Қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнері дәріптелген байқау

Түркістан облысының орталығында республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың ішінен алматылық Құрметжан Ербах бас жүлдені иемденді. Жүлдені Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев тапсырды. Ал, салтанатты марапаттау рәсімінде қазылар алқасы байқаудың өту барысына тоқталып, пікірін білдірді.

Терме – халық ауыз әдебиетінің жарқын үлгілерінің бірі деп айтуға болады. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жедел қарқынмен дами бастаған бұл өнер – қазақ халқымен қатар, қарақалпақ, қырғыз, өзбек халық шығармашылықтарында да кездеседі. Ал, әсіресе Қазақстанның батыс аймағы мен сыр бойында мол дамыған. Халықтық дәстүрлер негізінде қазіргі кезде терме, айтыс өнері қайтадан жаңғырып, жанданып келеді. Термешілік өнердің кең құлаш жаюына теледидар, радио, ақындар айтысының өткізілуі зор мүмкіндікдіктер туғызып отыр.

«Егістік жерді жаздың ыстық айларында бірнеше рет суармаса, шыққан егін мүлде қурап кететіні секілді дер кезін­де жалғастығын таппаған дәстүр де жо­ға­­лады». Белгілі ғалым Рахманқұл Бердібай айтқандай, ұлт­тық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа баулып тәрбиелейтін, байырғы ата-бабала­рымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен тұратын жыр-толғау, терме жанрларын кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру өте маңызды істердің бірі. Республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауының мақсат-міндеттері де: мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, талантты жастарды жан-жақты қолдау, «жыр-терме» ұлттық жанрын жастардың арасында кеңінен насихаттау, ұлттық жанрды жаңғырту және дамыту, қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін дамыту, халық арасында ұлттық мұрамызға және  рухани құндылықтарымызға деген қызығушылықты арттыру болды.

Екі кезеңнен тұратын байқауда 16 жыршы-термеші бақ сынады. Жалпы сайыс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушы оңтүстік өңірінің термелерінен ұйымдастырушылар ұсынған екі шығарманы орындады. Ал екінші кезеңде оңтүстік термелерінен кеңінен таралып, ел ішінде көптеп орындалып жүрген, терме толғаулардан жеребе бойынша бір терме орындауы тиіс.

Әуезді әуеннің, мағыналы мақамы мен сиқырлы сазды иірімдері ұлан-ғайыр даламыздың табиғаты мен тыныс тіршілігін, алуан түске бояп, түрленіп отырады. Қазылар алқасының құрамында Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, жыршы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қорқыт ғылыми зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Елікбай Иса, термеші, ақын, сазгер Жәкен Омаров, әнші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов, жыршы, термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аяз Рүстемов бар.

Байқау жеңімпазын екі кезең нәтижесі бойынша қазылар алқасы анықтады. Алматы облысынан келген Құрметжан Ербах бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын Жетісу облысынан келген Дина Ақниетке, ІІ орын Павлодар облысының өнерпазы Тілеужан Баянбек пен Жамбыл облысының жыршысы Бекарыс Көштаевке бұйырды. Қызылордалық Айдос Тұрар мен Астана қаласынан қатысқан Салтанат Ерсұлтан, Көкшетау облысынан келген Нұрдыхан Арыстан жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Сонымен қатар Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлде Ақмола облысынан Әлихан Дүйсенбайға, Мұсабек Байзақов атындағы арнайы жүлде Түркістан облысынан Қозарбай Маралға, Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлде Қостанай облысынан Байдос Қожасағиевке тапсырылды.

Елімізде, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ұлттық өнерді, қазақтың салт-дәстүрін қайта жаңғырту, дәріптеу жұмыстары қарқын алды. Бүгінгі таңда, мектеп оқушыларына арналған «Домбыра» оқулығы жарық көріп, орта білім жүйесіне қосымша пән ретінде енгізу мәселесі де басты назарға алынды. Бұл бастама күй өнеріне қоса текті сөздің төресі ретінде салт-санамызбен бірге жасасып келе жатқан жыр-толғау, терме дәстүрін де жандандырып, тәрбиенің бөлінбес бір бөлшегіне айналады деген үмітке жетелейді. Осындай шаралар арқылы жас ұрпақ өз заманының мұңын жырлаған Шернияз, Майлықожа, Тұрмағамбет, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен сияқты т.б. ақындарымыздың термелерімен сусындап, адамгершілік қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды, мәдениет пен әдепті үйренеді.  Сондықтан, өнер бұлағының көзін одан әрі жандандыра түсу және насихаттау маңызды.

Салт-дәстүр мен ұлттық ойындар насихатталды

Қазақ халқының салт-дәстүрінде ұлттық ойындардың алар орны ерекше. Ертеден келе жатқан ұлттық ойындарымыз кейінгі жылдары қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен насихатталып жүр. Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні, сонымен қатар рухани байлық пен денсаулық үшін де пайдасы орасан зор екені анық. Ұлттық ойынның бала тәрбиесіне, денсаулығы мен ойлау жүйесіне әсері мол. Сондықтан, жаман қылық пен ерсі әрекеттерден алшақтатып, ұлтжанды ұрпақ өсіру, ұл-қыздардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, ұрпақ санасын арттыруға үлкен серпіліс беру өте маңызды істердің бірі.

 Дәл осындай бағытта, Келес ауданы әкімдігінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “Ауылдағы бір күнім” атты іс шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты жас ұрпақты ауылдың тыныс тіршілігімен, негізгі кәсібі мал шаруашылығымен, атқа міну мәдениетімен таныстыру, қазақ халқының ауыл шарушалығына байланысты ұмыт қалған көне сөздерді жастардың жадында жаңғырту, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттау. Аталған шараны Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Осындай ұлттық салт-дәстүрлерімізді қала берсе ұлттық ойындарымызды насихаттайтын іс-шаралар ауданымызда көптеп ұйымдастырылса, ұмыт болып бара жатқан дәстүрлеріміз қайта жанғырары сөзсіз— деді аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев.

Жалпы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі, дәстүрлі шаруашылық өмірінен бастау алады. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген. Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Яғни, ата-бабаларымыздан бізге жеткен, өткені мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлық, асыл қазына деуге болады. Яғни, ұлттық ойындар адамның шығармашылық қабілетін оятып, ойдың қалыпты дамуына жол ашады. Әсіресе жастардың санасына ұлттық құндылықтардың тәрбиесін сіңіре отырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып нақыштарымен тәрбиелеу өте орынды. Келес ауданында ұйымдастырылған шара барысында ауданға қарасты ауыл және ауылдық округтерден жиналған 100ге жуық жастар өзара команда болып бөлініп қазақтың ұлттық ойындарынан белдесіп кіл мықтылардың арасынан шын мықтыны анықтады. Атап айтар болсақ, арқан тарту, садақ ату, қой көтеру, ләңгі тебу,сиыр сауу түрлерінен болған сайыс қызық әрі тартысты өтті.

Жалпы, ұлттық ойындар педагогиканың дәстүрлі құралы болып саналады. Ол, бала өмірінің табиғи серігі, көңіл-күйінің бұлағы. Онда адам өмірінің бейнесі, тұрмысы, салт-дәстүрі, еңбегі, халықтық намыс, батылдық туралы көзқарастары, жылдамдық, шеберлік қимылдарды меңгеру, сондай-ақ шығармашылық тұрғыда ойлау қабілеті, ептілік пен тапқырлыққа деген талпыныс айқындалып жетіле түседі. Осылайша жасөспірімдер санасына жастайынан туған елдің мәдениетіне, әдет-ғұрпына деген қызығушылық, сүйіспеншілік және қадірлеу секілді сезімдер қалыптасады. “Ауылдағы бір күнім” іс шарасында осындай бағыттар басты назарға алынып, жастарға тағылым болсын деген мақсатпен арнайы қой сойылып, оны жік жікке бөліп жіліктеу де үйретілді.

Іс-шара барысында жастардың қызығушылығын арттырған ұлттық спорттың бірі садақ ату болды. Негізі садақ ату өнері көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылықтардың бірі. Қазақтың тарихында жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер де өте көп болған. Оған батырлық эпостар, хисса-дастандарда кездесетін деректерде дәлел. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым деуге де болады. Оны ата-бабаларымыз ертеде аң аулауға, кейін соғыс ісінде қару ретінде пайдаланды. Сәйгүлік мінген жау-жүрек батырлар қорамсаққа қол салып, кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастардағы суреттер осының айғағы.

Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тапқан деген тарихи деректер де бар. Көшпенді өмір салтын осы уақытқа дейін ұмыт қалдырмай, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп сақтап келген қазақ халқы, ердің бес қаруының бірі саналатын садақты да көптеп насихаттап келеді. Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың тәрбиелік мәнін кеңінен дәріптеу және жастардың бойында ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында ұйымдастырылған “Ауылдағы бір күнім” атты іс шарада да дәл осы садақ ату өнерінің қыр сыры дәріптелді.

Сондай-ақ бұл күні жастар арқан тартудан өзара мықтыларын анықтады. Арқан тартыс ойынының бір өзінде көптеген тәрбиелік мән бар. Оның пайдасы өте көп. Арқан тартыс ойыны адамдарды шымырлыққа, ептілікке үйретеді. Дененің қимыл-қозғалысын ширатуда ешбір спорт түрінен кем түспейді. Сонымен бірге балалардың зердесін дүние-танымын кеңейтетін бірден-бір ойын. Қазақтың ұлттық ойыны арқан тартыс арқылы қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, туған елге, жерге, өз отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыруға да болады.

Айта кетейік, бұл күні қатысушылар кешкі алау аясындағы еркін форматтағы жүздесуге қатысып, өзара әсерлерімен бөлісуге мүмкіндік алды.

ТАРИХИ МҰРАЛАР САҚТАЛҒАН МУЗЕЙ

Түркістан облысында қазақ халқының рухани құндылықтары мен тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қазақ халқының болмысын барынша бейнелеп, мәдениетінен сыр шертетін музейлер жетерлік. Солардың бірі Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда орналасқан Сұлтанбек Қожанов атындағы музейі. Бұл нысан 1994 жылы 12 сәуірде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдығы мерейтойы құрметіне тарихи-танымдылық мақсатта ашылған. Музейді аптаның бес күнінде барып тамашалауға болады.

2021 жылы жаңа ғимаратқа қоныс аударған музейде тарихи мұраларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Орта ғасырдан жеткен жәдігерлер, қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттары, балбал тастар, жергілікті күйші, ақын-жазушылардың, спортшылар құнды дүниелері, Төлеген Момбековтың, Дина Нұрпейсованың ұстаған қара домбырасы, ел тәуелсіздігінен, аудан тарихынан сыр шертетін мұралар орналасқан. Қазіргі таңда музей қорында 3000-ға жуық жәдігер сақталған. Музей тек аудан тұрғындары келетін орын емес, басқа да туристер тамашалайтын орын. Сондықтан музейдің барлық бөлімдері эстетикалық және ғылыми талаптарға сай болу бағытында жасалған. Музей экспозициясы арқылы туристер өңір тарихымен, мәдениетімен танысуда.

Музей залдарын әрлеуші суретші-дизайнерлер экспозициялық кеңістікте неғұрлым айқын формадағы архитектуралық-көркемдік үйлесім таба білген. Жоғарғы ауқымдағы идеямен архитектуралық-көркемдік деңгейге ие, қазіргі кезеңдегі техналогияның мүмкіндіктерін экспозициялық кеңістікте кеңінен пайдаланып, кешендік шешім жасалған. Экспозициялық кеңістікте ауданның табиғат диорамасы көрнекті орналасқан. Кіріспе бөлімде Созақ ауданының табиғи картасы ұсынылған: климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі кең көлемде ұсынылып, келушілерге муляждар, суреттер түрінде мол мағлұмат береді.

Киелі орындары, кесенелер түсініктеме баннерлер, макет, фотолар арқылы кенінен сыр шертеді. Жарығы мол, кең залдың көрікті көрінісі келушіні бейжай қалдырмайды. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың ғұмыр жолына арналған бас экспозицияда қайраткердің ғұмыр тарихы, көріністері айшықты ұсынылған.

Айта кетейік, Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов — 1894 жылы 10 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. 1910 жылы Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін, 1913 жылы 3 сыныптық қалалық мектепті, Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Ал, 1927 Мәскеуде Марксизм-ленинизм курсын  бітірген. Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес»  атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарған қайраткер.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері өлкеде кеңестік билік тұсында болған  ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны Кеңес үкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылы қараша  айынан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Сұлтанбекті тағы бір қырынан танытатын «Есеп тану құралы» атты оқулығы. Ол көпшілікке арналған қазақ мектебінің математикадан бірінші оқулығы болатын. Кітап өте түсінікті, қызықты жазылған. Арифметиканың негізгі тәсілдерінен басқа да қыр-сырларын аша түседі. Қайраткердің алғыр қабілеті, терең білімі, қайсар мінезі туралы да елде көп аңыз-әңгімелер тараған. Сұлтанбек Қожанов 1921 жылы Бүкілодақтық 12-ші съезде Қазақстанның жағдайын ашып айтып, көкейінен кетпейтін ұлт мәселесіне де жеке тоқталады. Патшалық құрылыс тұсында теңдік көрмеген халықтарға білім беру мәселесін көтереді. Ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамыту жолдарына тоқталды.

Жалпы жұртқа арналған ұлт мектептерін, кәсіптік оқу орындарын көбірек ашу керегін анық көрсетеді. «Еуропа мектептерін үлгі ретінде алғанмен, олардағы оқу процессін ана тілінде өткізу керек»,-деп өз ұсынысын жеткізеді. Жергілікті ұлт өкілдерінен маман кадрлар дайындау, курстар, институттар ашу мәселесіне де тоқталады. Институттарға түсу үшін жастарға дайындық көрсететін курстар, бөлімдер ашып, көмектесу қажеттігін баса айтады.
Сондай-ақ, ол Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты.

«Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды. Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті. Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі жеке кітап болып шыққан.

Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған. Сондай-ақ, бүгінде Созақ ауданында Сұлтанбек Қожанов атындағы музей де өз жұмысын атқарып келеді. Бұл музейде оның қайраткердің суреттері және құжаттарының көшірмелері қойылған. Шығармашылығына сөре арналған. Хаттары ілінген. «Шүлен көже таратуы» да тарихи маңызды екені ақиқат. Бұл да экспозициядан көрнекті орын алған.

Екінші қабатта қазақтың тарихи кезеңдері де лайықты шешімін тауып, келушіге мол мағлұмат беретін экспонаттармен жасақталған. Мемлекетіміздің қилы кезеңдері, өлкеміздің өсу, өркендеу жолы деректері де мол қамтылған. Осы қабатта өзге экспонаттармен әдемі үйлескен киіз үй көз тартар көрнекті орында орналасып, қазақ тұрмысынан мол мағлұмат береді.

Археология бөлімінде Созақ жерінен табылған балбалтастар, таңбалы тастар да өлке тарихынан сыр шертеді. Созақ елі ҰОС 1941-1945 жылдарында, өлке әдебиеті мен өнер саңлақтары, айтулы тұлғалар жайлы арнайы стенділер, тағы басқа бағалы дүниелер арнайы сөрелерде келушілер назарына ұсынылуда.

КЕЛЕСТЕ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ДӘРІПТЕГЕН АЙТЫС ӨТТІ

Келес ауданында айтыскер ақын Жарқынбек Наушабековты еске алуға арналған «Жыр жүйрігі – Жарқынбек» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасының ашылу салтанатында Келес аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

 

– Қазақ жанының айнасындай болған айтыс қай заманда болмасын қилы тағдырды, тарихымызды көрсетіп, ұлттық болмысымызды, тұрмысымызды ерекшелеп, бүгінімізді бағдарлап, келешегімізді кемелдеп отырған. Жарқынбек Абазбекұлы жалпы айтыс өнерінде көптеген жетістікке жетіп, жиырмаға жуық бас жүлдені жеңіп алған. Бүгін біртуар азаматты еске алып, республикалық аламан айтыс өткізіп отырмыз. Ауданымызға арнайы келген жыр жампоздарына қош келдіңіздер демекпін. Барша тұрғындар атынан зор ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені сіздер Алла берген таланттарыңыздың арқасында, ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, еліміздегі айтыс өнерінің дамуына, халықтың мәдениетін арттыруға, өскелең ұрпақты ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрге тәрбиелеуге зор үлес қосып келесіздер, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев

 

Жалпы айтыс алуан қырлы өнер. Қоғамдық ойды қозғаушы күш деуге болады. Қазақ халқы үшін айтыс өнерінің орны бөлек. Кешегі қиын қыстау кезеңдерде де ұмыт болмай, талай ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқан мәдени мұра, ата-бабадан аманат болған ұлттық өнердің мәңгілік екенін және оның алтын арқауы үзілмейтінін тарих пен уақыттың өзі де дәлелдеп берді. Бүгінде айтыс өнерінің дамып, халықтың рухани байлығы ретінде жалғасып келе жатқаны халықты қуанышқа бөлейді. Сол арқылы өзекті мәселелер, елдің бірлігі мен ынтымағы, көкейде жүрген әрбір азаматтың айтары, мәдениет пен тарих, жалпы қоғамдағы шындық, бәрі де ақындардың жүрегінен елдің жадына жеткізіледі.

Келес ауданында ұйымдастырылған аламан айтыста да елімізге белгілі айтыскер ақындармен қатар, өңірдің жас ақындары да сынға түсті. Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында қазіргі қоғамдағы жайттар, құрдастар әзілі, жеңге мен қайын іні, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.

Қазылар алқасы шешімімен жыр додасында Мұхтар Ниязов (Қызылорда) бас жүлде иегері атанды. Ал І орынды Анар Жаппарқұлова (Шымкент), ІІ орынды Айбек Қалиев (Арқалық), ІІІ орынды Айтбай Жұмағұлов (Қарағанды) пен Шұғайып Сезімхан (Алматы) иемденді. Сонымен қатар облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесі Дәурен Ақсақаловқа (Түркістан), Келес ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Бекарыс Шойбековке (Түркістан), Көпбай Омаров атындағы арнайы жүлдесі Қажымұхан Абзал (Түркістан), Қалдыбек Әліқұлов атындағы арнайы жүлдесі Нұрлыбек Мейірманов (Түркістан), Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлдесі Жақыпбек Нұрмаханға (Түркістан) бұйырды. Айтыскер ақындарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ТОП ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ ЕЛДІМЕКЕНДЕРДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің өңір тұрғындары арасындағы кездесулері мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жалғасуда. Осы орайда, жоспарға сәйкес, Бірінші Мамыр ауылдық округі, Зағамбар елдімекені және Киелі тас ауылдық округі, Сұлтан Рабат елдімекенінде кездесулер өтті. Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімің басшысы Х.Исақов, аудандық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді мүшелері, дін саласының өкілдері, ауыл ақсақалдары, көше билері және белсенді тұлғалар қатысты. Бұл ретте, облыс тұрғындары арасында өтетін кездесулер «Ұлт болып ұйысуда бірлік пен ынтымақтың алатын орны», «Зайырлылық және діндарлық. Діндар зайырлы болуы мүмкін бе?» тақырыптарында және «Этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялануы» атты фокус-топтық зерттеу жұмыстарын қамтиды.

