ТҮРКІСТАНДА ТУРИЗМ МАУСЫМЫНЫҢ АШЫЛУЫ ОРАЙ 2,5 ТОННА НАУРЫЗ КӨЖЕ ДАЙЫНДАЛАДЫ

Түркістанда 19 наурыз күні «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» тақырыбында туристік маусымы ашылмақ. Бұл шара өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсету мақсатында ұйымдастырылмақ. Бұл жайында Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов брифингте мәлімдеді.

«Биыл өңіріміз үшін тарихи оқиға орын алуда. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заң қабылданды. Бұл құжат — қаланың халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналуына үлкен мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес, өңірге келетін туристер санын арттырып, Түркістанның мәдени және рухани мұрасын кеңінен насихаттау көзделіп отыр» — деді спикер.

Туристік маусымның ашылу салтанатында «Jana lep» шығармашылық ұжымы, «Самғау» би ансамблі, ұлттық аспаптарда орындаушылар, DJ Shamil және өзге де өнерпаздар өнер көрсетеді. Сондай-ақ, от шоуы, сиқыршылар қойылымы, барабан шоуы және поэзия кештері өтеді. Іс-шара барысында 2,5 тонна наурыз көже дайындалып, Қазақстанның «Киннес» рекорды жаңартылмақ. Сонымен қатар, шаһарда 19 наурыз күні «Түркістан-түркі әлемінің рухани астанасы» республикалық туристік форумы өтеді. Жиынға Орталық Азия елдерінің туризм саласындағы бизнес өкілдері, қолөнершілер қатысуы жоспарланып отыр.

 

Мәжіліс депутаттары Үкіметтің бірыңғай сағаттық белдеуді енгізуге қатысты ғылыми зерттеулерінің қорытындыларын қабылдады

Бүгін Мәжілістегі «AMANAT» Фракциясының мүшелері өзгерген уақыт белдеуінің халықтың физикалық және психикалық денсаулығына, еңбек өнімділігіне және энергетикалық ресурстарды тұтынуға әсері туралы зерттеу нәтижелері бойынша Үкімет есебін тыңдады.

Бұл зерттеу жұмысы «AMANAT» Фракциясының ұсынымын іске асыру шеңберінде 6 бағыт бойынша жүргізілді. Беделді ғалымдар мен сарапшылар, ғылыми институттар тартылды. Зерттеу барысында географиялық параметрлері ұқсас әр түрлі мемлекеттің тәжірибесі назарға алынды.

Депутаттар алдында Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев сөз сөйледі.

– Салыстырмалы талдау жұмысы Еуропадағы көптеген дамыған елдерде Қазақстанға ұқсас таң ату және күн бату мерзімі бар екенін көрсетті. Аталған мемлекеттер осындай жағдайда белсенді дамып келеді. Адами капиталды дамыту бойынша да жоғары көрсеткіштерге ие. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді қолдай отырып,  оны толық негізделген деп санайды, – деді вице-премьер.

Сондай-ақ ол зерттеу нәтижелері бірыңғай уақыт белдеуіне көшу елдегі білім беру процесінің нәтижелеріне теріс әсер етпегенін, сондай-ақ ЖКО мен көшедегі қылмыс жағдайына айтарлықтай әсерін тигізбегенін растады.

Сонымен қатар бүгінде Шығыс Қазақстан облысының жеті ауданында жұмыс кестесіне түзету енгізілді. Бұл бастама жергілікті тұрғындар тарапынан кең қолдау тапты.

Халық қалаулыларының сұрақтарына Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Үкіметтің өзге де өкілдері жауап берді.

А. Шаққалиевтің айтуынша, алдын ала деректер халық өмірінің негізгі көрсеткішіне және экономиканың негізгі салаларының жұмыс істеуіне өзгерген уақыт белдеуінің тигізген теріс әсерін анықтаған жоқ.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бірыңғай уақыт белдеуін енгізу қадамы денсаулық сақтау саласына оң өзгеріс алып келгенін, аурулар санының төмендегенін атап өтті. Мәселен, жедел жәрдем шақырту саны 0,4%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттану көрсеткіші 3,5%-ға, психикалық және мінез-құлық бұзылысы 1,6%-ға, жарақаттану көрсеткіші 3,3%-ға, қатерлі ісіктер көрсеткіші 1,7%-ға төмендегені байқалды. Яғни, уақытты ұтымды бөлу – қоғамдық денсаулыққа оң әсерін тигізуде.

– Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Үкімет уақыт белдеуін ауыстырудың азаматтардың тұрмысына және ел экономикасына әсерін жан-жақты зерттеуі тиіс екенін атап өтті. Бүгін Үкімет «AMANAT» фракциясының депутаттарына осы ғылыми зерттеудің қорытындысын таныстырды. Ол ғалымдардың, сарапшылардың қатысуымен өткізіліп, Қазақстанда бірыңғай уақытты енгізу туралы шешімнің ғылыми негізділігін көрсетті, – деді Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов.

Талқылау жұмысын қорытындылай келе, депутаттар Үкіметтің ғылыми-зерттеу нәтижесін қабылдады. Депутаттар зерттеу қорытындысын қалың бұқараға жеткізудің маңызын атап өтті.

Сонымен қатар, депутаттар Үкіметке жергілікті билік органдарымен, мәслихаттармен бірлесіп, еліміздің бірыңғай уақыт белдеуіне көшуінің маңызы мен ғылыми негізі туралы арнайы түсіндіру жұмысын жүргізуді ұсынды. Бұл жұмысқа ғалымдарды, сарапшылар тобының өкілдерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын белсенді тарту керек. БАҚ пен әлеуметтік желілерде тиісті ақпараттық жұмыс ұйымдастыру қажет.

Сонымен қатар, халық сұранысы мен шетелдік тәжірибені ескере отырып, жергілікті жерлерде жұмыс кестесін өзгерту тәжірибесін жалғастыру керек.

Алматы әкімі әуежай қызметкерін құтқарған азаматты марапаттады

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы әкімі әуежай қызметкерін құтқарған азаматты марапаттады

Алматы әкімі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Әбдірайым Мұса Сайранбайұлын «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Сондай-ақ, Мұса Әбдірайымға ақшалай сыйақы табысталды.

52 жастағы азамат жолаушы ретінде Алматы халықаралық әуежайының ұшуға дейінгі тексеру аймағына кірген қылмыскердің қолындағы пышағын тартып алды. Батылдық пен шапшаңдықтың арқасында ол әуежай қызметкерінің өмірін сақтап қалды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына орасан зор көңіл бөліп, құрмет көрсеткені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Біздің елде әрқашан бейбіт аспан, келісім мен өркендеу болсын!», — Мұса Әбдірайым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауы

Қымбатты ханымдар!

Баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – сұлулық пен мейірімділіктің символына айналған шуақты мереке.

Халқымыз ежелден анасын ардақтап, қыздарын қадірлей білген. Көптеген аруларымыздың есімі төл тарихымызға алтын әріппен жазылған.

Қазір Қазақстанда әйелдер түрлі кәсіппен айналысып, бизнесте және қоғамдық қызметте зор табысқа жетіп жүр. Олар биік белестерді бағындырып қана қоймай, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Барлық әйелдердің адал еңбегі ең жоғары бағаға лайық. Осы сәтті пайдаланып, Қазақстандағы аналар мен арулардың бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін.

Мемлекет әйелдердің құқықтарын қорғауға және барша азаматтың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасауға әрдайым баса назар аударады.

Жанашырлық, жауапкершілік, жасампаздық сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңірген әйелдер қауымы еліміздегі ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруға зор үлес қоса береді деп сенемін.

Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін!

t.me/aqorda_resmi

Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру: жалған мәмілелермен күресудің жаңа технологиялары

Заманауи инновациялық технологияларды қолдану салықтық әкімшілендіруді дамудың сапалы жаңа деңгейіне көтереді. Мәселен, тәуекелдерді басқару жүйесін енгізудің арқасында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылы 300 млрд. теңгеден астам сомаға тауарларды нақты жөнелтусіз және қызметтер көрсетусіз шот-фактуралар жазып берген 2 мыңнан астам салық төлеушінің қызметін анықтады.

Атап айтқанда, Абай облысында бар болғаны 10 гектар егістік алқабы бар шаруа қожалығы жалған шот-фактураларды пайдалана отырып, 2 мың тонна күнбағыс тұқымын сатқаны туралы мәлімдеді. Бұл ретте бір гектардың нақты өнімділігі 1,3 тонна тұқымды құрайды. Осылайша фермер сатылымды 153 есе асырды. Кейінірек салық төлеуші өнімнің сатылмағанын және шот-фактуралар алынып тасталғанын мойындады.

