Архив за месяц: Август 2024
САЛТ ДӘСТҮРІМ- ТАУСЫЛМАЙТЫН БАЙЛЫҒЫМ!
Арыс қаласының білім бөліміне қарасты МҚКҚ «№11» Арыс бөбекжай- бақшасында бала-бақша әдіскері Турдалиева Гулжамалдың ұйымдастырыуымен тәрбиешілер арасында «Салт дәстүрім- таусылмайтын байлығым!» тақырыбында байқау өткізілген болатын. Байқаудың мақсаты: Қазақтың салт- дәстүрлері мен әдеп- ғұрпын насихаттау, топпен жұмыс істеу дағдысын, дамыту, ұлттық салт — дәстүр үлгісінде ұқыптылыққа, ұйымшылдыққа, жинақылыққа тәрбиелеу.
— Бүгінгі болашақ ұрпақ ертеңгі қоғамның иесі, сол қоғамның иелері халқымыздың тұрмыс қажеттілігінен туындаған ұлттық өнер мұраларын сақтап, сұрыптап, қазіргі уақытта сәнді етіп, ұлттық мәдениетімізді қолданбалы сәндік қолөнермен өркендету. Тәуелсіз мемлекетімізде ертеңгі ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениетіне, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне, іскерлігі мен кәсіби шеберлігіне байланысты фабрикалар шығаратын бұйымдарға қарағанда халық шеберлері жасаған бұйымдар жоғары бағалануда. Қазіргі кезде жаңа өмір өзінің жаңа талаптарын қойып отыр. Оның міндеті өнердің бұрынғы келбетін бүгінгі күнге табиғи етіп жаңарту. Бүгініміз бен келешегімізді нәрлі қайнарына айналдыру әрқайсымыздың борышымыз.
Қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр. Сан алуан түрлі қолөнер бұйымдар әсемдігі, өрнегі тұрмысқа мән берумен адамдарға рухани ләззат әкелген. Көз салып байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі — түсті ою — өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым — қатынасын, көңіл — күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғаруға болады.Қолөнер шеберлері табиғат сұлулығын өнер туындыларын арқау еткен. Өнер туындыларының бет бедеріне ширатыла түскен ғажайып өрнектер өзгеше бір тілмен ақтарыла сыр шерткендей. Қазақ қолөнерінің түрі, сапасы, өрнегі, бояуының өмірге келуі көшпелі өмірмен тығыз байланысты. Шебердің келуі көшпелі өмірмен тығыз байланысты. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар күнделікті тіршілікпен қатар сол заманның ортақ қолөнер мәдениетінің баға жетпес үлгісі. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет. Шығармашылық ізденіс үстіндегі халық шеберлері тұрмысқа қажетті қолөнердің алуан түрлерін ойлап тапты. Өз ұрпағының “сегіз қырлы, бір сырлы”өнегелі, өнерлі болып өсуін мақсат еткен ата — анамыз өз бойындағы бар асыл қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа үйретіп келген. – дейді әдіскер Турдалиева Гулжамал.
Байқаудың негізгі кезеңдері:
1.Қатысушылардың өзін-өзі таныстыру,
2.Қолөнер,
3.Салт дәстүрді білесіңбе? деген сұрақ-жауап түріндегі бағыттардан тұрды.
Бұл үшінші кезеңде халықтық педагогиканы негізге ала отырып, қатысушылардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру ұстанымы маңызды рөл атқарды.
«- Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, салт — дәстүрі, тілі болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз де ананың ақ сүтінен, әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін жасағандардың бірі — өзіміздің қазақ халқы. Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт — дәстүр, әдет — ғұрып үлгілері мен өнегелерінің үлгілерін тамашалап көрелік.» — деген әділ қазылар алқасы қатысушылардың ұлттық дәстүрлер бойынша баяндамаларын тыңдады.
Бірінші «Шаңырақ» төбының мүшелері қазақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгенін жеткізіп, оған қатысты салт-дәстүрлерді атап өтті.
«Шілдехана — халықтың ескі сенімінде жаңа туған нәрестені жалғыз қалдырса, әртүрлі «жын — шайтан», «перілердің» салқыны соғуы мүмкін. Сондықтан да одан оны қорғау үшін сәби дүниеге келген күні кешкілік ауыл жастары шілдеханаға жиналып, ән айтып, күй тартады. Қыз — келіншектер мен бозбалалар айтысып, жеңгендері тоғызын алып, әртүрлі ойындар өткізіледі. Кейде шілдехана үш күнге созылады. Шілдеханаға жастар жиналады. Оған үлкендер бата беру үшін ғана келеді. Шілдехана тойында жаңа босанған әйел үшін қалжаға сойылған малдың еті ортаға келгенде жөн білетін бір кісі омыртқаны қолына алып, оның етінен әйелдердің бәріне ауыз тигіздіртіп, әбден мүжіп, тазартады да, сүйекті тобылғыға тізіп, үй ішіндегі биік жерге іліп қояды. Мұнысы – баланың мойны тез бекісін деген ырым.
Бесік жыры — тұрмыс — салт жырларының көне түрінің бірі. Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным — сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының бесік жырылары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз — әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Бесік жыры баланың сәби кезінде, яғни 1 — 5 жас аралығында, бала жанына жағымды әуенмен айтылады, әуен — сазсыз Бесік жырының мәні де, сәні де келмейді. Қазақ Бесік жырының үлгілерін алғаш Ә. Диваев хатқа түсіріп, 1905 ж. жариялаған. Содан бері там-тұмдап жиналып келе жатқанымен, халық жырларының асыл үлгілері әлі де толық хатқа түсе қойған жоқ.» — деп жауап берді «Шаңырақ» тобының мүшелері
Сондай-ақ, «Асыл мұра» тобының мүшелері бала тәрбиесіндегі қазақ халқының ұстанымдарын айтып, бірқатар әдет-ғұрыптардың маңыздылығына тоқталды.
«Бала дүниеге келгенде әр саналы отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Есімін атау (ат қою) – бұл рәсім ұлағатты кісіге жүктеледі. Қазақ аттарының көптігі басқа халықтардан ерекшелігі. Қыз балалардың есімдері олардың көркемдігі. Ат қою «көз тимесін» деген оймен қойылады. Ат таңдалғаннан кейін баланың құлағына 3 қайтара айтылады.