Статистика деректері бойынша, елде 140 этнос пен 46 діни қауымдастық бар екені белгілі. Этностар мен діни қауымдастықтардың осыншама көп екеніне қарамастан, елімізде ешқандай келіспеушілік, дүрдараздық белең алмаған және алмауы да тиіс.Барлық ұлт, барлық дін өкілі Мәңгілік Қазақстанымызды ортақ Отаны санайды. Қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың екіншісі қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім . Бұл бәріміздің жадымызда мәңгілік сақталатыны сөзсіз.Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Жалпы халықтар достығы — қазақ  халқының  дархан пейілі, көңілінің кеңдігі, таза ниетінінің арқасында деп айтуға болады. Яғни, мұндай ұстаным  ұлтаралық келісім мен этностардың  татулығына  арқау болып отыр. Достық пен ынтымақ бар жерде, бірлігі бекем және  татулығы  берік орныққан  елде  ғана  ұлтаралық келісім болады. Біртұтастық  пен  жалпы қазақстандық  патриотизмді  қалыптастыруда мәдени орталықтардың да атқарып жатқан жұмыстары орасан.  Қазақстан  халқы  Ассамблеясы жұмысының  талап тұрығысында ұйымдастырылып, алдына қойған  мақсаты да осы бағытты қамтиды.

Ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу өзінің мағыналық құрылымы бойынша халықтар арасындағы келісімге негізделеді. Осындай өзекті мәселелер алдында Қазақстанның беті ашық, жүзі жарқын деуге әбден болады. Қазақ елінің тағдыры тауқыметке толы болғанмен, ешқашан өзгені өзегінен теппеген. еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарынан бастап, этносаралық татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, олардың қауіпсіздігі мен бейбіт тұрмысын қорғауға бар күш-жігерін салды. Этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне жіті көңіл бөлініп келеді. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде ең қымбат қазынасы — адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына баса мән береді. Қазақ халқы қай заманда да елдікке, соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына үлкен назар аударған. Сондықтан да болар, ел аузында: «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» деген нақыл сөздер қалды. Бұл — бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның басты қағидасына айналды және тәуелсіздіктің негізі. Бүгінгі таңда  ұлттық  мерекелер Халқымыздың  бейбітшілік  пен келісімінің  қазақстандық үлгісін  әлемге  танытушы айрықша  дәстүрге айналды. Әрбір  қазақстандық  азамат үшін  ұрпақтар  сабақтастығы  арқылы тарихи қалыптасқан татулық, сенім мен тең құқықтылық ең маңызды  қасиеттер екенін  дәріптейді. Еліміздің барлық этностар арасындағы шынайы келісім  мен бірлікте   тұрмыс кешуі, ең алдымен  қазақ халқының  ата-дәстүрі мен табиғи  кеңпейілдігі,ұлттық  дінінің кеңдігі арқасында.

ҚР Конституциясы тұтастықтың, татулықтың кепілі болғандықтан Қазақстан халқы түсіністік, достық, бейбітшілік және келісім жағдайында бейбіт өмір сүріп келеді Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал, ұрпағының амандығы – келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде. Бірлікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің бірі деп айтуға болады. Сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасының жолынан сабақ алары ақиқат. Сонысымен тарихын бағамдап, келешегін кемелдей түседі. Біз де өткенімізге үңіле қарайықшы. Қазақ халқы да тағдырдың талай қатал сынын басынан кешті. Салдарынан жер бетінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі әлсін-әлсін қайталанды. Соғыстар, көтерілістер, онан қалды ашаршылықтар мұның барлығы халықтың қырылып, азып-тозуына әкеп соқты. Әйтседе, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруының нәтижесінде бүгінгі бейбіт аспанға қол жеткізді. Қай ұлт, қай ел болмасын бейбітшілікті, бірлікті, ашық аспан мен бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілдік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырауда: Бақыт қайда барасың? Көршімен болған бірлігі, Тағат, ғибадат тірлігі Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған екен. Бабаларымыздың мұндай жырлары талай санаға сәуле құйып, түсінген жанға үлкен үгіт болатыны сөзсіз. Иә, адамдар арасында бірлік болса, олар ынтымақта, тату-тәтті өмір сүреді. Өзара сыйласып, ұйымшылдық көрсеткен кезде ғана бірлікке қол жеткізуге болады. Халқының қамын жеген Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деп ынтымақ-бірлікке үндеген. Ал, ынтымақ-бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату болуы. Дана халқымыз: «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп тектен-тек айтпаса керек. Хакім Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» – деген. Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз.  Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді.

Басқосу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Еске салсақ, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының 2024 жылы бекіткен «Түркістан облысының этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі 2024 жылға арналған ведомствоаралық жоспарына» сәйкес, өңірдің этникалық топтар тығыз шоғырланған елді мекендерінде ақпараттық-түсіндіру және әлеуметтік зерттеу жұмыстарын іске асыру мақсатында мамыр айының 27-31 және маусым айының 03-19 күндері аудан, қалаларда кездесулер өткізу жоспарланған.

СЫР САҚТАҒАН СЫРҒАЛАР

Сырғалар жасалған материалы мен жасалу тәсіліне қарай алтын, күміс сырға, қарала сырға, лажылы сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, айшықты сырға, ақық сырға, иықты сырға, иінді сырға, лағыл сырға, гауһар сырға, тұмарлы, салпылдақ, омыраулы, қозалы, жапырақты сырғалар, шілтерлі сырға, шұбыртпа сырға болып көптеген түрге бөлінеді. Бүгінде осындай сырғалардың бірнеше үлгісін Түркістан облысындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қорынан кездестіруге болады. Музейдің ғылыми қызметкері А.Үркінбаева қазақ халқының салт-дәстүрінде әшекейлердің өзіндік мәні мен маңызы бар екенін айтады.

«Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ немесе жолаушы ілулі тұрған сырғаны көрсе: «бұл үйдің бойжетіп келе жатқан немесе бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос екен», — деген ой түйген. Салт-дәстүр бойынша қазақ халқында атастырылған қыздың құлағына сырға тағу рәсімі бар. Сондай-ақ, қазақтар үзбелі салпыншақтар сылдырымен жын-шайтанды үркітіп отырады деп түсінген. Мұндай ұғым басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, якуттарда сырғаны бесікті қорғау үшін ілетін болған. Ал қорым мен көктаста сырғаның бейнеленуі қайтыс болған адамның әйел екендігін білдіреді. Құлаққа сырға тағып жатқан кезде: «Құлағың ауырмасын, жаманшылық естіме, бетің ажарлы болсын» деген тілек айтылады. Қалыңдық санатына қосылған қыздардың сырғасындағы күн, жұлдыз, ай, дән, жапырақ, бидай түрінде ілінген салпыншақтар астарында ұрпақтың өсіп-өнуіне деген ізгі тілек жатыр. Мұнымен қатар сырға құлақ арқылы жаман күштің бойға енуіне жол бермейді деген наным қалыптасқан. Ертеректе қыз баланы қырқынан шығара салып, құлағының сырғалығын тары дәнімен уқалап, етін өлтіріп, отқа қарылған инемен тесіп, оған жібек жіп өткізіп, тұйықтап байлап қоятын. Құлақтың тесігі бітеліп қалмау үшін кейінірек кішігірім күміс сырға тағатын. Ол «жас нәрестеге тіл-көз тимесін» деген ізгі тілектен туындаса керек. Бұрын ер баласы тұрмай жүрген немесе баланы өте кеш көрген ата-аналар ырым етіп қартайғанда көрген осы ұлымыз тұрсын, тіл-көзден, әр түрлі жаман күштерден аман болсын деген мақсатпен оны ұл емес қыз, деп құлағына сырға тағып қоятын болған. Баланың буыны бекіп ер жете бастағанда ғана оны құлағынан шешіп алған. Ел арасында мұндай ғұрып ХХ ғасырдың басына дейін сақталып, тіпті сирек те болса ХХ ғасырдың 40-50 жылдарына дейін де кездесіп қалып отырған», -дейді «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері.

 

Деректерге сүйенсек, ең алғаш сырғалар Шығыс Европада шамамен 3000 жыл бұрын пайда болған екен. Алғашында сырғаны тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да соның ішінде жауынгерлер мен батырлар бір сырға ғана тағатын болған. Сырға неолит заманында сүйектен, мүйізден жасалса, қола дәуірінде металға көшкен. Ал б.з.б. ІІ ғ -.б.з ІІ ғасырынан бастап алтын мен күміске асыл тас орнатылып, сырғаның өте сәнді түрлері шыға бастапты.

Ал, жалпы қазақ халқының  ұлттық әшекейлері күмістен, алтыннан, қоладан және мыстан жасалған.  Қыздар мен әйелдер үшін бұл негізгі материалдар болды. Тастардың ішінде інжу, кәріптас, маржан, аметист, рубиндерге артықшылық берді. Негізгі сенімдер бойынша олар қиыншылықтар мен зұлымдықтардан қорғаған. Сондай-ақ, қазақ халқының танымал әшекейлері – алқалар мен салпыншақтар. Олар әлеуметтік-мәдени және діни маңызға баса назар аудару үшін ерекше формада жасалады. Мысалы мұндай зергерлік бұйымдарын үйленбеген қыздар, қалыңдықтар, жас әйелдер мен бала емізетін аналар кие алады. Бұл массивті әшекей және жақсы мүсінді қажет етеді. Наным бойынша, бұл әшекей зұлым көзден, зұлым рухтардан және аурулардан құтқарады.

Зергерлік бұйымдардың тағы бір нұсқасы ол — тұмарша (бойтұмар) және алқа. Бұл екі жағында тізбектерде орналасқан салмақты үшбұрышты салпыншақ. Төменгі жағында оны монеталар немесе қоңыраулар толықтыра алады. Олар жағымды әуен шығарады. Салпыншақтың беті күміс немесе алтын жалатылған. Көбінесе тұмарша былғарыдан немесе тығыз матадан жасалған. Қуыс үшбұрыштың ішіне құран парақтарын салуға болады. Бұл әшекейді Шығыс Түркістан қыздарының костюмдерінен жиі көруге болады.

