ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 50 МЫҢНАН АСТАМ БАЛА БІРІНШІ СЫНЫПҚА БАРАДЫ

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді.
Түркістан облысында 2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарының саны 1 060-қа артқан. Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-ы биыл 1-сыныпқа қабылданады.
«Жалпы Түркістан облысында 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінде 66 мектептің жобалық сметалық құжаты дайын. Биыл 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 5 мектеп 2024 жылдың 1-қыркүйегінде пайдалануға берілмек. Өңірде «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында 2023-2025 жылдары аралығында 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Ал 2024 жылы 22 900 орындық 29 мектеп қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Жайлы мектептердегі» педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен» келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіруде. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі»,- деді Жандос Маханбетов.
Спикердің сөзінше 2024 жылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр баланың мектеп формасына 43 407 теңге берілген. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының Түркістан облысының филиалы әдеуметтік осал топ отбасыдан шыққан 16 балаға мектеп формасымен қоса оқу құралдарын алып берген. Одан бөлек, қоғамдық ұйым өкілі «Дәулеттен» ЖШС-і тарапынан жаңа оқу жылында 1 сыныпқа келетін 50 оқушыға көмек беруге ұсыныс білдіріп, тізімі жолданған.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЯСЫНДА «ТАЗА АУЫЛ» ЭКОАКЦИЯСЫ ӨТТІ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Ордабасы ауданында «Таза ауыл» экоакциясы өтті. Тазалық шарасына ауыл әкімдері, зиялы қауым өкілдері, мекеме қызметкерлері, ардагерлер мен жастар, ауыл тұрғындары қатысты.
Сенбілік барысында аудан орталығы Темірлан ауылында көшелерді тазалау, көгалдандыру, абаттандыру және қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, ағаш түптерін әктеу, ретсіз өскен бұта мен шөптерді жинау жұмыстары атқарылды. Жалпы сенбілікке аудан бойынша 1 мыңға жуық адам мен арнайы техникалар жұмылдырып, 17 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
Шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Бөпешбайұлы ордабасылықтарды республикалық экошараны ел болып қолдауға шақырды.
«Тазалық – денсаулық кепілі, береке бастауы. Тазалық болған жерде құт пен ырыс бар. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, ел туралы пікір оның ауыл-аймағына қарай айтылады. Айналамыз таза, көрікті болса, біз туралы айтылар ой да жақсы болмақ. Сондықтан өңірімізді таза ұстайық, ластамайық, өскелең ұрпаққа үлгі болайық. Республикалық бастаманы бірге қолдайық», — деді ақсақал.
Cондай-ақ, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Әбіш шараның маңыздылығына тоқталды.
«Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің көрсеткіші. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, табиғатты таза ұстау — әрбір азаматтың борышы. Қазақ халқы «бірінші байлық – денсаулық» деп тектен тек айтпаған. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы тазалыққа қатысты. Деннің саулығы әр адам үшін қалай маңызды болса, тазалық та дәл сондай маңыздылыққа ие болу керек.
Иманыңның жартысы болған тазалықты сақтау өзіңнен басталады. Ауладағы қоқыстарды шығару, қоқысты көшеге тастамау — ең алдымен табиғатқа, кейін ауданның көркеюіне қосқан бір үлес. Көшедегі бей-берекет жататын қоқыстар сіз бен біздің денсаулығымызға қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқанын көп жағдайда байқай бермейміз. Сондықтан айналамызды тазартып, абаттандырумен айналысайық», — деді ардақты ана.
Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда «Үлгілі аула» жобасы аясында аудандық, ауылдық өңірдегі белсенді азаматтардың бастамасымен көше бойлары, үй аулалары, көп қабатты үйлердің айналасы тұрақты түрде қоқыстан тазартылуда.
Айта кетейік, облыста «Таза Қазақстан» тазалық шарасы басталғалы өткізілген іс-шараларға 80 мыңға жуық ерікті қатысқан. Сондай-ақ, 17 аудан, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеттері және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1 174 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 198 киелі-мекендерде, көше бойларындағы ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары атқарылып, қоқыс қалдықтары шығарылды. Бұдан өзге, Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл — сенің өңірің» акциясы негізінде 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылды.

Президент «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысы, Көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады.
Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев Ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен. Сондай-ақ спортшылар 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан.
Жалпы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар «Астана-арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақ үй-спорт кешенінде өтеді. Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған.
Халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, Этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.
Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақ үйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.