Тарихи деректер: «Шаммат-Ишан» музейі алғашқыда мешіт-медресе болған.

«Қарт Қаратаудың бауырында орналасқан «Шаммат-Ишан» музейінің тарихы тым әріде. Ең алғаш 1789 жылы жергілікті халықтың сауатын ашу мақсатында мешіт-медресесінің іргетасы қаланған. Бүгінде музейге айналып, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде көпшілікке қызмет көрсетуде.

Қарнақ ауылындағы ХVІІІ ғасырдың соңына жататын бұл тарихи-мәдени орынды көруге келетіндердің қатары көп. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында да көптеген ортағасырлық тарихи ескерткіштер табылып, тарихымызды байытуда. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қарнақта 25 мешіт және 5 медресе болған деседі. Ғимарат құрылысы бірнеше кезеңнен тұрады. 1789 жылы кіші ақсарай, 1876 жылы үлкен ақсарай салынады.

Кіші ақсарайдың астында жерасты ғибадатханасы бар. Жаздың ыстық күнінде сол ғибадатханада құлшылық жасайтын болған. Ал үлкен ақсарай мешіт рөлін атқарумен қатар, шәкірттер алғаш сол жерде сауатын ашқан. Үлкен ақсарай мен кіші ақсарайдың ортасын дәліз бөліп тұр. Үлкен ақсарайдың ішін шығыстық сәулет өнерінің тамаша өрнектерін пайдалана отырып безендірген. 1896 жылы қосымша дәрісханалар салынып, жалпы ғимарат құрылысы толығымен бітеді. Медреседе оқу 1917 жылға дейін жалғасады. Сол жылдан бастап ғимарат жетім балалар үйіне беріліп, 1928 жылға дейін пайдаланылған. Кеңес өкіметі кезінде ғимаратты әртүрлі мақсатта қолданып, 1980 жылға дейін ғимарат қараусыз қалады. Осы кездері Қарнақ ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғыс ардагері, тарих пәнінің мұғалімі Мирзаев Бекташ өнірдің тарихқа бай екенін паш ететін жәдігерлерді жинаумен айналысты. Ол барлық өмірін өзі туған ауылда халықтық мұражай ашып, ұрпақты тарихи біліммен сусындатуға арнады. Ол билік өкілдеріне көптеген хат жазып «Шаммат-Ишан» мешіт-медресесіні сақтап қалады.

Ауыл тұрғындарымен бірге асар ұйымдастырып, ғимаратты өз қалпына келтіріп жөндеу жұмыстарын жүргізген. Тәуелсіздік алған соң, мәдени мұраларға айрықша көңіл бөлініп жатқанда ұлы Мирзев Анвар ескерткішті «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша мемлекет тізіміне тіркеп, 2005 жылы музейге айналдырды. Ал 2008 жылы желтоқсан айында ОҚО Мәдениет басқармасының келісімімен Кентау қалалық музейі МКҚК-ның филиалы болып құрылды. Қазіргі таңда 2023 жылдың ақпан айынан бастап Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейіне филиал болып қайта тіркелді.

Музей 29 бөлмеден тұрады. Оның ішінде жәдігерлерге арналған бөлмелер және үлкен ақсарай, кіші ақсарай бар. Музейдің жер көлемі 1950 шаршы метр. Ғимараттың жалпы алаңы 320 шаршы метр. Музей қорында 2633 жәдігер бар. Оның ішінде негізгі қор саны –1893, ғылыми көмекші қор саны – 740 дана.

Е.Дайрабай: Тарих және тұлға

Тарихты оқып-білу не үшін қажет? Өз тарихымызды, өзге халықтар мен мемлекеттердің тарихын оқып үйрену біз үшін бұрынғы ата-бабаларымыз қандай болғанын, қазір қандай екенімізді біліп, жан-жақты саралау үшін қажет. Біз тарихымыз арқылы өте маңызды оқиғаларды есте сақтаймыз. Туған жер, ата-бабаларымыздың батырлық, ерлік дәстүрі, тыныс-тіршіліктерін тарихтан оқып білеміз. Өнеге алып, болашағымызды болжаймыз, қателіктерін қайталамауға тырысамыз. Өткен замандардағы дара тұлғалардың ерлік дәстүрін оқып-білген жас ұрпақтан ғана елім-жерім деген ерлер шығады. Тарих пен шежіре – ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеп өсіреді. Сонымен бірге азамат баласының бүкіл тарихына ой жүргізетін жол. Біздің мақсатымыз беру-халқымыздың әлем тарихында алатын өзіндік орнын, атқаратын қызметін білу.

Ең алдымен тұлға деген кім? тұлға деген ұғым — тарихи өлшем. Яғни, тарихи тұрғыдан ел, халық үшін орасан зор, тарихи мәні терең іс-әрекетке барған немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай бағаны беріп отырған. Міне, қазақ тарихының белесінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған ұйымдастырушы болған, әйтпесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар — халықтың тұғырлы тұлғасына айналып отырған. Қазақ ұлтының бағына, тағдырына орай болған. Тарих-ана әр ғасырда жаужүрек, батыр тарихи тұлғалы ұлдары мен қыздарын мол жаратқан. Қазақ жерінің бір сүйемі де осылардың арқасында жаудың қолында кетпей, асқақ тарихымызды, намысты қолдан бермей, мәдениетінде, тұғырлы тілінде қай жағынан болмасын, қазақ тарихында тұлғаларымыз мәңгі өшпей қала бермек. Мысалға: тарихи тұлғаларымызды жік-жігімен бөліп қарайтын болсақ, айтарға ауыз толтырарлықтай, дана бабаларымыздан сонау Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Қорқыт, Қайыр хан, Кетбұға, Бейбарыс Сұлтан, Асанқайғы Сәбитұлы т.б дана тұлғаларымызбен жалғаса келе, ұлы хандарымыз Жошы хан, Тәуке хан, Керей хан, Жәнібек хан, Қасым хан, Әбілхайыр хан, Абылай сияқты т.б тарихтың таразысынан ойып тұрып орын алатын тарихи тұлғаларымыз бен бері келе қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Дінмхаммед Ахметұлы Қонаев сияқты т.б қоғам қайраткерлері, елге қызмет еткен ұлы тұлғаларымыз аталмай кетсе де халыққа жақын болған тұлғалар бағаланбай қалса да, халық жүрегінде мәңгі сақталып қалатыны белгілі.