Алқаның тағы бір түрі — омырауша. Ол доға түрінде жасалынады. Көнеден халқымызда әйелдің табиғи энергиясын арттыру үшін зергерлік бұйымдарды кигізген. Көбінесе мұндай бұйымдарды ақықпен жасаған, өйткені ол сәттілік сыйлап, денсаулығын қорғап, күш-қуатын арттырады деген сенім болған.

Сондай-ақ, түркі тілдес халықтардың әйелдері мен қыз-келіншектерінде болуы міндетті әшекей сырға екені белгілі. Олар да тұмар қызметін атқарған деген деректер бар. Олар әрбір ханымды зұлым рухтардан қорғайды деп сенген және сырғалардың көбісі арнайы өсімдік немесе жануарларға ұқсас ою-өрнекпен бейнеленген. Мұндай өнімдер сондай-ақ әйелдің мәртебесін, оның отбасылық жағдайын білдірген.

Қазақстанның мұндай ұлттық зергерлік бұйымдары пішіні мен дизайны бойынша бөлінеді. Олар: ай және айшықты, ай және ай тәрізді сырғалар; тұмарша үшбұрышты әшекейлер; салпыншақты сырғалар; астары бас әшекейлер, қаралы — қараға боялған; иықты- иыққа тиетін сырғалар; сояу-үшкір бұйымдар және күмбезді әшекейлер болып табылады. Қазіргі уақыттың өзінде еліміздегі үйлену тойларында сырға салу және сырға тағу рәсімдері бар. Яғни, қалыңдыққа көбіне алтын сырға тағады.

Ал, салт-дәстүрімізде күміс бас киімдерді жауынгер ер адамдар киген. Олардың дулығасы оюлармен безендірілген және нақышталған. Тиісінше әйелдері де бастарында күміс немесе алтын ою-өрнектері бар талғампаз зергерлік бұйымдарды киген.

Қазақ қыздары әрқашан ұзын және қалың шаштарымен ерекшеленген және танымал болған. Мысалы: сақиналармен жалғанған ұштарында салпыншақтары бар таспалар,яғни шашбау болған. Ол, нақыштармен, қоңыраулармен немесе монеталармен қосымша безендіріліп отырған. Сондай-ақ, шолпы — ол інжу, агат және маржан, алтын мен күміспен безендірілген қыздарға арналған арнайы бас киім. Қазақ қыздары оны  кәмелетке толғанға дейін киген. Ал үкі аяқ дегеніміз, бөлшектерді тырнақ түрінде қолданатын бас киімге арналған салпыншақ. Қыздардың басына арналған мұндай зергерлік бұйымдар әшекейлер мен тұмарлардың рөлін атқарған. Мысалы, шолпы қыздарды тәрбиелеу үшін қажет болса,  әшекейлер әуезді дыбыс шығарып, қыз баласының мүсінін көркейте түскен. Сонымен қатар елімізде ұлттық әшекейді әйелдер де, ерлер де тағатын сақина болды. Бүгінде жүзіктердің бірнеше түрі бар. Мысалы құдағи жүзік — бірден екі саусаққа тағылатын жүзік, қызды жақсы қабылдағаны үшін алғыс ретінде қалыңдықтың отбасынан қайын енесіне беріледі. Құстұмсық — қалыңдық үйлену тойына дейін киіп, туған ауылына күйеу жігіттің отбасында оны жақсы қабылдағанының белгісі ретінде беретін сақина. Тағы бірі жүзік — оны сиқыр мен дуадан қорғайтын тұмар деп білген. Жүзіктердің бөлшектерін құю және нақыштау арқылы жасаған. Қазақ дәстүрінде бұл зергерлік бұйым әрқашан салмақты болған, тастармен және ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген.

Қазақ әйелдердің танымал әшекейлерінің бірі ол — білезіктер. Әйелдер оларды жас кезінен бастап киіеді, ал қартайған кезге әшекейлер көбейіп, олар үй иесінің білегін толығымен жауып тастайды. Кейбір дереккөздерде қыздың алғашқы білезігін күйеу жігіттен сыйлық ретінде алатыны айтылған. Бұл уәделесу сақинасының баламасы секілді болған. Атап өтетін болсақ бес білезік — қалыңдықтың киіміне кіреді, шынжыр баумен байланған сақиналар мен білезіктерден тұрады. Ал, тасты білезік — ұқыпты жақтаудағы асыл тастардан тұрған. Жұқа селдір білезіктің құрылымы да үлдір болып келген.

Қазақтың дәстүрлі әйелдер әшекейлері заманауи бейненің бір бөлігі бола алады. Зергерлік бұйымдар тек әдемі және қымбат бұйымдар емес. Бұл халықтың этникалық ерекшелігін сақтау тәсілі. Қазақтар мәдениетінің қалай дамығанын, ата-бабаларымыздың қандай дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары болғанын, олардың ғасырлар бойғы тәжірибесінен не үйрене алатынымызды дәл зергерлік бұйымдар көрсете алады. Күнделікті көрініске шолпы, білезік немесе шашбау қосуға болады. Тәжірибе жасап, сақиналар, сырғалар және басқа да бұйымдарды қосудан қорықпаңыз. Ұлттық әшекейлер де заманауи қыздардың әшекейлер жиынтығында болуға лайық. Қазақ әшекейлерінің, соның ішінде сырғаның ғұрыптық мән-мағынасына тоқталсақ алғашқыда ол құлаққа дүлей күштерден сақтау мақсатында тағылатын болған. Сырғаның тұтас тұрпаты да, жекелеген бөлшектері, материалы мен ою-өрнегі де белгілі бір мән-мағынаны білдірген. Мысалы, көз қондырылған бұйымның көз тиюден алдын-ала сақтайтын киелілік және емдік қасиеті бар. Қазақтар мен түркімендердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тұрмысын зерттеген неміс этнографы Карутц Рихард айтқандай: «Ұзақ уақыт бала көтере алмай, кеш босанған әйелдер баласының құлағын әдеттегіден ертерек, үш жасында тескен, бұл баланың өмірін ұзартуға ықпал етеді деп сенген». Қыз бала үшін міндетті саналатын құлақ тесу дәстүрі сүндетке отырғызумен бірдей саналған. Сондықтан да, ел аузында құлақ тесу — қыздың сүндеті деп айтылады. Ұзақ күттірген ұл дүниеге келгенде, оның да құлағын тесіп, сырға салатын болған. Бұл бір жағынан тіл-көзден қорғау үшін жасалса, екінші жағынан жын-шайтанды шатастыру мақсатын көздеген. Мұндай ғұрып тувалықтарда болған, ал өзбектер мұндай жағдайда көп балалы жеті әйелдің әшекей сынықтарынан балқытып сырға жасаған. Қазақтарда ұл бала мұндай сырғасын бес жасқа дейін тақса, ал өзбектер үйленгенге дейін сырғасын алмаған.»,- дейді музейдің ғылыми қызметкері А.Үркінбаева

«БАТЫР БАБАЛАРДЫҢ ОТАН ҚОРҒАУДАҒЫ ЕРЛІКТЕРІ: ТАРИХ ЖӘНЕ ТАҒЫЛЫМ» ТАҚЫРЫБЫНДА КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Еліміздің рухани-мәдени астанасы Түркістан қаласында батыр бабаларымыздың отан қорғаудағы ерліктері, сонымен қатар тарихи тағылымдары насихатталды. Яғни, облыс орталығындағы «Фараб» кітапханасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы және «Сіргелі Тілеуке батыр (Қарабыр)» қоғамдық қайырымдылық қоры бірлесе Сіргелі Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлының 330 жылдығына орай «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды.

Конференция – тарихи-мәдени мұраны сақтау және жас ұрпақтың бойында бабаларға құрмет тағылымын қалыптастыруды, тарихи тұлғалармен байланысты Қазақстанның киелі орындарын насихаттауды, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, өскелең ұрпақты патриотизмге баулуды мақсат тұтады. Конференцияға қатысушылар «Фараб» кітапханасының фоесінде музей-қорықтың ұйымдастыруымен «Бабалар ерлігі елге мұра», «… Өңкей батыр жиналып, Абылай салды жарлықты» тақырыптарындағы кітап көрмесін тамашалады.

Бағдарлама бойынша конференцияға алыс-жақыннан келген зиялы қауым өкілдері «Сіргелі қара Тілеуке» деректі фильмін тамашалады. Конференцияны тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Тұрсұн жүргізіп отырды. Конференцияны мемлекет және қоғам қайраткері һәм еңбек ардагері О.Рахманбердиев құттықтау сөзімен ашып, қазақ халқының қалыптасуы жолында ерен еңбек еткен Тілеуке батырдың ерлігіне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мауленқұловта сахна төріне шығып, батыр бабамыздың қазақ жерін қорғаудағы ерліктерін тізбектеп, алдағы уақытта тұлғатану мәселесін терең зерттеу қажеттігін атап өтті. Тағы басқа бір қатар тұлғалар құттықтау сөз сөйлеген соң конференция модераторы т.ғ.д., профессор Х.Тұрсұн сөз кезегін баяндамашыларға берді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қожа «Жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста Сіргеліден шыққан батырлар (тарихи деректер мен зерттеулерде)», Қазақстан Шежірешілер одағының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы, профессор М.Әбдіәкімұлы «Тілеуке-Қарабатыр тарихтағы ерлік жолдары» атты баяндамасын жасап, қазақ тарихындағы батыр бабалардың ерліктерін атап өтті.

Айта кетейік, биыл елімізде Тілеуке батырдың 330 жылдық мерейтойы. Тілеуке Төбетұлы – 1694-1754 жылдар аралығында өмір сүрген батыр, қолбасшы, мемлекет қайраткері және тарихи тұлға. Тарихи деректерде және қазақ халқының ауызша тарих айту дәстүрімен жеткен шығармаларда батырдың жорық жолдары туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Тілеуке батыр тарихи деректерде Тілеуке, Тілеулі және Қарабатыр деп айтылып келген. Тарихи тұлға алып денелі, қараторы, келбеті сұсты және қаһарлы көрінуіне байланысты «Қарабатыр» атанып кеткен.