Бесікке салу – бұл кішігірім той ретінде өтеді. Келушілер тарту, шашу, жоралғыларыналып келеді, бесікке салу немесе бөлеу тәжірибелі әжеге немесе анаға жүктеледі. Бесікті түбегімен, жабдығымен кіндік шеше алып келеді, сумен бала шыланады, ыдыстары отырғандарға таратылып беріледі. Баланың «ит көйлегі» жүгіртіледі, яғни тәтті дәм толтырылған кішкене дорба иттің мойынына көйлегімен байланады да жүгіртіледі, соңынан қуып жеткен бала дорбаға ие болады. Бесіктің түбегі орналасқан жерден кішкене бұршақ тәрізді тоқаштар өткізіліп, оны «тыштырма» деп айтады. Осы жерде жиналған аналар бесік жырларын айтады.
Бесік жырының сөздері естияр балалардың ой-қиялына жыр етіп, ананың мейір-шапағатын арттырады. Ондай отты жырларды балалар да жаттап алу керек.Тұсау кесер – бір жасқа толып еркін жүре бастаған бал бөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей жақсы жүріп кетуіне тілек білдіру салтанаты ретінде өтеді. Бөбектің тұсауын ата-ананың қалауы кеседі. Тұсауы кесілген баланы «Ақ жол болсын» деп ақ орамалдың үстімен немесе жұмсақ болсын деп кілем үстімен жүргізеді.
«Қой басты» дәстүрі дегеніміз қандай дәстүр?
Ауылда киіз басу – ауыр жұмыстардың бірі болған. Алдымен жүнді сабайды, сосын бояйды, қайнатады, құрғатады, орайды. Ораудың астынан арқан өткізіп, жіптің ұшынан ұстап, аяқпен теуіп отырып, үй-үйдің арасынан өткізеді. Кез келген үйдің жанына келгенде «қой басты-қой басты» деп айқайлайды. Мұны естіген үйдегі әйелдер киіз басушыларға бауырсақ, қымыз, құрт береді. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ата-бабаларымыз ұл-қыздарын жасынан бастап сан алуан іс-әрекетпен, жауапкершілікті талап ететін еңбекпен тәрбиеленген. Ер баланы бес жасынан тай жалын тартып мінуге жарағаннан бастап, оны қолғанат деп есептеген. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деп халқымыз ер баланы төрт түлік малды бағып-күтуге, жер қыртысын, өсімдік түрлерін білуге, қараңғы түндерде жұлдызды аспанға қарап бағыт-бағдарды белгілеп, қоныс-суды дәл табуға үйреткен» — дейді байқауға қатысушылар.
Сонымен қатар, «Салт дәстүрім- таусылмайтын байлығым!» тақырыбымен ұйымдастырылған байқауда үй тапсырмасы, ас мәзірі, сөйлемнен сөз құрау деген кезеңдер де болды. Балабақша тәрбиешілерінен құрылған «Шаңырақ» және «Асыл мұра» топтары байқау кезеңдері бойынша тапсырмаларды жоғарғы деңгейде орындай білді. Үй тапсырмасы кезеңінде екі топ қатысушылары да ұмыт қалған салт дәстүрлерді жаңартып «Шаңырақ» тобы «Танабау» салт дәстүрін, «Асыл мұра» тобы » Ұрын бару» салт дәстүрін көрсетті. Ал, әділ қазы алқалары әр кезеңге ұпай сандарын беріп отырды. Байқау өз дәрежесінде өткізіліп, әділ қазы алқалары екі топты да тең бағалап мақтау қағазымен марапаттады.
Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері (2-бөлім)
Некеге құруға байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар
Қазақтарда жеті атаға толмаған туыстар арасында неке қиюға қатаң тыйым салынған, мұндай тыйым салу қандас-туысқандық араласулардың алдын алуға ықпал етеді және соның салдарынан болашақ ұрпақтардың денсаулығына жағымды әсер етеді. Қазақ қоғамындағы кез-келген үйлену тойы құда түсуден басталады. Құдалық дегеніміз екі отбасының туыстық қатынасқа апаратын маңызды қадам, ал жалпы қазақ халқы үшін бұл маңызды дәстүр болып есептеледі. Бұрынғы заманда екі отбасының құдаласуы үкі тағу салтыннан басталатын. Үкі тағу — керек болса бесікте жатқан қызға да (егерде қызды атастырып қойса) тағылатын. Үкі тағылған қыз – қыздың басы бос емес екенің білдіреді.Үкі тағу үшін қыздың үйіне, жігіт жақтан 4-5 адам барады. Қызға үкі тағылғаннан кейін, екі жақ келісімге келіп, құдалықтың нақты уақыты анықталады. Бұрын қызға үкі тағылса, қазіргі кезде қызға сырға тағылады. Қыз айыттырылғаннан кейін, екі жақ үшін маңызды сәт – құдалық басталады. Қыз жақтан құдалыққа 7 адам барады. Қазіргі кезде құдалыққа баратын адамдардың саны көбейіп кеткен. Бұрыңғы кезде құдалыққа көп адамның баруы әдепсіздік болып есептелетін. Құдалықта ең беделді адамды – бас құда деп атайтын. Жігіттің әкесі бел құда болып есептеледі. Жігіт жағындағы аға інілері, омыртқа құда деп аталады.Әйел адамдардың жасы үлкені құдағи болса, жасы кішілері құдаша болады. Қыз бен жігіттің інілері құда бала болады. Екі жақ жиналғаннан кейін құдалықтың кәделері басталады. Кәде дегеніміз арнайы жасалатын дәстүрлердің жиынтығы Бірінші кәде «Киіт кигізу», құдалардың бір біріне құрмет ретінде, киім және т.б. қымбат бұйымдар сыйлауы. Екінші жасалатын кәде «Өлі-тірі». Өлі-тірі дегеніміз әруақтартардың ризашылығына сойылатын мал. Екі жақтың туыстық қарым қатынасы ұзақ болуы үшін, өлілердің алдында және тірілердің алдында ант береміз деп мал сояды. Кейін сойылған малдың еті құдалардың арасында тарқатылады.
