ТҮРКІСТАНДА «ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР КЛУБЫ» ҚҰРЫЛДЫ

Түркістанда жас кәсіпкерлерден құралған «Жас кәсіпкерлер клубы» атты ұйым өз жұмысын бастады. Клубтың алғашқы отырысына облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев және рухани астананың белсенді кәсіпкерлері қатысты.

Клубтың негізгі мақсаты – кәсіпкерлік бастамасы бар жастармен кездесу, жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау және қолдау, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекетін үйлестіру. Кеңес мүшелеріне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, алдағы уақытта көтерілетін мәселелердің оңтайлы шешілуіне және кәсіпкерлік саланы барынша дамытуға атсалысуға келісті.

«Өңірімізде 200 000-нан астам кәсіпкер бар болса, соның ішінде 70 000-ға жуығы 35 жасқа толмаған жас кәсіпкерлер. Яғни, кәсіпкерлердің үштен бір бөлігі жастар. Бұл дегеніміз жас кәсіпкерлердің үлесі көп, тиісінше мәселелері мен ұсыныстары да көп болады деген сөз. Осы және өзге де жағдайларды ескере отырып, «Жас кәсіпкерлер клубын» ашуды жөн көрдік», — деді Ербол Асфандиярұлы.

Жиында шаһар басшысының орынбасары Мекенхан Қозыханұлы Түркі әлемінің туристік астанасы атанған Түркістан қаласының атына лайық болуына кәсіпкерлердің орны мен рөлі айрықша маңызға ие екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлердің еселі еңбегін насихаттау бағытында телеарна мен газет-журналдарға жариялау жұмыстарына да баса көңіл бөлу керектігін атап өтті.

САРЫАҒАШТЫҚ ЖАСТАР 101 ЖАСҚА КЕЛГЕН СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ҮЙ АУЛАСЫН ТАЗАЛАДЫ

Сарыағаштық жастар «Өнегелі ұрпақ» апталығында Ұлы Отан соғысының ардагері Ермахан Ишқоновтың үй ауласында сенбілік жұмыстарын жүргізді. Олар тұрғын үй ауласын ретсіз өскен шөптерден тазартып, қоқыстарды шығарды. Шараға жастармен бірге аудандық «Amanat» партиясының төрағасы Қ.Қыстаубаев белсене атсалысты.

Ұлы отан соғысының ардагері Ермахан Ишқонов 1923 жылы Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақыртылып, соғысқа аттанған.

Сондай-ақ, 1946 жылы Қырғызстандағы авиациялық бөлімге жіберіліп, 1948 жылы әскери қызметін аяқтаған. Бүгінде Ермахан ақсақал I дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы», «Мінсіз қызметі үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

«ӨНЕГЕЛІ ҰРПАҚ» АПТАЛЫҒЫНДА АРДАГЕРЛЕРДІҢ ҮЙ АУЛАСЫНДА СЕНБІЛІКТЕР ӨТІП ЖАТЫР

Республика бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының төртінші «Өнегелі ұрпақ» апталығында Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында сенбіліктер өтіп жатыр. Шарада жастар мен ерікті азаматтар ардагерлер мен жалғызбасты қариялардың үй аулаларында тазалық әрі абаттандыру жұмыстарын атқаруда.

Атап айтқанда, шөп ору, жер аудару, ағаш бұталау, үйдің қасбеті мен қоршауларды сырлау, қоқыстан тазарту жұмыстары.

Мәселен, бүгін Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылдық округінің ерікті жастары тыл ардагері Бисебай Ағабековтың үйіне арнайы барды. Онда белсенді жастар үй ауласындағы арық-атыздарды тазалап, ағаштардың түбін қопсытты. Сондай-ақ, аула аумағын күл-қоқыстан тазартты. Ардагер ақсақал жастарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Еске сала кетсек, еліміз бойынша экоакция аясында 27 сәуірден 4 мамырға дейін — «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамыр аралығы – «Мөлдір бұлақ» апталығы өтеді.