ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТҚА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ

Түлкібас ауданы бойынша 11-22 қыркүйек аралығында 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік гранттың III-ші легі бойынша өтінім беру басталады. Бұл туралы Түлкібас  аудандық әкімдігі мен  «Мансап» орталығының әлеуметтік парақшаларында жарияланды.

Өтінімдер қабылдау «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады. Ал, интернет желісі төмен немесе порталға қосылуға мүлдем мүмкіндігі жоқ азаматтар тікелей орталықтың көмегіне жүгіне алады.

Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.

Өтінім беру үшін қажет:

Порталда тіркелу;

Грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

Порталда көрсетілген бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу (өз бетінше бизнес-план жарамайды);

Өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, «Мансап» орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады.

Төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

Еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;

Қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;

Өңіраралық қоныс аударушылар

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;

Мүгедектігі бар баланы (18 жасқа дейінгі бала) тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);

Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;

Сонымен қатар, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

 

 

Айта кетейік гранттар мынадай мақсаттарға: қажетті жабдық (инвентарь), еңбек құралдары, технологиялық жабдық, жануарлар, төрт түлік, құс, ағаш көшеті, бұталы өсімдіктер, тұқым, көшет сатып алу, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қажет орынжайды жалға алуға беріледі.

Гранттар несие төлеу, тұрғын жылжымайтын мүлікті сатып алу және салу, жер учаскелерін сатып алу, акциздік өнімдерді өндіру сынды тұтынушылық мақсаттарға берілмейді.

Негізі, «Бастау Бизнес» жобасы халықты кәсіпке үйретудің үздік үлгісі болып табылады. Яғни, адамның өзі-өзіне жұмыс істеуіне, табысын еселеуге, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа бизнестердің қалыптасуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді.

Жалпы, Түлкібас ауданында Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бойынша 608 азамат жұмысқа орналасып, ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант 44 азаматқа берілген. Бұдан бөлек, аудандағы мүгедектігі бар еңбекке қабілетті 283 адамға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Оның ішінде 8 азамат әлеуметтік жұмыс орнына, 2 азамат жастар практикасына, 2 азамат күміс жас жобасына, 1 азамат алғашқы жұмыс орнына, 45 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 190 азамат «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына жолданса, осындай топтағы 15 азамат жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант алған.

 

 

 

 

Облыстық мәслихат депутаттарының баспасөз мәжілісі жалғасуда

️«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы ғимаратында, партия филиалының ұйымдастыруымен бекітілген кестеге сәйкес барлық деңгейдегі мәслихат депуттарының, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтетін баспасөз мәслихаты жалғасуда.
Кезекті брифингке, Сарыағаш ауданының мәслихат депутаттары Алмас САЛИМОВ, Жәнібек СУЛЕЙМЕНОВ, Уалихан РАХИЕВ және Жомарт АБДИБАЕВ қатысты.

 

Халық қалаулылары БАҚ өкілдерінің алдында 4 айда атқарған жұмыстары туралы баяндады. Жалпы депутаттар бүгінге дейін бекітілген кестеге сәйкес қоғамдық қабылдауларды тұрақты өткізіп, сайлаушылармен кездесу жұмыстарының өткендігін, жол картасы туралы атқарылған жұмыстарына кеңінен тоқталды.

 

Журналистер Сарыағаш ауданы бойынша шешімін таппай отырған күрделі мәселелер мен депутаттың ықпал етуімен атқарылған жұмыстар туралы сұрады. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы бойынша және идеология мәселесі төңірегінде де сөз қозғады. Баспасөз мәжілісі аясында депутаттар, журналистердің толғандырған сұрақтарына жауап беріп, алдағы жұмыс жоспарларымен толыққанды бөлісті.

 

Айта кетейік, алдағы уақытта да барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының баспасөз мәжілісі, кестеге сәйкес жалғасын табатын болады.