ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ

Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпықалалық тазалық шарасы өтті. Шара – ауданның экологиялық жағдайын жақсарту, тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымдарын дамыту және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.

Аудандағы тазалық жұмыстары таңғы сағат 09:00-ден басталып, оған қала, кент, ауылдық округ тұрғындары мен түрлі ұйымдардан, аудандық мәслихат депутаттары мен ерікті жастардан, кәсіпкерлік нысандардан 2500 адам және 15 арнайы техника жұмылдырылды. Сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық орындар, шет аймақтар қоқыстан тазартылды.

«Ауламыз бен ортамызды таза ұстау – әрбір тұрғынның міндеті. Әр аула таза болса, ауыл таза болады. Ал, ауыл таза болса, ауданның тазалығы. Аудан тұрғындарын денсаулық кепілі болған тазалықты сақтауға шақырамын» деді жетісайлық тұрғын Ұлықпан Абиров.

Ауданда тұрақты түрде жүргізіліп отырған тазалық жұмыстары аудан басшысының жіті бақылауында. Өйткені, шара ауданның тазалығын ғана сақтауға емес, тұрғындардың экологиялық санасын да қалыптастыруға бағытталған.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ОРДАБАСЫЛЫҚТАР ӨЗЕН ЖАҒАСЫНДА СЕНБІЛІК ӨТКІЗДІ

Елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы Ордабасы ауданына қарасты Темірлан елді мекеніндегі Арыс өзенінің жағасында жалғасын тапты.

Тазалық шарасына аудандық әкімдік өкілдері, «Аманат» партиясы, «Таза су» және «Темірлан» абаттандыру мекемелері, аудандық орталық аурухана мен аудандық білім бөлімінің қызметкерлері және жастар мен ардагерлер жұмылдырылды.

Сенбілік аудан халқының тазалық жұмыстарына белсенділігі мен құлшынысын арттыру бағытында арнайы ұйымдастырылған іс-шарамен бастау алып, аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Лесбек Жүсіп сөз сөйлеп, аудан халқын экологиялық тәртіп пен санитарлық тазалықты сақтауға, мұндай игі жұмыстарға әрдайым белсенді болуға шақырып, үндеу тастады.

Сонымен қатар тазалық шаралары жалпы аудан көлемінде атқарылып басқа ауыл округтерінде де жаппай сенбіліктер жүргізілді. Тазалық акциясына жалпы аудан бойынша 1200-ден астам адам жұмылып, арнайы техникалар тартылды.

Айта кетсек, ауданда экологиялық сауаттылықты көтеру, тазалықты сақтау жұмыстары жалғасады.

ШҰҒЫЛ ШТАБТЫҢ ТӘУЛІК БОЙҒЫ ЖҰМЫСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ЖОЮ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ

Биыл Түркістан облысы бойынша аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары 372,0 мың га аумаққа жоспарланған. Әр ауданға облыстық басқармалар мен мекеме басшыларынан жауаптылар бекітілді. 4 жедел штаб құрылып, жұмыс күші жасақталды.

Шұғыл штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары бойынша штаб жұмысын жіті қадағалауға алған.
Шегіртке зиянкесіне қарсы 1 058,0 мың га аумақ зерттеу жоспарланып, қазіргі таңда 391 680 га зерттелді. Оның ішінде, 137 507 га аумақ экономикалық зиянды шегінен (ЭЗШ) асты. Бүгінгі күнге 126,4 мың га өңделді.

Шегіртке зиянкесі қоныстанған 9 аудандағы жайылым жер алқаптары 65 аймаққа бөлініп, картасы әзірленді, 65 аумақта жұмысшы топ жасақталды.
2 990 жайылым жер иелеріне хабарлама берілді.
Шегіртке дернәсілдерінің алғашқы шығуы 3-сәуір күні Арыс қаласы аумағында анықталды.
Жұмысшы топ 24/7 режимінде жұмыс атқаруда.
Сонымен қатар, 65 жұмысшы топты тасымалдауға микроавтобустар, су жеткізуге 45 арнайы автокөлік (водовоз), жанар-жағармай жеткізуге 30 арнайы автокөлік (бензовоз) әзірленді.

Жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету аудан-қала әкімдіктері мен демеушілер тарапынан ұйымдастырылуда.

Сондай-ақ, анықтаушылар мен химиялық улы препараттармен жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығы тұрақты бақылауда.