Тауарлар мен қызметтерге жазылған шот-фактураларды тексеру нәтижесінде салық төлеушілер жұмысшыларсыз, қажетті материалдық базасыз және үшінші тұлғалардың қызметтерін тартпай құрылыс қызметтерін көрсететін жағдайлар анықталды.

Тағы бір мысал – бір айдан аз уақыт бұрын құрылған компания ағылшын тілі курстарына 3,5 млрд теңге сомасында шот-фактуралар жазды, оны ол небәрі 24 күнде өткізді. Кейіннен осы компанияны тіркеу жарамсыз деп танылды.

Адал бизнесті қорғау үшін МКК электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) жазып беру кезінде биометриялық сәйкестендіруді пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны қоса алғанда, цифрлық шешімдерге баса назар аудара отырып, алдын алу шараларын енгізеді. Қазіргі уақытта сәйкестендіруден өтпеген 2 мың адамның ЭШФ жазып беру әрекеттерін болдырмауға мүмкіндік туды.

Бұдан басқа, жаңа Салық кодексінің жобасында ҚҚС әкімшілендіруді жақсарту үшін ЭШФ автоматтандырылған бақылауын енгізу жоспарлануда. Жүйе нақты уақыт режимінде деректерді талдайды және салық төлеушінің ҚҚС балансын есептейді. Егер ЭШФ жазып беру заңды шығындармен расталмаса, құжатты салық төленгеннен кейін ғана рәсімдеуге болады. Бұл тәсіл жалған мәмілелердің алдын алады, ал бақылау механизмі адал қатысушыларды шектемей, тәуекел тобындағы салық төлеушілерге қолданылады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ 10 КҮН БОЙЫ АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ

Түркістан облысында биыл Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланып отыр. 14-23 наурыз күндері арылығында «Көрісу күні – амал мерекесі», «Қайырымдылық» сынды атаулы күндері түрлі шаралар өтеді. Бұл туралы Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев брифингте мәлімдеді.

«14 наурыз — «Көрісу күні – амал мерекесі» күні Ордабасы ауданы, Темірлан ауылындағы «Шәмші» аллеясында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының көрісу рәсімі өтеді. Аталған шарада қос өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, этнос өкілдері мен өнерпаздары кездесіп, көрісу күні орындалатын барлық рәсімдерді бірлесе атқаратын болады. Сондай-ақ, осы күні «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челленж ұйымдастырылады. Ал, 15 наурыз –«Қайырымдылық» күні ретінде аталып өтпек. Бұл күні аудан-қалаларда, ауылдарда жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы өтеді. Сондай-ақ, «Мейірім – жүректен, қайырым – білектен» облыстық шарасы аясында қоғамның осал топтарына, соғыс, еңбек ардагерлеріне, батыр аналарға арнайы сыйлықтар тапсырылады» — деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, 16 наурыз күні «Шаңырақ» атауымен аталып, барлық мектептерде, мектептен тыс мекемелерде концерттік бағдарламалар, сәндік-қолданбалы көрмелер, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету шаралары ұйымдастырылмақ. Ал, 17 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» деген атаумен барлық мәдениет мекемелерінде ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртатын сахналық көріністер ұйымдастырылады. 18 наурыз — «Ұлттық киім күні» ретінде сағат 09:00-ден бастап Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері ұлттық киім кию челленжін бастайды. Сонымен қатар, 19 наурыз «Жаңару күні» деп аталмақ. Бұл күні барлық өңірлерде тал көшеттерін егу жұмыстары ұйымдастырылады.

20 наурыз — «Ұлттық спорт» күнінде барлық өңірлердегі спорт кешендері мен атшабарларда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Ал, 21 наурыз «Қош келдің – Әз Наурыз!» деген атаумен Түркістан қаласындағы «Керуен» сарайы аумағында облыс әкімінің қатысуымен мерекелік салтанатты іс-шара жоспарланып отыр. Сондай-ақ, осы күні қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Ән мен әнші Түркістан төрінде» концерттік бағдарламасымен қорытындыланатын болады. 22 наурыз «Жыл басы» күні Түркістан қаласы мен барлық аудан-қалалардағы орталық алаңдар мен саябақтарда көрмелер, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорттық ойындар мереке көркін қыздырады. Сондай-ақ, «Конгресс холл» кешенінде Республикалық ақындар айтысы, Түркістан музыкалық драма театрында 2 күн бойы «Вальс королі» қойылымы көрермен назарына ұсынылмақ. Ал 23 наурыз «Тазару» күні – облыс көлемінде жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, аудандар мен қалаларда тазалық жұмыстары жүргізілмек.

ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ЗАҢ ШАҺАРДЫ ДАМУҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Заң 13 баптан тұрады. Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына 44 қосымша құзыреттілік беріледі.

Құжатта тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу, қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау, археологиялық ескерткіштердің резерватын құру, мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру мәселелері енгізілген. Сонымен бірге қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу, тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту, мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу, туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аталған Заңның маңыздылығына тоқталып, Түркістанды дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында халықпен кездесіп, Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасын көтерген болатын. Осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынып, Парламент Мәжілісі мен Сенатынан, Мемлекет басшысынан қолдау тапты. Президентіміз Заңға қол қойды. Бұл – Түркістан қаласы ғана емес, тұтас өңіріміз, еліміз үшін маңызды оқиға. Бұл құжатта тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, туризмді дамыту, қаланың әлеуетін көтеру жолдары қаралған. Түркістан – ықылым заманнан тарихи орталық болған. Қожа Ахмет Ясауи ғұлама өмір сүрген шаһарда ізгілік пен білім нұры шашылып, шартарапқа тараған. Қазақ хандығының астанасы ретінде ұлтымыздың айбынын асырып, халқымыздың бірлігі мен ерлігінің ордасына айналған. Сондықтан бұл шаһардың мәні де, маңызы да, беделі де, мәртебесі де әрдайым биік болатыны анық. Енді қазақ руханиятының темірқазығына айналған киелі мекеннің абыройы одан сайын асқақтап, рухани және тарихи-мәдени мұраларын қорғау, кеңінен таныту шаралары одан әрі жандана түспек. Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштері мен мұраларын сақтап, ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік. Тарихы тереңде жатқан Түркістан қаласын жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстарға бар күш-жігерімізді саламыз. Барша Қазақ елін, Түркістан жұртшылығын осы тарихи сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің еңсесі биік болып, Түркістанымыз дами берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Өңірде Заңдағы бастамаларды жүзеге асыру, Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстар жандана түспек. Шаһарда республикалық, халықаралық деңгейдегі туристік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Айта кетейік, 2018 жылы 19 маусымда Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Осы аз уақытта шаһар дамудың жаңа сатысына көтерілді. Түркістан қаласының халық саны соңғы 4 жылда 31,5%-ға артып, 2025 жылдың 1 қаңтарында 237503 адамды құрады. Облыс орталығы болғалы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5 есе өсіп, 2024 жылға 452,6 млрд теңгеге жеткен. Түркістан қаласында мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің көлемі 2,8 есе өсіп, 2023 жылы 66,2 млрд теңгеге жетсе, 2024 жылы 80,1 млрд теңге түсті. Оның ішінде салықтық түсімдер 2,3 есе өскен. Облыс орталығы болғалы қала бюджеті 3 есе өсіп, 147,2 млрд теңгеге жетті. Инвестиция көлемі жыл сайын өсуде. 2023 жылы 323,5 млрд теңге инвестиция тартылса, өткен жылы шаһарға 400,2 млрд теңге инвестиция тартылып, жұмыс қарқыны арта түсті. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта маңызды жобалар жүзеге асырылып, зауыттар салынуда. Өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемінің көлемі соңғы үш жылда 1,7 есе өсіп, өткен жылы 34,8 млрд теңгені құрады.

Былтыр Түркістанға Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесі беріліп, бірқатар туристік және мәдени іс-шара өткізілді. Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны соңғы үш жылда 165%-ға өсіп, 2023 жылы 1015,2 мың адамға жетті. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны соңғы үш жылда бірнеше есе өсіп, 12,2 мың адамға ұлғайған. 2024 жылы алдын-ала мәлімет бойынша Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны 1,1 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 9,2%-ға өскен. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны өткен жылы 23,2 мың адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 1,9 есе артып отыр.

ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

ҚР Президентімен қол қойылған «Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңы» 2025 жылдың 3 наурызынан бастап күшіне енді. Енді есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылар мен есірткі таратушыларға, оның ішінде «есірткі курьерлеріне» қатысты қылмыстық жауапкершілік талаптары күшейтілмек. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Сабыржан Жарылқасынұлы брифингте мәлімдеді.

«Алғашқы рет заңды бұзған есірткі таратушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша төмендетілген санкциялармен жауапкершілікке тартылатын болады. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 297-бабы 1-бөлігі бойынша егер азамат аз мөлшерде есірткіні өткізсе, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болған. Ал, 2-бөлігі бойынша егер азамат ірі көлемдегі есірткіні өткізгені үшін ұсталса, 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал, бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін болған. Үшінші бөлігі бойынша егер азамат аса ірі мөлшердегі есірткіні өткізгені үшін ұсталса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бұрын ол 10 жылдан 15 жылға дейін болатын»-деді спикер.

ҚЫЗМЕТ АЛУШЫНЫҢ БҰЗЫЛҒАН ҚҰҚЫҚТАРЫ TELEGRAM БОТ ПЛАТФОРМАСЫ АРҚЫЛЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

Мемлекет тарапынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мен сеніміне ерекше басымдық беріледі.

Бұл ретте, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттері көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне және шешімдеріне қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды.

Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және азаматтардың өтініштеріне жедел кері байланыс орнату мақсатында өткен жылы «EgovKZBot2.0» telegram бот платформасы іске қосылған.

Бұл бот платформасының басты мақсаты мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселелері бойынша халықпен жедел кері байланыс орнату және туындаған сұрақтарға толыққанды ақпарат ұсыну.

Осы ретте, Сарыағаш ауданының тұрғыны «EgovKzBot2.0» телеграмм боты арқылы «Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін алуға қатысты шағымын жолдаған.

Шағымда, ұлына 2009 жылы туу туралы куәлік алынғанымен, www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталында әкесінің аты бағанында қателіктер кеткені көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 112 бұйрығымен бекітілген Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, оларға «өзгерістер», түзетулер, толықтырулар енгізу, азаматтық хал актілерінің күшін жою және қалпына келтіру қағидасына сәйкес, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру кезінде тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізу үшін қызметті алушы кез келген тіркеуші органға, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың ЖАО-на, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне немесе Мемлекеттік корпорацияға қалауы бойынша жазбаша нысанда не портал арқылы электрондық түрде осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес тууды тіркеу туралы мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса отырып, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініш береді.

Осыған орай, Департаментпен шағым иесіне қоңырау шалынып  Қағида талаптарына сәйкес түсіндірмелер берілді.

Өз кезегінде, шағым иесімен қажетті құжаттар топтамасы жинақталып, өтініш берілген.

Нәтижесінде, шағым иесінің құқықтары қалпына келтіріліп, тиісті түзетулер енгізілген.

Атап өту қажет, бот платформасы арқылы ағымдағы жылы
20-ға жуық өтініш келіп түскен.

Келіп түске өтініштердің басым көпшілігі, жүктілік, босануға байланысты және бала күтіміне арналған әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қатысты болған.

Бұдан бөлек, телеграмм боттың жұмысын халықпен таныстыру мақсатында жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік желілеріне бейнероликтер және халық көп шғырланатын жерлерге QR код бейнеленген баннер эскиздері шығарып жарияланды.

Сондай ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Түркістан облсы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде және Түркістан қаласының Халықтық кеңсесінің
LED-экрандарында тиісті бейнероликтер жарияланып, тұрақты негізде көрсетілуде.

Қазіргі таңда, Департаментпен шағымдану тетіктерін оңтайландыру және қызмет көрсету мәселелері бойынша кері байланысты жеделдету мақсатында «Sapaly qyzmet» телеграмм ботымен қатар «Сенім телефоны» Сіздерге уақытылы жауап ұсынуға дайын екендігін хабарлаймыз.

Абылайхан Дағыстанұлы НАУРЫЗБАЕВ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

БҰҰ-ның Аймақтық хабы халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 152 елдің бірлескен авторлығымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарарды консенсус негізінде қабылдады.

Бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы айтулы жетістігі.

Президент Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін барлық серіктесімізге ризашылық білдірді.

Мемлекет басшысының пікірінше, БҰҰ-ның Аймақтық хабы халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналады.