«Кибер Тұмар» – Цифрлық болашақтың жаршысы

Түркістан облысының білім басқармасына қарасты мектептерінде 28 мамыр күні балаларды қорғау күніне орай, “Қазақстан балалары” бірыңғай тұжырымдамасы аясында «Кибер тұмар» ақпараттық білім беру науқаны өтті. Бұл науқан интернеттегі қауіптерден қорғауға, интернет алаяқтардан аулақ болуға, жалған ақпараттардан сақ болуға және олардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Науқан аясында оқушыларға: Жеке деректерді қалай қорғау керек?, Кибербуллингтен қалай сақтануға болады?, Әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалану жолдары, интернет алаяқтардан сақтану сияқты маңызды тақырыптар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.  Мақсат – балалардың қауіпсіз цифрлық ортада дамуына ықпал ету және олардың интернеттегі жауапкершілігін қалыптастыру.

Мектептерде балаларды цифрлық ортадан қорғауға бағытталған «Кибер тұмар» ақпараттық білім беру науқаны” 4, 8, 9, 10 сынып оқушылары арасында арнайы ұйымдастырылып, мектептердегі информатика пән мұғалімдері арнайы видео, презентация көрсету арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып сабақ өтті. Оқушылар сабақ барысында “Кибер Тұмар” ақпараттық білім беру орталығының дұрыс ақпарат бере отырып, цифрлық құжаттарын құпия түрде сақтайтынына сенім білдірді. Науқанның жалпы бағыты да оқушыларға интернет қауіпсіздігі туралы түсінік беру, кибербуллингтің, фишингтің, зиянды сілтемелердің алдын алу жолдарын үйрету және сандық сауаттылықты арттыру болатын.  Іс-шара барысында түрлі бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық парақшалар таратылды, интерактивті сабақтар мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылды. Оқушылар өз ойларын ашық айтып, қауіпсіз интернетті қалыптастыруда өз рөлдерін ұғынды. “Кибер тұмар” науқаны арқылы  балаларды тек білімді ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз цифрлық кеңістікте өмір сүру дағдыларын қалыптастыруды үйренді.


Осындай шараның бірі Түркістан қаласындағы Ататүрік атындағы № 17 мектеп-гимназиясында жоғарғы сынып оқушыларымен де болып өтті. Мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Примбетова Шарипа ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан ЮНИСЕФ ұйымымен бірлесіп, балаларды цифрлық ортада қорғауға бағытталған «КИБЕР ТҰМАР» ауқымды науқанының жүргізіліп жатқанына тоқталды. Ал, мектептің 9 Г сынып жетекшісі Наржанова Меруерт бейнеролик көрсете отырып, жалған терроризм -қоғамдық тәртіпке қол сұғатын, бейбіт тұрғындар арасында дүрбелең туғызатын, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын бұзатын қауіпті қылмыс екеніне тоқталды. Сондай-ақ, 9 В сынып жетекшісі Сүлейменова Ұлбосын мектептің өзін -өзі басқару ұйымының дайындаған бейне ролигі арқылы нашақорлық – адамзаттың қас жауы туралы айтып өтті. Дүние жүзі осы ғасыр дертінің алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолданып, мәселені шешудің жолын іздеуде.Сонымен қатар, 9 Ә сынып оқушыларының «Вейпсіз мектеп» тақырыбында дайындаған бейнеролигі арқылы қорытынды жасады.

Жиында, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЮПТ УПИ полиция капитаны, мектеп инспекторы Өндірбай Еркебұлан да күн тәртібіндегі мәселелерге бүгінгі күннен кеңінен мысалдар келтіре отырып, жан- жақты тоқталып өтті. Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Жоғарғы сынып оқушыларымен болған сауықтандыру жиналысын мектеп-гимназия директоры Урумова Рахила Кенжебекқызы қорытындылады.

Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Кибер Тұмар» ақпараттық-білім беру науқаны аясындағы түсіндіру іс-шарасы, Шардара ауданына қарасты «Қазақстан жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушыларымен де өткізілді. Цифрлық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану ережелері мен жеке деректерді қорғау тәсілдері таныстырылды. Құпия сөздерді құру және оларды қорғау туралы кеңестер берілді. Оқушылардың цифрлық құрылғыларды пайдалану дағдылары бағаланып, олардың интернеттегі қауіпсіздік туралы білім деңгейі анықталды. Кибербуллинг, фишинг және зиянды контенттерден қорғану жолдары талқыланды.

Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, балалардың интернетке қолжетімділігі артып келеді. Бұл жағдай бір жағынан мүмкіндіктерді кеңейтсе, екінші жағынан түрлі қауіптермен бетпе-бет келуіне себеп болуы мүмкін. Сол себепті, балаларға цифрлық қауіпсіздік ережелерін үйрету – ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті. «Кибер Тұмар» – бұл тек ақпараттық іс-шара ғана емес, бұл – әр баланың қауіпсіз болашағын қамтамасыз ету жолында жасалған нақты қадам. Шара аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған семинарлар, тренингтер мен интерактивті сабақтар ұйымдастырылды. Бала – болашақтың иесі. Цифрлық кеңістікте өзін қорғай білетін, ақпаратты талдай алатын ұрпақ – саналы қоғамның негізі. Осыған орай, бұл іс-шара әр баланың саналы әрі қауіпсіз цифрлық өмір сүруіне бағытталған маңызды бастама ретінде өз жалғасын табады.

ПАРТИЯНЫҢ КӨШПЕЛІ ҚАБЫЛДАУЛАРЫ САЙРАМ АУДАНЫНДА ӨТТІ

Сайрам – Түркістан облысындағы халық саны көп аудандардың бірі саналады. Аудан халқының саны 238 мың адамнан асады, 11 ауылдық округке біріктірілген 42 елді мекені бар. Республикалық маңызы бар Шымкент қаласын айнала орналасқан аудан, оңтүстік өңіріндегі ірі транзиттік аумақ саналады. Аудан арқылы магистральды темір жолдар, автокөлік дәліздері өтеді, өңірдің ірі транспорттық-логистикалық бекеті саналады. Аудан экономикасының негізгі құрылымын ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік, өндіріс, сауда-саттық, көлік-логистика салалары құрайды.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы аудан тұрғындарының сұраныстарын тыңдау үшін, оларды қолданыстағы заңдар аясында және мемлекеттік органдардың қабылдаған жоба-жоспарларының шеңберінде оң шешілуіне мүмкіндіктерді кеңейтуде, аудан орталығы – Ақсукентте және Қожақорған ауылында көшпелі қоғамдық қабылдау жиындарын өткізді. Қоғамды алаңдатқан түйіткілдерді тыңдауға партия құрған мобильді топтың құрамын «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Ұйымдастыру және аймақтық жұмыс департаментінің инспекторы Жәнібек Дарханбаев, партияның Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев бастап келді.

Азаматтарды тыңдауға арналған көшпелі жиындар Түркістан облыстық және Сайрам аудандық мәслихат депутаттары – партиялық фракция мүшелерінің қатысуымен, Түркістан облыстық полиция, төтенше жағдайлар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, экология, еңбек инспекциясы, жер ресурстарын басқару департаменттері өкілдерінің, облыс әкімдігіне қарасты бақылау, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, мәдениет, денсаулық сақтау, құрылыс, кәсіпкерлік және сауда, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ветеринария, сәулет және қала құрылысы, дене шынықтыру және спорт, жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, экономика және бюджеттік жоспарлау, цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармаларының, облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің жауапты қызметкерлерінің қабылдау жүргізуімен өтті.


Сондай-ақ азаматтар көтерген мәселелерді тыңдауға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының басқарма басшысы, №3 медицина-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы, «Отбасы банк» АҚ Түркістан облыстық филиалының қызметкерлері, нотариалдық палатаның өкілі, жеке сот орындаушылар, «Қазақгаз Аймақ», «Оңтүстік Жарық Транзит», «Тұран су» мекемелерінің өкілдері арнайы келді. Жергілікті билік санатында тұрғындар талаптарын Сайрам ауданының басшылығы, аудандық мәслихат төрағасы, аудан прокуроры, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы тыңдады.

Айта кету керек, халықтың қолдауына ие болған «AMANAT» партиясына азаматтар үлкен сенім артады, көптеген мәселелерін көтеріп, партия көмегіне жүгінеді. Қоғамдық ықпалы, саяси салмағы артқан партиямыз, қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді ақыл-парастпен, диалог арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал деп біліп, қоғам мен билік арасында алтын көпір міндетін атқарып отыр. Партияның Түркістан облыстық филиалы биылдың өзінде облыс тұрғындарынан келіп түскен 6546 арыз-өтінішті қарады. Оның 61 пайызы немесе 3974 өтініш оң шешімдерін тауып, бақылаудан алынды. 2493 өтініш бойынша көтерілген мәселелердің құқық реттеу тетіктері түсіндірілді. Қалған 79 өтініш шешім қабылдау құзыретіне ие мемлекеттік органдарға жолданып, олардың орындалуы облыстық партия филиалының бақылауына алынды.

«-Облыс орталығынан шалғайда жатқан елді мекендерде мобильді көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізу арқылы біз азаматтарға өздерінің сұраныстарын облыстық басқармаларға, құқық қорғау органдарына, халықпен тығыз жұмыс істейтін ұйымдарға тікелей қоюға мүмкіндік беретін алаң ашып отырмыз. Бұл біріншіден, халықпен кері байланысты одан әрі жақсарта түсуге ықпал етсе, екіншіден, көптеген мәселелердің созбалаңға салынбай тез шешілуіне жәрдем көрсетіп отырмыз. Бүгін Сайрам ауданының екі елді мекенінде кездесу өткіздік, бізге үміт артып келген азаматтардың қарасы көп болды, азаматтарға жайлы тұрмыс, қолайлы орта түзуде әлі де өзекті мәселелпер бар екені белгілі болды. Барлық сұраныстар хаттамаға енді, олардың орындалуын бақылауда ұстайтын боламыз», – деді «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Ұйымдастыру және аймақтық жұмыс департаментінің инспекторы Жәнібек Дарханбаев.

Ақсукент ауылында және Арыс ауылдық округінің Қожақорған елді мекенінде өткен қабылдауларда азаматтар қоғамдық өмірдің көптеген салаларын қамтитын сауалдарын қоюға, оларға нақтылы жауап алуға мүмкіндік жасалды. Тұрғындар тарапынан жер қатынастары саласына қатысты сауалдар, инженерлік инфрақұрылым мәселелері, заңсыз салынған нысандарға қатысты түйткілдер, ағын суды реттеу, субсидия мәселесі, жеңілдетілген несиелермен қамту, иесіз ит пен мысықты аулау, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік нысандар құрылыстары, спорт кешендері мен спорт алаңшаларын салу мүмкіндіктері, елді мекендерде ішкі жолдарды жөндеу, жаңа қоныстанған аймақтардың инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту мәселелері көптеп көтерілді. Сонымен қатар, интернет байланыстың сапасы, елді мекендер арасында қоғамдық көлік қатынасын жолға қою, әлеуметтік сұраныстар мәселелері де қозғалды. Азаматтар білдірген сұраныстардың орындалуы облыстық партия филиалының тұрақты бақылауына алынып, олардың іске асырылуы тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе үйлестірілетін болады.