Адамзаттың басты құндылықтары барша адам баласына ортақ десек те, тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарас әлемде әртүрлі. Өкінішке қарай, көп жағдайда тарихты жасаушылар өзге елдерді қанға бөктіріп, өзіне бағындырған басқыншылар болып келеді.

Тарих және тұлға егіз ұғым. Әрине тарихты, тарих қылатын да адам, тарихты қағазға түсіріп жазатын да адам. Тарих біздің өткен өміріміз. Тарихты біз білетін болсақ біздің ата-бабаларымызды, қандай ұлт болғанымызды, жеріміз мұндай үлкен ұланғайыр жер болғаның, қандай жолмен ата-бабамыз бізге аманаттап тастағаның тарихты анықтап қарасақ жауабын қиналмай таба аламыз.

Тарих үздіксіз даму үстінде болатын ғылым. Өткенін білмей қазіргісі мен болашағын бағалау мүмкін емес, қоғамның дұрыс бағытта дамуы үшін азаматтардың тарихи сауаттылығы мен белсенділігі орасан зор маңызға ие. Халықсыз — тарих жоқ, тарихсыз — халық жоқ деген мақал бекерге айтылмаса керек. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Тарих болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен көре білу қасиетін дамытады және болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі.

Тарих сөзі көне грек тіліндегі «сұрастыру», зерттеу» ұғымынан пайда болған. Тарих оқиғалар мен фактілердің шынайылығын анықтау үшін қажет болды. Көне Рим тарихнамасында (қазіргі заманда тарихнама тарихты зерттейтін тарих ғылымының бір саласы) бұл сөз тану мақсатында емес, әңгімелеу мақсатында қолданылған. Кейіннен тарих деп барлық оқиға, факт, ойдан құрастырылған әңгімелерді айта бастады.

Тарихтың қалыптасып дамуы. Сонау ежелгі дүниеде де тарихи әңгімелерді есіне сақтап, елге айтып отыратын адамдар болған. Қазақ халқы оларды шежіре айтушылар немесе шежірешілер деп атаған. «Шежіре» сөзі – есте сақтау, жадыдағы білім, рухани қазына дегенді білдіреді. Жазба тарихтың негізін салушы б.з.б. 484–425 жылдары өмір сүрген ежелгі грек тарихшысы, жиһанкезі Геродот болып есептеледі. Ол алғаш «Тарих» атты еңбек жазып, Батыс әлеміне «тарихтың атасы» деген атпен белгілі болды.

 

Созақ аудандық кітапханасы. Библиограф:  Е.Дайрабай

Тарихи деректер: Гималайға асқан көш…

XX ғасырдағы қуғын-сүргін мен ашаршылық қазақ тарихындағы ең ауыр нәубет саналады. Миллиондаған адам мерт болып, мыңдаған қандасымыз елден кетіп, жаһанның әр бұрышына тарыдай шашырады. Мәселен, әлемдегі ең ұзақ әрі қасіретті көш Шығыс Түркістанды мекендеген қазақтардың Тибет асуы. Бұл ғылыми зерттеуді қажет ететін ірі оқиға. Жақында осы көштің көзі тірі куәгері, әйгілі Зуқа батырдың немересі Абдуррахман Жәлелұлы Четиннің «Өмір жолымдағы соңғы көш» атты кітабы жарық көрген еді. 12 тараудан тұратын еңбекте автордың 1950 жылдары өзі көрген оқиғалары баяндалған. Бір қауым елдің Қытайдан Гималай асып, Үндістанға сәл тұрақтап, Түркияға орнығып, Германияға қоныстанғаны айтылады. Кейіпкерімізбен Азиядан Еуропаға шыққан көш кезіндегі жол азабы мен басқа да қиындықтар болды.

Біз өзіміздің қолдағы мәліметтерге жүгінсек, 1930 жылдардың соңында Алтайдан ауа көшкен 36 мың адамның 3039-ы 1941 жылы Үндістанға тірі жетсе, арада бір жыл өткенде 2000-ға тарта адам жерсінбей қайтыс болған. Осылардан 1942 жылы 1150 адам тірі қалыпты. Бұларға 1951 жылы Шың­жаң өлкесінен ауған екінші қазақ көшінің адамдары қосылып, жиыны 1850 адамға жеткен.

Британ мұрағатында сақталған бір құжатта: босқындардың Түркияға қоныстануын Кашмир билігі және Америка филантроп қоғамы, АҚШ-тағы Христос шіркеулер кеңесі сынды ұйымдар қаржыландырған екен. Осылай 1952 жылдың 13 наурызында Түркия президенті Жалел Баяр мен үкімет басшысы Аднан Мендерес «босқын қазақтарды өз елдеріне көшіріп алу» туралы құжатқа қол қойған. Нәтижесінде екі мыңға тар­та қазақ анадолылық ағайындарға барып қосылған.

Қазақ халқын ашаршылықпен не себептен қинады: Себебі жалпақ тілде айтқанда, қазақ жойылуға тиіс халық болған, бірақ сол әрекеттері толық орындалмай қалып, қазақтар, біздің нақты айтқанда ата-бабаларымыз шет елдерге жан сақтау үшін босып кетті. Тірі қалғандары осы қазақ халқының, қайтадан өркендеп, тәуелсіздік алу жолында, ұрпақтарын көбейтіп қайтадан аса көп болмасақта, өзіміздің жан айқайымызды, күшімізді көрсетуге шамамыз жететіндей көбейе де алдық, білімді азаматтарымызда шықты, қазақ халқы ештеңеден кемде болған емес, бір өкініштісі ішінен шыққан жау және көреалмаушылық, болмаса қай кезеңде де қазақ батырларын болмаса ойшылдарын өз ішімізден шыққан сатқындарымыз ұстап беріп отқаны белгілі жайт.