Алғашқы анықталған дернәсіл сатысында аспалы бүріккішпен өңдеу тиімділігі анықталып, жоспарланған 475 дана бүріккішке қосымша 386 дана бүріккіш алынып, жалпы 861 дана аспалы (ранцевый) бүріккішпен жұмыс жүргізілді. Химиялық өңдеу жоспарының 317,8 мың га 257 жер үсті бүрку техникаларымен, 54,2 мың га әуемен 4 бірлік «АН-2» ұшағымен өңдеу жоспарланып, жүзеге асырылуда.


Қосымша 41 техника, 5 газогенератор, 12 дрон жұмылдырылды.
Химиялық өңдеуде «Тиаметрин», «Каратэ»препараттары пайдаланылуда.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА 30 ЖЫЛ» МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Түркістандағы «Достық үйінде» Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медальдарын тапсыру рәсімі өтті.

Салтанатты шараға өңірдің өркендеуіне және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар қатысты. Марапатқа ие болғандар арасында ҚХА мүшелері мен ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері бар.

Бірлікке үндеген жиында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Ассамблеяның игілікті істеріне тоқталып, қуаныш иелерін марапатымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мерекесімен құттықтады.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық белесі бізге өткенімізді саралап, жетістіктерімізді бағамдауға мүмкіндік береді. Бұл мерейтой – барша халықтың бірлігі мен келісімінің жемісі. Өңірдегі Ассамблея мүшелерінің, этномәдени бірлестіктердің ел ынтымағын сақтау жолындағы еселі еңбегі зор. Бүгінде облыстық Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Қайырымдылық керуені», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» жобаларын тиімді іске асыруда. Баршаңызды ҚХА мерейтойымен құттықтаймын! – деді Ертай Кенжебекұлы.

Жалпы өңірлік Ассамблеяның ұйытқы болуымен жыл басынан бері 27 мыңға жуық адам қатысқан 440 іс-шара, 15 қайырымдылық акциясы өткізілген. Сонымен қатар, 134 ақпараттық-насихаттық кездесулер өткізіліп, оған 7000-ға жуық тұрғын қатысты.

Мерекелік шара соңында облыс әкімінің орынбасары марапат иелеріне жемісті жұмысы үшін алғысын білдіріп, алдағы жоспар-жобаларына табыс тіледі.

 

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР 18 ШАҚЫРЫМ ӨЗЕН БОЙЫН ТАЗАЛАДЫ

Төлеби ауданында “Таза Қазақстан” республикалық бағдарламасының “Жасыл толқын” шеңберінде аудан көлемінде жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды.
Сенбілікке аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер, жастар қатысып, Сайрамсу өзені жағалауын күл -қоқыстан тазартты. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және аудан аумағын абаттандыру мақсатында сенбілікке 300-ге жуық адам қатысты.

Игі шараға ат салысқандар 18 шақырым өзен жағалауын шыны, пластикалық бөтелкелерден, тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Тазалық шарасына 10 техника жұмылдырылып, 5 тонна қоқыс арнайы орынға жеткізілді.

Сондай-ақ, аудан халқы тұрғылықты мекенжайындағы балалар ойын алаңшалары, ішкі көшелер, саябақ, аллеяларды тазалап, қоқыстар арнайы орынға жеткізілді. Еріктілер, жастар аудандағы су қорғау аймақтары, өзен жағалаулары, жол жиектері тазаланды. Бұдан бөлек, аудандық, облыстық маңызы бар жол бойларына көшеттер отырғызылып, қураған талдар кесіліп, әктелді.

 

Түркістан қаласы Ішкі саясат бөліміне жаңа басшы тағайындалды

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өкімімен Ішкі саясат бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметіне Тоймахан Шоқан Баймаханұлы тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға қала әкімі аппаратының басшысы Әлібеков Қуаныш Нұржанұлы таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Тоймахан Шоқан Баймаханұлы 1992 жылы 3 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, мемлекеттік қызмет саласында жинақтаған мол тәжірибесімен танылған білікті маман.

Еңбек жолы:
• 2013–2014 жж. – Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімінің инспекторы;
• 2014–2015 жж. – Шорнақ ауылдық округі әкімі аппаратының Ұйымдастыру бөлімінде бас маманның міндетін атқарушы;
• 2015–2016 жж. – Шорнақ ауылдық округі әкімі аппаратының Ұйымдастыру бөлімінің бас маманы;
• 2016–2021 жж. – Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімінің бас маманы;
• 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін – Түркістан қаласы әкімі аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы.

Ол түрлі деңгейдегі әкімшілік құрылымдарда абыройлы еңбек етіп, өзінің кәсіби біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін және жауапкершілік қасиетін іс жүзінде дәлелдеген.

Басшылық қызметінде Тоймахан Шоқан Баймаханұлы ішкі саясаттың негізгі бағыттарын жүйелі түрде дамытып, қоғамдық ұйымдармен тиімді әріптестік орнатуға және тұрғындармен байланысты нығайтуға баса мән беретін болады.

Жаңа басшыға зор сенім білдіріліп, алдағы қызметіне сәттілік пен табыс тілейміз.

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА САУРАНДА 600 АДАМ ҚАТЫСҚАН АУҚЫМДЫ ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ

Сауран ауданында көктемгі көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды шара Түркістан – Кентау автомобиль жолының бойында, атап айтқанда Оранғай және Иассы ауылдық округтерінің аумағында өтті.

Тазалық акциясына Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бастаған аудан активі, мемлекеттік қызметкерлер, денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, дін өкілдері, белсенді азаматтар мен ерікті жастар, сондай-ақ жергілікті тұрғындар — барлығы 600-ге жуық адам қатысты.

Шара барысында ұзындығы 21 шақырымға созылған Қарашық өзенінің бойы тазартылып, қоқыс қалдықтары жиналды. Сонымен қатар ретсіз өскен ағаш бұталары кесіліп, ағаш түптері әктелді. Жалпы тазалық жұмыстарына 20 дана техника жұмылдырылды.

Аудан әкімі тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырып, табиғатқа жанашырлықпен қараудың маңыздылығына тоқталды.

Айта кетейік, аудан аумағында көктемгі санитарлық тазалық жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта ауылдық округтерде де осындай ауқымды экологиялық шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Ұялы байланыстың базалық станциясынорнату және пайдалануға беру

Базалық станциялар – ұялы радиобайланыс жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Олар әрекет ету аймағындағы ұялы телефондармен байланыста болады және сигналды қабылдау және беру режимінде жұмыс істейді. Электромагниттік сәуле – бұл базалық станцияның антенналарынан шығатын электромагниттік толқындар.

Ұялы байланыстың базалық станциясын орнату және пайдалануға беру – ұзақ және бақыланатын процесс, ол Қазақстан Республикасының заңнамалық деңгейіндегі қатаң қағидалармен реттеледі. Базалық станцияны орнатуға ЭМӨесептеулерінің нәтижелері көрсетілген, санитариялық-қорғаныш аймағының шекаралары және құрылыс салуды шектеу аймағы көрсетілген жобалау материалдарына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынғаннан кейін ғана рұқсат етіледі. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары береді. Базалық станцияларды кез келген ғимараттар мен құрылыстарға орналастыруда қойылатын негізгі талап үй-жайда да, аумақта да электрмагниттік өрістің шекті рұқсат етілген деңгейін (10 МкВт/см2 аспайтын) қамтамасыз ету болып табылады.

 ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 28 ақпандағы «Радиотехникалық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы №ҚР ДСМ-19 бұйрығына сәйкес, базалық станция антенналары кез келген үлгідегі қолданыстағы құрылыстарға және арнайы салынатын діңгектерге орналастырылады. Жоғары сапалы ұялы байланысты қамтамасыз ету үшін базалық станциялардың антенналарынан таралатын негізгі электромагниттік энергия бір сәуледе жиналып, жақын маңдағы үйлермен қиылыспайтын етіп жіберіледі. Электромагниттік энергияны ұялы байланыстың барлық базалық станциясы емес, тек оның антенналары ғана шығарады және олар тәулігіне 24 сағат тұрақты қуат шығармайды. Базалық станциялардың қуаты осы базалық станцияның әрекет ету аймағында бір уақытта сөйлесетін немесе мобильді интернетті пайдаланатын адамдарға байланысты. Сондықтан түнде электромагниттік сәуле деңгейі нөлге тең болады.

Егер ұялы байланыстың базалық станциялары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органдармен берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыға сәйкес орнатылса, сондай-ақ пайдалану кезінде санитариялық қағидалардың талаптары сақталса, онда антенналардан таралатын электромагниттік сәуле халық денсаулығы үшін қауіпті болып табылмайды.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Н. Нышанов

Әсемдік салоны мен шаштаразға барған кезде нені білу қажет?

Қазіргі таңда тері тұтастығын бұзатын манипуляциялар — татуаж, маникюр, педикюр, пирсинг және басқа да косметологиялық қызмет түрлері кең таралған. Алайда бұл қызметтер санитариялық талаптар сақталмаған жағдайда түрлі жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін. Олардың қатарында вирусты гепатит В және С, папилломавирус, стафилококк, стрептококк, фолликулит, дерматит, абсцесс, тері мен тырнақ саңырауқұлақтары, педикулез, қышыма және басқа да аурулар бар. Инфекция, көбінесе, зақымдалған тері мен шырышты қабық арқылы немесе дұрыс зарарсыздандырылмаған құралдар арқылы жұғады.

