ЖЕТІСАЙДА ЖАС ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ АНАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жетісай ауданында жас полицейлер мен олардың ата-аналарының басын қосқан келелі кездесу өткізілді. Мұндағы полиция бөлімі басшылығының мақсаты – ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, жас қызметкерлердің кәсіби және жеке дамуына қолдау көрсету және әділеттілікті, қоғамды кез келген заң және тәртіп бұзушылыққа қарсы түсінікті қалыптастыра отырып, тәртіп сақшаларына халықтың сенімін ақтау бағытында адал қызмет етуді түсіндіру болды.

Кездесу барысында жас мамандардың полиция қызметіндегі алғашқы қадамдары, қызмет барысындағы тәртіп пен жауапкершілік, сондай-ақ кәсіби бағдар мен тәлімгерлік үрдісі кеңінен талқыланды. Тәлімгерлер өз қамқорлығындағы жас әріптестерінің жұмысқа деген тиянақтылығы мен жауапкершілікке адалдығын атап өтті.

Ата-аналар өз тараптарынан балаларын тәртіп пен заңға баулығаны үшін аға буын тәлімгерлеріне алғыстарын білдіріп, осындай кездесулердің жиі ұйымдастырылып тұруы маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар олар полиция саласында еңбек етіп жүрген ұл-қыздарының абыроймен қызмет атқаруына тілек білдірді. Кездесу соңында бөлім басшылығы ата-аналарға ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да жас мамандармен және олардың отбасымен тығыз қарым-қатынас орнатуды жалғастыратынын жеткізді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАР ДАЯРЛАЙТЫН КОЛЛЕДЖ ӨКІЛДЕРІ ҚЫТАЙДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында Шэньси провинциясының Вэйнань қаласында фермерлерге арналған халықаралық оқыту курстары өтті. Бұл бағдарламаға Түркістан облысының аграрлық колледждерінде жұмыс істейтін 8 агроном-оқытушысы қатысты. Аталған сапар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қолдауымен жүзеге асып, өңір мамандарының әлемдік деңгейде білім алып, халықаралық тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасалды.

 

Курс Қытайдың жетекші аграрлық университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының қатысуымен ұйымдастырылды. Бағдарлама Орталық Азияның нақты климаттық және өндірістік ерекшеліктеріне бейімделіп жасалған. Тренингтер аясында қатысушылар органикалық егіншілік, су үнемдеу технологиялары, агроинновациялар, тұқым шаруашылығы, цифрлық ауыл шаруашылығы, агробизнес және экспортқа бағытталған өнім өндірісі бойынша білім алды. Сапардың негізгі мақсаты – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, заманауи агротехнологияларды енгізу және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Алдағы уақытта шетелдік әріптестермен бірлескен жобалар әзірленіп, үйренген тәжірибе нақты іске асырылады.

2024 жылғы 7 шілдеде Вэйнань мен Түркістан қалалары арасында достық, алмасу және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл құжат Қытай бас хатшысы Си Цзиньпин ұсынған “Бір белдеу – бір жол” бастамасы аясындағы халықаралық байланысты нығайтудың нақты көрінісі саналады. Вэйнань қаласының сыртқы экономикалық және техникалық ынтымақтастық бюросының бастамасымен ұйымдастырылған бұл іс-шара Қытайдың заманауи ауыл шаруашылығын дамытудағы жаңа технологиялары мен тұжырымдамаларын үйренуге бағытталды. Вэйнань аймағының ауылшаруашылық ресурстық әлеуетіне сүйене отырып, алдағы уақытта осындай мақсатты оқыту алмасулары жалғасады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ЗАУЫТТАР МЕН КӘСІПОРЫНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Аймақтағы «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары көбеюде. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейе түсті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Саурандағы шағын өндірістік паркті аралап, жаңа ғимараттардың құрылысын бақылады. Жауапты басшылар мен мердігерлерге жұмысты ширатуды және жеделдетуді тапсырды. Сонымен бірге іске қосылған зауыттардың жұмысына да шолу жасады.
– Жоба ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіруші компаниялар көбеюде. Сондықтан браунфилдтер сапалы әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Өндірістік парктегі жұмыстар қатаң бақылауымда тұр. Жұмыс орындарын ашу, өңірдің өзіндік кірісін ұлғайту өте маңызды, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд. теңге инвестиция тарту және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн. евроны құрайтын зауыттың қуаттылығы – жылына 140 мың дана. Жоба 2 кезең арқылы іске асырылады.
Аталған өнеркәсіптік паркте жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін, ауыл шаруашылық тракторларын және сэндвич панельдер шығаратын кәсіпорындар іске қосылған. Сонымен бірге кеңсеге, мектепке, медициналық мекемелерге арналған жиһаздар шығаратын зауыттар жұмыс істеп жатыр. Ішкі есіктер шығаратын цех, медициналық жабдықтар шығаратын өндіріс орындары да іске қосылып үлгерген. Қытайлық «Avatar agricultiral technology development» компаниясы ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауытты іске қосу жұмыстарына кірісіп кетті. Одан бөлек, сусыздандырылған көкөністерді өндіретін, электромагниттік шығын өлшегіштерді құрастыратын, жиһаз жасайтын, өнеркәсіптік суды өшіру клапандарын өндіретін, кептірілген жемістер мен кептірілген көкөністер дайындайтын зауыттар ашу жоспарланып отыр.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осы тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды.
Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Жалпы облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ, шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДРОНДАРЫ ШЫҒАРЫЛАДЫ

