50 Cent бір концерттен 285 млн… Бұл мұғалімнің бір ғасырлық табысы

Бұл қызықты есепті Тик-ток әлеуметтік желісінде @mobius_math атауымен тіркелген азамат жасап көрген. Оның айтуынша Алматыда өткен 50 сеnt-тің концертіндегі ең қымбат билет 300 мың, ал арзан билеттер 75 мың теңгеден сатылған. Оның айтуынша 600 адам 300 мыңның билетін,  1400 адам 75 мыңның билетін алыпты. Жалпы концертке барған 2 мың адамның ақшасын есептегенде 285 миллион теңгені құраған.

Блогер 50 cent-тің бір күнде тапқан ақшасын, айлығы 250 мың теңге болатын мұғалім неше уақытта табады деген сауалға жауап іздейді. Нәтижесінде, 285 миллионды 250 мың теңгеге бөлу арқылы 1140 айды шағарады. Ал, 1140 ай дегеніміз 95 жыл дейді есепші жігіт. Яғни, оның есебіне сәйкес шетелдік репердің бір күндегі табысын табу үшін Қазақстандық мұғалім ғасырға жуық уақыт жұмыс жасауы керек.

ӨРТЕНГЕН ХОСТЕЛДІҢ БАСШЫСЫ ҰСТАЛДЫ

Алматыда өртенген хостелдің басшысы ұсталды, деп хабарлайды Тaq.kz тілшісі  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бүгінде прокуратура Алматыдағы хостелдегі өртке қатысты қылмыстық іс қозғаған. 30 қарашада өртке қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Бас прокурордың тапсырмасы бойынша қылмыстық іс арнайы прокурордың қарауына алынды.Тәжірибелі құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен прокурорлар хостелді жалға алушы А.Мұхамедьяровты ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады.Тергеу шаралары аясында жатақхана жұмысына қатысы бар барлық тұлғалардың әрекеті анықталатын болады», – деп хабарлады бас прокуратура.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз. Қаза тапқандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар. Кейіннен президент Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, ал Алматы әкімдігі өрттен қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына 1 миллион теңгеден берілетінін мәлімдеді.

АРЫСТЫҚ ЖАСТАР МҰҚТАЖ ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылының жастары мұқтаж отбасыға жаңа баспана салып берді. Сондай-ақ, игі іске ауыл азаматтары да атсалысқан. Қажетті жер телімін жергілікті әкімдік рәсімдеп берген. Осылайша жиһазымен бірге төрт бөлмелі баспана мұқтаж отбасының қуанышына айналды.
 
Жаңа үйдің иесі – Өткелбаевтар отбасы. Отағасы денсаулығына байланысты ауыр жұмыстарға жарамайды. Бұған дейін жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Жаңа баспана иесі барша көмек қолын созған жандарға алғысын білдірді. Ізгі істің бастамашысы болған ауыл тұрғыны Данияр Жақсылықұлының айтуынша, бастамаға көмек берген ауыл жастарының бір легі үйдің іргетасын құйса, келесісі кірпішін қалаған. Ауыл тұрғындары тағы бір мұқтаж отбасыға баспана салып беруді жоспарлап отыр. Еске сала кетейік, бұл арыстықтардың жерлестеріне сыйлаған бесінші баспанасы.

Хазіретәлі Тұрсын: Журналистер қауымы тарихшылардың бақшасына тас атады

Бұл туралы белгілі ғалым репрессия жылдарына арналған Республикалық конференцияда айтты, — деп хабарлайды Taq.kz сайтының тілшісі.

Тарихы ғылымдарының докторы Хазіретәлі Тұрсынның айтуынша қуғын сүргін зардаптарын зерттеуде құпия құжаттармен жұмыс жасау оңай шаруа емес. Бұл бағытта нақты деректерді жарыққа шығару үлкен мәселе. Ал, журналистер қауымының құлағына бір дерек ілінсе, оның анық-қанығын тексеріп жатпай бірден баспасөзге жариялап жібереді. Сосын, сол арқылы үлкен ажиотаж туғызғысы келеді. Міне осылайша тарихи шындық көркемдік шындықпен алмастырылып, тарихи таным жаңылысады.

-«1989 жылы КНБ-ның архивтерінде тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік алған ғалымдарымыз болды. Солардың қатарында жазушыларымыз да болды. Сол жазушылардың біреуі Дүкенбай Досжан деген жерлесіміз. Дүкенбай Досжан «Абақты» деген көлемді еңбек жазды. Сол көлемді еңбекте Алаш қайраткерлерінің ісін қарап отырып, дәлелденбеген фактілерді алға салып жіберіп отырды. Бұл енді ұпай жунауға байланысты айтылатын нәрсе. Шын мәнісінде, бұл біз айтып отырған тарихы бұрмалау болып табылады. Міне осындай мәселелер көп», — дейді Хазіретәлі Тұрсын

Айта кетейік, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-да «1920-1950 жылдардағы Сталиндік репрессия зардаптары» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өткен болатын. Жиынға профессорлар Хазретәлі Тұрсын, Досай Кенжетай, Зәбираш Әділбекова, тарихшы-доценттер Ләззат Динашева, Ақмарал Сандыбаева, Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихи мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнар Шардарбекова, «Түркістан облысының мемлекеттік архиві» КММ басшысы Айдын Исатаева және қуғын-сүргін мәселесімен айналысып жүрген облыстық комиссия мен жұмыс тобы, докторанттар мен магистранттар қатысқан.
Конференцияның мақсаты – 1920-1950 жылдары сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында атқарылып жатқан ғылыми-іздестіру жұмыстарын қорытындылау.
Басқосуда ғалымдар “Сталиндік биліктің дінге қатысты саясатының салдары”, “Қазақстандағы ұжымдастыру саясатының зардаптары”, “Қазақстандағы ашаршылықтың салдары”, “Күштеп жер аудару және депортация мәселелері”, “Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттары”, “Архивтердегі құпия қорларды құпиясыздандыру және саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық ақтауға ұсыну мәселелері”, “Саяси қуғын-сүргін тарихын музейлендіру және есте қалдыру” тақырыптарында баяндама жасаған.