Құйрық бауыр асату – қазақ халқында ежелден бері келе жатқан дәстүрлердің бірі. Дәстүрдің өзіне тән орындалу шарттары бар. Тойға келген құдаларға жасы үлкенінен бастап құйрық бауыр асатады. Ас – қойдың құйрық майы мен бауырынан дайындалады. Арнайы құдаларға арнап сойылған қойдың майы мен бауырды қонақтарға арнап пісіріп, жұқа тілімдеп кесіп әзірлейді. «Бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп құйрық бауырды қалыңдық пен күйеу жігіттің жеңгелері келген құдаларға әндетіп жүріп кезекпен өз қолдарымен асатады. Келген басқа қонақтар (мысалы, жігіт жақтың тойына келген қыздың туыстары) астан ауыз тиеді. Жеңгейлердің құйрық бауыр салынған табақшаларын бос қайтармас үшін, құйрық бауырдан дәм татқан әрбір қонақ оларға ырым жасап өз кәделерін береді. Бүгінгі күні ол ақшалай түрде беріледі. Бұл жаңа таныс болып жатқан туыстардың арасын жақындату мақсатындағы ырымдардың бірі. Құйрық бауыр асату құдалық, той кезінде жасалатын басты әрі маңызды дәстүрлердің бірі және ол тек қазаққа тән. Сондықтан да, халық арасында «құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген сөз қалған. Қыз ұзату — ертеден келе жатқан екі елдің арасындағы байланыс болар ер адам мен әйел адамның ағайын мен халықтың алдында бата алып, отау құруға бастау болар салт-дәстүр. Қыз ұзату дәстүрі осы сөйлеммен шектелмейді. Қыз баланы болашақ жарына аттандыру үшін, бірнеше міндеттелген делік ұғымдар мен сатыдан тұрады. Келін түсіру қазақ халқының маңызды дәстүрі болып саналады.Ал отбасын құрғысы келетін жастар үшін бұл маңызды қадам болып есептеледі. Бұрынғы заманда келін түсіру дәстүріне бүкіл ауыл қатысқан.Үлкен жиын болған. Келінге арнайы шашу шашылған. Ауыл тұрғындары келінге, отау тіккен. Шаңырақты бала шағалы, балалары ер жетіп өскен, салиқалы ана көтеру керек. Келін ауылға келгеннен кейін, оның бетіне шымылдық жабылады. Одан кейін түрін ешкімге көрсетпей, қайын атасынының үйіне кіргізеді. Келін үйдің босағасын оң аяғымен аттауы керек. Кейін атасына сәлем береді.Сәлем беріп болғаннан кейін, атасы келінге батасын береді. Атасы батасын бергеннен соң, келін отқа май құяды. Бұл да қазақтың ерекше ырымы. Бұл ырымның жасалуы — «Жаңадан түскен келін, үйге майдай сіңіп кетсін» деп құйғызады.Сосын келінді арнайы тігілген ақ отауға кіргізіп, оған шашу шашады. Беташар дегеніміз келін түскенде жасалатын арнайы дәстүр. Келінің бетіне орамал жабылып, оның жеңгелері тігілген отаудан алып шығады. Сосын арнайы шақырылған жырау келеді. Жырау беташарға келген күйеу жігіттің жақын, алыс болған туыстарын, ұйқастап шумақтап атап шығады. Аттары аталған туыстар келінге сый ретінде ақша, мал мүлік береді. Бұл да отбасы құрайын деп жатқан жастарға, үлкен көмек болып есептеледі. Себебі қазақта «үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақал бар. Екі жастың үй болуын, жеңілдету мақсатында туыстары сыйлық береді. Бұдан кейін беташардың екінші бөлімі басталады. Екінші бөлімінде жаңадан түскен келіннің үй шаруашылығындағы міндеті, атқаратын жұмысы, өзінің туыстарымен қарымқатынасын, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, үлкендерді, жолдас-жораны, қонақты сыйлауы сөз болады. Әдепті, сыпайы бол, өсек таратпа, өзінен үлкен болған адамдарды сыйла, ерінбей үйдегі жұмыстарды жаса деген сияқты өсиеттер айтылады. Беташар айтылып болған соң, жыршыға ат міңгізіп, үстіне шапан жауып жібереді. Беташар біткеннен кейін той басталады.
Қазақ халқының ежелгі әдет-ғұрыптары
Туған жерге аунату – Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Бұл — туған жерінен ұзақ уақыт бойы алыс тұрған адам отанына оралғаннан кейін жерге «аунайтын» дәстүр. Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден «Сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік қарызыңды өте» деген мағынада. Екінші «Туған жер ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім жатыр. Қалай дегенмен де халықтың осы бір әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім — сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес. Аузына түкірту – Аты аңызға айналған, ел таныған ақындар мен шешендер, дуалы ауыз билер мен ақсақалдарға сәбидің аузына түкіртіп алу ежелгі дәстүрлі ырымдардың бірі. Бұл сенім ырымы болғандықтан ел ішінде әлі де жасалады және жиі айтылады. Оның орындалуы, ишара түрінде, ауызға түкіру нышаны ғана жасалады. Халқымыздың ырымы және сенімі бойынша жоғарыда аталған адамдардың қасиеті мен өнері сәбилер мен жас балаларға қонады деген түсінік болған.
Ашамайға мінгізу – Қазақ салтында сәбилер балалық шақтың бірінші сатысына жеткен кезде ер бала мен қыз бала ретінде алғаш рет жыныстық жағынан жіктеледі: қыз балаға тұлым қою, құлақ тесу рәсімдері өткізіліп, қызша киіндіріледі. Сондай-ақ, ер балаларды сүндетке отырғызып, айдар қойған, соның ішінде алғаш рет жеке атқа мінгізу рәсімін өткізген. Бұрыңғы заманда еркек адамдар, өмірлерінің басым бөлігін аттың үстінде өткізетін. Сол себептен, баланы ашамайға міңгізудің мәні зор. Себебі бұл дәстүр жас балаларды атқа мініп, нағыз еркек, ересек болуға үйрететін. Ал бұрынғы заманда атқа міне алмаған бала, болашақта еркек деген атқа лайық болмайтын. Сол үшін барлық ата – анаға, осы ғұрыпты істеу міндет болатын.