Тілеуке жас кезінде елдің ортасында батырға тән бітімімен және болмысымен танылған. Бұрынғы қариялардан жеткен әңгімеге назар аударсақ, яғни 1894 жылы туған, 90 жастағы Қыпшақалы Әлімбайұлы деген қария шежіре мен қисса-дастандарды жатқа айтатын болған екен. Оның айтуынша, Тілеуке Шаян өзенінің жоғары жағында Арыстанды өңірінде дүниеге келген. Қарияның айтуынша Тілеуке жас күнінде жолбарыспен алысып, оны өлтірген екен. Ол уақытта батырдың өмір сүрген кезеңі жаугершілік заман еді.

Қазақ-қалмақ заманы салған салмақты көтере алатын халықтың ұлдары тарих сахнасынан осы тұста айрықша көріне бастаған. Бұқар жырында аталып, өсиет болып, кейінгі ұрпаққа өлмес аты қалған атақты адамдарды жырау: Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деп басқа аттас адамдармен шатастырмасын дегендей тасқа қашап салған таңбадай ғып бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Осы айтулы соғыстарға қарт жыраудың өзі де қатысып, Абылай ханның қасында болған. Бұл жөнінде ел аузында деректер де көптеп сақталған.

Атақты Бұқар жырау қазақ-қалмақ шайқасына байланысты тағы бір жиырма сегізінші толғауында: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, Құдаменді Дәулет қасында, Бақ дәулеті басында, Сеңгірбай мен Шойбек бар, Таңсық қожа, Мәмбет бар, Қасқарау Малдыбай, Қатардан жақсы қалдырмай, Айнақұл, Бәти ішінде, өңкей батыр жиылып, Абылай салды жарлықты» – деп жырланған.

Сонымен қатар, «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында филология ғылымдарының кандидаты Л.Н.Гумелев атындағы ЕҰУ профессоры И.Нұрахмет «Ауызша поэзиядағы батырлар туралы кейбір деректер», тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі Н.Атығаев «Абақ Керей Қожаберген батыр Жәнібекұлы», тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Х.Тұрсұн «Көлегеннің батыр ұлы Ер Бәйменбет» атты тарихи еңбектерінен сыр шертті. Тарихи-мәдени мұраны сақтау және жас ұрпақтың бойында бабаларға құрмет тағылымын қалыптастыруды мақсат еткен конференцияда қазақ халқының тарихи кезеңдері бойынша мәліметтер де айтылды.

Кейбір мәліметтерде ХVIII ғасырда Жоңғар мемлекеті 1722 жылы Цинь императоры Канси қайтыс болғаннан кейін тіпті күшейе түскен екен. Өйткені, жоңғарға қауіп сейіліп, олардың билеушілерінің назары Орта Азияға ауған. Тіпті, Қытай елі жағына бодандық туралы келіссөздерде тыйылып, олардың әскери қуаты артып, Жетісу жеріндегі қазақ пен қырғыз халқын ығыстыра бастағаны туралы айтылады.

«Қазақ жеріне бағытталған алдағы әскери қимылдарға тыңғылықты дайындалған жоңғар қонтайшысы Цеван-Рабтан қалың әскердің басшылғында жақсы қаруланғандырып қазақтарға шабуыл жасады. Қазақтар жерін басып алу 1723 жылдың көктемінде басталды. Қазақтар қапы қалды, қорғаныс шаралары туралы сөз болған жоқ. Қаншама адам қалымақтың қолынан қаза тапты, бірқатары Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өзендерін кешіп жүріп суға кетіп өлді. Дүрбелеңге түскен қазақтар Сырдария өзеніне қашты, тек оның ар жағына асып кеткен жағдайда өздерін қауіпсіз сезінетіндей ойлады. Ұлы жүз және Орта жүздің бір бөлігі Сырдария өзенінің төменгі ойысынан Шыршық өзенінің жоғары жағынан өтті. Ұлы және Орта жүз қазақтары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламасын» еске алатын тарихта оқиға орын алды. Кіші жүз Сауран қаласын («Сауран айылған») айналып, бекеттен өтті. Шиелі тұсынан Хиуаға кетті», – деп жазды М.Тынышбаев.

Міне осындай тарихи деректер айтылған басқосуда тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қ.Еңсенов «Тілеуке Төбетұлының жорық жолдары» және Өскемен қаласы №44 мектеп-лицейінің тарих пәні ұстазы, зерттеуші педагог Қ.Айтхожин «Батырлар институтының тарихын орта мектепте оқыту мәселесі» туралы, ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика магистры Б.Ахметбек «Ел тарихындағы Сыр бойы батырларының рөлі», сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Тастанбеков «Ойрантөбе – Тілеуке батырдың соңғы шайқас алаңы» тақырыптарында тұшымды баяндамалар жасалды.

 Тарихшылардың айтуынша, Тілеуке батырдың өжеттігі мен қайсарлығы қалмақ шапқыншылығы кезінде анық көзге түседі. 1723 жылы қалмақ билеушісі Цеван Рабтан бастаған қалың қол Қаратау күнгейіндегі Ұлы жүз қазақтарына лап қояды. Тілеуке Сіргелі және Ысты руларының қолын бастап, Бабата, Құмкент, Саудакент қалаларын қорғауға кіріседі. Бірақ күші басым жаудан қазақтар ығып, жеңіліске ұшырайды да, ата қоныстан ауа көшеді. Осы бір сүргінді қалмақтың қалың қолы Оңтүстікке басып кіріп, Қаратау асып жетті. Қалмақтар қарулы қолы қорғануға шамасы келмеген бейбіт елді шауып-жаншып, қырғындап, үй-мүлкін тонап, малын айдап әкетті. Тірі қалғандар ата мекені мен мал-мүлкін тастап қашуға мәжбүр болды. Осы кезде Бөген, Шаян бойындағы Сіргелілер, Қаңлы, Шанышқылының негізгі тұрағынан ауа көшіп, Өзбек жеріндегі Шыршық өзенінен ары асып кетеді.

Ертеректе өмір сүрген Сіргелі шежіресінің аса білгірі тоқсан жастағы Едігеұлы Ақылбек қарияның айтуынша, сол уақытта Тілеуке батыр Ташкент маңындағы жаудан ығысқан сіргелі, қоңырат, ысты, ошақты руларының басын қосып, қалмаққа қарсы қол жасақтапты. Тілеуке батырдың қару жасайтын ұсталық шеберлік өнері де болған. Мұнда оған қаңлының Сырлыбай, Қараманас, Шаншқылының Бердіқожа батырлары өз қолдарымен қосылады. Бұл уақытта қалмақтар Сайрам, Шыназ, Ташкент қалаларын басып алып, уақытша билік жүргізген. Кейіннен бұл өлкеден қалмақтарды қуып шығуға Тілеуке батыр көп еңбек сіңірген екен.

Осы тұста, батыр бабаларымыздың отан қорғаудағы ерліктері мен тарихи кезеңдердегі мәліметтерге тоқтала кетсек. Мысалы Түркістанды қорғау шайқасы.

         1723 жылы қалмақтардың қалың қолы қазақтың сол кездегі астанасы Түркістан қаласына тұтқиылдан шабуыл жасайды. Қабанбай батыр қорғану жөнінде қазақ сұлтандарына неше рет талап қойса да, олар ығыса береді. Он мың әскері, отыз мыңнан аса халқы бар Түркістан қаласынан ұран шақырғанда әрең бірнеше мың адам ғана жиналады. Ал, Қабанбай Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдындағы майданға келіп, қалың жұртқа сіргелі Елшібек батырды таныстырып, қорғаудың қамын жасап, әскерді орналастырады. Қаланы қорғауға Елшібек батыр жауапты болып, өзі Кіші жүзден қалың қол ұйымдастыруға аттанады.

Ақтабан шұбырынды жылдары Отан алдындағы өз жауапкершілік намасын түсінген халық еркін жасытпады. Табан тірескен және ұзаққа созылған шайқастар жүріп жатты. Ташкент қаласының қазақ жасағы бастаған тұрғындары үш айға жуық қаһармандықпен қорғанды. Ташкенттің ізінше Сайрам мен Түркістан да құлады. Бүкілхалықтық қарсыласуды ұйымдастырушылар Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Жәнібек, Малайсары, Елшібек және басқалар халықты туған жерін қорғауға көтерді. Жоңғар әскерлері қазақ халқының табанды қарсыласуымен санасуға мәжбүр болды. Жау таулы жерлерде, алыстағы далалық аудандарда, қалаларда тойтарыс алды. Жоңғарлар қаланы шабуыл арқылы бірден басып ала алмады. Қарсылық көрсету күшті болды. Бірақ, әртүрлі амалдармен және лек-лек болып келген әскердің күшімен соңында алды. Қазақтар амалсыз шегініс жасады.

Одан кейін Ордабасы құрылтайы қазақ тарихындағы өте маңызды кезеңдердің бірі болды. Қаратаудың күнгей биігіндегі оқшау биік Ордабасында үш жүздің баласы бір бәтуаға келіп, ата жауға аттануға анттасқан сәті – ең шешуші кезең болса, бас сардар Әбілқайыр болып сайланып, қазақтың барлық батырлары бірге тізе қосып жауға қарсы аттанғанда, тұлпарлар тұяғы мен сауыт киген адамдардан жер қайысқан күйде еді.

