Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шаға ауылдық округіне қарасты Бершінтөбе елді мекеніне барып, су жүйесін жақсарту жұмыстарының барысын тексерді. Қазіргі таңда ауылда су ұңғымасы қазылуда, бұл жергілікті халықты таза әрі үздіксіз сумен қамтуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар елді мекенде инфрақұрылым бағытында да оңды өзгерістер жасалуда. Көшелерге жарықтандыру тартылып, электр бағаналары орнатылуда, ал жүйені толық қамту үшін қуаттылығы 160 кВт трансформатор қойылды.
« – Су – тіршіліктің өзегі, табиғи байлықтың ең құндысы. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығының дамуы, елді мекендерді сумен қамту және өндірістің өсуі жер асты су көздерін пайдалануды арттыруда. Осыған байланысты су ұңғымаларын қазу кең таралған үрдіске айналды. Алайда дұрыс жоспарланбаған немесе талапқа сай орындалмаған ұңғыма табиғатқа және адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Су ұңғымасын қазу тек тұрмыстық немесе шаруашылық қажеттілікті өтейтін техникалық әрекет қана емес, ол экологиялық тұрғыдан да маңызды үрдіс. Дұрыс жоспарланып, талапқа сай салынған ұңғыма қоршаған ортаны қорғауға оң әсерін тигізсе, ал жауапсыз жүргізілген жұмыстар табиғатқа кері салдарын да әкелуі мүмкін. Сондықтан су ұңғымасының қоршаған ортаға ықпалын жан-жақты қарастыру маңызды. Су қорын ұтымды пайдалану – экологиялық мәдениет белгісі. Жер асты суы сарқылмайтын ресурс емес. Сондықтан суды шамадан тыс тартудан сақтау қажет. Қолдану мөлшерін бақылау, үнемді суару технологияларын енгізу, суды ысырап етпеу – табиғи қорды сақтау жауапкершілігін көрсетеді.Су ұңғымасы – экологиялық тұрғыдан маңызды нысан. Ол қоршаған ортаны қорғауға да, керісінше зиян тигізуге де қабілетті. Барлығы ұңғыманың қалай қазылып, қалай пайдаланылатынына байланысты. Экологиялық нормаларды сақтау, суды ұқыпты пайдалану және жауапты көзқарас — табиғатты қорғаудың басты кепілі.» – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданында елді мекендерді тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта жаңа су ұңғымаларын қазу, ішкі инженерлік желілерді жетілдіру және инфрақұрылымды жаңарту ісі кезең-кезеңімен іске асуда.
« – Ең алдымен жер асты су көздерінің жағдайын зерттеу аса маңызды. Гидрогеологиялық барлау жұмыстары су қабатының тереңдігін, бағытын, көлемін және сапасын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті экологиялық талаптарға сай рұқсат құжаттарын алу – заңды және қауіпсіз жұмыс жүргізудің басты шарты. Ұңғыма орны қоқыс орындарынан, мал қораларынан, шаруашылық және өндірістік аймақтардан алыс орналасуы тиіс, себебі бұл жер үсті ластануларының су қабатына өту қаупін азайтады. Ұңғыма бұрғылау кезінде герметикалық қаптау құбырларын орнату су қабаттарын сыртқы ластанудан қорғайды. Заманауи сүзгілеу жүйелерін қолдану құм мен балшықтың, зиянды химиялық қалдықтардың суға араласуын шектейді. Сапалы материалдар пайдалану ұңғыманың ұзақ әрі қауіпсіз қызмет етуін қамтамасыз етеді.
Ұңғымадан алынатын су міндетті түрде зертханалық бақылаудан өтуі керек. Қолдану барысында да су сапасын жүйелі түрде тексеріп отыру маңызды. Ұңғыма маңында пестицидтер, тыңайтқыштар және тұрмыстық қалдықтарды қолданбау керек. Санитарлық қорғаныс аймағын белгілеу – су көзін қорғаудың маңызды шараларының бірі. Сондай-ақ, ұңғыманы уақтылы тазалау, техникалық тексерістен өткізу, қақпақпен жабу, басын бетондау – судың ластануын болдырмауға көмектеседі. Бұл тек экологиялық ғана емес, санитарлық қауіпсіздік шарасы.Су ұңғымасын қазу – жай техникалық жұмыс емес, ол экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті талап ететін маңызды іс. Су ресурстарын қорғау – әр азаматтың, әр мекеменің міндеті. Дұрыс жоспарлау, ғылыми негізделген тәсілдерді қолдану және суды үнемді пайдалану – болашақ ұрпаққа таза су, таза табиғат қалдырудың ең маңызды жолы.» – дейді мамандар.
Қазіргі таңда жобалардың уақтылы жүзеге асуы – аудан басшылығының басты бақылауында. Алдағы уақытта Мәшһүр Жүсіп, Шыпан, Қарашық және А.Үсенов елді мекендерінде де су ұңғымалары қазылады деп жоспарланған. Сауран ауданының әкімі нысандарды аралап, жұмыстың сапасы мен мерзімін қадағалап, мердігерге тиісті тапсырмалар да берді.
Айта кетейік, аталған жобалар арқылы Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округіндегі Бершінтөбе елді мекені және басқа да ауылдар таза ауыз суға қол жеткізеді. Жер асты суы көбіне табиғи сүзгіден өткен таза су көзі болып табылады. Дұрыс салынған ұңғыма халық денсаулығын жақсартуға, таза су тапшылығын азайтуға көмектеседі. Ұңғыма арқылы суды реттелген мөлшерде пайдалану өзен, көл және ашық су қоймаларына түсетін жүктемені жеңілдетіп, су экожүйелерін сақтауға мүмкіндік береді.