Бастанғы – қазақ халқының көне дәстүрі. Бір шаңырақтың үлкендері бір себептермен сапарға шығып кеткен кезде, сол шаңыраққа ауылдың жастары жиналады. Бастаңғыны шаңырақтың бойжеткені ұйымдастыруы керек. Бойжеткен алдын ала әке шешесінен рұқсат сұрауы керек. Рұқсат берген жағдайда ғана, бастаңғыны ұйымдастыруға болады. Бастаңғы болатынын білген қыздың ата-анасы мал дайындап қояды. Бастаңғыға келген ауыл жастары өздерімен бірге сарқыт, тамақ алып келеді. Осы жиынға өнерпаздар да келетін. Келген жігіттер қой сояды, қыздар болса дастархан жаяды. Мал сойылып, дастархан жайылып болғаннан соң, барлығы дастарханның басына жиналады. Дастарханға жиналған жастар ән айтады, ойын ойнайды. Ойындардың ішінде алтыбақан, ақсүйек жиі ойналады. Осы ойындар көбінесе түнде ойналған. Алтыбақанға әдетте бір біріне сезімін білдіргісі келген қыз бен жігіт жұптасып тұратын. Олар алтыбақанды тербетіп, бір біріне жырларын, сырларын айтады. Өнерпаздар домбырамен өлең айтатын. Оларға сыйлық ретінде үстілеріне шапан жабатын. Бастаңғы қызық болу үшін жастар ән-айтыс жасаған. Өлең айтып, айтысып болғаннан соң, қызықты оқиғалар айтып, әдептін шегінен шықпай әзілдескен. Түнде басталған бастаңғы, таңға дейін жалғасатын. Жиналғандар бір бірлеріне қисса, дастандар айтатын. Таңға жақын жастардың жиыны аяқталатын. Бұрыңғы кезде қазақтың жастары, осылайша бос уақыттарын өткізетін.
Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері
Қазақ халқы ата-бабаларынан қалған салт-дәстүрлерді қастерлейді. Уақыт өте келе ұлттық сипатқа айналған қазақтардың негізгі дәстүрі қонақжайлылық болып табылады. Қазақтардың қанына ана сүтімен даритын қазақ ұлтына ғана тән асыл қасиет. Сондықтан да қонақты сыйлау, құрметтеу, қонаққа деген ілтипат көрсету бала кезден қалыптасады. Қазақ қоғамында көне заманда айтылған бейресми заң бар. Ол былай дейді – келген адамды құдайы қонақ ретінде қарсы ал. Қазақ қоғамындағы қонақжайлылық қасиеті міндет болып саналады. Барлық уақытта дала тұрғындары қонақты қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. Сондықтан әрбір жолаушы жол жүруге аттанып бара жатып, оны қазақ жерінің кез келген бұрышында қарсы алатынын білген.
Үлкендерге құрметпен қарау – қазақ халқының тағы бір жағымды қасиеті. Дәстүр бойынша, жас кезінен бастап балаға ересектермен, өмірлік тәжірибесі бар адамдармен қарым-қатынас кезінде ұстамдылық пен парасаттылық үйретіледі. Алайда, жоғарыда аталған ұлттық ерекшеліктер, қоғамдық қатынастардың жалпыланған нормалары мен принциптері, олардың пайда болуына негіз болды, бақытымызға орай, тек қазақ халқының өкілдеріне ғана тән емес. Сондықтан, сіздердің назарларыңызға қазақ қоғамында кеңінен таралған негізгі әдет-ғұрыптардың тізімі ұсынылады.
- Сыйлықтарды ұсынумен байланысты дәстүрлер мен әдетғұрыптар
Сүйінші — үйге қуанышты хабар әкелген жолаушыға алғыс ретінде үй иелерінен бағалы сыйлық алатын әдет. «Ат мінгізіп шапан жабу» — жоғары құрмет. Дәстүр бойынша, құрметті қонақ, ол ақын, батыр немесе ауылға келген өте құрметті адам болуы мүмкін, сіңірген еңбегін мойындау белгісі ретінде жергілікті тұрғындардан жылқы мен қымбат шапан (түйе жүнінен тігілген шыттан астары бар халат) алады. Бес жақсы — бір мезгілде бес бағалы заттан тұратын сыйлық. Оған қара нар, жүйрік ат, қымбат кілем, алмас қылыш, сондай-ақ бұлғын ішік кіреді. Бес жақсы «ат мінгізіп шапан жабу» сияқты қазақ қоғамындағы ең құрметті адамдар марапатталады. Байғазы — қазақ дәстүрінде үлкеннің кішіге, негізінен балаға беретін сыйлығы. Байғазыны, көбінесе, жасөспірім балалар, бойжеткен қыздар, бозбалалар жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда ағалары мен жеңгелерінен, әпке, әке-шеше, жанашыр жақын туыстарынан сұрайды. Үлкендер Байғазы (ақша, малдың төлі, т.б.) берумен бірге құтты болсын айтып, ізгі тілек білдіреді.
- Өзара көмекке байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар
Асар — Ежелгі заманан бүгінге дейін сақталған дәстүрлерің бірі осы – Асар. Оның негізгі мақсаты көмек көрсету. Отбасында үй-жай, қора-қопсы салып жатқан адам немесе егін науқанында жалғыз шамасы келмей жұмысы өнбей жатқанда көрші-көлең, ағайын-туыс, дос-жарандар келіп еш қайтарымсыз көмек көрсетіп бірлесіп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тез-ақ бітіріп тастауға тырысады. Бірлесіп істеген жұмыс тез әрі, қарқынды болады. Соған орай, жұмыс та тез бітеді. Жылу жинау – Бұл да көмекке бағыталған дәстүрдің бір түрі. Мұнда бүтін бір отбасы қайғылы жағдайға ұшырап үй-жайынан айырылғанда (өрт немесе зілзала және т.б апаттар), мал-жанынан қапыда айырылғанда ауыл болып жиналып қолдарынан келген көмекті беруге тырысады. Ол қаржылай, заттай, немесе мал беру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша көмек көрсету үшін арнайы бір адам «Жылу жинайды». Бел көтерер — дәстүрлі ортадағы ғұрыптық ас атауы. Ұзақ жасаған, тісі қаусаған қарияларға құнарлы тағам түрлерін араластырып, ұсақтап, шайнамай-ақ жей (жұта) беруге лайықтап дайындалады. Бел көтерер — адамға мол күш беретін нәрлі ас, көңіл жақын жандар арнайы дайындап, қарияларға алып келеді. Үлкендерді сыйлау, оларға күтім жасау керектігін көрсететін бұл дәстүрдің жастарға берері мол.