Қазақ зиялысы М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде: «Үш жүздің әскери қосындары біздің ойымызша, Бадам өзені жақтағы «Ордабасы» тауына жақын жерде, яғни «Орда Басы» деп аталатын тарихи орында бас қосқан. Ол тарихи орын Алатау мен Қаратау тауларымен шектесетін Арыс пен Бадам алқабының еңіс ойпатында орналасқан, жекелеген биіктіктермен, аласа жоталармен төбешік далаға айналып жатқан бұл шағын тау бүкіл төңіректі алыстан бақылауға ыңғайлы орын. Өзеннің ойпатынан көтерілген биік төбе, Арыстанды, Шаян немесе басқа жерлерде Ордабасыға тән төбе бірден көзге түседі. Ордабасының арғы бетінде бір кездері суы мол, ең бай шалғындығы бар жерде Бадам өзені Ордабасыдан батысқа қарай ағады. Оңтүстікте көптеген шабындықтарда елеулі ордаларды жасыруға болады. Дәл осы жерде ортақ келісім жасалып, бір-біріне адалдық антымен серттесіп, бірауыздан Әбілқайыр ханды бас қолбасшы сайлап, халық әдет-ғұрпы бойынша ақбоз атты құрбандыққа шалған», – деп жазған.

XVIII ғасырдың 20-жылдардың ортасына қарай Қазақстанның оңтүстік шекарасында қалыптасқан аса шиеленісті және үрейлі жағдай күштірек және жақсы ұйымдасқан жаумен күресу үшін Үш жүздің күштерін тез арада біріктіруді талап етті. [9]. Ордабасы Құрылтайына Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер, даңқты қолбасшылар мен батырлар шақырылған. Осы кезден бастап қалмақ-қазақ соғысындағы шабуыл бастамасы қалмақтардан қазақ жасақтарының қолына өтіп, олар Әбілқайырдың қолбасшылығымен оңтүстік майданның әр түрлі бағыттарында жаулап алған аймақтарынан қалмақ жасақтарын белсенді түрде ығыстыра бастады.

Ал, Бұланты-Білеуті шайқасының маңызы қазақ халқының тарихында ерекше. Қасиетті Ұлытау жеріндегі Бұланты-Білеуті өзендерінің аралығындағы кең жазықта қазақ халқының тағдыры шешілген шайқас болғандығы анық. Қазақ халқының тарихында 1723-1727 жылдар аралығын қамтыған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталатын қайғылы оқиғадан кейін Үш жүздің ру-тайпалары бас қосып, алқалы кеңес өткізген жер Оңтүстік Қазақстандағы Ордабасы болды. Осы арадан бірлікпен аттанған қазақ жасақтары Әбілқайыр ханды бас қолбасшылыққа сайлаған. Қазақ жауынгерлері алғашқы жеңіске 1726 жылы Шұбартеңіз маңында қол жеткізді. Одан кейін мықты қаруланған жоңғар әскеріне қарсы Ұлытау мен Сарыарқаны қорғау мақсатында 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзендері аралығында «Қарасүйір», «Қалмаққырылған» деген жерде жан алып, жан беріскен шайқас өткен.

Қалмақтармен күрестің бұл кезеңі туралы М.П. Вяткин былай деп атап өткен: «Орасан көп адам мен малдан айырылу қазақтарды топтастыруға мәжбүр етті. Қазақтардың ойраттарға алғашқы соққыны сұлтандардың басшылығымен емес, қайта Кіші Жүзден Тайлақ, Орта жүзден – Бөгенбай және Ұлы жүзден Саңырық батырлардың бастауымен шыққанын атап өту назар аударарлық. Бұл қақтығыстың зор маңызы болды, ол барлық Үш жүз қазақтарының күштерін жаппай ұйымдастыруды бастап берді», – деп жазды.

Осы Бұланты-Білеуті өзендері аралығындағы шайқаста ерекше көзге түскен және ең алғашқы жеңістің туын желбіреткен Кіші жүз жетіруынан Тайлақ батыр мен оның жинені Ұлы жүз ошақты Саңырық батырлар туралы деректі қазақ қарияларынан ең алғаш рет жазып алып, Әбубәкір Диваев «Көк-Кесене мовзлейі» атты мақаласында 1905 жылы жариялаған. Одан кейін қазақ зиялысы М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» еңбегінде жазған. Осы аталған еңбектерге кейін тарихшы Ирина Ерофеева сілтеме жасаған.

Бұланты-Білеуті шайқасының маңызы қазақ халқының тарихында ерекше. 2019-2020 жылдары Бұланты-Білеуті шайқасына қатысты зерттеулер жүргізіп, экспедицияға жанашыр азаматтармен барғанбыз. Шайқастың болғандығы рас. Шайқас алаңында батырлардың қорымдары бар, ондағы Үш жүзден қатысқан батырлардың ру таңбалары қашалған. Тіпті, жебе ұшы мен мылтық оқтары да табылды. Бірақ, әлі көп зерттеуді қажет етеді.

Сондай-ақ, Аңырақай шайқасында жеке ерлігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткендер арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары, барлық үш жүздің өкілдері болды. 1729 жылы Аңырақай шайқасы өткен аймақ Аңырақай таулары, Ақсүйек сайы, Хантау шоқылары орналасқан жерден Алматы бағытында 200 шақырымға созылған кең далада өткен. Ол жерде «Үлкен Орда қонған», «Сұмқайтты» деген жерлер бар. Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті. Шайқастың сәтті басталуы қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендіретіндігі күмәнсіз. Сөйтіп, олар жеңіп шықты. Асқақ рух сезімімен қанат біткен олар өздерінің ерлігін, ержүректігін, тастүйін бірлігін және жоғары әскери машықтанғандығын танытты. Әбілқайыр ханның өзі мен оның серіктерінің ең жақсы қасиеттері осы шайқаста көрінді.

Қалмақ басқыншылығына қарсы қазақ халқы Отан соғысының жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде айтылады, сондай-ақ, оған М.Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректемелер арналған.

Осы аталған Аңырақай шайқасы туралы Ж.Қ. Қасымбаев: «Тек соңғы жылдардағы ізденістер негізінде осы бір қоныстың қазақтың атақты батыры Бөлекпен жекпе-жекте жер жастанған ойраттың Аңыра атты батырының есімімен байланыстылығы айқындалды. Бұған күмәнданатын негіз жоқ. Қаскелең, Боралдай, Шарын өзені және тағы басқа қоныстар ойрат есімдерімен аталғаны белгілі», – деп жазды.

Аңырақай шайқасына Үш жүздің батырлары қатысқан. Солардың ішінде көзге түскен үлкен қолбасшылардан Бұқар жыраудың жырында: Қаракерей, Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, Шапырашты Наурызбай және тағы басқа батырлардың есімдері аталған.

         1740 жылы тамыз айының соңында Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Орта жүздің атынан ант беру үшін Ор бекінісіндегі Патшалық Ресей империясының кездесуге арнайы жіберген адамдарымен жолығуға барады. Бұл мемлекет аралық үлкен оқиға болған. Дәл осы уақытта Қазақ хандығына Жоңғар хандығынан өте күшті қауіп төнген. 1739-1741 жылдар арасында үлкен шайқастар басталып кеткен. Ташкентте отырған Қалдан Церен үш түмен әскер шығарып, үш бағытта жорыққа аттандырған. Ертісті бойлап солтүстіктен – Септен ноян, Сырдарияның бойымен – Сары-Манжа ноян және Қаратау ішімен Арқаға тік жол тартып шыққан Лама-Доржы әскері болды. Осындай қиын жағдайда екі жақтан қыспаққа түсіп қалып, мемлекеттілікті жойып алмау үшін қазақ елінің басқарушы элитасы арыдан ойлап, байсалды және сарабдал саясат жүргізді.

Міне, осы жаугершілік заманда қазақ халқын басқарушы ел ағалары «Хан кеңесінде» алдағы жоспарды дұрыс құрған сияқты. Осы кезде елді сыртқы жаудан қорғайтын – Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Бердіқожа және тағы басқа қолбасшылар Жоңғарияның жойқын жорықтарына қарсы күресте халықты қорғаумен жүрді. Ал, мәмілегерлік келісімде Шақшақ Жәнібек екі елдің басшыларын жолықтыруды реттеген. Бұл сапарда Әбілмәмбет ханның қорғаушы жасағын Нияз батыр бастап барса, Абылай сұлтанның қорғаушы жасағына Тілеуке батыр қолбасшылық жасап барған. Осы кездесуде Ресей империясы тарапынан генерал-лейтенант В.Урусов өз нөкерлерімен келген. Олармен жолыққан кезде бейбіт келісім, екі ел тұтқын адамдарды алмасу, керуендерді өткізу, көрші елмен татулық туралы келісім болып, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан ант берген. Осы барған қазақ делегациясын орыстар сән салтанатымен қарсы алып, олардың құрметіне бірнеше мәрте зеңбіректен оқ атқызған. Хан мен сұлтанға арнайы шатыр тігіп, мал сойдырып қонақ ретінде күткен.  Кездесудің соңында геренрал-лейтенант В. Урусов өз қолынан Нияз батырға күмістелген қылыш, Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, Жәнібек батыр және Тілеуке батырларға бірдей темір сауыт сыйға берген. Бұл көрші мемлекет тарапынан үлкен сенім мен құрмет белгісі болған.

1739 жылы Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлгеннен кейін, Ташкенттегі билік 1749 жылға дейін толығымен Төле бидің қолына көшеді. Қазақ халқының Жетісу мен Сыр бойын өзінен қуатты жаудан біржола азат етуге әлі де даяр емес екендігін түсінген Төле би қалмақтармен күш жинап алғанға дейін бейбіт қатынаста болуға тырысып, олардың талап еткен салығын өтеп отырады, сондай ақ, қалмақ билеушілеріне өз ұлы Жоланды аманатқа жібереді. Жолан қалмақ ханы қолында екі мәрте, он төрт жыл жылға жуық уақыт болған.

