Полиция жүргізушіден 1,5 келіден астам есірткі тәркіледі

Түркістан облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз сақтап, тасымалдады деген күдікпен Шымкент қаласының тұрғынын ұстады.
Нақтырақ айтсақ, жедел-іздестіру іс-шараларын өткізген полицейлер Ордабасы ауданы аумағындағы «Шымкент-Түркістан» тас жолында мегаполистің 32 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Ниссан Прима» маркалы автокөлікті тоқтатты.
Жедел уәкілдер тексеру кезінде жүргізушінің көлігінің артқы орындығының астынан есірткіге ұқсас затты тапты. Заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, есірткі затының жалпы салмағы 1,5 келіден асатын марихуана болып шықты. Қазіргі уақытта есірткі құралдарын сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

АБУ ДАБИДЕН КЕЛГЕН ҰШАҚ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ӘУЕЖАЙЫНА ҚОНДЫ

Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайына Абу-Дабиден «Wizz Air» әуе компаниясының «Airbus 321» ұшағы келіп қонды. Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал туристік қаласынан бағыт алған ұшақта 100 жолаушы бар. Жолаушылардың 40%-ы — туристер. Сондай-ақ, бүгін рухани астана Түркістаннан Абу-Дабиге 200 жолаушы аттанды.
Өткен жылдың қараша айында «Аби-Даби — Түркістан» жаңа әуе бағытының ашылатыны және билеттер сатылымға шыққаны жарияланған болатын. Билеттер «wizzair.com» сайты мен мобильді қосымшасында сатылымда. Бағасы — 20 мың теңгеден басталады. Мамандардың айтуынша, неғұрлым ертерек алынған билет соғұрлым арзан болады. Сондай-ақ, егер «wizzair.com» сайтына тіркеліп, клуб мүшесі атанған жағдайда 10%-ға дейінгі жеңілдіктерді алуға мүмкіндік бар.
Айта кетсек, рейстер аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері 3 рет орындалады. Жалпы Түркістан халықаралық әуежайы арқылы халықаралық рейстерден Ыстамбұл мен Эль-Кувейтке, ал республикаішілік Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Ақтөбе және Ақтау қалаларына тұрақты әуе рейстері ұшады.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ОҚУШЫ «ЖАС БАРЫС» АТАНДЫ

Түлкібастық Жомарт Қуанышбек республикалық «Жас барыс» турнирінде «Жас барыс» атағын иеленіп, І орынмен марапатталды. Жомарт бүгінде аудандағы Дауан атындағы мектептің 10-сынып оқушысы. Ол облыстық «Жас барыс» турнирінде де «Жас барыс» атанған болатын.
Жас балуан — қазақ күресінен аудандық, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы. Сонымен қатар, облыстық «Qazaq kuresi» жылдық қорытындысында «Үздік спортшы» атағын иеленіп, арнайы мадақтамамен марапатталған. Жаттықтырушысы — Шажалиев Алмас.