының шіркейлерге таланып жатқаны, үй жануарлары мен құстардың балапандары өліп қалып жатқандары туралы видеолар тарап жатыр. Ал, кезекті облыс тұрғындарының түсірген видосы керсінше сол жәндіктерге қарсы торғайлардың көптеп келуі жайында.

Ауыл тұрғындары бұл “Жаратқанның жібергені” деп есептейді. Видода расымен де аталған құстардың топталып ұшқанын және жерге қонып жатқандарын көруге болады.

 

“Керуен Сарайға” қанша қаражат жұмсалғаны жария болды

Мемлекетке 100% тиесілі “Қазақстандық инвестициялық даму қоры” түркиялық жеке инвестормен бірге түрлі нысандарға миллиардтаған қаржы құйғаны анықталды. Сондай-ақ құрылысты аяқтау үшін қосымша несие де алған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТАQ.KZ сайты

“Олардың қатарында Түркістан қаласындағы  “Қазанстандық Венеция” аталып “Керуен Сарайдың” құрылысына “Қазақстандық инвестициялық даму қоры” 22,3 миллиард теңге бөліпті. Феттах Таминдже 24,7 миллиард теңге құйған. Мұнда да Қазақстан даму банкінен 40 миллирд теңге көлемінде несие алыныпты. Осылайша нысанға жұмсалған қаржы 87 миллиард теңгеден асып кеткен” деп жарияланған Protenge Telegram-арнасында.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КОМАНДАСЫ ҚҰСБЕГІЛІКТЕН ӨТКЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА БІРІНШІ ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ

 «Құсбегілік» спортынан Атырау облысында ересектер арасында ҚР-ның XVI чемпионат өтті. Екі күнге жоспарланған бағдарламаға сәйкес жарыс алаңына ителгі құстары өнер көрсетіп, құсбегілер «Қолға шақыру», «Далбайға салу», «Қоянға салу» сайыстарынан бақтарын сынады. Қорытынды бойынша Түркістан облысының саңлақтары Ибрагим Базарбаев «Ителгі-Қарагөз» лақап атты құсымен және Бағдат Кеуенов «Ителгі-Тұмар» құсымен өнер көрсетіп қола жүлдеге қол жеткізді.
Сайыстың 2-күнінде қаршыға құстарының бәсекесі өтті. 3 түрлі бағдарламадағы жарыста үміткерлер «Қолға шақыру», «Кептерге салу», «Қоянға салу» бойынша бәсекеге түсті. Бұл сында жарыс жолына Түркістан облысының атынан шыққан Дәурен Аршабай «Тұйғын» құсымен жеңімпаз атанса, Бағдат Кеуенов «Тарлан» құсымен екінші орынды қанжығасына байлады.
Тартысты додада командалық есепте Түркістан облысының құрамасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Астана қаласы иеленді. Ал Ақмола облысының құрамасы үшінші орынды қанағат етті.
Ұлттық спорттың құндылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған құсбегілік спорт түрі соңғы уақытта елімізде қарқынды даму үстінде. Бүгінде бұл спорт түріне қызығушылық танытқан жастардың да саны артқан. Өңір намысын қорғаған спортшылар – Болат Қонаев жетекшілік ететін Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірттері.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

“Бозторғай” телехикаясының шындығын айтты

“Бозторғай” телехикаясы – бұл өмірде болған оқиға. Бұл туралы “Хабар” Агенттігі” АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ТAQ.KZ тілшісі.
Берік Уәли фейсбук әлеуметтік желісінде “Бозторғай” сериалы “шынайы оқиға болғасын және шығармашылық топ жан-тәнімен жұмыс істегесін кей көрермен кейбір жағымсыз кейіпкерге қаһарын төгіп, жазба қалдырып жатқанын” мәлімдеген. Сондай-ақ, ол ұжымның шын мәнінде тақырып таңдауда да, шығармашылық ізденіс бойынша да қателеспегенін жеткізген.
(суреттер Берік Уәли парақшасынан алынды)
“Қазір Қостанай облысында тұратын аты аңызға айналған Қарлыға апай мен Нұрлан аға сонау 1991 жылы Арқалық қаласындағы сәбилер үйінен 1 жасқа толар-толмас 6 қыз 4 ұл баланы асырап алған. Қазақстанда 7 балаға дейін ғана асырау мүмкін болса да, олар 10 баланы бауырына басқан екен. Сол қиын-қыстау заманда олар адал еңбектерінің арқасында өздерінің 2 ұлымен бірге барлығы 12 баланы тәрбиелеп жеткізді. Қазір олар да өсіп-өніп, бір-бір отбасы болып отыр. Шынайы оқиғаға негізделген сериалдың интернеттегі қаралымы миллионнан асып кетті. Күн сайын көрермені артып, қаралымы одан да көбейіп келеді.
(суреттер Берік Уәли парақшасынан алынды)
Осы қаңтар айының 30 күні Қарлыға Естекқызы 60 жасқа толады екен. Апайдың көрер қызығы көп болсын! Бұл отбасының ерлікке пара пар әрекеті барша елімізге үлгі”- деп жазба қалдырған “Хабар” Агенттігі” АҚ Басқарма төрағасы.     

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ӘКІМДІ ӘНМЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Шымкент қаласының Тұран ауданына жақында тағайындалған Боранбай Булатбековтің тұрғындармен кездесуі “тойдан” кем түспеді. “Қазығұрт” шағын ауданының тұрғындары жаңа әкімді әнмен қарсы алып, “шашу” шашқан. Бұл туралы журналист Мақсұт Айтжанов өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады.

Сондай-ақ, журналист бұған дейін тазаланбаған көше мен жаяу жүргіншілер жолының мәселесін айтқан. Әкім келеді деген соң, тазалық мамандары көшедегі мұдарды ойып, іске кіріскенін айтқан ол, “БАЛА ЖЫЛАСА ДА, ӘКІМ ЖЫҒЫЛМАСЫН”- деп жазба қалдырған.