Түркістан: Ш.Ниязов атындағы мектеп ұжымы 90 жылдық мерейтойын тойлады

Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты Шарап Ниязов атындағы жалпы білім беретін мектебі 1934 жылы ашылған. Биылғы жылы аталған мектепке 90 жыл толып отыр. Осыған орай, қалалық білім бөлімі және мектеп ұжымының ұйымдастыруымен «Мектебім — мерейім» тақырыбында мерекелік салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараға ардагер ұстаздар мен ата-аналар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерейлі күнде мектеп ұжымына құттықтау тілегін жеткізген Түркістан қаласы мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Кәсіподақ кеңесінің төрайымы Гүлжан Әсілбаева, аталған білім ошағында басшылық жасаған Ергеш Төлегенұлы бастаған директорлар сөз сөйлеп, мектеп ұжымына табыс тіледі. Қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Маржан Қорғанбекова облыс орталығының бас ұстазы Оразкүл Шайхықызының арнайы алғыс хаты мен сый-сияпатын ұсынды.

Білім ұясында 916 оқушы білім алады. Оларға 120 мұғалім сабақ беруде. Мектепте 2 оқу ғимараты бар. Алғашқы 1 қабатты ғимарат 1972 жылы, 3 қабатты типтік мектеп 2013 жылы салынып, пайдалануға берілген.

2023-2024 оқу жылында мектепте көптеген өзгерістер орын алды. Атап айтсақ, жаңа футбол, волейбол, баскетбол және жүгіру алаңдары салынды. Үлкен спорт зал ағымдағы жөндеуден өтті. Мектептің сыртқы қоршауы толық нормаға сай жасалынды. Мектеп ғимаратының қасбеті жаңаланды. Мектептің негізгі кіреберісіне заманауи бақылау пункті салынды. Қазіргі таңда кіші спортзал ағымдағы жөндеуден өтуде.

Мектеп директоры Айдар Болатұлының айтуынша, биылғы оқу жылында білім ошағында 9-сыныптың 9 оқушысы «Үздік аттестатқа», 11-сыныптардың 9-оқушысы «Алтын белгіге», 2 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.
Мектеп мұғалімдерінің ішінде 28 мұғалім «Педагог-зерттеуші», 37 мұғалім «Педагог-сарапшы», 36 мұғалім «Педагог-модератор» санатына ие болса, 11 мұғалім магистр дәрежесіне ие. Мерекелік шарада мектеп оқушылары әннен шашу шашып, би билеп конақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

«Қазақстан тарихы» көптомдығын әзірлеу жұмыстарына қатысқан ғалымдар Түркістанда бас қосады

Мемлекет басшысы Түркістанда өткен екінші ұлттық құрылтай кезінде ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды екенін атап өткен болатын.

«Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады. Сондықтан, мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осыған арнайы тоқталдым. Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің  бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ, жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн. Еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет. Оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтар түгел енгізілуі керек. Қарама-қайшы мәліметтер болмауға тиіс», – деді президент.

Сонымен қатар, Ұлттық құрылтайда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан тарихының» көптомдығы жазылуы тиіс екендігін айтып, тапсырма берген болатын. Президент «Қазақстан тарихы» көптомдығы жөнінде:

«Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек. Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз. Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі», — деп атап өтті.

Дәл осы бағытта Түркістан қаласында ғалымдар мен профессорлар, археология саласының мамандары бос қоспақ. Яғни, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Мемлекет Басшысының тапсырмасына орай үстіміздегі жылдың 22 қазан күні,яғни Республика күні мерекесіне орай «Қазақстан тарихы» көптомдығын әзірлеу жұмыстарына қатысқан ғалымдармен дөңгелек үстел ұйымдастырады. Дөңгелек үстелге т.ғ.д., профессор М.Қожа, т.ғ.д., профессор Х.Тұрсұн, т.ғ.к., доцент З.Жандарбек, т.ғ.к. М.Тұяқбаев және т.б. ғалымдар, музей қызметкерлері қатысады. Айта кетейік, мемлекет басшысы тарихи танымды кеңейтуге археология саласының да маңызы зор екенін атап өткен болатын.

«Алматыдағы Археология институты – еліміздің бірегей тарихи мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын басты ғылыми мекеме. Өкінішке қарай, оның қазіргі жағдайы мүшкіл. Мекемені жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін институтқа барынша жағдай жасау қажет. Оны тиісті ресурстармен қамтамасыз ету керек. Институт жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қорын жасақтаған жөн. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде кеңінен таралған», – деді президент.

Тарихи маңызға ие Түркістандағы «Қазақстан тарихы» көптомдығын әзірлеу жұмыстарына қатысқан ғалымдармен дөңгелек үстел,  «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кеңсе үйінде өткізіледі.

ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «VOICE OF TURAN — 2024» ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕРЕБЕСІ ТАСТАЛДЫ

Бүгін халықаралық «Voice of Turan-2024» қазақ әндері фестивалінің жеребе тастау рәсімі өтті. Этноауыл кешеніндегі киіз үйде қазақ салт-дәстүр көріністері көрсетіліп, ұлттық дәм ұсынылды. Содан соң қоржынға арнайы жасырылған реттік нөмірлерді алып, өз кезектерін анықтады.

Республика күніне орай қазан айының 21-22 күндері Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.

Бағы мен бабы қатар шапқан шынталанттарды шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар мен продюсерлер бар кәсіби қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары беріледі.

Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған ән байқауына Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Тыва, Әзербайжан, Грузия, Беларусь, Армения, Кипр, Түркия, Болгария, Косово, Испания, Куба, Венесуэла, Индонезия, Италия елдерінен халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен, 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар 18 үміткерқатысады. Байқау шартына сәйкес бірінші күні еліміздің өнер шеберлерімен бірге дуэт орындайды. Ал екінші күні өз таңдауындағы қазақ әнін шырқап, бақтарын сынамақ.

Фестиваль мақсаты – төл музыканы, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Ән арқылы әлемге халқымыздың музыка мәдениетінің сан алуандылығын паш ету. Ұлы Дала елінде туындаған шығармаларда айқын сақталған музыкалық ерекшеліктерді көрсету. Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды насихаттау.

Айта кетейік, екі күн бойы Түркістанда Еуропа мен Азия әншілері қазақ әндерін әуелете шырқап, бақ сынамақ. Фестиваль ұйымдастырушылары –Түркістан облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы.