ШАРДАРА АУДАНЫНДА 3474 АДАМ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСҚАН

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Шардара ауданында былтыр 3474 адам жұмысқа орналасқан. Аудандық «Мансап орталығы» ұсынған мәлімет бойынша өткен жылы 4408 тұрғын жұмыспен қамту жобаларына қатысыпты.

Нақтырақ айтқанда,  өткен жылы жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған 2,5 пайыздық шағын несиені 33 азаматқа беру жоспарланып, нәтижесінде 21 азамат комиссия отырысына қатысқан және олардың бизнес жобалары мақұлданып, қаржылары аударылды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант 78 азаматқа берілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына өткен жылы 29 жұмыс берушінің өтініміне сәйкес 198 азамат жолданды.

Ал, «Жастар практикасына» 2023 жылы 413 жас маман жолданды. Қоғамдық жұмыстарға 729 жұмыссыз азамат жіберілді. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына 27 жұмыс берушіге 76 адам қамтылса, «Күміс жас» жобасына 30 тұрғын жолданды. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша 2028 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес 15 жұмыссыз тігінші мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқуға жолданды. Жылдың қорытындысымен оқуды аяқтаған 15 азаматтың барлығы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жұмыссыздарды enbek.kz платформасында онлайн оқыту бойынша 130 адам оқып, сертификаттарын алды. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша 690 адам кәсіпкерлік негіздеріне маманданды.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын құру бойынша берілген тапсырмасына сәйкес, ауданда биыл 898 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, 1187 жұмыс орны ашылды.

 

Түйіткілді мәселелер талқыланды

Астанада «Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр

Дөңгелек үстелді ұйымдастыруға «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры бастамашы болды. Әділеттілікті жақтаушылар қоғамның қоғамдық күн тәртібінен жиі тыс қалатын түйіткілдерді талқылау үшін жиналады. Ұйымдастырушылар барлық мүдделі тарапты – жұмыс берушілерді, мемлекеттік органдар, кәсіподақтардың өкілдерін пікірталасқа шақырды.

Жиынға тау-кен жұмысшысы, «Қазақмыс» корпорациясының кәсіподақ ұйымының өкілі Шәмші Хамзе, ҚР ЕХӘҚМ еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының бас директорының м.а. Әлімжан Бекмағамбетов, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының Бас техникалық инспекторы Андрей Лукин», Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының директоры Қуаныш Жарылқасым, өртке қарсы және апаттық-құтқару қызметтері қауымдастығының президенті Марат Хасенов, «Батыр Көмір» жергілікті кәсіподағының төрағасы Сергей Михайлюк, БиОТ, жарылыстан қорғау және авариялық ден қою бойынша оқыту және консалтинг саласындағы сарапшы Александр Спирин, сондай-ақ Еңбек құқығы бойынша тәуелсіз заңгер-құқық қорғаушы Сәдуақас Аржан және тағы басқа сарапшылар қатысуда.

Басты мақсат — қауіпсіздік мәселесіне назар аудару ғана емес, сонымен қатар жағдайды қоғамдық бағалау, нақты практикалық шешімдерді іздеуге көмектесу. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша шешім жобасы әзірленетін болады.

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов, облыстық мәслихат депутаттары Ж.Ағабеков, Б.Басымбек облыстық мәслихаттың өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп беру және тұрғындардың мәселелерін тыңдау мақсатында Келес ауданының халқымен кездесті.  Кездесуге аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің салалық бөлім басшылары, қоғамдық ұйымдар басшылары, аудан халқы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

​Облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов осы жылы алғаш рет осындай кездесулердің өтіп жатқандығын, алдағы уақытта жыл сайын ұйымдастырылатындығын айтты.
Жиын барысында облыстық мәслихат депутаты Ж.Ағабеков 2023 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол өз баяндамасында Келес ауданына 2023 жылы түрлі сала бойынша жалпы 45 нысанға 6 миллиард 574,7 миллион теңге (оның ішінде ұлттық қордан — 2 миллиард 761,7 миллион, облыстық бюджеттен — 3 миллиард 813 миллион) бөлінгендігін айтты.
Сондай-ақ, халық қалаулылары тұрғындардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады және сұрақтарына жауап берді.

Тұрғындар тарапынан ауыз сумен қамтамасыз ету, «Ұшқын» ауылдық округіндегі мәдениет үйіне күрделі жұмыс жүргізу және кәсіпкерлік саласы бойынша мемлекет тарапынан берілетін қолдауларды көбейту сынды мәселелер көтеріліп, депутаттар бұл мәселелерді назарға алды.
Жалпы, аудан халқы депутаттардың жұмысын оң бағалап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Кездесуден соң, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов Келес ауданы, Бірлік ауылдық округі тұрғындарынан келіп түскен арыз бойынша арнайы жиын өткізді. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары Ж.Ағабеков, Б.Басымбек, Бірлік ауылдық округі әкімі, Бірлік ауылдық округінің тұрғындары және Келес ауданы әкімдігінің бөлім басшылары қатысты.

Жиында ауыл тұрғындары көтерген газдандыру, сапалы ауыз сумен қамту, көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, жұмыссыздарға кәсіп ашуға жеңілдетілген несие беру туралы 4 мәселе қаралды.
Осы мәселелер бойынша аудан әкімдігіне тиісті ұсыныстар беріліп, хаттамасы түзілді және орындалуы депутаттар тарапынан бақылауға алынды.