Ашаршылық Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық құрылымына үлкен әсер етті. Көптеген адамдар дүние-мүлкінен, жерінен, малынан айырылды. Көшпелі қоғамдар мен дәстүрлі өмір салты жойылды. Ел экономикасы дағдарысқа ұшырап, халық кедейшілік пен жұмыссыздыққа тап болды. 1930-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық Кеңес өкіметінің саясатымен және олардың қарқынды индустрияландыру мен ұжымдастыруға ұмтылуымен тығыз байланысты еді. Бұл фактілерге қоса, 1930-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылықтың келесі аспектілерін атап өткен жөн.

Ұжымдастыру және бай шаруаларға қарсы күрес саясатының бір бөлігі ретінде астықты тәркілеу, отбасылық шаруашылықтарды жою, адамдарды еңбек егістеріне немесе лагерьлерге жер аудару сияқты қатаң шаралар қолданылды. Бұл әрекеттер ашаршылықты одан әрі ушықтырды және бұрыннан бар ауыл шаруашылығы құрылымдарын қиратты. Ашаршылық әртүрлі аурулар мен індеттердің таралуына әкелді. Дұрыс тамақтанбау және гигиенаны сақтамау іш сүзегі, дизентерия және тұмау сияқты жұқпалы аурулардың таралуына оңтайлы жағдай жасады.

Қазақ халқына жалпы ашаршылық жылдары өте зұлматты ғасыр, жыл болып саналады. Өйткені сол кездегі өмір сүрген кеңес үкіметі қазақты жоюға талпынды, қанша мың қазақтар қаза болды, жан-жақа босты. Ол деген сөз қазақ халқы кеңес үкіметі қандай ревалюция жасаса да қазақ халқы жойылмады. Қанша алаш арыстары, қаншама қазағым деген батырлар шықты, осы күнде, тәуелсіз мемлекет болып отырғанымыз, қазақ үшін жанын берген, қазақ батырларының арқасы болар. Қазақ үшін жанын қиған боздақтарды ешқашан ұмытпаумыз керек, еңбегін еш қылмаумыз керек. Қай дәуірде де қазақты қорғайтын батырлар шығатыны анық…

Созақ аудандық орталық кітапханасы. Библиограф: Е.Дайрабай

Мәдениет – әрбір халықтың тұрмыс-салтымен, дәстүрімен тікелей байланысты ұғым

Мәдениет – адамның өз қолымен, ақыл-ойымен жасағандары және жасап жатқандарының бәрін түгел қамтиды. Жай ғана сауат ашудан және тазалық ережелерін сақтаудан бастап, өмірдің асқан үлгілі шығармаларын жасағанға дейінгі ұғымды қамтып жатқан – мәдениет саласының өрісі кең.

Мәдениет – тарихи құбылыс. Оның дәрежесі мен сипаты қоғамдық өмірдің жағдайларына байланысты өзгеріп отырады. Тарихи дәуірлердің алмасуы мәдениеттің мазмұны мен формаларына сөзсіз терең өзгерістер енгізеді.

Мәдениет – адам жасаған «екінші табиғат». Мәдениет – жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол — өзара қарым-қатынас нәтижесінде қалыптасатын ерекше құбылыс. Адамдар өздерін қоршаған ортаға, оның әлеуметтік және мәдени қатынасына әсер етеді, өзгертеді. Олар оны өз мақсатына пайдаланады. Болашақ қоғамға, ұрпаққа мұра етіп қалдырады, ал ол мұра белгілі жағдайда үнемі дамуда болады. Мәдениет әр түрлі әлеуметтік құрылымдардың, топтардың, таптардың, жіктердің, ұлттардың, жеке адамдардың өмір сүру жағдайына, талабына сәйкес пайда болып, қалыптасады.

Қазақ халқының мәдениеті – қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ ұлтын құраған рулар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы, өзіндік сипаты бар дәстүрлі мәдениет. Қазақ халқының қалыптасуына байланысты, қазақ халқына тән материалдық және рухани мәдениеттің сипатты белгілері орнықты. Бұл қалыптасқан мәдениет қазақ халқының өз ата– бабаларының мәдени қазыналарын қамтыған мәдениет бола алды.

Мәдениеттің құндылығы сол – адам бойындағы кісілік қасиетті, ақылдылық пен білімпаздылықты, парасаттылық пен әдептілікті, яғни барлық рухани құндылықтарды қамтамасыз етеді. Осыдан барып төл мәдениеттің көрінісі анықталып, адам әлемі тұлғалық деңгейге жетеді. Өз кезегінде идеологиялық күш те мәдениеттің қалыптасуына себін тигізеді. Өйткені адами түсінік қалыптасып, тарихымыз, тіліміз, дініміз, руханиятымыз және салт-дәстүріміз көрнекті өмір дамуының ағымына ілесіп кете береді. Осы орайда талантты ақын Ханбибі Есенқарақызының «Ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін – әдебиет, өнер адамдары» деп айтқан керемет бір сөзі ойға келеді. Сол айтқандай, мәдениет саласында жүрген мамандардың өнерді дамытып қана қоймай, рухани өмірде де белсенді қызмет атқарары сөзсіз. Сондай-ақ қазақтың рухани мәдениетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаларымыз ұлы Абай, Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларында мәдениеттің қалыптасуындағы идеологияның маңыздылығын кеңінен ашып береді.

Мәдениет – әрбір халықтың тұрмыс-салтымен, дәстүрімен тікелей байланысты ұғым. Бір әрекеттің дәстүрге сосын мәдениетке айналуы үшін оның міндетті түрде қайталанып тұруы керек. Бір халықтың дәстүрі бір адамның әдет-дағдысы секілді. Адамның әдет-дағдысы оның мінезін қалыптастырса, дәстүр де сол секілді бір халықтың дүниетанымын, болмысы мен мәдениетін қалыптастырады. Басқаша айтқанда мәдениет пен өркениет халықтың тұрмыс салтымен тікелей байланысты.

Қазақ халқының мәдениеті біздің ата-бабаларымыз салып кеткен дара жолл іспетті. Өйткені мәдениет деген адамның жан азығы, сен білімді бол, мықты бол сенің мәдениетін болмаса сол білімділігінен, мықтылығынан еш пайда жоқ, себебі сенде адамдармен қарым-қатынас құра алатын мәдениеттілік жоқ.

Асыл дініміз ислам дінінде мәдениеттілік, әдептілік бәрі-бәрі де жақсы айтылып өткен. Сенің сөйлеген сөздеріңнің өзі мәдениеттілікке жатады, киімінің өзі әдептілік, мәдениеттілікке жатқыза аламыз.

Қазіргі таңда, қазіргі қоғамда мәдениетілігіміз ақсап тұрған секілді. Ортаға шығар әншіні алатын болсақ, болмаса жүргізушіні алатын болсақ, киімі ең құрығанда тұрсынын өзі, қолын қалтасына салып тұратыны адамды қынжылтады. Кішкентай өсіп келе жатқан жас ұрпақ соны көріп қайжақа қарап бой түзейтінің біз айтпасақта түсінікті жайт. Біздің кішкентай балаларымыздың өзі байқап жүретін болсақ, көңіл қынжылтатын біраз нәрсе байқаумызға болады. Байқағаным жақында болған бір концерттік бағдарламада жасымыздыңда, кәріміздіңде қандай мәдениетті екенімізді көріп қатты қынжылған болатынмын. Жастары әнші көрмегендей жұлқылап суретке түседі, үлкені қарап тұрып көз алдымызда мусырды лақтырып кете барады. Мәдениеті қалмаған ұлт өте нашар ұлттардың бірі болып қалатының біз түсінуміз керек секілді. Қазақ халқының мәдениетінің түп-тамыры өте тереңде жатыр. Қазақ мәдениетінің қалыптасып дамыған аймағы осы ұлтттың бүгінгі мекені болып келетіні анық…

Библиограф: Е.Дайрабай

«Зере әженің ізімен» атты әжелер байқауы өткізілді

Жас ұрпақты тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте бастан түсінген. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі болса, бала – өмірдің жалғасы, халықтың мұрагері. Ал, жас ұрпақты ата-баба дәстүрімен тәрбиелеп, әже тәрбиесін үлгі етіп, ұлттық тәрбие беру — баршамыздың міндетіміз.

Бала тәрбиесі тал бесіктен басталатыны анық. Қазақ отбасында қашаннан ер азығы түзде болғандықтан, бала тәрбиесімен әйел адамы айналысқан. Соның бір көрінісі — Зере әжеміз бен Ұлжан анамыз. Осыған орай Абай күнінің қорытындысы аясында қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, әже тәрбиесін үлгі ету, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану, насихаттау мақсатында Отырар аудандық орталық кітапхана және аудандық әжелер алқасының ұйымдастыруымен «Зере әженің ізімен» атты аудандық әжелер байқауы өткізілді. Бұл іс-шараның мақсаты ұлы Абайдың әжесі Зере бейнесі арқылы ұрпақ тәрбиесіндегі әжелердің рөлін арттыру арқылы балалардың бойындағы шығармашылық қабілеттерді және ұлттық құндылықтарды дәріптеу және А.Құнанбайұлының шығармаларымен таныстыру болып табылды.

«Алып анадан, тұлпар биеден туады» деген даналықты негізге алсақ, осындай дала данышпанын өмірге әкелген ұлы ана – Зере әже болатын. Ақылды, мейірімді Зере әже Құнанбайға ғана емес, өзінің сү­йікті немересі Абайға да үлкен әсер еткен. Міне, атадан алып туған Құнанбайдың анасы, ғұлама Абайдың әжесі Зере апа­мызды бүкіл Алаш жұрты мақтан тұта­ды, ұлтымыздың ұлы перзенттерін тәр­биелеген абзал ана рухына тағзым етеді. Мейірбан әже осылайша немерелері ішінде Абайды ерекше жақсы көріп еркелеткен, оны бала күнінен өлең-жырға шыңдап, ақынның болашағына үлкен әсер еткен. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Зере бейнесін өте мейірімді, қамқор ана ретін­де шынайы сомдаған.

Зере Бектемірқызы (азан шақырып қойған аты – Тоқбала) 1785 жылы Шы­ғыс Қазақстан облысындағы Жарма ауда­нының табиғаты әсем Қалба тауы бөк­терінде туған. Матай руы ішінде Бақы деп аталатын атаның Қойгел табы­нан шыққан. Сол Қойгелден туған Бектемір өз кезінің атақты байы, еліне беделді азаматы ретінде танылыпты. Бектемірдің Құттықадам, Теңізбай деген балалары болған. Теңізбайдың қызы осы Зере апамыз. Әкесі Теңізбай өз шаруасын ғана білген орта дәулетті момын адам болса керек. Жастайынан сүйкімді, зерек болған Зере атасы Бектемірдің бауырында өскендіктен байдың қызы атанған. Сол себепті өз әкесінің аты ұмытылып, Бек­темірдің қызы ретінде ел есінде қалған.

« — Атақты айтыс ақыны, сұңғыла шежі­реші Қалихан Алтынбаевтың айтуынша, Бектемір бай: «Ұл ұрпақтарымнан үміттенбеймін. Шықса қыз ұрпағымнан шығады» деп айтады екен. Шынында да солай болды. Бектемірден өрбіген ұрпақ­тар ішінен Тоқбала ақылдығымен, кө­семдігімен дүйім елге танылды. Шың­ғыс­таудағы атақты Ырғызбай би ауылына ұзатылып барғанда жас келін Тоқбала мұрнына алтын шығыршық әшекей – зере тағып жүргендіктен қайын жұрты оны Зере атап кеткен екен. Зереден Құт­тымұхамед (жастай қайтыс болған), Құнан­бай, Тайбала туған. Өскенбайдың Зереден басқа төрт әйелі болған. Сонда ел берекесін ойлаған аса зейінді, ақылды Зере ана отбасының бірлігін сақтап, күн­дестікке бой бермеген, өте бауырмал болған. Құнанбайдың жалғыз өс­пеуін ойлап, Өскенбайдың Таңшолпан деген тоқалынан туған Майбасарды, ақса­қалының аталас ағайыны Ералының баласы Бөжейді, бозбала кезінде барымтада қаза болған Болсамбекті және өз қызы Тайбаладан туған Ізқұттыны бауырына салып өсірген.

Құнанбай қажы алған бетінен қайт­пайтын қатал би, болыс болғанымен ана­сының алдынан өтпеген. Жұрттың айтуына қарағанда, «Құдайдан да қорықпайды» дейтін Құнанбайдың именетін жалғыз адамы – өз анасы Зере болған. Қанша қатал болғанымен Құнанбайдың шешімін Зере ғана бұза алған. Сол себепті Құнан­байға ісі түскен кісілер ең алдымен оның шешесіне жолығады екен. Дала данасы Құнанбай дүниеге келгенде өте ірі, толық, зор болады. Ол туарда анасы түс көреді. Сол түсінде ері Өскен­бай алтын сақаны үйіріп отыр екен. Анасы ол алтын сақа – Құнанбай деп жо­риды. Зере ана Құнанбайды нәресте кезінде бір күн емес, бір сәтке де омырауын жумай, тазалап сүртпей, дәретін алмай емізбеген. Зеренің өзі бертінде: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісмілла айтпай емізген мезгілім болған жоқ» деп айтыпты. «Олай істемесем, сү­тім арам болады, адал ақ сүт емген балам­ның бойы да, ойы да адал болады» деп зерделі ой түйген. Сол адалдықтың, пара­саттылықтың айқын белгісіндей Алаш­тың арда азаматы Құнанбай туса, одан пәктік пен адалдық негізіндей ұлы Абай өмірге келді.

Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі. Ол кісі көп жасап, қартайған кезінде өмірден озыпты. Ырғыз­бай тұқымдары, бүкіл Шыңғыстау жұрты Зерені құрметтеп «кәрі әже» деп атаған. Кәріліктен құлағы есітпейтін болады. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әженің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен. Немересі Абайдың молда алдына са­баққа барғанына ең бірінші қатты қуанған әжесі Зере ана болған. Ғабитхан молдадан әріп танып, сауатын аша бастаған немерелерін қадағалаған кәрі әже бала­ларға оңаша киіз үй тіккізіп, оның жы­лы болуын әр кез қаперінде ұстаған. Абай­дың оқуға зеректігін байқап, оған жете көңіл бөлген Ғабитханды қажы баласының үйінің төріне отыратын ең сыйлы адамының дәрежесіне жеткізген де зерделі Зере әже еді. Абаймен бірге оқыған балалардың бәріне де бірдей қараған қарт әже неме­ресін бұрынғыдай бөлек тамақтан­ды­руды ыңғайсыз көріп, бәріне де ортақ дастарқан жайғызған. Қара суық түскен кез – күзде үнемі киіз үйде сабақ оқитын балалардың тоңатынын байқап жүрген Зере әже Құнанбайға Найзатас күзегінен жеке там үй салып беруді тапсырады. Анасының айтқанынан шықпайтын қажы арада бір жыл шамасында үш бөл­мелі мектеп үйін салдырған. Асты-үсті тақ­тайланған там үйдің екі бөлмесі шәкірт­тердің сабақ оқуына арналса, бір бөлмесінде Зере әже тұрыпты. Осылайша өз немерелері ғана емес, көршілес ауыл­дардың балалары оқыған Ғабитхан молда мектебінің ашылып, өнімді жұмыс іс­теуіне, сөйтіп Шыңғыстаудағы оқу-ағар­ту ісіне Зере әже де өзіндік үлесін қосқан.» — дейді Талапты ауыл округінен байқауға қатысушы әже Гүлзейнет Асанқызы.

Абай өзінің балалық шағын әжесі Зере мен анасының қасында өткізді. Абайдың бойында табылатын барлық жақсы қасиеттер мен өнерге деген құштарлық анасы мен әжесінің тәрбие өнегесінде жатыр. Отбасындағы «әже» тұлғасы-ұлы өнеге бұлағы. Немересін бесік жырымен тербеткен, тұсауын кесіп, ертегі-жырмен сусындатып өсірген Зере әженің жолын тәрбиелік кеште әжелеріміз көрсете білді.

Байқау ІY кезең бойынша өтті:

І кезең: «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» — /өзін таныстыру/

ІІ кезең: «Салтын сыйлаған ел озар» — /салт-дәстүрден көрініс көрсету/

ІІІ кезең: «Шебердің қолы алтын» — /өз қолымен бұйымдар жасау /

ІV кезең: «Сыр сандық»/Абай Құнанбайұлы туралы сұрақтарға жауап беру немерелерімен бірге/.

Байқауға әр ауыл округтерінен 8 үміткер әжелер немерелерімен бірге қатысып, байқау ережесі бойынша төрт кезеңде де өз қарым-қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді. Әжелеріміздің өнерін бағалап, баға беріп, қазылық жасаған әділ қазылар алқасының шешімі бойынша Талапты ауыл округінен Асан Гүлзейнет Бас жүлде иеленсе, Балтакөлдік Төлеш Мәрзия І орын, Маяқұм ауылынан Арынова Мәриям ІІ орын, Қарғалы ауылының тұрғыны Полатова Сәуле мен Шойманов ауылынан келген Тұрсынбекова Күлдан ІІІ орындарды иеленді. Жеңімпаздар мен басқа да үміткерлерге алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, Ұлы Абайдың санасына сәуле түсі­ріп, көңілінің аспанын ақылымен арай­ландырған рухани ұстазы Зере әже көп жасап, тоқсанға жетіп қайтыс болған. Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне келіп, зиярат етушілер, осы қасиетті орынға барар жолдағы ұлы ақынның әжесі Зере мен анасы Ұлжанның зиратына бірінші болып тәу етіп, құран бағыштайды. Данышпан Абайдың жүрегінде ізгі­лік­тің шырағын жаққан, өмірдің ізгілік жолына бастаған Зере әженің туған жері – Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында 2016 жылы ұлы анаға ескерткіш қойылып, үлкен құрмет көрсетілді.

Міне осындай тағылымды шараларды ұйымдастырып, бала бойына ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды сіңіре отырып тәрбиелейтін Зередей дана, өнегелі аналарымыз көп болсын дейміз!

ЖАНДОС ТАСОВ: «БІЗ ӨЗІМІЗГЕ ҚАЖЕТТІ МАМАНДАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУІМІЗ ҚАЖЕТ»

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаладағы беделді оқу орындарының бірі Кентау көпсалалы колледжінде болды. Онда білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысып, колледж ұстаздарымен кездесті. Ондағы мақсат оқу орнынан білім алған студенттерді еңбекке баулу, нағыз мамандарды оқыту.

«Кентау – қиындықтан тайсалмайтын, еңбектен жиренбейтін нағыз еңбекқор, отансүйгіш, ел мен жердің абырой-беделі үшін тау қопарып, тас тескен елжанды еңбек майталмандарының қалашығы, әлеуеті мықты кадрлар ұстаханасы деп аталған қала. Өзімізде бар мүмкіндікті пайдаланып, қажетті мамандарды тәрбиелеуіміз қажет.» — деді Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов.

 

Кентау көпсалалы колледжімен қаладағы №5 Жылу орталығы арасында келісім бар. Кездесуде оқу орынның студенттері №5 Жылу орталығынан тәжірибеден өтіп қана қоймай, сол мекемеге жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері бары айтылды. Қала басшысы оқу орынына қажетті көмектерге қолдау көрсетуге әзір екенін атап өтті. Кентау көпсалалы колледжі техникалық және кәсіптік білім беруді жүзеге асыратын бірден-бір оқу орны. Еліміздің инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыруға өз үлесін қосып жүрген, республикалық деңгейдегі үздіктер қатарында.

Түркістан облысы бойынша колледж «WorldSkills Turkistan» чемпионатынан 4 жыл қатарынан бірінші орында келеді. 60 жылдық тарихы бар Кентау көпсалалы колледжі ең білікті мамандарды даярлау бойынша Түркістан облысындағы ең үздік колледждердің бірегейі.

Қазіргі таңда Кентау көпсалалы колледжді заманауи оқу материалдық базасымен: үш оқу корпусы, 30 оқу кабинеті, 13 зертхана, 9 шеберхана, 12 оқу дәрісханалары, соның ішінде 7 компьютерлік класы, әдістемелік кабинет, кітапхана, 80 орындық оқу залы, спорт зал, жаттығу залы, 70 орындық асхана, 150 орындық жатақхана, слесарлық механикалық электр монтаждау шеберханаларымен жабдықталған. Қазіргі таңда оқу орында 12 мамандық бойынша, 1000 ға жуық студент білім алуда.

КЕНТАУДА ҚУАНДЫҚ МЫРЗАҚАСЫМОВТЫҢ «ЖҮРЕКТЕГІ ЖАЗУЛАР» АТТЫ КІТАБЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Бүгін қазақтың кітап қоржыны тағы бір жыр жинақпен толықты. Кентау қаласының тумасы, ақын Қуандық Мырзақасымовтың «Жүректегі жазулар» атты кітабы оқырманға жол тартты. Жаңа туындының тұсау кесу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысты.
– «Жақсының аты өлмейді» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Қуандық көкеміз оңтүстік өңірде туылып, осы өлкенің өркендеіне өлшеусіз үлес қосқан азамат. Бұл кітап жастарға, өскелең ұрпаққа өнеге деп сенемін. Өйткені ол кісінің қалдырған еңбегі ұмыт қалмай, жарық көріп жатқанының өзі бір ғанибет деуге болады, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жинаққа ақынның өлеңдері, қаламдастары мен туған-туыстарының естеліктері енген. Аталған кітап алдағы уақытта өңірдің ақындарын зерттеу жұмысымен айналысатын жас ғалымдарға, өлкетану, филология және әдебиеттану мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге, жас ақындар мен қалың оқырманға арналған.

«Ақ кимешек — аналардың ақ тəжі» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті

Ордабасы ауданында «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Ордабасы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ақ кимешек — аналардың ақ тəжі» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті. Жиынға республикалық «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова бастаған бір топ аналар қатысты.  Сондай-ақ, аудандағы Темірлан, Бөген, Бөржар, Шұбарсу, Қараспан ауылдарындағы осы филиал мүшелері белсене қатысып, жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дəстүрімізді, сонымен қатар шашбау тағу, бесікке салу, көршілермен дұрыс қарым-қатынас жасау, абысын-ажындардың тату тұруы сияқты қазақтың түрлі ұлттық құндылықтарын көпшілікке насихаттай білді.

Қазақ қоғамында ұлттық киім мен зергерлік, қолөнері бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан үрдіс. Қазақы киімнің әдемілігі мен өю-өрнегінде, әрбір әшекейінде бабаларымыздың қайталанбас қолтаңбасы сақталған деуге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ұлттық киім түрлеріне тоқталайық:

Шекпен – су өтпеу үшін киетін сырт киім. Ең бағалысы түйе жүнінен тігіледі. Жақы (құлын жақы, тай жақы) – жылқы терісін жүнін сыртына қаратып тігетін кәделі киім. Жадағай – түйе жүнінен тоқылған астарсыз шапан. Тон – аң, мал, қой терілерінен тігілетін жылы киімдер. Түрлері: қырмызы тон, қамқа тон тағы да басқасы бар. Тұлып – қасқыр, қой терісінен тігілген, қыста тоңбау үшін киім сыртынан киетін кең киім.
Бабалардың көзіндей болған осы ұлттық киімге үлкен құрметпен қарайтын халқымыз баскиімнің киесі бар деп есептеп, оны ешкімге кигізбеген, жерге тастамаған, жоғары іліп қойған және сыйға бермеген. Бас киімдердің ішінде кимешекті ханның тәжіндей құрметтеген. Жаулық – әйелдердің басына тартатын орамалы. Жібектен, матадан, жүннен, мақтадан тоқылады. Жүннен тоқылғанын «бөкебай» деп атайды. Жібектен шашақтап тоқығанын «бөртпе» десе, шашақ шығармай тоқыған түрін «салы» деп атаған. Жібек жіпті, торғын тектес, үлпілдек жұмсақ маталардан немесе ешкі түбітінен жасалған түрін «шәлі» деген. Күндік кимешектің үстінен орайтын ақ матаны жас әйелдер жолай босана қалса, жөргекке қолданған. Ел аналарының күндігінің қарқарадай мол оралу себебі, жол-жөнекей бір адам қаза болса, кебін болған немесе жаугершілікте жарақат­ты байлауға қажет болып қалуы мүмкін екенін естен шығармаған.

— Бағзыдағы ғұн бабаларымыздың әйелдерінің шошақ бөрікке ұқсас орамалды бастарына орап жүрген бейнелерін тарихи кітаптардан талай көргенбіз. Сондықтан, әрбір жас қазақ әйелге тән әдемі кимешектің тарихы тереңде екенін жақсы білуі тиіс. Кимешек кигізетін адамды да арнайы ниетпен сайлап, көне қазақ ғұрпының ретін сақтаған. Үлкендердің айтуынша, қызының отау құрып, көп ұзамай құрсақ көтеріп, ана болуын тілеген аналар кимешекті алдын ала тіктіріп, сақтап қоятын болған. – Анам емші әженің кимешегін ырымдап әдейі сұрап алғаны есімде. Бірақ, оны не істегенін, қайда қойғанын өзі біледі. Кейін маған сыйлайтынын айтқан болатын, – дейді қарағандылық тұрғын Мөлдір. Кимешектің жас анаға абырой, бедел сыйлайтыны бағзыдан белгілі. Қазақ даласында туып өскен дарабоз тұлғалардың өзі ар-ұятты қорғайтын жаулықтың астында омырау еміп, бетін күн көзінен көлеңкелеп өскен. Сондай-ақ, кимешекке қарап әйелдің жасына, қандай әулеттің, рудың отын тұтатып отырғанын білген екен. Тарих беттері ертеде екі тайпа ел жауласып өзара бітімге келе ал мағанда ақ жаулықты аналарымыз араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын басынан сыпырып алып екі араға тастағанын айтады. Содан киелі баскиімнен ешкім аттап өте алмағанын білеміз. Бұл – кимешектің саяси әрі тарихи мәнін айшықтап тұр. – Негізі жаңадан босаға аттаған жас келінге кимешек кигізбейді. Ол алдымен орамалын орап, келіндік міндетін атқаруы тиіс. Құрсақ көтеріп, бөбегін аман-есен бауырына басқан соң кей аймақтарда қырқынан шыққан кезде ауыл әжелері, абысындары жиналып, кішігірім той жасайды. Тойда жас анаға «сен де ана болдың» деп, кестелеп тігілген кимешек кигізеді. Жас келiншектер қызыл, жасылмен көркемделген кимешек кисе, егде әйелдердің кимешектері ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жасы ұлғайған әйелдер жасыл, қоңыр жiптермен иiр кестелер тiгiлген кимешек киеді. Кимешек ақ бұлдан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала маңдайды жауып тұратын екі жағын «шықшыт» десе, алдын «жақ» деп атайды. Адамның арқасына түсер жері ұзыншақ жағын «құйрықша» деп атайды. Кейде кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, – дейді «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова

«Кимешек киген келін таза жүреді. Ол басын, омырауын жылы ұсатуға септігін тигізеді. Бала емізгенде де шашы қобырамайды.» — дейді аналар.

-Ағарту порталы ұсынған мәліметке сүйенсек, «Орама кимешекті Ақмола жақтың қазақтары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін киген. Мата тігілмей, ерекше пішілген бет-әлпеті шығын тұратын бөлігіне ойықша жасалған, оны басқа ораған кезде кәдімгі кимешектерден айырмашылығы болмаған. Ал, Сырдария бойындағы Кіші жүз руының бірінде пішіні өз бетінше бөлек, бүрмелі кимешек түрі болған. Оның алдыңғы жағы кеудеге түсіп, ал жоғарғы жағы бүктеліп, бетті екі жағынан қоршап тұру үшін басқа байлап, бекітіліп қоятын болған. Кейде арқа бөлігінің жоғарғы бұрышына төбешік тігілген. Келесі бір түрі матаның тұтас кесегінен пішіліп, бір жақ қырынан келетін жағынан бас сұғатын орын қалдырылып, бір-ақ тігіспен тігілетін болған түрі Омбы, Атбасарда, Әулиеата өңірінің теріскейінде және оңтүстіктегі қоңыраттарда сақталған. Солтүстік және Орталық Қазақстанда кимешектердің алдыңғы жағы трапеция немесе үшкірленіп пішіліп, жоғарғы бөлігінде бетке орын қалдырылған. Арқа жағы дұрыс ромба түрінде келеді де, тізеге, тіпті өкшеге дейін түсетін болған. Оңтүстік қазақ әйелдерінде кеңінен тараған кимешек түрі ұзынынан екіге бүктеліп пішілген мата кесегінен жасалатын болған. Көп тараған түрі мұнара тектес болған. Ол үшін бүкіл мата біртіндеп басқа оралып, ұштары орам арасына кіргізіледі немесе желке жақтан түйіледі». Аналардың беделін арттыратын, жүзіне иман ұялататын кимешек – қазақ әйелінің көркем бейнесін аша түседі. Осы орайда асыл дініміздегі Құранның Нұр сүресінің 31 аяты «Әуелгі муһажир әйелдерді Алла мейіріміне бөлесін! Олар «Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын!» – делінген екен. Үлкендер Шоқанның Шоқан болуы, Абайдың Абай болуы Айғаным мен Зере, Зейнеп пен Ұлжан секілді «ақ кимешек киген аналардың арқасы» дегенді жиі айтады. Рас, ерекше назар аударуға лайықты төл туынды – Ұлы дала аналарының алтын тәжі іспетті.»- дейді Ордабасылық ақ жаулықты ана Ботакөз Мосқалова

Айта кетейік, биыл Ордабасы ауданына 60 жыл толып отыр. Оған əрбір ордабасылық тұрғын өз мүмкіндігінше еңбекпен де, өнерімен де ойдағыдай өтуіне үлес қосуда. Ал, осындай мерейлі мерекеге аясында тағылымды іс-шара ұйымдастырған  «Қазақ аналары-дəстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі, қазақ аналарын бір жерге ұйыстырып, жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарымыздың, салт-дəстүріміздің жоғалып кетпеуі жолында айтарлықтай табысқа қол жеткізіп келе жатқан ұйым. Айтулы күнде меймандар біртуар палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың кесенесіне де барып, зиярат етті.

Сондай-ақ түрлі қолөнершілер жасаған бұйымдар да көпшілікке ұсынылды. Əншілер Мəнзура Есетова Сандуғаш Əбілдаева əн шырқаса, ақындар Роза Сейдахметова, Бибайым өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Айнұр Жүгінісова үш жылдан бері тынбай қазақ халқының ұлттық салт-дəстүрін насихаттап үш жылдан бері насихаттап келе жатқан аудандық филиал төрайымдарына дипломдармен, сыйлықтармен марапаттады. Ал оларды ұйымдастырып жүрген Ордабасы ауданының төрайымы Ұлбосын Əбілдаеваның кеудесіне алтын медальді жарқырата тақты. Ордабасылық Ботакөз Мосқалова осы қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы болып сайланды.

Тарихи деректер: Тарихи қалаларды археологтар төрт кезеңге бөліп қарастырады

Түркістан оазисінде орналасқан тарихи қалаларды археологтар төрт кезеңге бөліп қарастырады: ерте ежелгі дәуір, кейінгі ежелгі дәуір, ерте ортағасырлық және кейінгі ортағасырлық. Әр кезеңнің саяси, экономикалық және мәдени даму мен құлдырау сатыларын бастан кешкен бұл қалалар қазіргі таңда толықтай қирап, төбеге айналған.

Кезекті жазбамызды Түркістан оазисіндегі кейінгі ежелгі дәуірдің археологиялық ескерткіштеріне (б.з.д. І – б.з. ІҮ-Ү ғғ.) арнамақпыз. Жалпы бұл кезеңге жататын қалалар мен қоныстар: Шорнақ төбе қаласы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-ҮІ ғғ), Байбалық (Майбалық) қалашығы (б.з.д. ІІ-І – б.з.ІҮ-ҮІІІ ғғ), Қорыс төбе қалашығы (б.з.д. І – б.з.Ү-ҮІ ғғ), Ақтөбе (Абай) қалашығы (І-ҮІ ғғ), Оқжетпес қонысы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-Ү ғғ), Ақтөбе (Теке) қалашығы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-Ү ғғ), Сидақ ата қаласы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-ҮІ ғғ), Қарауыл төбе (Ү-ҮІІғғ), Қалашық (І-ІҮғғ), Шаш ана қалашығы (І-ҮІғғ), Үштөбе (шығыс) қонысы (І-ІҮғғ), Үштөбе (орталық) қонысы (І-ІҮғғ), Үштөбе (батыс) қонысы (І-ІҮғғ), Шаға ІІ қонысы (І-ІҮғғ), Шаға ІІІ қалашығы (І-ІҮғғ), Дәулетбайтөбе қалашығы (І-ҮІғғ), Ибата қалашығы (І-ІҮғғ), Оғыстау ІІ қалашығы (ҮІ-ҮІІІғғ).

Бұл қалалар туралы алғашқы зерттеу Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының (А.Н.Бернштам) зерттеудерінде кездеседі. 1946-1951 жж. ұйымдастырылған экспедиция бұл кезеңнің Шорнақ төбе, Байбалық (Майбалық), Сидақ ата қалаларын алғаш болып зерттейді. Қалалардың өмір сүру уақыты туралы алғашқы деректер ұсынып, кейінірек 1960 жылы бұл қалалар «Қазақстанның археологиялық картасына» енеді.

1966 ж. С.П.Толстовтың бастамасымен Хорезм экспедициясының отряды Шорнақ төбе, Сидақ ата қалаларын зерттеді. Ал Қорыс төбе, Ақтөбе (Теке) қалаларына алғаш болып зерттеу жүргізді.

1970 ж. Отырар археологиялық экспедициясы зерттеп, Оңтүстік Қазақстан археологиялық кешенді экспедициясының отряды (Б.Әділгереева) І-ҮІ ғғ аралығында өмір сүрген Дәулетбай төбе қалашығына қазба жұмыстарын жүргізеді.

1980 ж. К.А.Ақышев басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Ибата, Шаға І, ІІ, ІІІ, Үштөбе қонысы, Ақтөбе (Теке) және Қорыс төбе қашалықтарына археологиялық қазба, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының археологы т.ғ.к. М.Қ.Тұяқбаевтың басшылығымен Түркістан Археологиялық экспедициясы кейінгі ежелгі дәуір ескерткіштеріне жататын 18 қала, қоныстарға зерттеу жүргізеді. 1999-2004 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде ескерткіштердің жоспарлары түсіріліп, қалалардың датировкалары нақтыланған болатын.

А.Тұрсынов, тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы.

СҰҢҚАР ТЕКТЕС ҚҰСТАРДЫ ЗАҢСЫЗ АУЛАҒАН АЗАМАТТАР 700 АЕК КӨЛЕМІНДЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

2024 жылдың 1 тамыз-31 қазан аралығында еліміздің 12 аймағында «Сұңқар» кең көлемді табиғатты қорғау акциясы өтеді. Шара мақсаты — «Қызыл кітапқа» енген сұңқар тектес құстарды ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңсыз аулау қызметін анықтау және оларды қорғау. Бұл туралы өткен брифингте «Охотзоопром ӨБ» Қызылорда өңірлік филиалы басшысының орынбасары Нуриддин Қасымов мәлімдеді.
«Сұңқар» кең ауқымды акциясы — Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Жамбыл, Алматы облыстарының және көршілес облыстардың іргелес аудандарының аумақтарында өтеді. Аталған өңірлерде сұңқар тектес құстардың миграциялайтын және мекен ететін аумақтарын қорғау жұмыстары ұйымдастырылады. Оған мекеменің 163 инспекторы, 80-ге жуық арнайы көлік, «дрон» аппараттары, түнгі көру құрылғылары қолданылатын болады. Айта кетерлігі, қазіргі таңда мекеме тарапынан Қызыл кітапқа енген аң-құстарды заңсыз аулаумен айналысатындарға қарсы арнайы жедел топ құрылды», — деді спикер.
Брифингке қатысқан Түркістан облысының «Орман шаруашылығы және Жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясының» бас маманы Зайыр Үстеновтың мәлімдеуінше, облыс аумағында орналасқан Ақсу-Жабағылы және Қаратау қорықтарында сұңқар тектес құстар өмір сүреді. Соңғы жылдары бұл құстардың саны күрт азаюда. Қазіргі таңда 100-150 жұп сұңқар тектес құстар мекендейді. Ерекше қорғауға алынған құстарды заңсыз аулаған азаматтар жауапкершілікке тартылып, 700 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.