Уалихан Рахиев: Ішкі туризмді дамытумен ғана шектеліп қалмауымыз керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға елмен, түрлі қоғамдық ұйымдармен диалог орнатып, халықтың мұң-мұқтажын бірлесе шешуді тапсырды. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары бұл тапсырманы ортақ міндет деп біледі.

Осы ретте, халықтың аманатын арқалаған, азаматқа тән білім мен мінез, ең бастысы отаншылдық қасиетке ие депутаттың бірі – Уалихан Рахиев.

Жалпы, өңірде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, туризмді дамытуға басымдық берілуде. Соңғы жылдары ел азаматтары және шетелдік туристер арасында сауықтыру туризмінің танымалдылығы артқан. Өңірдегі қолайлы климаттық жағдай, бірегей минералды қайнар көздері мен емдік балшық орындары туристерді тартып, емдеу-сауықтыру нысандарының дамуына септігін тигізіп отыр. Шипажай-курортты кешендердің көпшілігі жыл бойы жұмыс істейді. Бұл бағытта депутат Уалихан Рахиев Түркістан облыстағы сауықтыру туризмінің өркендеуіне өз үлесін қосып, Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрлігінің “ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ” төс белгісімен марапатталған.

«Мемлекет басшысы елдегі туризмді дамыту экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл салада әрбір өңірдің даму перспективасы бар. Біз тек ішкі туризмді дамытумен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Шетелдік туристерге бағыттай отырып, туристік инфрақұрылымды дамытуға да инвестициялар тарту қажет.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында туризмді дамытуға ерекше назар аударылып келеді. 70 тен астам демалыс сауықтыру орындары бүгінгі өмірдің талабына сай негізделе отырып халыққа қызметтерін көрсетуде. Алдағы уақытта әлі де дами түседі» – дейді Уалихан Рахиев.

Халқы тығыз орналасқан Сарыағаш ауданынан облысқа депутат болып сайланған ол тұрғындардың өзекті мәселелерін шешумен қатар, өңірді өркендету бағытында жұмыс атқаруда.
Сенімді ақтау – үлкен жауапкершілік деп есептейтін Уалихан Рысбекұлы Сарыағаш аудандық қоғамдық кеңесінде ауданның экономикасы мен әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударып, елді мекендердегі түйіткілдердің түйінін тарқатуға да септігін тигізуде.

Одан бөлек, Түркістан облыстық мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі ретінде халықтың талап-тілегін жауаптыларға жеткізіп, проблемалардың оңынан шешілуіне ықпал жасап келеді.

«Атқарушы билік пен өкілетті биліктің ортақ міндеті – халықтың әл-ауқатын жақсарту, ел сенімін ақтау. Бірлігімізді бекемдеп, еліміздің тұрақты өркендеуіне еңбек етеміз» – дейді депутат.

ТҮРКІСТАНДЫҚ АҚЫН АЙДАР СЕЙДАЗЫМ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АЛАШ» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының қара шаңырағы – Әдебиетшілер үйінде дәстүрлі Әдеби жыл қорытындысы өтті.

Руханият мерекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер мен Жазушылар одағының аймақтық өкілдері қатысты. Шара барысында бірқатар жазушылар еңбегі үшін арнайы марапатталды.

Жиын барысында Түркістан облысының жазушысы, белгілі ақын әрі Turkistan телеарнасының журналисі Айдар Сейдазым «Алаш» сыйлығының иегері атанды.

Айдар Бастарбекұлын марапатымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, отбасына амандық, бақ-береке тілейміз!

БАЛАЛАРДЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Түркістан облысында балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқаты – білім басқармасының тұрақты бақылауындағы маңызды мәселе. Қазіргі қоғамдағы күрделі өзгерістер балалардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған нақты және жүйелі шараларды қажет етеді.

Осы бағытта облыстық Психологиялық қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздік мәселелері» тақырыбында I тоқсан қорытындысына арналған әдістемелік мәжіліс өтті.

Жиынға өңірдегі психологтар, әлеуметтік педагогтар, білім бөлімдерінің әдіскерлері қатысты. Басқосуда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмысты күшейту, мектепішілік есеп жүргізу, буллинг пен кибербуллингке қарсы әрекет ету, сондай-ақ, осындай жағдайларға тап болған балаларға дер кезінде көмек көрсету жолдары талқыланды.

Психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасованың айтуынша, әрбір білім беру мекемесінде психологтар мен әдіскерлер өз міндеттерін сапалы атқаруы тиіс және бұл жұмыстар қатаң бақылауға алынады.

-Семинарда талқыланған маңызды мәселе – әлеуметтік жағдайы төмен және жайсыз отбасылармен жұмысты жандандыру, мектепішілік есепке алуды жүйелі түрде жүргізу. Балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа, буллингке және кибербуллингке ұшыраған немесе оның куәгері болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтап, оларға тиісті көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажет. Сонымен қатар, білім бөлімдеріндегі психологиялық әдіскерлердің лауазымдық міндеттеріне сай сапалы жұмыс атқаруын қадағалау басшылық тарапынан бақылауға алынуы тиіс деген ұсыныс айтылды», – дейді «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Оразкүл Қолдасова.

Айта кетейік, Түркістан облысында балаларды қолдау орталығы облыс әкімінің қаулысымен өткен жылдың шілде айында құрылды. Орталықтың басты мақсаты – балалардың, ата-аналар мен педагогтардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған бірыңғай жүйелі қызметті қалыптастыру.

ТҮРКІСТАНДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласындағы Достық үйінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мерейтойы аясында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Қазақстанның оңтүстігінің тарихында» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға Өзбекстан, Ресей елдері мен Алматы, Шымкент, Қарағанды, Орал, Түркістан қалаларынан тарих және педагогика ғылымы саласының өкілдері оффлайн және онлайн форматта қатысты.

Конференцияда «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа мұра, тарихқа тағзым» атты Түркістан облыстық мемлекеттік архивінің құжаттар көрмесі ұсынылды. Одан бөлек, «Оңтүстік Қазақстан 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты құжаттар жинағының тұсаукесері өтті.

Сонымен қатар, кездесуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 80 жылдығын мерекелеудің маңыздылығы мен оңтүстік өңірінің Ұлы Жеңіске жасаған ауқымды үлестері баяндалды. Одан бөлек, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі, қаһармандығы мен қайсарлығы баяндалды. Сондай-ақ, конференцияда Ұлы Отан соғысы туралы танымды тереңдету, жергілікті тарихтың жаңа беттерін ашу, тарихи әділеттілік пен патриоттық тәрбие жөнінде мәліметтер берілді.

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап құжат қабылдау басталды. Өтініштер «Admission» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта қабылдануда. Құжат тапсыру 2025 жылдың 25 маусымына дейін жалғаспақ. Бұл жайында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Арайлым Қайратова брифингте мәлімдеді.

«Академия 12 білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылдайды. Олардың ішінде 9 магистратура, 3 докторантура бағдарламалары. Сондай-ақ, магистратураға 120 және доктарантураға 12 мемлекеттік грант бөлініп отыр. 2025 жылғы қабылдау науқанында бірқатар жаңалықтар мен өзгерістер енгізілген. Мәселен, барлық магистратура бағдарламаларына қабылдану үшін мемлекеттік қызмет өтілі 2 жылдан 3 жылға дейін ұзартылды. Ал, «Мемлекеттік басқару» бағдарламасына – кемінде 5 жыл, «Мемлекеттік саясат» бағдарламасына – кемінде 4 жыл еңбек өтілі талап етіледі» – деді спикер.

Оқуға қабылдау 2 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде үміткерлер онлайн форматта аналитикалық эссе жазудан сынға түссе, екінші кезеңде оффлайн сұхбат форматында жауап береді. Нәтиже 25 шілдеде жарияланады. Құжаттарды рәсімдеу және келісім шартқа отыру мерзімі – 7 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Айта кетейік, қабылдау ережелері туралы толық ақпарат www.apa.kz сайтында, сондай-ақ академияның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған.

Таза Қазақстан – адал азаматтың таңдауы

Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев айтқандай, тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көшеден және әр қаладан басталуы керек. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай біз «80 жылдыққа – 80 түп ағаш» экологиялық акциясына бастама бердік.

Елордамыздағы Ботаникалық саябақта Бас прокуратураның қызметкерлері 80 түп ағаш отырғызды. Бұл акцияға еліміздің барлық өңірлеріндегі прокуратура органдары белсенді түрде қатысады.

Бұл — Отан қорғаушыларына көрсетілген құрмет пен табиғатты болашақ ұрпақ үшін сақтау жолындағы үлес. Әр азамат жасыл желектерге ұқыпты қараудың маңыздылығын түсінеді — бұл «Адал азамат» қағидасын ұстанатын азаматтың саналы таңдауы. Әрбір ағаш — бұл қаланың тынысы, оның өмірі мен болашағы.

БЕРІК АСЫЛОВ – ҚР Бас прокуроры.

КЕНТАУДА ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Кентау қаласында Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Бадан Төребаевтың үйінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Шара барысында ардагердің үй ішіне және ауласында тазалық жұмыстары жүргізіліп, ауласы ретке келтірілді. Бұл игі іс-шара – ардагерлерге деген құрметті арттырып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен тарихи сананы қалыптастырады.

Бадан Төребаев 1926 жылы Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Майдантал ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 15 қазанда әскерге шақырылып, Украина, Беларусь майдандарына қатысқан. 99 жастаға ақсақал екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, олардан 16 немере, 42 шөбере, 3 шөпшек сүйген.

Қайтарылған активтер халық игілігі үшін пайдаланылуда

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында жаңа музыкалық өнер мектебінің құрылысын бастау шеңберінде уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.

Іс-шараға облыс әкімі және прокуроры, Бас прокуратура өкілі, ауылдың ақсақалдары мен құрметті тұрғындары қатысты.

Аталған мектептің құрылысы – Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған капиталды халық игілігі үшін тиімді пайдалану аясында Үкіметпен мақұлданған алғашқы әлеуметтік жобалардың бірі.

Салтанатты рәсім барысында қатысушылар жергілікті тұрғындарды құрылыс жұмыстарының басталуымен құттықтап, бұл мектептің іске қосылуы елде жүргізіліп жатқан активтерді қайтару жұмыстарының нақты нәтижесін халық өз көзімен көруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Жергілікті ақсақалдың батасынан кейін қатысушылар болашақ ұрпаққа арналған уақыт капсуласын салды.

Айта кетейік, бұған дейін ауылда 1974 жылы салынған, қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған музыкалық мектеп жұмыс істеп келген болатын.

Құны 890 млн теңге тұратын 300 оқушыға арналған жаңа мектеп көршілес ауылдардың оқушыларын да қабылдай алатын болады.

Бүгінге мемлекет пайдасына жалпы сомасы шамамен 610 млрд теңге көлемінде активтер қайтарылды, оның ішінде 506 млрд теңге – ақшалай қаражат, 103 млрдтеңге – мүлік.

Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет арнайы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту салаларында 280 әлеуметтік нысанның құрылысын қаржыландыру үшін қаражат бөлді.

Аталған жобалар елді мекендерді дамытуға бағытталған кешенді тәсілдің бір бөлігі болып табылады және өмір сүру үшін қолайлы жағдайларға тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымды ілгерілетуге серпін беруге арналған.

«Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның мақсаттары мен міндеттерін іске асыру «Заң мен Тәртіп» қағидатын тиімді қамтамасыз етумен өзара үйлесетінін атап өту қажет.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

ШАРДАРАДА ПАТРИОТТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін Шардара қаласында «Ұранды ердің – ұрпағы қайсар» атты шара өтті. Жиында ауған соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері жастармен кездесті. Патриоттық шараға қаладағы №16 колледж студенттері қатысты. Басқосу – облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған.


Кездесуге келген ҰОС ардагеріне теңестірілген, ауған соғысының ардагері Б.Сүйінов патриоттық рухты қалыптастыру жөнінде өз пікірін білдірді. Ардагер 1987 жылы №45585 әскери бөлімінде Ауған Демократиялық Республикасында борышын атқарған. Іс-шара соңында соғыс ардагерлеріне түрлі сұрақтар қойылып, тағылымды әңгіме айтылды.

ТҮРКІСТАНДЫҚ 10 ОҚУШЫ ДӘУЛЕТ СЕРІКБАЕВ АТЫНДАҒЫ ШҚТУ РЕКТОРЫНЫҢ БІЛІМ ГРАНТЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ректорының гранты үшін «EKTU QUIZ» зияткерлік сайысы өтті.

Аталған шараның мақсаты – дарынды жастарды анықтап, олардың білім деңгейін көтеру және жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру.

Жарысқа Түркістан облысына қарасты 330 мектептен 1650 оқушы қатысып, 17 аудан мен қалада іріктеу кезеңдері өткізілді. Қатысушылар бірнеше кезеңнен өтіп, финалдық ойындарға жолдама алды.

Шараның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, жас қатысушыларға сәттілік тілеп, жастарға артылатын үміттің зор екенін атап өтті. Сонымен қатар осындай мүмкіндік ұсынған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Сайыс қорытындысы бойынша Созақ ауданынан келген «Алгоритм» командасындағы 5 оқушы грантқа ие болып, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ бес команданың оқушысына ШҚТУ ректорының гранттары табысталды. Атап айтсақ, «IQ Energy» (Түркібасы ауданы), «125» командасы (Түркістан қаласы), О. Есімов атындағы мектеп (Келес ауданы), «Сайрам» командасы (Сайрам ауданы), «Қанат» командасының (Мақтаарал ауданы) қатысушылары жеңіске жетті.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Өскемен қаласының Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина құттықтау сөз сөйлеп, 10 оқушыға ШҚТУ ректорының грант сертификаттарын табыстады.

Біліктілікті анықтайтын сайыс соңында барлық қатысушы командаларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.