ҚАЗЫҒҰРТ – ТАРИХ ПЕН РУХАНИЯТ ТОҒЫСҚАН ТАУДЫҢ ШЫҢЫНА ШЫҚТЫҚ.

Бұл іс шара “Miras”тың ең алғашқы төрағасы Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналады. Ойтолғаушы деп айтушы едім шынында ойтолғаушы еді..“”MIRAS” ты енді сен басқаршы” деп тізгінді қолыма ұстатып кеткен болатын. Алғашқыда жүрексінгенімді несіне жасырайын. Аманатты арқалап отырыстарды көшпелі түрде өткізіп жатырмыз. Рухы биік, әділ еді, бірақ ешкіммен айтыспайтын, жақпай қалса қолын бір сілтей салатын. Артық әңгімесі жоқ, өсек аяңнан биік тұратын еді. Қаламы майлы, елге айтары көп, көркем мінезді азамат еді. Ештеңе мәңгілік емес…

80 жылдыққа ойлап тапқаным Қазығұрттың “Кеме қалған”шыңына шығу болды. Рухыңыз биікте, пейіште шалқысын деген ниет еді..Ұрпаққа қалдырған қаламыңыз -бояуы өшпейтін ізгілік мұрасы. Мирастықтар Сізге риза. Жатқан жеріңіз жайлы болсын! Қабіріңізге қойылған құлпытас жартылай ашылған кітап етіп жасалыпты. Сіз шынында да кітапсыз, елдің бағына біткен құнды қазынасыз. Мирастықтар Сіздің қадіріңізді біледі.

“AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы “MIRAS” кеңесінің отырысы ағымдағы жылдың 16 мамыр күні киелі мекен Қазығұрт ауданында өте жоғарғы деңгейде өтті. Кеңес отырысынан кейін 16:30 -да Қазығұрт тауына қарай беттедік. Күн төбеден ауғанда шықтық деген атымыз болмаса күн құрғыр шыжғырып барады.Аңыздарда адамзат баласын аман алып қалған Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа келіп тоқтаған деседі. Нұх пайғамбар (ғ.с.) адамдарды иманға шақырғанымен, оның қауымы сенбеді. Жаратушы оларға үлкен топан суды жіберіп, тек Нұх (ғ.с.) және оның кемесіне мінген иманды жандар мен жан-жануарлар ғана аман қалады. Бұл — адамзат тарихындағы үлкен сынақ әрі жаңа кезеңнің бастауы болған.

Бұл жай ғана миф емес, ұлттың жадына сіңіп кеткен үміт пен аманаттың символы. Мыңдаған жыл өтсе де, Қазығұрт аты аталғанда адамзаттың қайта тірілуі, жаңа өмір бастау туралы ой келеді. “MIRAS” кеңесінің мүшелерімен аңыздарды айтып, табиғатты тамашалап тау шыңына шыққанша сырластық. Таудың шыңына шыққан кезімізде күн ұясына батып, ымырт қараңғы түскен еді. Уақытқа қарасам сағат 20:30 болыпты. Қазығұртқа бір барған адам – тарихпен тілдесіп, табиғатпен үндесіп қайтады. Бұл – жүрекке тыныштық, жанға күш беретін, рухыңды биіктететін қасиетті мекен. Тау етегіндегі самал жел, аспанмен тілдескен шыңдары, табиғаттың тылсым үндестігі — бәрі де ішкі жан дүниеңді тазартып, рухани серпіліс береді. Мұнда әр тас, әр сүрлеу — мыңдаған жылдық сырдың куәсі. Бұл тау – өткен мен бүгінді жалғап тұрған рухани көпір.

Қазір бәріміз жаңғыру, жаңару, түлеу жайлы көп айтып жүрміз. Қазығұрт – сол идеяның түпкі тамыры. Теңіз деңгейінен 2300 метр биікте орналасқан Қазығұрт тауының Кеме қалған шыңына шығып құран оқып, тілек тіледік.

ҚАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕЕВА – «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты

Штапель талшығын өндіру бойынша «Фибратекс» ЖШС жобасы туралы

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу және қалдықтарды басқару жүйесін дамыту аясында утилизациялық төлем есебінен жеңілдетілген қаржыландыру механизмі жұмыс істейді. Қаржыландыру 3%-дық жылдық мөлшерлемемен және 15 жылға дейінгі мерзіммен, төлемдерді екі жылға дейін кешіктірумен беріледі.

