ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АШЫҚ ЖАҒАЖАЙЛАР САНЫ АРТАДЫ

Түркістан облысында шомылу маусымы басталмағанына қарамастан 2025 жылдың басынан түрлі жағдайларда

16 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Оның 6-ы жас балалар. Бұл туралы өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Оразгелді Дүйсен мәлімдеді.

«Жалпы облысымыздағы ең басты мәселелердің бірі – арнайы шомылу орындарының аздығы. 2024 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қосымша 14 шомылатын арнайы жағажайлар жұмыс істеді. Бұл облыстың 2 миллионнан аса тұрғынына аз. Сондықтан да биыл облыс әкімдігінің қолдауымен шомылуға арналған ашық жағажайлардың санын 50-ге жеткізу жоспарлануда. Айта кететін жайт, өткен жылғы статистика көрсеткендей қайғылы жағдайдың 45%-ы канал, арықтарда орын алған. Сол себепті облыс тұрғындарына шомылу маусымының басталуына орай судағы қауіпсіздік ережелерін толықтай сақтауларын сұраймын»-деді сала басшысы.

Сонымен қатар баспасөз жиынында Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дулат Арын жылыту маусымының аяқталуына орай жыл қорытындысын баяндады.

«2024-2025 жылғы жылу беру кезеңінде өңірімізде улы газдан уланудың 7 жағдайы тіркелді. Уланудың салдарынан 5 адам қайтыс болып, 7 адам жарақат алған. Сонымен қатар, облыс аумағында 2024-2025 жылдары жылыту маусымы кезеңінде 201 өрт оқиғасы тіркеліп, өрт салдарынан 4 адам қайтыс болып, 5 адам жарақат алды. Сондай-ақ, 2024 жылы орман шаруашылығында жалпы көлемі 1986 гектар аумақты шарпыған 6 өрт оқиғасы тіркелді. Ал биылғы жылы орман өрттері тіркелген жоқ. Дала орман өрттерін алдын алу мақсатында облыс бойынша өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілуде»-деді спикер.

 

ТҮРКІСТАНДА ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІНЕ ОРАЙ «Weekend.Book.Vibes» МӘДЕНИ ШАРАCЫ ӨТТІ

Түркістанда облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының бірлесуімен «Ұлттық кітап күніне» орай шара өтті. Салтанатты жиында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Нұржанұлы арнайы сөз сөйлеп, мерекенің маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, жиынға қатысқан журналист Тельман Бейсен, тарихшы-ұстаз Баян Адырбек, мәдениет қайраткері, Түркістан қаласындағы «Әйелдер алқасының» төрайымы – Ұлжан Мұстафаева, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі – Сайлаухан Жоланов, журналист Төребек Байтас, ақын Дәурен Тілеухан ұлттық кітап күнімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Бұдан бөлек, іс-шараға «TalkLike» оқырмандар клубының мүшелері мен оқырмандары қатысты. Мәдени шара – кітап сүйер қауымның демалыс күндеріндегі оқуға деген махаббатын, жайлы атмосферасын және оқыған кітаптарынан алған әсерлерін бөлісуге бағытталған. Сондай-ақ, «Weekend.Book.Vibes» аясында «Оқырман дәмханасы» тақырыбында шара өтті. Сонымен қатар, іс-шара барысында әдеби викториналық сұрақтар, кітап көрмесі жасақталып, шолу таныстырылымдар өткізілді.

Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында тарихи мұра маңайы тазартылды

Түркістандық жастар «Таза Қазақстан» аясында тарихи-мәдени және киелі нысандар аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Киелі жерлердің тазалығын сақтау, тарихи-мәдени мұраларға деген құрметті арттыру, сондай-ақ жастардың экологиялық сана-сезімін нығайту мақсатында 300-ден астам белсенді жас, еріктілер, музей қызметкерлері және қала тұрғындары тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Іс-шара барысында қатысушылар аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазалап, абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Нәтижесінде 2 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны көгалдандыру мақсатында 50-ден астам ағаш көшеті отырғызылды.
Бұл бастама тарихи орындардың сақталуына, өңірдің экологиялық жағдайының жақсаруына және тұрғындар арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізілген бұл сенбілік алдағы уақытта Түркістан облысының өзге де тарихи-мәдени орындарында жалғасын табатын болады.
Атап өтейік, кеше «Таза Қазақстан» экофестивалі өтті. Аталған шарада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керектігін атап өткен болатын.
Президент бастамасын қолдаған Түркістан облысында былтырдан бері «Таза Қазақстан» акциясы кеңінен жүргізілуде. Экологиялық акция аясында облыста былтыр бастау алған “Үлгілі ауыл” байқауы биыл да жалғасын тапты.
Биыл байқау ережесін өзгеріс енгізіліп, аудан орталығы болып табылатын ауылдар қатыстырылмайды.

Сонымен қатар, биылдан бастап «Жомарт түлек» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың, ауыл тумаларының туған жерін, білім алған оқу орнын абаттандыру, эстетикалық көрінісін реттеу, тазалығын сақтау, демеушілік жасау қолға алынды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕУРОПАЛЫҚ ИММУНДАУ АПТАЛЫҒЫ ӨТЕДІ

Түркістан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұйымдастыруымен 27-сәуір мен 3-мамыр күндері аралығында еуропалық иммундау апталығы өтеді. Қазіргі таңда 2005 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының ұсынысы бойынша қолға алынған шараға дайындық жұмыстары күшейтілген. Бұл жайында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Азамат Тілес БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Апталық жыл сайын сәуірдің соныңда тұрғындарды иммундаудың маңыздылығы жөнінде хабардар ету мақсатында өткізіледі. Бұл науқан халықтың жұқпалы аурулардың екпе профилактикасына оң көзқарасын қалыптастыруға, адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау, өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін иммундаудың маңыздылығын насихаттауға бағытталған. Иммундау – жыл сайын миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалады»- деді Азамат Файзуллаұлы.
Ағымдағы жылдың 3 айында ұлттық егу күнтізбесі аясында облыс бойынша халықты профилактикалық егумен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, екпеден бас тартушылар саны азаймай, қауіпті инфекциялардан эпидемиологиялық ахуалдың асқынуы байқалып отыр. Бұл жайында Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас иммунологы Жадыра Ерсұлтанова мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі есепке алынған егуден бас тартушылар саны 864 адамды құрап отыр.


Айта кетейік, жоспарлы егулер жыл бойы емханалар мен мектептердегі медициналық кабинеттерде тегін жүргізіледі. Вакцинация үшін егілушілердің немесе ата-аналардың жазбаша келісімі болуы міндетті және дәрігердің тексеруінен кейін рәсімделуі керек. Вакцинациядан кейін егілушілер 30 минут медициналық ұйымда бақылауда болады.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Түркияға ресми сапармен барды

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың шақыруымен Ерлан Қошанов бастаған бір топ Мәжіліс депутаты Түркия Республикасына ресми сапармен барды.
Парламент басшылығымен кездесуде Мәжіліс төрағасы қос мемлекеттің арасында шынайы достық пен туыстық байланысқа негізделген берік ынтымақтастық орнағанына айрықша назар аударды. Ол Қазақстан мен Түркия арасындағы ерекше жақын қарым-қатынасты екі ел көшбасшылары арасындағы бауырлық байланыстан-ақ аңғаруға болатынын айтты. Президенттердің әр кездесуі ынтымақтастықты тереңдетуге зор серпін береді.
Парламентаралық ынтымақтастықтың перспективалары әңгіменің өзегіне айналды. Бұл ретте тараптар заң шығару бағытындағы байланысты тереңдетуге келісті.
Тараптар көпжақты форматта да ықпалдастықты тереңдетуге қызығушылық танытып отыр. Бұл ретте Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы аясындағы жұмысқа ерекше мән беріледі. Аталған ұйымға төрағалық биыл Қазақстанға өтеді. 11-12 маусымда Астанада ТҮРКПА-ның отырысы жоспарлануда. Оған түрік тарапы қатысатынын айтты.
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы өз сөзінде қазақ-түрік ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дами беретінін атап өтті.
Сапар барысында делегация мүшелері Ататүрік кесенесіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етті. Мәжіліс спикері құрмет кітабына жазба қалдырып, Тәуелсіздік соғысы мұражайын және Президент жанындағы Ұлт Кітапханасын аралады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПЕН ГУРБАНГУЛЫ БЕРДІМҰХАМЕДОВ ӨНЕРКӘСІП КӨРМЕСІН АРАЛАП КӨРДІ

Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы SPK Turkistan индустриалды паркіне барды.
Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 36,5 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерінің, ауыл шаруашылығы тракторлары, білім мен медицина мекемелеріне арналған жиһаздар, есіктер және өндірістік тоңазытқыштар өндірісі жолға қойылған.
Өндіріс паркін дамытудың келесі кезеңінде 70 гектар аумаққа 112 ғимарат салу, сондай-ақ жалпы сомасы 39,7 миллиард теңге болатын 13 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов ғарыш саласында, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы, жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібінде қызмет ететін қазақстандық өндірушілердің көрмесімен танысты.
Экспозицияға отандық кәсіпорындар шығаратын автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникалары, тұрмыстық техника, медициналық құрылғылар, өндірістік аккумуляторлар, жиһаздар, текстиль, киім және тағы да басқа тауар түрлері қойылған.
  

