«ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының ағаш отырғызу және орман қорына өткізу жұмыстарының орындалу барысы қаралды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбековпен кездесті. Басқосуда мекеме тарапынан келісімшарттың тармақтарында көрсетілген ағаш отырғызу және оларды күтіп-баптау, орман қорына өткізу жұмыстарының орындалу барысы қаралды.

Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігімен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты «Қаратау», «KAZATOMPROM-SaUran» және «Оңтүстік Тау-Химиялық Компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне уран өндіру мақсатында жалпы көлемі 4097,25 гектар жер уақытша пайдалануға берілген. Бұл еліміздің стратегиялық маңызы бар уран өнеркәсібін дамытуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және өңір экономикасының өсіміне ықпал етеді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Орман кодексіне сәйкес Түркістан қаласы маңында «Жасыл белдеу құру» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба аясында 8194,5 гектар аумақта ағаш отырғызу бойынша келісімшарт жасалып, табиғатты қорғау, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және қала айналасында қолайлы экожүйе қалыптастыру бағытындағы жұмыстар басталды. Бұл шаралар бір жағынан өндірістік дамуды қамтамасыз етсе, екінші жағынан өңірдің экологиялық қауіпсіздігін күшейтіп, жасыл аймақты кеңейтуге мүмкіндік береді. Кездесуде отырғызылған ағаштарды қабылдап алу және оларды орман қорына өткізуді тездетіп аяқтау қажеттілігі айтылды. ҚР қолданыстағы заңнама мен келісімшарт талаптарына сәйкес мекеме бұл міндеттемелерді 3 жыл ішінде орындауы тиіс. Дегенмен аталған жұмыстардың тиісті деңгейде орындалуы үшін қосымша қаржыландыру мен уақыт қажет екені де атап өтілді.

Жалпы жасыл белдеу – қала мен елді мекендердің айналасына отырғызылатын орман-екпелер мен жасыл аймақтардың кешені. Ол тек көріктендіру үшін ғана емес, экологиялық, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан аса маңызды стратегиялық жоба болып табылады. Оның экологиялық маңызы айрықша. Себебі, ауа сапасын жақсартады және ағаштар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөледі, зиянды газдар мен шаң-тозаңды ұстап, қоршаған ортаны тазартады. Климатты жұмсартуға ықпал етеді. Жаздағы аптап ыстықты төмендетіп, қыста суық желді әлсіретеді. Шөлейттену мен эрозияның алдын алады. Құм көшкінін тоқтатып, топырақтың тозуына жол бермейді. Биоалуантүрлілікті сақтайды. Құс, жануар және өсімдік түрлерінің қорғалуына қолайлы орта қалыптастырады.

Қоғамдық-әлеуметтік маңызына тоқталар болсақ, таза ауа, экологиялық таза орта тұрғындардың өмір сапасын арттырады. Демалыс пен спортқа жағдай жасайды. Серуен, спорт, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Қала мәдениеті мен келбетін жақсартады. Туристік тартымдылық күшейіп, өңір имиджі биіктейді. Экономикалық даму бағытында инвестициялық тартымдылықты арттырады. Жасыл әрі қолайлы экологиялық орта бизнесті, туризмді дамытуға ықпал етеді.Табиғи апаттардың шығынын азайтады. Жасыл белдеу құру – тек ағаш отырғызу емес, бұл табиғатты қорғау, халық денсаулығын жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті күшейту және болашақ ұрпақ үшін жайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған маңызды мемлекеттік және қоғамдық іс. Сондай-ақ тұрғындар үшін демалыс орнына айналып, Түркістанның көркін ашады.Түркістан өңірінде бір жағынан маңызды өндіріс дамып жатыр, екінші жағынан табиғатты қорғау және жасыл аймақты көбейту қатар жүргізілуде. Бұл – өңірдің болашағы үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар.

Тараптар алдағы уақытта отырғызылған ағаштарды орман қорына өткізу және жасыл белдеуді ұлғайту бағытында жұмыстарды жандандыру жөнінде де келіссөз жүргізді. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрақты бақылауда болады.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*