Созақ ауданында экологиялық және әлеуметтік маңызы зор жобалар жүзеге асырылуда.

«Су–тіршіліктің нәрі, өмірдің өзегі. Әрбір отбасының тұрмыс-тіршілігі, ауыл шаруашылығының дамуы, халық денсаулығы ең алдымен таза ауыз суға байланысты екені белгілі. Бұрынғы кезде судың жеткіліксіздігі, қашықтан тасымалдау, кейде сапасыз су ішу ауыл тұрғындары үшін үлкен мәселе болып келген еді. Осындай күрделі кезеңде ауылдарымызға келіп, заманауи талаптарға сай су ұңғымасын қазып, сапалы ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз еткен компания мен аудан әкімдігінің еңбегі – шын мәнінде қайырлы да, сауапты іс.»

Бұл оңтүстіктегі теріскей тұрғындарының ризашылығы. Себебі Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің бастамасымен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының демеушілігі негізінде Қызылкөл, Құмкент, Бабата, Қарақұр және Қаратау елді мекендерінде қосымша ұңғыма қазу жұмыстары жүруде. Қазіргі таңда Бабата ауылында тереңдігі 507 метр болатын ұңғымадан сағатына 100 текше метрге жуық су шығып, ауыл тұрғындарының қуанышына себеп болды. Сондай-ақ екінші құдықтың бұрғылау жұмыстары 400 метр тереңдікке дейін жетті.

Таза су – ауылға келген үлкен жақсылық. Су ұңғымасы іске қосылғаннан кейін ауыл өмірі айтарлықтай өзгереді. Енді тұрғындар суды алыстан тасымай, қиындық көрмей, таза әрі қауіпсіз суды тікелей өз ауылынан алуға мүмкіндіктері пайда болды. Бұл тұрмыстық жағдайды жақсартып, балалар мен қарттардың денсаулығына қолайлы орта қалыптастырды. Сонымен қатар шаруашылық жұмыстарын жеңілдетеді және ауылдың әлеуметтік ахуалына серпін берді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұрын суды шектеумен пайдалану, судың жетіспеуі көп қиындық тудыратын. Қазіргі уақытта әр үйге су жеткізу жұмыстары жүргізіліп, жергілікті халықтың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеруде. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар игі іске ұйытқы болған демеуші компания өкілдеріне алғыстарын білдіруде.

« – Сіздер таза суды ауылымызға жеткізіп, халықтың ризашылығына бөлендіңіздер. Еңбектеріңіз еленіп, игі істеріңіз көбейе берсін! Компанияларыңыздың беделі артып, жұмыстарыңызға береке, табыстарыңызға молшылық тілейміз. Халқымыздың игілігі үшін атқарып жүрген әрбір бастамаларыңыз берекелі болсын! Барлық ауыл тұрғындарының атынан су ұңғымасын салып берген компания басшылығына және барлық еңбеккерлеріне шынайы ризашылық білдіреміз. Сіздердің еңбектеріңіз – халықтың игілігіне арналған үлкен қайырымды іс. Таза су сыйлау – өмір сыйлау, денсаулық пен болашаққа сенім сыйлау деп білеміз. Компания қызметкерлеріне мықты денсаулық, еңбектеріне табыс, кәсіптеріне береке тілейміз. Халыққа пайдасы тиетін игілікті істеріңіз көп болсын! Атқарған әрбір еңбектеріңіз жемісті, жасаған жақсылықтарыңыз еселеніп қайтсын!» – деді, Қарағұр елдімекені ақсақалдар кеңесінің мүшесі Төребек Тұрғамбекұлы.

« – Біздің ауыл тұрғындарының атынан Сіздерге шын жүректен алғыс білдіреміз. Елді мекенімізге су ұңғымасын орнатып, таза әрі сапалы ауыз суға қолжетімділік жасау – ауыл өміріндегі үлкен әрі маңызды оқиға болды. Бұл тек инженерлік жоба емес, халықтың игілігі мен денсаулығына, тұрмыс сапасына жасалған үлкен қамқорлық.» – деді ауыл тұрғыны Мақсат Сұлтанбеков.

Арнайы техникалар ендігі кезекте Қызылкөл және Құмкент ауылдарында жұмысын жалғастырады. Бұл елді мекендерде 350 метр шамасында ұңғыма қазу жоспарлануда. Сонымен қатар, Қаратау және Қарақұр ауылдарында да алғашқы ұңғымалар 180 метр тереңдікке дейін қазылып, қазіргі таңда су көзін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Қарақұрда қосымша 180 метр, Қаратауда 780 метр тереңдікте жаңа құдықтар қазылмақ.

« – Ұңғыманы салу барысында компания мамандары кәсіби шеберлік пен жауапкершілік танытып, барлық жұмыстарды сапалы орындады. Әрбір ұсынысымызға құлақ асып, ауыл адамдарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықпен тығыз байланыста еңбек еттіңіздер. Бұл – Сіздердің халыққа жақын, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ұйым екендеріңіздің нақты дәлелі. Сондай-ақ, мамандар әрбір сұраққа жауап беріп, тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, мәдениетті қарым-қатынас жасап, жұмысты сапалы орындады. Бұл – компанияның кәсіби деңгейінің жоғары екенін және халық алдындағы жауапкершілігін көрсетеді. Ұңғыманы салған «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы тек техникалық жұмыс атқарып қойған жоқ, елдің қамын ойлап, халыққа жанашырлық көрсетті. Жұмыс барысында заманауи техника қолданылып, талапқа сай санитарлық және экологиялық нормалар сақталды және қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілді.» – деді, Қарағұр ауылдық округінің әкімі Ғалым Әбдірашұлы.

Айта кететін жайт, бұл экологиялық және әлеуметтік маңызы зор жоба. Су ұңғымасының салынуы тек тұрмыстық пайда әкеліп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға да үлес қосады. Жер асты суын тиімді пайдалану, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – табиғатты аялаудың нақты көрінісі. Аталған ұңғыма қазу жұмыстары шөлейттенудің алдын алуға, су тапшылығының қаупін азайтуға, ауыл шаруашылығын тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Компания өкілдері атқарған игі істің нәтижесінде ауыл тұрғындарының батасы мен халықтың ризашылығын және шынайы алғыстарын алды.

Бұған дейін, бұл елді мекендерде жаз айларында ауызсу көлемі азайып, тұрғындар тарапынан мәселе көтерілген болатын. Осыған орай аудан басшысының ұсынысын қолдаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бұл бастамаға өз үлесін қосуда.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*