- Қонақ күтуге байланысты салт-дәстүрлер
Қонақасы – қонақты сыйлап ішіп-жегізумен байланысты әдет. Қазақ халқы ежелден қонақжайлығымен танымал болған. Ең дәмдісін қазақтар әрқашан қонақтар үшін сақтаған. Қонақтар үш түрге бөлінді. «Арнайы қонақ» — арнайы шақырылған, «құдайы қонақ» — кездейсоқ жолаушы, «қыдырма қонақ» – күтпеген қонақ. Айта кету керек, егер үй иесі қандай да бір себептермен қонақасы дәстүрін сақтаудан бас тартса, оған қатысты (ежелгі уақытта) айыппұл санкциялары қолданылатын болған. Қонақкәде – көңілді отырудың, үй иесінің, сонымен бірге қонақтың риясыз көңілін білдіретін белгі. Үй иесінің қонағына қонақкәде айтыңыз деп өтініш жасауға хақы бар. Бұл «өлең айтыңыз, өнер көрсетіңіз» дегенді білдіреді. Екіншіден, бұрынғы адамдар жастарды өлең айтуға, айтысқа, шешендікке, домбыра үйренуге ерте баулыған. Олардың «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаз болып өсуіне қолдау көрсетіп отырған. Өйткені қонақкәде айта алмай қалу – ыңғайсыз жағдай болып қалыптасқан. Ерулік – дәстүрлі халықтық жоралғының жарқын үлгісі. Жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз татырып, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсітпеуді де көздейді. Ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен (қазы-қарта, жал-жая, т.б.) пісіріледі немесе қой сойылып шақырылады. Той дастархан — мерейтойға немесе оның барысында ұйымдастырылған мерекенің ерекше түрі. Дастарқан басында отырудан басқа, сол дастархан кезінде спорттық, музыкалық, ән жарыстары (айтыс), ат жарыстары өткізіледі.
- Баланың туылуымен және тәрбиесімен байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар
Шілдехана — нәрестенің дүниеге келу құрметіне арналған той, қазақ халқының көптеген салт-дәстүрлердің бірі баланың дүниеге келгендегі алғашқы тойы. Шілдеханаға шақырумен де, шақырусыз да баруға болады. Қонақтар Перзентіңнің (ұлыңның немесе қызыңның) «бауы берік болсын!» деген тілек айтады. Бесікке салу — нәрестені алғаш бесікке бөлеу рәсімі. Бесікке саларға шақырылған ауыл-үйдің әйелдері шашуын, жол-жоралғысын ала келеді. Баланы алғашқы бөлеу үлгілі ұрпақ өсірген қадірменді әйелге тапсырылады. Ол өзінен басқа тағы бір-екі келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды, сәбидің әжесі не шешесі түбектің тесігінен балаларға тәтті үлестіреді. Осыдан кейін бесікті отпен аластап, баланы бөлейді. Бесікке салған әйелдерге көйлек, жаулық сияқты сый тартылады. Есім қою, ат қою — жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Ырымға байланысты ат қою қазақтың салты бойынша, жас нәресте туған кезде ата-анасы ең сыйлы, қатты құрмет тұтатын адамына өз сәбиінің есімін қойғызады. Қырқынан шығару — Дәстүрлі ортада бала дүниеге келгеннен кырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндік «өтпелі кезеңді» қауіпті, қатерлі санап, жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағады. Бала қырқынан шыққанша «сүт тырнағын», «қарын шашын» алмайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» тойын жасайды. Таңдалған күні үйге туған-туыстардан, ауылдан әйел адамдар жиналады.
Бұл салтқа ер адамдар қатыстырылмайды. Жиналған қонақтар арасынан елге сыйлы, қадірлі үш әйел таңдалып қойылады. Олардың бірі — тырнағын, бірі — шашын алады. Үшіншісі нәрестені қырық қасық суға шомылдыру рәсімін өткізеді. Қайнаған суды суытып, ішіне қырық бұршақ не басқа да дәндер мен күміс тиындар салады. Сәбиді осы суға отырғызып қырық қасық суды бұршағымен баланың басынан денесіне санап құяды. Тұсау кесу — бала ертерек жүріп кетсін деген ниетпен, жасалатын салт. Ол бала еңбектеуден, қаз тұруға (екі аяқпен тұруға) ауысып, жүруге жақын қалғанда жасалады. Баланың тұсауын кесу үшін аранайы, кішігірім той жасалады. Баланың аяғын салт бойынша ала жіппен байлайды. Бұны «ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алсын, адал азамат болсын» деген ниетпен байлайды. Тұсау кесетін адамды баланың ата-анасы таңдайды. Осы рәсім көбінесе, көп балалы, салиқалы анаға, немесе абыройлы ақ жаулықты әжеге тапсырылады. Баланың тұсауын кескен адам ширақ қимылдайтын, тез жүретін адам болу керек, себебі оның осы қасиеттері балаға сіңеді деп сенеді біздің халық. Сүндетке отырғызу — Халық түсінігінде баланы сүндетке тақ жасында отырғызады. Яғни үш жаста, бес, жеті, тоғыз, одан тым кешіккенде он үш жаста. Бұл жастан кешіктіруге болмайды. Баланың сүндетке отыруы – оның азаматтық өмірге қадам басуымен тең. Сүндетке отырғызу – тазалықтың, пәктіктің, мұсылмандықтың белгісі. Қазақ салтында, сүндетке отырған баланың нағашылары «нағыз азамат, мұсылман болдың» деп тай мінгізсе, ата-әжелері түрлі базарлығын сыйға тартқан.
