Жеке кәсіпкер түбіртек бермегенін анықтасаңыз телефон нөміріңізге 900 бірлік түседі

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Мейрамбек Көкенов мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, жеке кәсіпкерге тіркеусіз қызмет жасағаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ, кірістерін жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде, ал қайталанған жағдайда 300% мөлшерде айыппұл салынады. Түбіртек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Осы ретте жеке тұлғалар түбіртек бермеген немесе төлемді банк карталары мен QR-код арқылы қабылдамаған салық төлеушілеріне «Wipoon» қосымшасы арқылы мемлекеттік кірістер органдарына шағымдана алады. Шағымдар анықталып расталған жағдайда, әр расталған факт бойынша жеке тұлғаның телефон нөміріне 900 бірлік түседі.
-Жеке тұлғалар өздерінің мақсаттары үшін, таныстарына мобильді аударымдарды жасап, қабылдай алады. Мұндай аударымдар бір реттік болғандықтан, оны декларациялаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, жеке тұлғаның жеке банк шотына қатарынан үш ай iшiнде 100 және одан да көп әр түрлi тұлғалардан ақшалай қаражат түсетін болса, бұл кәсіпкерлік санат болып саналады. Бұл шаралар жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді, әсіресе жеке шоттарына мобильді аударымдар арқылы төлем алатындарды анықтауға бағытталған. Кәсіпкерлер төлемдерді арнайы бизнес шоттарына қабылдау керек. Бүгінде бақылау шараларына жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеу және кірістер бойынша толық есеп беру бақылауға алынып отыр. Жалпы камералдық бақылау салық төлеушілерге заң бұзушылықтарын өз бетінше жою мүмкіндігін беруге бағытталған. Осыған байланысты анықталған бұзушылықтар бойынша хабарлама жіберіледі. Салық төлеуші өзінің заң бұзушылықтарымен келісетін болса, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек немесе табыстың декларацияланбаған сомасын қосымша декларацияға көрсетіп ұсыну тиіс. Ал егер салық төлеуші өзінің заң бұзушылықтарымен келіспеген жағдайда түсініктеме жазып және оны растайтын құжаттарды беруге құқылы. Хабарлама орындалмаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады. Одан бөлек, банктерден шот бойынша толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың бар жоқтығы туралы нақты шешім қабылданады,- деді Мейрамбек Байқадамұлы.
Бұдан бөлек, брифингте басқарма басшысы декларацияның үшінші кезеңіне тоқталды. 2024 жылдан бастап 300 мыңға жуық заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары активтер мен міндеттемелер туралы 250.00 үлгідегі декларация тапсырады. Сонымен қатар, 2025 жылы қорытынды кезеңде азаматтардың қалған санаттары, яғни елдің барлық 18 жасқа толған ересек халқы тапсырады. Декларацияны тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі мерзімде ұсынады.

Түркістан облысындағы 8 мектептің құрылысын қаржыландыру туралы мәселе қаралды

Түркістан облыстық мәслихаттың бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Отырысты осы комиссия төрағасының орынбасары Ж.Сүлейменов жүргізіп отырды.
Комиссия отырысына облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Н.Көшеров, облыстық мәслихат депутаттары және облыстық білім, құрылыс, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының басшылары қатысты.
Күн тәртібінде білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан Түркістан облысындағы 8 мектептің құрылысын қаржыландыру туралы мәселе қаралды.
Аталған мәселе бойынша Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғ.Жұмашев баяндама жасады.
Ол өз баяндамасында 2024-2026 жылдары облыста 6512 оқушы орын тапшылығын, апат алдындағы, үш ауысымды мектептердің мәселесін жою және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің орнына 23 мектептің құрылысын салу қажет ететіндігін айтып өтті.
Басқарма басшысы бүгінде 23 мектептің ішінде 8 мектептің (Қазығұрт, Сайрам, Ордабасы, Ордабасы, Жетісай, Түлкібас, Төлеби, Сауран аудандарындағы) жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, облыстық құрылыс басқармасы тарапынан ҚР Оқу-ағарту министрлігіне мектеп құрылыстарын салу ұсынылғанын жеткізді. Сондай-ақ, қалған 15 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы 2024-2025 жылдары әзірленетінін айтты.
Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатын бөлу, жұмсау, мониторингтеу және есептілігі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 17.02.2023 жылғы №38 бұйрығының 2-тарау, 6 тармақ 5 тармақшасына сәйкес комиссия отырысының оң қорытындысы мектептердің құрылысын білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен жүргізуге негіз болатындығын түсіндірді.
Депутаттар аталған мәселені жан-жақты талқылап, бірауыздан қолдады.