Косметикалық және шаштараз қызметтерін көрсететін орындарда мына санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталуы тиіс:

Мұндай нысандар тұрғын үйлерде жеке кіреберісі болған жағдайда ғана орналасуы керек;
Жертөле қабаттары тек қосалқы немесе көмекші бөлме ретінде қолданылады;
Косметикалық кабинеттер ыстық және салқын суы бар раковинамен, қажетті құрал-жабдықтармен, бір реттік материалдармен қамтамасыз етілуі қажет;
Қызмет көрсету барысында келушініңденсаулығына зиян келтірмейтін және жеке ерекшеліктерін ескеретін тәсілдер таңдалуы тиіс.

Химиялық заттарды қолданғанда олардың технологиясы, құрамы, концентрациясы және әсер ету уақыты міндетті түрде сақталуы керек. Қолданылатын өнімдердің қауіпсіздігін растайтын құжаттар болуы шарт.

Қанмен жанасуы мүмкін барлық манипуляциялар резеңке қолғаппен жүргізілуі тиіс. Егер қызметкердің қолында ашық жара, сызат, іріңді бөртпе болса, қорғаныш құралдарын (пластырь) қолдануы қажет.

Маникюр, педикюр және косметологиялық қызметтер жеке жинақтармен орындалуы керек. Мұндай қызметтер кезінде тері мен шырышты қабық зақымдалуы мүмкін болғандықтан, барлық кезеңде қауіпсіздік шаралары толық сақталуы тиіс. Манипуляция алдында және кейін тері зарарсыздандырылуы қажет.

Құралдар бу, құрғақ ауа немесе химиялық әдіспен стерильденіп, таза жағдайда сақталуы керек. Педикюр кезінде аяқ астына салынатын жастық әр қолданғаннан кейін дезинфекциялық ерітіндімен сүртіледі. Қолға немесе аяққа арналған ванналар әр келушіден кейін жуылып, өңделеді.

Пеньюарлар тек таза сүлгімен немесе бір реттік жаға, лентамен бірге қолданылады. Әр келушігетаза киім-кешек (сүлгі, ақжайма, басқалар) берілуі тиіс. Таза және пайдаланылған киім бөлек сақталып, пайдаланылғаны қайта қолданылмайды.

Тарақтар, щеткалар, қайшылар әр келушіденкейін жуылып, дезинфекциялануы қажет. Электр ұстаралары мен косметикалық құралдардың пышақтары әр қолданған соң дезинфекция ерітіндісімен екі мәрте өңделуі керек. Барлық жуғыш және дезинфекциялау заттары арнайы жерде сақталады.

Қанмен ластанған қол немесе қолғап сабынмен жуылып, дезинфекциялануы тиіс. Қанменластанған қолғаптар арнайы ерітіндіге салынып, кейін жойылады.

Қызметкерлер жеке бас тазалығын сақтауықажет. Терінің тұтастығын бұзатын қызметтердікөрсететін мамандар жұмысқа орналасарда жәнежыл сайын В және С гепатиттеріне тексерілуі тиіс.

Эпидемияға қарсы шаралар, тазалау жәнезарарсыздандыру жұмыстары үшін жауапкершілікнысан әкімшілігіне немесе иесіне жүктеледі.

 

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшыорынбасары А. Еркінбекова

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ЕЛДІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ КӨТЕРЕТІН ПЛАТФОРМАҒА АЙНАЛДЫ

Биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік құзырлы органдарға бірқатар тапсырма берді. Сонымен бірге ел басшысы өз кезегінде жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылғанын, үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарғанын, оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар екенін алға тартты. Әрі реформалар қатарында пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланғанын, биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтынын, түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін бергенін де атап өтті.

Ұлттық Құрылтайда көтерілген ұсыныс-талаптар мен Парламент арасындағы рухани байланыс жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, Ұлытаудағы жиында 25 қазан – Республика күнін ұлттық мереке мәртебесін қайтаруға екпін берілсе, 2022 жылы Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзету енгізіп, ұлық мерекенің қайта салтанат құруына заңдық негіз жасады. Түркістандағы Құрылтайдан кейін «Балалар кітапханасы» атты жаңа жоба дүниеге келді. Жалпы айтқанда, Ұлттық Құрылтай қазақтың тағдыршешті шешімдер алаңына айналды. Тіпті Ұлттық Құрылтайдың маңызы Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауынан кем түсіп тұрған жоқ.

Фаез Файзидинов,
Қазақстан халқы Ассамблеясының Түркістан облыстық өкілдігінің мүшесі