КЕНТАУ: БІЛІМ НЫСАНДАРЫН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСУ МАҢЫЗДЫ
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаладағы бірқатар білім нысандарын аралап, ондағы көгілдір отынға қосылу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап шықты. Кейбір мектептерде жүргізіліп жатқан жұмыстардан кемшіліктер анықталып, ол бойынша тиісті салаға тапсырма берді. Қара күзге дейін аталған оқылықтарды реттеп, қысқы маусымға білім нысандары дайын болу керектігін ескертті. Сондай-ақ бірінші кезекте қауіпсіздік шарасына назар салу керектігін атап, жұмысты сапалы әрі уақытында атқару қажеттігін ескертті.
Жалпы, қалада қалалық білім беру бөліміне қарасты мемлекеттік 40 білім нысаны бар. Оның ішінде 28 мектеп, 32 балабақша, 3 мектептен тыс мекеме бар.Мемлекеттік мектептің 23-і де типтік үлгідегі ғимаратта орналасқан. Осы күнге дейін орталықтандырылған жылу жүйесіне– 26 мекеме қосылса, автономды — 14 мекеме шағын қазандықпен жылытылған. 2023 жылы – 2 мектептің жылыту қазандықтары қатты отыннан табиғи газға ауыстырылды. Олар: «Д.Қонаев» атындағы мектеп пен «А.Молдағұлова» атындағы №19 мектеп.
Бүгін де газдандыру жұмысы жүргізіліп жатқан 11 мектептің екеуіне ескі қзандық ғимараттарына жөндеу жұмысын жасау арқылы қойылса, қалған 9 мектепке модульді қазандық қойылуда. Сондай-ақ 7 бала-бақшаның 2-уі ескі қазандыық жайларына жөндеу арқылы орнатылса, қалған 5 балабақшаға модульді қазандық қойылуда.
КЕНТАУДА «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
Кентау қаласының білім бөлімі 2024 жылдың 1 тамызы мен 31 қыркүйек аралығында барлық білім беру ұйымдарында «Мектепке жол» Республикалық акциясы өткізілетінін хабарлайды.
Республикалық акцияның мақсаты — аз қамтылған, көп балалы отбасындағы балалар және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық көмек көрсету болып табылады. Аталған акция Министрліктің бастамасымен «Мектепке жол-Шекарасыз жақсылық» ұранымен өткізілуде.
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауда атаулы көмек көрсетуде азаматтық белсенділік таныта алады, оның мектепке жолы қуанышты болуы үшін әрбір балаға шынайы қамқорлық пен назар аудара алады. Осыған орай, қаламыздың барлық азаматтарын, бизнес-құрылымдарын, үкіметтік емес ұйымдарды және жеке кәсіпкерлерді, мемлекеттік органдарды аталған акцияға, жоғарыда көрсетілген санаттағы отбасы мен балаларға көмек көрсетуге шақырамыз!
«-Бұл акцияның мақсаты: жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету болып табылады. Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептәуір салмақ түсіретіні анық. Ал, отбасында бірнеше бала болса, олда үлкен қиындықтар туғызады. Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық ба-ласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жет-кіншектер бар. Оларға да көп болып көмек көрсету игілікті іс. Осыған орай жыл сайын еліміз көлемінде «Мектепке жол!» атты республикалық акциясы өткізіліп келеді. Бұл акция көптеген жеткіншектерге шапағат нұрын себуде. Бұл бір реттік қана көмек емес, жыл бойы жалғасып отыратын үрдіс. Осы ретте акция кезінде ғана емес, басқа уақытта да тұрмысы төмен отбасын азық-түлікпен, балаларды қыстық киіммен қамтып, тұрақты демеушілік көрсетіп тұратын азаматтардың бары қуантады. Акция аясында оқушылар оқуға қажетті құрал-жабдық, мектеп формасы, спорттық киімдермен қамтылып келеді. Бұл іске облыстық, аудандық әкімдіктен бастап, басқарма, департаменттер, түрлі мекеме, ұйымдар белсенді түрде атсалысып келе жатқанын айта кеткен орынды. Сол сынды ата-аналар, ұстаздар, кәсіпкерлер де демеушілік көмек көрсетуде.» -деді Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков
Мұқтаж жандарға көмектесуді, сондай-ақ демеушілік көмек көрсетуді қалайтын кез келген азамат бөлімнің колл орталығы 8771-694-53-25 , 87077479309 байланыс телефондарына хабарласа алады. Қазіргі таңда көмекке мұқтаж балалардың тізімі дайындалуда. Сондай-ақ, «Мектепке жол» Республикалық акциясына қолдау білдіргісі келетін азаматтар Кентау қалалық білім бөліміне хабар берулеріне мүмкіндіктері бар.
КЕНТАУДА 2023-2024 ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛҒАНДАР 6,7 ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы баяндама жасаған қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков бөлімнің 2024-2025 жылдағы оқу барысына дайындық жайын баяндады.
Кентау қалалық білім бөлімі 3 бағыттағы құрылымнан және 30 мектеп, 32 мектепке дейінгі мекеме, 3 мектептен тыс мекемеден тұрады. 2023-2024 оқу жылында мектептердегі үлгерім пайызы – 100%, білім деңгейінің орта баллы – 4 балл, білім сапасы – 57,3% құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5% жоғары.
«2023-2024 оқу жылында 43 оқушы облыстық пән олимпиадасына қатысып, 37 жүлделі орын иеленіп, 3 оқушы республикалық пән олимпиадасына қатысып, жүлдемен оралды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға өскен,» — деді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков
25 мектептің барлық сыртқы әжетханалары жабылып, ішке толықтай орналастырылған. Интернет желісімен толықтай қамтылған. Сонымен қатар, мектептердегі материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2024 жылы білім нысандарына химия – 5, физика – 5, STEM – 5,биология – 5, Робототехника – 5 кабинеті берілген. Жалпы бөлімге қарасты 23 мектептің барлығы кітапханамен қамтамасыз етілген.
Мектеп кітапханаларын автоматтандыру мақсатында «Е-КІТАПХАНА» портфолиосы енгізілген. Сонымен қатар, Ә.Бөкейханов атындағы №23 мектеп, Ақын-тұма атындағы №11 мектеп базаларында «COWORKING» орталықтары ашылған. Биыл жаңа оқу жылында да баллардың білім деңгейін көтеру мақсатындағы жұмыстар жалғасатыны айтылды.
Қала әкімдігі аппаратының бас инспекторы-баспасөз хатшысы Ж.Алимбаева ауыл әкімдіктері мен бөлім және мекемелердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері мен тұрғындардан келіп түскен арыз-өтініштердің орындалуына жасалған сараптаманы баяндады.
Енді, ауыл әкімдері мен сала басшыларының жұмыс сапасын бағалауына әлеуметтік желідегі белсенділіктеріде ескерілетін болады. Қала басшысы жасалынған мониторингі бойынша осылай деп тапсырма берді. 109 байланыс орталығының басшысы Ж.Қожахмет секторлардағы берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша баяндады. Қала басшысы әр баяндамашыны тыңдап, жұмысты жүйелендіруді, қала тұрғындарымен ұдайы кері байланыста болуды сала басшыларына тапсырды.
ТҮРКІСТАН ОАЗИСІНДЕГІ ЕРТЕ ЕЖЕЛГІ ДӘУІРДІҢ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРІ
— Түркістан өңірі адамзаттың ең ерте қоныстанған аймақтарының бірі саналады. Біздің дәуірімізге дейінгі 500 мыңыншы жылдардан бастап адамдар мекен еткен аймақта, отырықшылық мәдениеті де сөзсіз ерте қалыптасты деп айтамыз. Түркістан аймағында қызмет атқарған археологтар бұл өңірдің тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп берген. Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді.
Енді, Түркістан оазисіндегі ерте ежелгі дәуірдің археологиялық ескерткіштері (б.з.д. ҮІ – б.з.д. І ғғ.) туралы қысқаша ақпарат беріп өтуді жөн көрдік:
- Қарашық төбе І Ақтөбе қалашығы, б.з.д. ҮІ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
- Қарашық төбе IІ қалашығы, б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан.
- Қарашық төбе ІІІ қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІІ – б.з. ІҮғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 9 шақырым жерде орналасқан.
- Қазтөбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстік шығысына қарай 13 шақырым жерде орналасқан.
- Мейрам төбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
- Шаштөбе қалашығы, б.з.д. Ү – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 29 шақырым жерде орналасқан.
- Бершін қалашығы, б.з.д.Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан.
- Ақтөбе (Ибата) қалашығы, б.з.д. ІІІ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.
- Көксарай І қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде орналасқан.
- Құлан төбе қалашығы, б.з.д.ІІ-І – б.з. ІҮ-ҮІІІғғ. Түркістан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.
Бұл қалаларға зерттеу жүргізген археологиялық экспедициялар:
— 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.Ақышев) Қарашық төбе І, ІІ, ІІІ, Шаштөбе, Бершін төбе, Ақтөбе (Ибата) қалашықтарына алғашқы зерттеу жүргізеді. Қалашықтардың координаттары нақтыланып, өмір сүру кезеңдері белгіленеді.
— 1998 жылы ХҚТУ-нің археологиялық экспедициясы (М.Елеуов, Д.Ф.Винник). Қазтөбе қалашығына археологиялық зерттеу жүргізген.
— 1998-2003 жж. Түркістан Археологиялық Экспедициясы (М.Тұяқбаев) 1998 жылдан бастап археолог Марат Тұяқбаев басшылық жасаған экспедиция ерте ежелгі дәуірге жататын барлық қалаларға археологиялық зерттеулер жүргізді. Оның ішінде Мейрамтөбе, Көксарай І, Құлан төбе қалашықтарына алғаш болып археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, ескерткіш туралы алғашқы деректерді ғылыми айналымға ұсынды.
0,5 гектардан 6 гектарға дейінгі өлшемдегі ерте ежелгі дәуір қалаларының сызбаларын түсіріп, археологиялық ескерткіштердің датировкасын нақтылады.
Қорыта айтқанда Түркістан оазисіндегі ежелгі ерте дәуір ескерткіштері отырықшылықтың дамуы мен қала мәдениетінің қалыптасуының алғашқы кезеңі саналады. Және б.з.д. Ү ғасырда пайда болған қалалардың тек кішігірім қоныстар емес, сонымен қатар өзіне тән цитадель, шахарістан бөліктерінің болуы Түркістан өңірінің үлкен өркениет ошағы болғанын айғақтай түседі.
А.Тұрсынов — Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің инспекторы.
— Түркістан өңіріндегі қалалық мәдениеттің көне тарихы да осы кезеңмен байланысты деген пікірдеміз. ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай Ресейдің қазақ сахарасындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.И.Рычков Түркістанға қатысты Шығыстың ескі мәліметтерін көп жинап, бұл өңірдегі қалалардың көне дүниенің ескерткіші екенін жазады: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жағынан барлығынан да алда екенін айтқанымыз жөн; себебі Түркістан қаласы татарлардың тарихи шығармаларында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тараған. Оренборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің немерелері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қалалар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түркістан билігіне қарап тұрған. Осы аймақты олар ескі заманда Яссы деген атаумен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың барлығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған».
Жоғарыдағы деректерде аталатын Яссы қорғаны қазіргі күні Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы Күлтөбе. Көне тарих осылайша жаңа заманның қасиетті ғимаратымен астасып, рухани тамырлармен жалғасып жатыр. Осы төбенің жоғарғы қабаттарында жасалып жатқан археологиялық қазбалар біздің жыл санауымызға дейінгі бірталай уақыт мөлшерін береді. Қорғанның орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде. Биіктігі 9 метрді құрайтын ауқымды төбешік сопақша пішіндес. Мұнда қазір ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізілуде. Біздің ойымызша Күлтөбе қорғанының төменгі қабаттары қазіргі жыл санауымызға дейінгі екінші, тіпті үшінші мыңдық жылдыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі П.И.Рычковқа ақпарат берген ғұламалар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының іргесі б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Бір қызығы, Әзірет Сұлтан күмбезіне таяу орналасқан қасиетті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы Әз Тәуке хан заманында да ел басшыларының бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.
Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөктерінде Қарнақ аталатын көне қалашық тарихы да бізді көне заманға жетелейді. Кезінде бұл жерде А.Н.Бернштам, Г.И.Пацевич, Е.И.Агеева сияқты археологтар қазба жұмыстарын жүргізді, бірақ белгілі бір қорытынды шығара алмады. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдаса, екіншілері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады. Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерттелмегендіктен туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен белгілі. Біздің ойымызша Қарнақ ерте заманда ғылым мен білімнің дамыған гүлденген үлкен қала болып кейін біртіндеп құлдырай бастаған.