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Аймақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы өте сәтті жүзеге асып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы аталған өндірістік паркті аралап, жүзеге асырылған және енді іске қосылатын жобалармен танысты. Жауаптыларға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Біздің басым бағытымыз – өндіріс орындарын ашу. Одан басқа жол жоқ. Өндірістік парктегі әрбір ғимаратта өндіріс орындары жедел іске қосылып, жұмыс орындары ашылуы тиіс. Ал ғимаратты алып, жобаны кешіктіргендермен жұмыс жүргізіңіздер. Нысанды басқа инвесторлар мен кәсіпкерлерге ұсыну қажет. Жұмыстар жоспардан кешікпеуі керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі «AVATAR AGRICULTIRAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясының өндіріс орнында болды. Бұл компаниямен жыл басында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт ашу бойынша келісім жасалған болатын. Жобаның болжамдық құны – 5 млн. АҚШ доллары. Қуаттылығы айына – 600 дана. Бүгінде қытайлық инвестор ғимаратты өндіріске бейімдеп, арнайы құрал-жабдықтарын жеткізе бастады. Жұмыстың басым бөлігін негізінен роботтар атқарады деп күтілуде. Өңір басшысы инвестормен пікір алмасып, жобаға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Аталған зауыт ашылған соң елімізді ауыл шаруашылығы дрондарымен қамтуды көздеп отыр.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығы техникаларын, тұрмысқа қажетті пакет шығаратын, жиһаз өндіретін және өзге де кәсіпорындарды аралап көрді. Жылу қазандықтарын құрастыру жоспары да пысықталды. Кәсіпкерлер мен инвесторлар жұмысты бастауға қолайлы жағдай ұсынған облыс әкімдігіне ризашылықтарын білдірді. Алдағы уақытта өндірістік парк жаңа жобалармен толығады деп жоспарланып отыр.

АӨК ЖАЛПЫ ӨНІМ ӨНДІРУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖОСПАРЫНЫҢ 6 АЙЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ САРАЛАНДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төралығымен өткен жиында АӨК жалпы өнім өндіру және инвестиция тарту жоспарының 6 айлық қорытындысы талқыланды. Күн тәртібінде ұлттық ауыл шаруашылығы санағының жағдайы, 6 айдың қорытындысымен статистикалық есептіліктің тапсырылу барысы, агроөнеркәсіп кешені саласындағы тапсырмалардың орындалуы сараланды.

Облыс әкімінің орынбасары салалық индикаторларды тиісті деңгейде орындамаған жауапты тұлғаларға сын-ескертпе айтып, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді.

– Жұмыс сапалы әрі уақытылы орындалса, бекітілген межеге қол жеткізуге ешқандай кедергі жоқ. Жоспар жүйелі атқарылып келеді. Дегенмен, кейбір аудандарда кемшіліктер орын алуда. Тапсырмалар тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда, шара көріледі. Заң талаптарын сақтай отырып, жұмысты сапалы, мерзімінде орындап шығу керек, – деген Нұрбол Тұрашбеков жұмысты жандандыруды тапсырды.

Жиын барысында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанар Ережепова жалпы өнім көлемінің 6 айға болжамы туралы баяндады. Оның айтуынша, Арыс қаласы мен Бәйдібек, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш аудандарында респонденттердің статистикалық есепті тапсыруы толық қамтамасыз етілмеген. Инвестиция тарту бойынша аудан, қала әкімдіктері 6 айлық жоспардың 104,6 %-ға орындалатыны туралы мәлімет ұсынған.

Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысының негізгі драйверлерінің бірі. Өңірде бұл саланы жан-жақты дамытуға басымдық берілген. Бекітілген жоспардың тиісті деңгейде орындалуы тікелей аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің бақылауында тұр.