2024 жылдың 18 желтоқсанында әділет органдарының қызметкерлері «Белизна» тауар белгісі иесі өкілінің өтініші негізінде тұрмыстық химия өндірісі бойынша заңсыз жерасты цехын анықтады. Аталған цех Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылының аумағында Өзбекстан Республикасымен шекарадан 50 км жерде жеке үйде орналасқан.
Жоспардан тыс тексеру барысында «К» жеке кәсіпкерінде «Белизна» тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі анықталды. Зияткерлік меншік құқықтарын өрескел бұза отырып дайындалған 1500 бірліктен астам жалған өнім (жуу және дезинфекциялау құралдары) тәркіленді. Құқық иесіне келтірілген залал 3 миллион теңгеден асты.
Айта кету керек, заңсыз жерасты бизнесі өкілдері көлемі 800 ш.м. асатын үй-жайда жаппай заңсыз өндіріс пен өнімді буып-түюді жүзеге асырып, оны Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің көтерме сауда базарларына жеткізіп отырған. Заңсыз өнімдер бағаның төмендігіне байланысты тез сұранысқа ие болған. Бірақ бір ескертетін жайт оның жасырын қаупі мыңдаған азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретінін айта кеткен жөн.
Жалған жуғыш заттар өнімі қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін арзан және сапасыз компоненттерден жасалған. Мұндай өнімдерде терінің тітіркенуін, аллергиялық реакцияларды, тыныс алу жолдарының ауруларын және тіпті улануды тудыратын улы заттар мен аллергендер болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта кінәліні жауапқа тарту мәселесі қарастырылуда. Іс материалдары Түркістан облысы Әділет департаментінің қарауында.
Әділет органдары Азаматтар мен заңды бизнестің мүддесі үшін зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуын анықтау және қорғау жөніндегі жұмыстарын жалғастырады. Заңды бизнесті қолдау өндірушілердің құқықтарын қорғап қана қоймай, тұтынушыларға қауіпсіз және сапалы тауарларға кепілдік береді.