Экология министрлігі мен «Атамекен» ҰКП тарапынан әкімдіктер ұсынған 67 жобаның 43-і қалдықтарды қайта өңдеуге бекітілді. Біз әрбір кәсіпорынның қызметін жариялауды жалғастырамыз. «Фибратекс» ЖШС Атырау қаласында орналасқан. 2024 жылдан бері жұмыс істейді. Жобаның мақсаты – ПЭТ-бөтелкелерді қайта өңдейтін және жоғары сапалы штапельді жіп шығаратын заманауи зауыт құру.

2024 жылы компания ПЭТ-бөтелкелерді қайта өңдеу желісі (сағатына 1000 кг шығаратын), полиэфирлі штапельді жіп өндіру желісі (тәулігіне 20 тонна), сондай-ақ жүк көтергішпен жабдықтарды сатып алу үшін 1 043,6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруға өтінім берген.

Осы жобаның іске қосылуы штапельді жіп өндірісін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Министрлік «Жасыл даму» АҚ қаржылық қолдау алған кәсіпорындардың қызметін әрі қарай жариялайтын болады.

Энергетикаға инвестиция: «Тарифті инвестицияға айырбастау» – жаңғыртуға жаңа мүмкіндіктер ашады

Қазақстанда энергетика саласын кешенді жаңғыртып, оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңартылған бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл тетік энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру үшін мақсатты инвестиция тартуға мүмкіндік береді әрі тұтынушыға түсетін жүктемені барынша азайтады.

2024 жылы бағдарлама аясында едәуір қаражат жұмылдырып, елдегі электр станцияларында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын дер кезінде орындауға қол жеткізілді. 2025 жылы инвестиция көлемі 428 млрд теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде, бұл ағымдағы жылмен салыстырғанда 13,24 %-ға жоғары.

Жаңартылған тәсілдің басты жаңалығы – инвестицияларды қайтарудың жылдық лимитін 32 млрд-тан 428 млрд теңгеге дейін көтеру және электр қуатын қолдауға арналған қызметтің шекті тарифін арттыру. Бұл жеке капитал тартуды және ауқымды техникалық қайта жарақтандыруды ынталандырады.

«Тарифты инвестицияға айырбастау» бағдарламасы тарифтік өзгерістерді энергия өндіруші компаниялардың нақты міндеттемелерімен – жөндеу қорларын ұлғайту, жабдықтарды жаңарту, өндірістік персоналдың еңбек жағдайын жақсартумен қатаң байланыстыруды көздейді. Еңбекақыны көтеру, станцияларды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу – осының барлығы бүкіл энергетикалық жүйенің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Сөйтіп, бағдарлама шеңберіндегі тарифті түзету – шығын өсуіне жай жауап емес, заманауи, орнықты әрі келешекке бағытталған энергетиканы қалыптастыруға жасалған ойластырылған қадам. Ұзақ мерзімді инвестициялық көзқарас арқылы Қазақстан энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жетуге елеулі үлес қосады.

Тариф қалыптастырудың ашықтығы мен қаражатты пайдалану туралы есептілікке келсек, энергия өндіруші ұйымдардың деректері енді уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы ұсынылады.

Сондықтан электр энергиясы бойынша шекті тарифті бекіту немесе түзету жөніндегі келесі өтінімдер де осы ақпараттық жүйе арқылы беріліп, тарифтүзу процестері толық цифрландырылмақ.

Қазақстан мен Иран архив және кітапхана ісі саласындағы ынтымақтастықты нығайтып жатыр

18 мамыр күні Тегеран қаласында «Ғылым ордасы» РМК делегациясының Иран Ислам Республикасының Ұлттық кітапханасы және архиві басшылығымен ресми кездесуі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – ғылым, архив және кітапхана ісі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ құжаттық мұраны сақтау, қалпына келтіру және консервациялау бағыттары бойынша кәсіби тәжірибе алмасу арқылы екі ел арасындағы әріптестікті нығайту.

Жиналыс барысында қазақстандық делегация Иран архиві мен кітапханасының инфрақұрылымымен, атап айтқанда құжаттарды сақтау жүйесімен, қалпына келтіру және консервациялау бөлімдерінің жұмысымен, сондай-ақ цифрландырудың заманауи әдістерімен жан-жақты танысты.

