ШАРДАРАДАҒЫ ЕСКІ МЕКТЕПТІҢ МӘСЕЛЕСІН КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІ ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШТІ

Шардара қаласындағы үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешімін тапты. Бұған дейін сыныптар толып, ғимарат мүмкіндігі шектеулі болған №12 жалпы білім беретін мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа, заманауи ғимаратқа көшті.

2025 жылдың 17 ақпанында 1200 орынға арналған жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 1057 оқушы мен 107 педагог №4 мөлтек ауданындағы кең, толық жабдықталған білім ошағына орналасты. Бұрынғы ескі мектеп ғимаратында сыныптардың жетіспеуі салдарынан үш ауысымды оқу қаупі туындаған еді. Жаңа ғимарат бұл проблеманы түбегейлі шешіп, оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасады.

Жаңа мектепте пән кабинеттері, STEM және робототехника зертханалары, ІТ сыныптары, спорт және акт залы, кітапхана, психолог және медицина кабинеттері толық жабдықталған.

Мектепте білім сапасын арттыру бағытында білікті педагогтер қызмет етеді: педагог-зерттеуші, сарапшы, модератор санатындағы 90-ға жуық мұғалім жұмыс істейді.

Бүгінде №12 мектеп – Шардара өңіріндегі үш ауысым мәселесін шешкен, заманауи талаптарға толық сай білім ордасы ретінде қызметін жалғастыруда.

ДЕПУТАТ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

«AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық мәслихат депутаты Бахыт Басымбек тұрғындарға жеке қабылдау өткізді. Кестеге сәйкес өткен қабылдауға келген тұрғындар “Сабыр” каналының уақытылы тазаланбауына байланысты шағымын жеткізді. Аталған жайт бойынша халық қалаулысы облыстық «Қазсушар» мекемесіне депутаттық сауал жолдайтынын айтты. Каналдың қашан тазаланатыны жөнінде ресми жауап алынатын болады. Сонымен бірге алдағы уақытта канал бойынша электр бағаналарын орнату мәселесі «Оңтүстік жарық» мекемесімен бірлесе шешілмек.

Қабылдауға келген тұрғындар құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жолдың жабылуына қатысты мәселе де көтерді.

– Бұл туралы заңсыз қоршау қойған азаматтарға жер инспекциясы тарапынан әкімшілік шаралар қабылданған. Алдағы күндері инспекция басшылығымен қосымша кездесіп, ауыл тұрғындарына толық әрі нақты ақпарат беріледі. Бұл мәселе – менің жеке бақылауымда,-деді Бахыт Мүсірәліұлы.
Тұрғындармен тікелей жүздесу – нақты мәселелердің шешімін жылдамдатуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Әрбір көтерілген өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жалғасатын болады.