Кентауда «Таза Қазақстан» аясында өзен жағалаулары тазартылды

Кентаулық жастар «Таза Қазақстан» аясында Оранғай ауылы аумағындағы өзен жағалауларында кең ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
100-ден астам жергілікті жастар, еріктілер мен ауыл тұрғындары бірігіп, өзен жағалауын қоқыстан тазартып, табиғи ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты. Мұндай игі істер жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, экологиялық тәрбие берудің жарқын үлгісіне айналды.
Тазалық жұмыстарын жүргізу барысында Кентау қалалық жастар орталығының басшысы Сұлтан Азат қала жастарын экологиялық белсенділікті күшейтуге, табиғатты аялауға шақырды.


«Өздеріңіз білетіндей, күні кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экофестиваліне қатысып, еліміздің жастарына үндеу айтты. Біз Президенттің бастамасын қолдап, экологиялық ағарту жұмысын тұрақты жүргізуіміз керек. Жастар – осы елдің қозғаушы күші. Табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза ұстау, халықтың экомәдениетін көтеру – біздің басты міндетіміз!», деді өз сөзінде.

Жыл басынан бері облыстағы жастар ресурстық орталығы 159 іс-шара ұйымдастырған, оның ішінде 143 сенбілік, 9 экочеллендж, 7 экомарафон өткізіп, 7856 жас қамтылған. Аталған шараларға белсенді азаматтар, жастар, мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері және аналар алқаларыда іс-шараға өз үлестерін қосты.

Ал, жалпы облыс көлемінде «Таза Қазақстан» аясында жыл басынан бері 428 725 ағаш отырғызылып, 2000-ға жуық техника тартылды, 6 758 тонна қоқыс шығарылды.

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ МЕН ТҮРІКМЕНСТАН ХАЛК МАСЛАХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ TURKISTAN ВИЗИТ ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

Меймандарға көне «Күлтөбе» қалашығының тарихи келбетін сақтау және абаттандыру жобасы туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов тарихи ескерткішті музейге айналдыру барысымен танысты. Қалашықтың 27 гектар аумағында археологиялық қазба жұмыстары аяқталған.
Сонымен қатар таяуда ашылатын «Қолөнершілер қалашығының» тұжырымдамасы таныстырылды. Оның ішінде шеберханалар, ұлттық тағам түрлерін ұсынатын орындар, шығыс базары және шағын қонақ үйлер орналаспақ.
Осы орайда биыл 25 наурызда Түркістанға World Craft Council халықаралық ұйымының шешімімен «Қолөнершілер қаласы» деген мәртебе берілгенін атап өткен жөн.
Бұдан бөлек, визит орталықта Қазақстан Президенті мен Түрікменстанның Ұлт көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі бірегей тарихи жәдігерлермен танысты.
 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАРУДЫ ҚАБЫЛДАП АЛУ АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Бұл жайында брифингте Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқарамасының инспекторы Абдулла Аманбаев мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, биыл 21 сәуірден бастап Республика көлемінде заңсыз сақтауда тұрған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акция өтеді. Іс-шара ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

«Заңсыз сақтаудағы қару-жарақ құралдарын сатып алу жөніндегі акция ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы бұйрығымен бекітілген. Ерікті түрде тапсырылатын атыс қаруына, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарға дәрежесіне қарай ақшалай сыйақы беріледі. Яғни, автоматты ойық қаруға – 393 200 теңгеге дейін, ұзын ойық ұңғылы қаруға – 196 600 теңгеге дейін, қысқа ұңғылы ойық қаруға – 157 280 теңгеге дейін, тегіс ұзын ұңғылы қаруға – 117 960 теңгеге дейін беріледі. Одан бөлек, травматикалық тапанша немесе револьверге – 39 320 теңгеге дейін, жарылғыш зат және артериялық снарядқа – 27 524 теңгеге дейін, жарылғыш заттың 1000 граммына – 23 592 теңгеге дейін беріледі. Одан бөлек, 5,6 мм калибрден жоғары ойық ұңғылы қарудан атуға арналған оқтың данасына – 112 теңгеден, 5,6 мм калибрлі кіші ойық ұңғылы қарудан атуға арналған оқтарға данасына – 34 теңгеден беріледі. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырылған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады»,- деді Абдулла Аманбаев.

ТҮРКІСТАНДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Түркістан қаласында жалпықалалық сенбілік өтті.

Тазалық шарасына Түркістан қаласына қарасты дербес бөлімдер, 6 сектор, коммуналдық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері белсенді қатысып, жалпы саны 800-ге жуық адам қала тазалығына өз үлестерін қосты. Сонымен қатар сенбілікке 18 арнайы техника жұмылдырылды.

Сенбілік барысында Кентау тас жолы және Б.Саттарханов даңғылының қиылысындағы көшелерде шөптер шабылып, аяқжолдар сыпырылып, қоқыстар жиналды.

Нәтижесінде 50 тоннаға жуық тұрмыстық және табиғи қоқыс қалдықтары тазаланды.

Қала аумағында экологиялық тұрғыдан маңызды деп танылған 18 белгіленген аумақта сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Түркістан қаласы әкімдігі мен тиісті мекемелер бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, өңір экологиясын жақсарту жолында белсенді жұмыс атқаруда.