Кездесу нәтижесінде «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов пен Иран Ислам Республикасының Ұлттық кітапханасы және архиві басшысы Голямреза Амирхани (Gholamreza Amirkhani) ғылым, архив және кітапхана ісі салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды.

Ұлар Мұқажанов бұл келісімді екі ел арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды дамыту жолындағы маңызды кезең ретінде атап өтті. «Иранмен архив және кітапхана ісі саласындағы әріптестік – бұл тек кәсіби тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар құжаттық мұраны сақтау, қалпына келтіру және цифрландыру бағыттарындағы озық тәжірибемен бөлісудің тиімді алаңы. Мұндай ынтымақтастық екіжақты мәдени-ғылыми қарым-қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтереді», – деді «Ғылым ордасы» РМК бас директоры.

Меморандум Қазақстан мен Иран арасындағы архив және кітапхана ісіндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық серіктестікті кеңейтудің маңызды негізі болды. Ол екі елдің бірлескен ғылыми жобалары мен цифрландыру саласындағы зерттеулерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл келісім «Ғылым ордасының» халықаралық дамуына серпін беріп, Қазақстанның ғылыми және мәдени мұрасын әлемге кеңінен танытуға жол ашады.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2025-форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша фермерлерге 6,4 млрд теңге жіберді

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы дәнді және майлы дақылдарды форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруды жалғастыруда.

16 мамырдағы жағдай бойынша ұлттық оператор 169 мың тонна астықты күзгі тапсыру үшін алдын ала төлем ретінде фермерлердің шотына 6,4 млрд теңге аударды. Оның 4,7 млрд теңгесі бидай өндірушілерге, 549 млн теңгесі майлы зығыр өсіруге маманданған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, 367,7 млн теңгесі арпа жеткізушілеріне бағытталды. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысына тиесілі күнбағыс өндірушілеріне басым бөлігі 688,9 млн теңге жіберілді.

Қаржыландырудың ең көп көлемі дәстүрлі түрде негізгі астықты аймақтарға келеді. Қазірдің өзінде қаржылай қолдауды Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының 98 ауыл шаруашылығы кәсіпорны алды.

2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша майлы дақылдарды өндірушілерді несиелендіру көлемі ұлғайтылады.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталғаннан бері Азық-түлік келісімшарт корпорациясына жалпы сомасы 19 млрд теңгеге жүгінген. Форвардтық келісімшарттар бойынша шаруалар орақ науқаны аяқталғаннан кейін мемлекеттік оператордың ресурстарына 368 мың тонна астық жеткізуді жоспарлап отыр.

Форвардтық қаржыландыру бағдарламасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді егіс жұмыстарына қолжетімді қаражатпен қамтамасыз етуге бағытталған. Алған авансты шаруалар тұқым, тыңайтқыш, қосалқы бөлшектер және басқа да ресурстарды сатып алуға жұмсайды. Бұл ретте мемлекет қаржыландыруды ғана емес, сонымен қатар Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы астық өнімдерін әділ бағамен өткізуге де кепілдік береді. Осылайша, форвардтық тетік фермерлерге қаржылық жүктемені азайтуға және маркетингтік тәуекелдерді барынша азайтуға көмектеседі.

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркістан облысы, Созақ ауданында «Қазыналы Созақ – ұлт руханиятының негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Тағылымды жиында еліміздің тарихында өзіндік орны бар өңір – Созақтың өткен тарихы мен бүгінгі келбеті, мәдениеті және тарихи орындарының ғылыми негізі кеңінен талқыланды.

Басқосуға отандық және шетелдік белгілі тарихшылар, археологтар, өнертанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. Өзбекстан, Қырғызстан секілді бауырлас елдердің ғалымдары да рухани байланыстың тамырын сөз етті.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі модераторлық етті.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет» деген сөздеріне ерекше тоқталып, Созақтың көне және орта ғасырлардағы, Қазақ хандығы тұсындағы тарихы жайында ғалымдардың ой-тұжырымдарына негізделу керектігін атап өтті. Сондай-ақ Созақтың сан ғасырлық тарихы бар, қазақ халқының тағдырында ерекше орын алатын қасиетті мекен екенін айтып, басқосудың ғылыми тұрғыдағы мән-маңызына тоқталды.

