ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Заман талабына сай ғимараттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, бапкерлер мен спортшылар және спорт ардагерлері қатысты. Өңір басшысы көпшілікті ғимараттың ашылуымен құттықтады.

– Алдымен баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құтықтаймын! Бүгін Түркістан төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктеді. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Осы бағытта Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлінуде. Өңірде 3500-ден астам спорт нысаны бар. Биыл 11 айда облыста 10 ірі спорт кешені пайдалануға берілді. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері шаһарда «Түркістан-Арена» стадионы, «Olympic Center» спорт кешені, «Теннис орталығы», «Мұз сарайы» ғимараттары пайдалануға беріліп, спортшыларымыз тыңғылықты жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда ескек есу каналы мен халықаралық талапқа сай атшабардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұның бәрі – спорт саласына жасалған қамқорлық әрі үлкен қолдау. Ал бүгін қазақ халқының даңқты перзенті, Түркістаннан шыққан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ел игілігіне берілуде. Түркістан өңірінде чемпионның атын ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгін ашылғалы тұрған спорт кешенін де ел перзентіне лайықты құрмет деп білеміз. Біз спортты дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын айтып, аймақта «чемпионның ізбасарлары көбейе берсін» деген тілегін жеткізді.

«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов та көпшілікті құттықтап, жаңа ғимарат чемпиондарды даярлауға үлесін қосатынын атап өтті.

Бұл нысанның құрылысына Түркістан облысы әкімдігі тарапынан 2,7 млрд теңге бағытталды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорынан технологиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, ішкі әрлеуге, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 500 млн теңге бөлінді. Ғимараттың ауданы – 7248 шаршы метр, жалпы жер ауданы – 1,8 гектар.

Бұл спорт кешенінде бокс, қазақ күресі, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі, таеквондо, каратэ, үстел теннисі және ойын спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар. 300-ден астам жанкүйер сыятын көрермен залы, жаттығу залдарымен қамтылған. Республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге болады.

Айта кетейік, Түркістан облысында спорт қарқынды дамып келеді. Өңірде 29 олимпиадалық, 34 ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері дамып жатыр. Биыл Түркістан облысының спортшылары әлем чемпионаттарынан 106 медаль, Азия чемпионаттарынан 214 медаль жеңіп алды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 16 алтын, 10 күміс, 5 қола медаль олжалады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ 900-ДЕН АСТАМ МЕКТЕП ҒАЛАМТОР ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛҒАН

Бұл туралы брифингте Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, Түркістан облысындағы 1 082 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы білім алып жатыр. Шағын мектептерді қоспағанда 826 мектеп 2 201 арнайы пән кабинетімен қамтылған. Сондай-ақ, биыл облыстағы мектептердің кітапханалары 1 522 107 дана оқулықпен және 118 359 дана көркем әдебиетпен толықты.

«Облыстағы 915 мемлекеттік мектептің барлығы интернетпен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, өңірде 2024 жылы бюджет есебінен 50 мектептің құрылысы басталған болатын. Оның ішінде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен – 29 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры» және өзге де бюджеттер есебінен – 21 мектеп және жекеменшік 35 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жалпы облыста 2025-2027 жылдар аралығында 13 000 орынды 44 мектептің құрылысын жүргізілу жоспарланған. Ал, мектептерді жаңғырту жобасына облыстан 115 мектеп енгізілген»,- деді Жандос Маханбетов.

Жалпы өңірдегі 915 мемлекеттік мектептің 719-ы жедел басқару орталығына қосылған. Бүгінде қалған білім беру ұйымдарын бейнебақылауға қосу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, биыл облыстағы 217 елді мекенде 17 081 бала арнайы мектеп көлігімен мектепке тасымалданып жатыр. Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында 11 сыныпты 31 367 түлек бітірсе, 24 538 түлек ҰБТ тапсырған. Оның ішінде жоғары оқу орнына түскендер саны – 19 126, грантқа түскендер – 11 044.