Түркістан аймағында «нақ» жалғауымен Қарнақтан басқа Шобанақ, Суғнақ (Сығанақ), Тошанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жүйнек) қалашықтары кездеседі. Түркістан аймағында «жеті нақ өзара жер асты жолдарымен жалғасқан, жау шапқанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен» деген аңыз бар. Қазіргі күні осы қалалардың арасын қосқан жер асты жолдары табылып та жатыр және болашақта тарих үшін де, туризм ісі үшін де керемет нысан болады деп сенеміз. «Нақ» жалғауы қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланысты. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтардағы ариан-тұран халықтарының сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Неміс тарихына қатысты деректерден «Дранг нах остен», яғни «Нақ Шығысқа қарай» деген сөзді кездестіреміз. Сонымен нақ сөзінің көне мағынасын қабылдасақ, Суғнақ – суға жақын қала, Тошанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы, Қаратауға жақын елді мекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» болса керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заманнан бергі атауы. Ең бастысы біз осы атаудың этимологиясын іздеу барысында Францияның батыс аймағы Бретаньда орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүстігінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қарнақ ғибадатханасының тарихы өзіміздің Түркістан алқабымен, қасиетті Қаратау мен Сырдария жағалауымен байланысты екенін аңғарамыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Түркістан өңірінен Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.
Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрияны, металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазақ жерінде өндірілген металл әлем өркениеттеріне Түркістан, яғни тарихи Қырық қақпалы Қарашық арқылы жеткізілді деген пікірдеміз.
Жамбыл Артықбаев — Профессор
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 280 ЖҰМЫСШЫНЫҢ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫ ӨНДІРІЛГЕН
2024 жылдың 6 айында облыс бойынша 4 кәсіпорында 358 қызметкер алдында 102,2 млн теңге жалақы қарызының орын алғаны анықталды. Жұмыс берушілерге нұсқамалар беру арқылы 84,8 млн теңгесі өндіріліп, 280 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды. Бұл туралы брифгинте Түркістан облысының бақылау жөнінде басқарма басшысының орынбасары Берік Ибадуллаев мәлімдеді.
«2024 жылдың 6 айында азаматтардан келіп түскен 683 арыз-шағым қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді. Арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарға 134 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 242 заң бұзушылық анықталды. Анықталған еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 23,6 млн теңге көлемінде 776 хаттама толтырылып айыппұл салынды. Одан бөлек, соңғы алты айда жұмыс барысында жарақат алу бойынша 23 жағдай орын алып, 7 адам қаза тапқан. Жазатайым оқиғалардың орын алуға байланысты 22 іс-құжат жергілікті құқық-қорғау органдарына жолданды. Сонымен қатар, 2024 жылы облыс аумағында ешқандай да еңбек дауы орын алмады. Алайда әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін болған 157 кәсіпорын анықталып, олармен белгіленген жоспар негізінде жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындарға тұрақты түрде облыстық еңбек инспекторлары мониторинг жұмыстарын жүргізуде»-деді спикер.
ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӨНЕРПАЗДАРЫ V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫНА АТСАЛЫСАДЫ
Биыл қыркүйек айында Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Аталған шараға спортшылардан бөлек, облыс өнерпаздары да атсалыспақ. Онда үздік қолөнер шеберлері өнімдерін ұсынып, ақындар айтысы, салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар сахналады. Өңірдің туристік әлеуеті таныстырылады. Концерттік бағдарлама ұсынылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісте баяндалды. Өңір басшысы жоспарлы іс-шаралардан бөлек, ерекше форматта тың серпіліс керектігін айтты.
– Түркістанға бүгінде тек еліміздің ғана емес, әлемнің әр түкпірінен қызығушылық білдіруде. Сондықтан да бізге келуші азаматтар өңіріміздің рухани-мәдени өмірімен танысады. Ол үшін тек облыс орталығында ғана емес, әрбір аудан, қаланың өз бренді болуы тиіс. Рухани астанамыздың төріндегі барлық іс-шарадан ұлттық бояудың, төл өнердің бөлшегі алыстан байқалып тұрғаны жөн. Алдағы уақытта іс-шаралар мазмұнына баса назар аударып, қайта қараңыздар, – деген облыс әкімі жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеді.
Бұдан бөлек, Түркістан өңірінде іс-шаралар легі жоспарға сай жалғасады. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасап, бірқатарына тоқталып өтті. Жыл сайын өткізілетін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваліне биыл өзгерістер енгізілген. Аудан, қала өнерпаздары былтырғыдай үш күн емес, екі күн бойы облыс орталығында өнер көрсетеді. Сондай-ақ, ауарайына байланысты арнайы бекітілген кестеге сәйкес екі кезеңде өткізіледі. Тамыз айының 14-інен бастап қалған аудан, қала өнерпаздары қыркүйек айының соңына дейін жалғастырады. Алғашқы күні «Этноауыл» кешенінде өнерпаздар салт-дәстүрлерден көріністер, қолөнершілер көрмесі, ұлттық нақыштағы қойылымдар қойып, ұлттық ойындардарды насихаттаса, келесі күні көпшілік назарына «Керуен сарай» аумағында гала-концерт ұсынылады.
Мерекелік іс-шаралардан бөлек, күз айларында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Қожа Ахмет Ясауи мұрасына жаңа көзқарас» халықаралық конференциясы, республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауы, сонымен қатар Республика күні қарсаңында дәстүрлі «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы өткізіледі.
Облыстық кітапханада барлық аудан, қалаларында оқырманды кітап оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған «Әлемді кітап арқылы танимын», «Бір ел – бір кітап», «12 айда – 12 кітап», «Ақылдыммен ақылдымын», «Оқырман іздейміз» жобаларының қорытындысы өткізу жоспарлануда. Қазан айында «Тілді оқытудағы өзекті мәселелер» республикалық әдістемелік семинар ұйымдастырылып, семинарға республикалық «Тіл қазына» орталығының мамандары мен осы саланың білікті сарапшылары шақырылады деп күтілуде.