1744-1745 жылдары Қойгелді батыр, ру басшылары Тоқсанбай, Мәлік, Кетендердің басшылығымен наразы халық Қалдан Цереннің Шымкент жанында орда тіккен өкілі Баршаханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Бұл жағдай қалмақ ханының Ұлы жүз қазақтарына жазалау мақсатында шабуыл жасау қаупін туғызды. Бірақ, ханның көп ұзамай 1745 жылы қайтыс болуы, оның артын ала қалмақ хандығында басталған бұлғақ кезең бұл жоспарды іске асырмай тастады. Міне, осы аталған Ташкент қаласы үшін тартыста Төле би, Тілеуке батыр, Бердіқожа батыр және тағы басқа батырлар бірлесіп күрескен.

Ташкент жерінде Төле би билік жүргізген кезеңде Тілеуке батыр елді ұйымдастырып қорған тұрғызғандығы туралы дерек бұрынғы қариялардан жеткен. Ол қорған атауы кезінде «Сіргелі қорғаны» аталған екен. Тарихи орынның атауы осы күнге дейін жалғасып, Ташкент қаласында Сіргелі аталатын аумақ бар.

Ал, 1750 жылдардың басында атақты Шаған шайқасы Шыңғыстауда болған. Абылай ханмен атақты Қабанбай, Бөгенбай батырлар қол бастап келіп, Қоңыр Әулие үңгірінің қапталында қорған жасап бекінген қалмақ әскерімен шайқасқа түскен. Қалмақтар қазақтарға алғызбай, бір апта бойы қазақ жағынан шығын көп болған екен. Сол кезде Абылай сұлтан ашуланып, осы жерде кім Шағандағы қалмақтардың қамалын алса, соны Бас қолбасшылыққа сайлаймын депті. Міне, осы Шаған шайқасында ақбоз атпен шауып, ерекше ерлік көрсетіп, қамалды алған Қаракерей Қабанбай батыр ерекше көзге түскен және «Дарабоз» атанған. Оның қасында Еспенбет батыр да ерекше ерлік танытқан. Тарихи шайқасқа байланысты Құрбанғали Халид пен Мәшһүр Жүсіп еңбектерінде:

Қабанбай хандай болып ардақталды,

Абылай риза болып, басындағы тәжін тақты,

Еспенбетке риза болып, оқал шапан жапты, – дейді. Бұл шайқаста қазақтың мерейі үстем болып, біраз шығын әскер жағынан болғанменен қалмақтарды осы жерден қуып шығып, қазақ даласын біртіндеп азат етіп, ары қарай Шығыстағы Шорға шайқасына қарай ойысқан. Осы шайқаста қалмақ жағынан қол бастап келген Арқауыл батыр Қабанбаймен жекпе-жекте қаза тапқан. Ал, Доржы ноян қашып шығып, Аягөзге жеткенде қалған әскерімен шайқаста өлтірілген. Шаған шайқасы аздап тарихта айтылады.   Бірақ, бұл шайқас қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінің бірі екендігі анық. Осы тарихи орынды 2021 жылы экспедиция кезінде екі рет арнайы зерттеген едік. Шайқас өткен Қоңыр Әулие үңгірінің оң және сол жақ қапталында жатқан қорымдарда бес жүзден артық сарбаздардың бейіттері бар. Онда шапыраштының ай таңбасы, ошақтының тұмар, шаншқылының жебе таңбасы, төренің аша таңбасы, арғынның екі көз таңбасы, керейдің ашамай таңбасы, Кіші жүз таманың таңбасы, телеудің таңбасы және тағы басқалары байқалады.

Тарихта Оңтүстік өңірді азат ету шайқастары кезінде де қазақ батырлары ерліктерімен ерекшелене білген. 1745 жылы Қалдан Церен қайтыс болғаннан кейін таққа он үш жасар оның ортаншы ұлы Цеван Доржы отырды. Оның билік еткен тұсында қысқа мерзім Жоңғарияның ішкі істерінде жөнсіздіктерге жол беріліп, жазықсыз өлім жазасына кесу, қатал тәртіп орын алған және экономикалық құлдырауды көздеген саяси бөлшектену басталды. Қалмақтарды қазақ жерінің Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам аймағынан қуып шығу кезінде қазақ әскерлері қаһармандық жанқиярлық ерліктер көрсетті. Қаратаудағы Теректі алқабында, Боралдайдың саласы бойында, Садыр қамалған бұлақ деген жерлерде қалмақтардың қалың қолын Үлкентұз тауына қуып тығып талқандады. Сөйтіп Қаратау қазақтардың жеңілістерінің ғана емес, сонымен бірге өз жерін азат етудегі жарқын табыстарының да куәсі болды.  Осы уақытта Абылай Үш жүздің басын біріктіріп, қалмақтардың қол астында қалған қазақ жерлерін азат ету мақсатымен Орта жүз жерінде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібек, Көкжарлы Барақ және тағы басқа батырларды топтастырып қол жинады. Алдымен ұзақ жылдар бойы Жоңғар хандығына бодан болып келген Ұлы жүз жерлерін Жетісу, Сыр бойындағы қалалар, Талас, Шу өңірін азат етуді көздейді.

Жоңғария билеушісі Цеван-Доржы таққа отырысымен қазаққа қарсы қалың қолды бастап, жорыққа өзі шығады. Адам айтқысыз екі жақтан да қызыл қан судай ағады, ұзаққа созылған қатты ұрыстан соң Қабанбай қолы Жаңақорғанды, Шымкентті, Бөгенбай қолы Сайрам мен Созақты, Баян мен Жәнібек қолдары Талас өзенінің бойы мен Қарақалпақ жерінен жауды қуып шығады. Абылай сұлтан басшылық еткен, Қаракерей Қабанбай бастаған қалың қол, Ұлы жүз жасақтарының қолбасшысы Шапырашты Наурызбай батырмен бірге одақтаса отырып, 1751 жылдың күзінде қоқандықтардан Ташкент, Сайрам, Созақ қалаларын азат етеді. XVIII ғасырдың бас кезінде Орталық Азияның бір кездегі қуатты көшпелі мемлекеті болып есептелген Жоңғар хандығының әлсіреуі мен құлдырауының күшейе түскен кезі еді. Қабанбай батыр 1751 жылы Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын қалмақтардан тазартып, Төле бидің билікке келуіне көмектесті.

Сонымен қатар Жетісу жеріндегі шайқастарда батырлардың нағыз ерлігі айтылады. Деректерге сенсек, Жетісуды азат ету шайқасында көмек күткен патша әскері келмей қалған. Сондықтан, Ұлы жүздің батырлары кеңесіп, әлі де біздің қазақ шамасы келсе қарап отырмаған. Қалмақтар мен қазақ арасында шайқастар Үшқоңыр, Алматы, Көкпек, Ойрантөбе, Қарқара, Жаркент және Сүмбе жеріне дейін бірнеше шайқастар өткен. Себебі, атақты Жаркент, Көкталдағы қорғандарда торғауыттардың тобы, кешегі Қонтайшының ескі қазынасы, соғыс құралдары бар мен жауынгерлері орналасқан бекіністер талқандалып, қамалдары алынды.

Райымбек батыр туралы деректер жинаған шежіреші Қабылбек Сауранбаев ақсақал кезінде батырлардың ұрпақтарынан 30 адаммен сөйлесіп, көнекөз қариялардан шайқастар туралы деректер жазып алған екен. Қолжазбаға назар аударсақ, бұл шайқасқа Ұлы жүзден бір жүз он батыр қатысты деген факті келтіреді. Олардың қатарында: Қангелді батыр, Қапай батыр, Сатай батыр, Бөлек батыр, Ырыскелді батыр, Аралбай батыр, Бердіқожа батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр, Барақ батыр, Бақай батыр, Биеке батыр, Райымбек батыр. Бұлардың арасында жүздік, елулік батыр, отыздық батырлар да болған.

Жетісуда Райымбектің жорығына байланысты деректерге назар аударсақ, Түргенді Райымбек бастаған қол, Шелекті, Суықтоғайды Бақай батыр, шанышқылы Қожамберді батыр, Барақ батыр, Ердес батыр бастаған қол, Алматыны, Іле бойын Сатай батыр, Ырыскелді батыр, Өтеп батыр, Ақбас батыр, Тілеуке батыр бастаған қол жаудан тазалады. Қалмақ қолындағы қазақ тұтқындары босатылды. Қалмақ қорғанын алуда қазақ жауынгерлерінен де көп адам шығын болған. Атақты батырлары қаза тапқандары болған. Батырлардан көп жаралы болған. Райымбек батыр, Бақай батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр сияқты батырлар жаралы болған.

Райымбек батырдың екінші жорығы Суықтоғайдан босатылған жоңғар қолдарына шабуыл, Жіңішкеде, Таушілікте, Қарабұлақта, Жалағашта, Үш Меркіде, Кеңсуда, Көктөбеде, Үш Қарқарада жалғасып, қазақтардың толық жеңісімен аяқталады. Қалмақтармен шайқаста қазақ жауынгерлерінен де көп адам шығын болған. Атақты батырлары қаза тапқандары болған. Батырлардан көп жаралы болған. Райымбек батыр, Бақай батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр сияқты батырлар жаралы болған.

Жетісу жеріндегі жорықта Жаркент, Көкталдағы торғауыт-қалмақтар Тарбағатай, Шәуешектегі жоңғарларға болысып, Орта жүз Қабанбай қолына қарсы аттанбақ екен деген хабарды естіген Райымбек: «Біздің Ұлы жүз жабағы тайды жауға мінуден құтылды. Қарағайдан найза ұстаудан кетті. Мінгеніміз тұлпар болды. Соғыс құралдарымыз жетерлік, соғыс әдісін игердік, жас батыр, жаңа бауырлар көбейді. Енді осы тобымыз тарамай тұрып Қабанбай батырға елші жіберіп, хабарын алайық», – деген ойды айтады.