Ал аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков алғаш рет өткен ғылыми-практикалық конференцияның аудан үшін үлкен мәртебе екенін жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Конференция қарарымен қатысушыларды Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Көпжасар Жетібаев таныстырды.

Маңызды шарада сондай-ақ, Созақтың киелі орындарын Түркістан облысының туризм картасына енгізу, инфрақұрылымын қалыптастыру, Созақтағы мәдени мұраларды ЮНЕСКО тізіміне енгізу жөніндегі ұсыныстар айтылды.

КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ БІЛІМ ОРДАСЫ

«Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі» МҚКҚ – қазіргі жаһандану кезеңіндегі өзгерістерге сай бәсекеге қабілетті, кәсіби білікті маман даярлауда өзіндік орны мен шежірелі тарихы бар білім ордасы.

Оңтүстік өңірдегі ағартушылық бағытта мамандар даярлайтын, ілгері білімді кеңінен меңгерген, бастамашыл, еңбек нарығы мен технологиялардың ауысып тұратын талаптарына бейімделген қоғамда жұмыс жасай алатын, заман талабын ескере отырып өркендеп келе жатқан білім мекемесі.
Тағылымды тарихы 1934 жылдан басталатын, заманымен үндескен қарашаңырақтан елімізге әйгілі академик, профессорлар, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы азаматтар шығып, «Білім керуенінің» көшін бастады.
Колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи технологиялық жүйемен қамтамасыз етілген, білім алушыларға қолайлы жағдай жасалған.
Білім ордасында гуманитарлық және техникалық бағытта төмендегі мамандықтар оқытылады: “Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі”, “Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту”, “Негізгі орта білім берудегі тіл мен әдебиетті оқытудың педагогикасы мен әдістемесі”, “Дене тәрбиесі және спорт”, “Туризм”, “Бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)”, “Есептеу техникасы және ақпараттық желілер (түрлері бойынша)”, “Зергерлік іс”, “Сәндік қолданбалы және халықтық кәсіпшілік өнері (бейін бойынша)”, “Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу”, «Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану».
Ахан Асанов басқарып отырған білім ордасының ұжымы «Инновациялық дамудың қажеттілігі мен міндеттеріне сай, өңірдің өзгерген, әлеуметтік-экономикалық жағдайында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кәсіби машықтанған, бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды даярлау» миссиясы бойынша жұмыс жасайды.
Колледждің стратегиялық жоспарлау міндеттерін жүзеге асыру нәтижесі – жоғары сападағы оқытушыларды даярлауда интеллект пен мәдениет рухын, студент өмірінің бірегей көрінісін сақтау.
Колледж ИДЖ – негізінде Дүниежүзілік банк жариялаған конкурста «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша грант иеленген. Өңірдегі және аймақтағы сұраныстарға жауап беретін, жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына үлес қоса алатын педагог кадрлар мен білім алушылар республика, облыс деңгейінде жоғары биіктерден көрінуде. Білім ордасы облыс деңгейінде «Сән технологиясы» бойынша құзыреттілік орталығы болып саналады. Дәстүрлі өткізілетін «Үздік шебер» байқауында арнайы пән оқытушылары жыл сайын жүлделі І орыннан көрінуде.
Колледж студенттері «WorldSkills Turkestan», республикалық «WorldSkills Kazakstan» чемпионаттарында, түрлі зияткерлік сайыстар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, колледж мерейін үстем етуде.

Колледж спортшылары түрлі облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Техникалық және кәсіптік білім саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында серпінді жұмыстар атқарылуда.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру мақсатында білім алушыларға қолайлы жағдайлар жасау көзделуде. Шәкіртақының, жан басына шаққандағы қаржының ұлғаюы, жастардың бос жүрмеуін көздеу, белгілі бір маман иесі болып шығуына ықпал ету, еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілету – басты мақсат.
«Жас маман» жобасы аясында колледжіміз «IT» және «Қол өнер» мамандықтары бойынша республикалық деңгейдегі құзыреттілік орталықтар болып саналады. Аталған жоба аясында «3 D модельдеу және протиптеу», «Кибернетика, робототехника», «Бағдарламалық инженерия және Biq Data талдау» сияқты бірнеше кабинет-зертханалар ашылды.

Дуальды оқыту жүйесі арқылы білім алушыларымыз өңірдегі озық мектептер мен балабақшаларда, өнеркәсіп орындарында тәжірибелерін шыңдауда.
Педагог кадрларымыз білім сапасын арттыру мақсатында ғылым мен техниканың озық үлгісі болған мемлекеттердің тәжірибесін үйреніп, біліктіліктерін арттыруда. Түркия, Сингапур, Малайзия, Франция, Германия, Белоруссия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдердің оқу үдерісіндегі жаңашылдықтарды үйреніп, тәжірибе алмасуда.

Білім ордасы – талантты да талапты жастардың өзіндік айқындамасы бар, нағыз азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңіріп келе жатқан оқу орны.
Құрметті 9 және 11 сынып мектеп бітіруші түлектер және ата-аналар!
Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі сіздерді 2025-2026 оқу жылына білім алуға шақырады. Шалғай қалалар мен аудандардан келетін білім алушылар жатақханамен қамтамасыз етіледі.
Құрметті талапкер!
Бәсекеге қабілетті, өз болашағына нық сеніммен қарайтын маман боламын десеңіз, таңдауыңыз бізде болсын!
Қазақ зиялысы Жүсіпбек сөзімен айтсақ, «Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң, үйренерсің, іздеп көрсең – қалмасаң».
Біздің мақсатымыз – жастарды білім алуға шақыру, саналы білім, сапалы тәрбие беру, елдің жарқын болашағы жолында үздік еңбек ететін мамандарды дайындау.

Мира СЕЙЛБЕКОВА,
«Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі» МҚКҚ әдіскері.

Қ.А.Ясауи даналығы – ұрпаққа мұра.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында:  «Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет»,- деген болатын.

Осыған орай, киелі Түркістанда «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум өтті.

Симпозиумға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова және еліміз бен Әзербайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Жапония елдерінен келген жүзге жуық белгілі ғалымдар қатысты.

Өз кезегінде, Ерлан Қарин Мемлекет басшысының симпозиумға қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқып беріп, симпозиумның Ясауи мұраларын терең зерттеуге және насихаттауға зор үлес қосатынын атап өтті.

Ия, расында бұл жиынның маңыздылығы өте ерекше. Көпшілік әсер алған симпозиумда XII ғасырдағы ұлы ойшыл, түркі сопылық мектебінің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи мұрасының түрлі қырлары қамтылған  ғылыми баяндамалар жасалып, қызықты пікірлер айтылды. Соның бірі, ұлт әдебиетінің ұлы классигі Абайдың Қожа Ахмет Ясауи ілімін оқығандығы және Абайдың шығармаларындағы көзқарасы, идеялық мазмұны Ясауи ілімімен үндесетіндігі айтылды.

Жалпы, Қожа Ахмет Ясауи ілімі – бірлікке, жеке адам мен қоғамды тұтастыққа, жалпы жаратылыстың гармониясы мен діндер арасындағы төзімділікке бағытталған. Данышпан бабамыздың мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік көзқарастары бүгінгі біз өмір сүріп жатқан қоғамға берері мол. Әсіресе жастарды имандылық пен ізгілікке, адалдық пен тазалыққа, отансүйгіштікке, төзімділікке шақыруда рөлі зор.

Ахмет Ясауи даналығы мың жылдар бойына ұрпақтан-ұрпаққа мұра. Оның «Хикметтер жинағы», «Диуани хикмет», «Пақырнама және тағы да басқа еңбектерінің жүздеген елдің тілдеріне аударылуы – оның маңыздылығын көрсетеді.

Сондықтан, Ясауи жолын, оның ислам мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесін тануда осындай халықаралық шаралардың өткізілуі өте құптарлық іс.

Өйткені, Ясауи мұрасының ой толғамдарында көрсетілген адамдардың ғылым мен білімді меңгеруі, қоғам болып дамуы туралы өсиеті осы заманның ырғағына орамдас жазылғандай.

Ғұлама Ясауидің нақыл сөздерін оқып қараған әрбір оқырман бұл еңбектердің ешқашан мағынасын жоғалтпайтын, әлі талай ғасыр адамзаттың рухани қазынасы болатын дүние екендігіне көз жеткізеді деп ойлаймын.  

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов