Қатерлі ісік ауруларының көшін сүт безі обыры бастап тұр

Елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам адам онкологиядан қайтыс болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, қатерлі ісік ауруларының көшін сүт безі обыры бастап тұр.

«Аурушаңдықтың құрылымын қарасақ: бірінші орында – сүт безі обыры (13,2%), екінші орында – өкпе обыры (10%), үшінші орында – колоректалдық обыр (9,3%) тұр. Жыл сайын елде обырдан 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Өлім құрылымында бірінші орында өкпе обыры (16,3%), екінші орында – асқазан обыры (12%), үшінші орында – тоқ ішек обыры (10,6%),» — деді Денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ, өткен жылы еліміздің бірқатар облыстары республикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған.

«2022 жылдың қорытындысына сәйкес Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары 5 көрсеткіштің үшеуі бойынша республикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алмады. Мәселен, Қостанай облысы – өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,2 есе жоғары, ерте диагностикалау 5 пайызға төмен, көзге көрінетін обыр 4 пайызға жоғары. Ақмола облысында өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,5 есе жоғары. Ал ерте диагностикалау 6 пайызға төмен, елдегі көзге көрінетін обырдың ең жоғары көрсеткіші 27 пайызды құрады,» — деді Ажар Ғиният.

Генерал тоғыз жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі Stan.kz ақпараттық агентігіне сілтеме жасап.

58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.

Серік Күдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам осындай қызметте болған.

Түркістан және Қызылорда облыстарының аумақтарын су басып қалуы мүмкін

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, жыл басынан бері Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттеуішінде күрделі жағдай қалыптасып отыр.

«Бүгінде Шардара су қоймасын толтыру 5,1 млрд м3 немесе 98%-ды құрайды. Көксарай су реттеуішінде — 1,8 млрд м3, немесе 60%. Бұл ретте Су ресурстары комитетінің тапсырысы бойынша «Казгипроводхоз» институты тексеру жүргізіп, оның техникалық жай-күйі туралы қорытынды шығарылды, оған сәйкес жинақталған су 1,8 млрд м3 аспауы керек. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бірнеше рет хабарлаған болатынбыз»,

«Қызылорда облысының солтүстік өңірлерінде мұздың түзілуі су ресурстары комитетімен төмен су ағындары кезінде белгіленді, бұл су ағындарын арттыруға мүмкіндік бермейді. Біздің ұсыныстарымыз ведомствоаралық жұмыс орнын құру», – деді Юрий Ильин.

Түркістан облысында 43 300 азамат жұмыссыздар қатарында

Түркістан облысында 43 300 азамат жұмыссыздар қатарында,-деп хабарлайды Таq.kz тілшісі.

Осыған байланысты Түркістан облысы мен Қарағанды облыстары әкімдіктері тарапынан жұмыспен қамту мәселелерін көздейтін өзара міндеттемелер жөнінде меморандумға қол қойылған.

Қарағанды облысында бүгінгі таңда, бос жұмыс орындарының басым бөлігі техникалық және өнеркәсіптік мамандықтар бойынша ұсынылып отыр. Тағылымдама негізінде баратын әйелдер және ер азаматтар үшін жұмыстардың түр-түрі қарастырылады. Мәселен, мекемелерге жүргізуші, күзетші, бақылаушы, тасымалдаушы, құрастырушы, дәнекерлеуші, электрик, жол монтері, инженер-технолог, электроника инженері, шебер, қазандық тазалаушы, жүк тиеуші, меңгеруші, байланыс электромонтері, ағаш ұстасы, ТЖ логисті, геолог, шикізатты немесе жартылай фабрикаттарды және дайын өнімді қабылдаушы, техникалық персонал маман иелеріне қажеттілік туындауда.

Түркістан қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жалпы 112 азамат қатысса, оның 58-і жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Арасында мүгедектігі бар азаматтар, студенттер және көпбалалы отбасылар бар.