Осы кезде Қабанбай батырдан Тарбағатай мен Шәуешек арасын жауып, жауды өзара қатынастыруға мүмкіндік бермеу туралы ұсыныс келіп жетеді. Сөйтіп, қалмақтардан Сарытау, Үйгентас, Үсекті азат етуге атсалысады. Іле бойлап Қорғасқа дейін барады

Міне, батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері, тарих және тағылымға толы өмір жолдары кейінгі ұрпаққа өнеге, рух, ұлттық тәрбие болып қалыптасуы керек. Батыр бабаларымыз елді жаудан жерді азат ету жолында бір-біріне көмек берген. Атажұртты қазақ батырлары бірлігімен қорғап, ынтымағы мен берекесін сақтай білген. Осындай жаугершілік заманда өмір сүріп, бүкіл өмірі жаумен күресте өтіп, жан алысып, жан берісті, батыр бабалар елді қорғай білді. Сондықтан, олардың рухына тағзым етіп, халықтың тарихи танымын нығайтып, ұлттық рухын көтеру өте маңызды. «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының мақсаты да осыған бағытталды.

Басқосуда Түркия Республикасы, Анкара қаласы, Ислам Ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам мәдениетін зерттеу орталығының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ә.Муминов та «Батырлар бойынша деректерді классификациялау мәселесі» тақырыбында Анадолу жерінен онлайн байланысқа шығып, мағыналы баяндамасын жасады.

Конференция қорытындысы бойынша ғылыми жиынның жинағын шығару мен қатар, қоғамдық өмірдің әр саласында Сіргелі қара Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлының есімін мектептерде насихаттайтын және ұлықтайтын түрлі іс-шараларды ұйымдастыру және қазақ тарихындағы батырлардың есімдерін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу қажеттігі жөнінде қарар қабылдады.

ҚАЛА ӘКІМІ ҮЗДІК ТҮЛЕККЕ АЛҒЫСЫН БІЛДІРДІ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Ұлттық бірыңғай тестілеуден еліміздегі ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп 138 балл жинаған кентаулық түлек Айдос Қожановты қабылдады.

«Мемлекетті өркениетке жеткізетін білімді елдің болашағы өзіңдей білімді жастар.Үлкен өмірге басқан қадамыңыз құтты болсын! Таңдаған мамандығыңыз бойынша жоғары оқу орнына түсуіңізге тілектеспін. Сізді осындай дәрежеге жеткізген ата-анаңызға, ұстаздарыңызға алғысымды білдіремін» — деді қала әкімі.

Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос әке жолын қуып болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді.

Айта кетсек, Кентау қаласында 2023-2024 оқу жылында 857 түлек мектеп бітіріп,оның Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 788 өтінім білдірген. Оның 43-і — «Алтын белгі» белгіге, 54оқушы — «Үздік аттестатқа» үміткер.

КЕНТАУДА АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА «ИНТЕЛЛЕКТ БАТТЛ» ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫНЫ ӨТТІ

Кентау қаласы әкімдігінің қолдауымен және “Интеллект баттл” жобасының авторы Гүлжан Серікқызының ұйымдастыруымен зияткерлік ойыны өтті.
Білімділерді анықтайтын жарысқа Түркістан облысына қарасты аудан, қаладан және қаланың әр саласынан құралған 20 дан аса команда қатысты. Олар жарыста қазақ әдебиеті мен салт-дәстүр, әлем қызықтары, логикалық сұрақтар, кино, әуен жанры және Кентау қаласының тарихына негізделген сұрақтардан тұратын 6 кезең бойынша сынға түсті.
Аталған шараға қала әкімі Жандос Тасов қатысып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Зияткерлік ойынның мақсаты — дербес ойлауды, зияткерлік қабілетті дамыту, білімді насихаттау, Кентау қаласының тарихын жеткізу болатын.
Қатысушылар логика, тапқырлық және білімін қолдана отырып, жан-жақты қызықты сұрақтарға жауап берді. Ақтық кезеңде 20 командамен ой жүйріктігін сынға салған Сауран ауданынан қатысқан “Сауран жастары ” командасы 1-ші орынды жеңіп алды.
Жүлделі 2-ші орынды облыстық Жастар ресурстық орталығынан құралған “Жастар ” командасы алса, Кентау қаласы Байылдыр ауылынан құралған “Байылдыр ” командасы және Түркістан арнасынан құралған “ Интершум ” командалары үштіктер қатарынан көрінді.
Ойын нәтижесінде “Үздік ойыншы” номинациясына “Кентау жастары” командасының ойыншысы Қаныбек Гүлзада, “ Шабыт ” командасының ойыншысы Отызбай Бабыр, “ QQQ жастары ” командасының ойыншысы Қозымет Маржан және “ Ілім ізденушілер ” командасынан Атабек Арслан ие болды.
Одан бөлек сайысқа белсенге қатысқаны үшін қала әкімінің номинациясымен Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің “ Тау ”командасы және Гүлжан Серікқызының номинациясымен Бәйдібек ауданынан келген “ Тұран ” командасы марапатталды.

Дәстүр – тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы

Дәстүр – тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, рәсімдер.

Ислам діні – адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлық дін. Оның туы желбіреген жерлерде әрдайым білім мен ғылым дамып, адамзат адамгершілік пен парасаттың шыңына көтерілген. Ислам құндылықтары мен қазақ салт-дәстүрі арасында әдемі сабақтастық пен үндестік бар және екеуінің де алатын орны қазіргі уақытта үлкен маңызға ие. Олай болатыны ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының қайнар көзі – ислам. Әсіресе, Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениеті төрінен орын алды. Десек те, байырғыдан келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бәрі бірдей ислам шариғатымен ұштасты деу артық айтқандық болар. Олардың ішінде тәңірлік сенім-нанымнан жетіп, осы уақытқа дейін өз қасиетін жоғалтпағандары да баршылық. Оларды исламмен үндестіру әлі күнге қиын мәселенің бірі болып келеді. Неге десеңіз, бұлар – байырғы діни көзқарастардан туындаған әдет-ғұрыптар, ислам шеңберіне сыймайтыны тағы бар. Бірақ бұл шағын мақалада ислам шариғаты мен қазақ салт-дәстүрлерінің қарама-қайшылықтарын емес, олардағы үндестікті сабақтастыруға әбден болады. Ата-бабамыздан мұра болып жеткен бұл дәстүрлер мен ғұрыптардың көбі ислами қайнардан алынғанын айтып кету де артық болмас.

Қазақстанға ислам діні VII ғасырдың басында арабтардың Орта Азияны бағындыруы нәтижесінде кіре бастады. Халқымыз ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Десек те, сол уақыттағы ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерінің кейбіреулері әлі күнге дейін сақталған. Мысалы, қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігінде құдалықтың ежелгі дәстүрлері – бесік құда, қалың төлеу, әмеңгерлік сияқты әдет-ғұрыптар сақталып келді. Отбасы мен туыстық қатынастар саласындағы исламдық және оған дейінгі дәстүрлер дінге нанушылардың күнделікті тұрмысының бір бөлігін құрайтын еді.

Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады.

Алла Тағала Құранда: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деп бұйырған. (Ағраф сүресі, 199-аят).

Алланың Елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтың имамдары қолдайды.

Сондай-ақ біздің дәстүрімізде көрші ақысына баса назар аударылғаны да белгілі. Ал оның шығу тарихын зерттегенімізде Алла Тағала Құран Кәрімнің «ән-Ниса» сүресінің 36-аятында: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге жақсылық жасаңдар» делінген. Ал халқымыз арасында көп тараған хадистердің бірінде Алланың Елшісіне (с.а.с.) былай дейді: «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» (Әл-Барраз).

Дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі – адамдар арасындағы өркендеп және өзгеріп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отыру. Тұрақтылық болмаса, даму да болмайды. Демек, дәстүрсіз қоғамдық қатынастардың қалыптасуы, дамуы, өзгеруі мүмкін емес. Қоғамдық қатынастар тарихи дамудың әрбір жаңа сатысында сақталып қана қоймай, өзгеріп, жаңара береді. Сөйтіп, дәстүрлер арқылы қайта жаңғыру жүзеге асады, ескі қатынас түрлерінен қазіргі және болашақтағы қатынас түрлері келіп шығады. Алланың Елшісіне (с.а.с.) отбасына және сахабаларына деген сүйіспеншілігімізге қарай олардың есімдерін ұрпағымызға береміз. Той-томалақты сәттер мен мерекелерде туған-туыс, дос-жарандардың бір-бірімен қоян-қолтық араласу негіздері дініміздің үгіт-насихаттарынан сусындағанының көрінісі болып табылады. Мысалы, исламда «силаий рахим», яғни туған-туыстарынан алыста болғандардың, белгілі уақыттарда кіндік қаны тамған жеріне туған-туыстарына барып араласуды Алланың Елшісіне (с.а.с.) өсиет еткен. Алланың Елшісіне (с.а.с.) бір хадисінде: «Туған-туыстарың мен достарыңа қонаққа барыңдар, Алла өмірлеріңді ұзартып, ризықтарыңды арттырады», – деген.

Сонымен қатар ата-бабаларымыздың заманында, бүгінде қазақ халқының дәстүрлі діні ретінде ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында ханафи бағытындағы ислам деп көрсетілген. Бұл діннің қазақ мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі мойындалатындығы осы заңда атап өтілген. Қазақ жерінде дәстүрлі діннің бағыттары қашанда салт-дәстүрмен ұштасып, сабақтасып келген. Дана халқымыз әрқашанда дәстүрлі дініміздің қағидаларын күнделікті өмірлерінде пайдалана білген. Мүмкін, осыдан болар, дана халқымыз «Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деп нақты айтып кеткен. Ержан қажы Малғажыұлының осы салада жазған «Дін мен дәстүр» кітабы ұлт болашағына арналған кітап деп білемін. Сондықтан да бұл кітап әрбір қазақ отбасының төрінде тұрып, мұны оқыған әрбір адам дін мен дәстүрдің біте қайнасқан бөлінбес дүние екенін біледі. Сонда ғана дініміз бен дәстүрімізді дәріптеуге арналған игі бастама жалғасын табады деп сенемін.

Ә.Болат

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы