ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ НЫСАНДАРЫН САЛУ, ЖӨНДЕУ, РЕТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысында егістіктерді ағын сумен қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4180 канал бар. Олардың 76%-ы жөндеуді қажет етеді. Аталған мәселені шешу үшін облыс әкімімен кешенді жоспар қабылданған.

Жоспарға сәйкес, Ислам Даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу көзделуде. Нәтижесінде, каналдардың тозу көрсеткіші 50 пайызға дейін төмендейді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бұл мәселені аудан-қала әкімдерінің орынбасарларымен бірге зерделеді.

– Барлық деңгейдегі су арналарының жағдайын баяндаңыздар. Шаруа үшін тіпті әр арықтың жағдайы маңызды екенін ұмытпайық. Өз күшімізбен реттеуге болатын мәселелерді шешуге осы кезден кірісуіміз қажет. Ал қаржы қажет ететін арналар сумен қамтылатын аумақ көлеміне қарай, кезегімен жөнделетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.

Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Акмуратов «Құртай» каналы жер арық күйінде болғандықтан фильтрация арқылы су көп жоғалтатынын, арнаның тереңдеп кеңейгені салдарынан су жеткізу қиындық туғызатынын жеткізді. Канал жыл сайын қамыспен бітеліп, тұрақты механикалық тазалауды қажет етеді. Күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленген. Тиісті жұмыстар атқарылса, нәтижесінде 1000 гектардан астам жерге су жеткізу жақсарады.

Келес ауданында «Оймауыт» су торабының жағдайы өзекті. Бәйдібек ауданында «Комсомол» каналын толық қуатта пайдалану үшін 16,3 шақырымын жөндеу қажет. Ішкі лоток жүйелерінің тозығы жеткен. Шардара ауданы Жаушықұм массивінде 12 192 гектар егістікке су жеткізетін құбыр мен сорғы станциясының да жағдайы күн тәртібінде қаралды. Сарыағаш ауданында «Р-4-2», «Шаншар құлақ» және «Құлтума», «Кескен», «Сарыүйсін», «57-тармақ», «Қаратас», «Рамадан», «Шошым», «Р-15 » каналдары жөндеуді талап етеді.​Кентаудағы «Ырмақ-Өзен» су қоймасы екі жыл бұрын «Тұран су» мекемесі тарапынан ағымдағы жөндеуден өткен. Алайда мәселе түбегейлі шешілу үшін күрделі жөндеу қажет. Ырмақ өзенінен су қоймасына дейін құбыр тарту, «Таздар» арығын бетондау маңыздылығы да баяндалды.

Су нысандарын салу, жөндеу және реттеу жұмыстары – су ресурстарын қорғауға, тиімді пайдалануға және болашақ ұрпаққа сақтап қалуға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы мен экологиялық тепе-теңдікті сақтауда ерекше рөл атқарады. Бүгінде Түркістан облысында өзендер мен каналдарды тазалау, су қоймалары мен бөгеттерді жөндеу, жаңа гидротехникалық нысандар салу арқылы су шығынын азайтуға және суды әділ бөлуге мүмкіндік туып отыр. Мұндай жобалар су тасқынының алдын алып, қуаңшылық кезеңінде егіс алқаптарын қажетті сумен қамтуға жағдай жасайды. Бұл жұмыстар мемлекеттік бағдарламалар аясында кезең-кезеңімен іске асырылып, жергілікті атқарушы органдар мен сала мамандарының тұрақты бақылауында жүргізілуі тиіс. Нәтижесінде, су ресурстарын басқарудың тиімді жүйесі қалыптасып, табиғи байлықты ұқыпты пайдалануға жол ашылады.

Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер бойынша жауапты басқармаларға тиісті тапсырмалар берді. Жауаптылар бекітіліп, орындалу мерзімі нақтыланды. Жалпы, су нысандарын салу, жөндеу және реттеу – елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, халықтың тұрмыс сапасын арттыратын және тұрақты дамуға негіз болатын стратегиялық маңызды бағыт. Осындай кешенді жұмыстар арқылы су ресурстарын қорғау ісі жаңа деңгейге көтерілуде.

АГРОТЕХНОЛОГИЯ НАРЫҒЫНДАҒЫ ҮЗДІК КОМПАНИЯ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАСЫН ЖАҢАРТУҒА ҮЛЕС ҚОСАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Eurasia Group AG» компаниясының Бас операциялық директоры және «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының Бас директоры Сергей Глоккені қабылдады. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы техникалары, оларға сервистік қызмет көрсету жайы талқыланды.

Облыс басшысы жаңа бастамаларға ашық екенін айтып, жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Біз бұған дейінгі келіссөздер нәтижелерін жоғары бағалаймыз және серіктестігімізді одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Ауыл шаруашылығы –Түркістан облысы экономикасының драйвері. Бүгінгі таңда біздің өңір Қазақстанда аграрлық өнім шығарудың жоғары көрсеткіштерін көрсетуде. Өңірде 28 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар, олардың 40%-ы ескірген. Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, жаңарту мәселесі біз үшін маңызды. Облыстың климаттық орналасуы ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін өте қолайлы. 2025 жылы Түркістан облысында жалпы өнім көлемі 4,532 млн тоннаға жетіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі қамтамасыз етілді. Өңірде индустриялық аймақтар, «Turan» арнайы экономикалық аймағы сияқты негізгі инвестициялық алаңдар бар. Бұл алаңдарда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері, сондай-ақ салық жеңілдіктері қарастырылған. Сонымен қатар мемлекет есебінен шағын өнеркәсіптік ғимараттар салынып, инвесторларға жалға берілуде. Жаңа жобаларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен бірге сіздерге қажетті мамандарды даярлау үшін облыстағы колледждердің әлеуетін пайдалануды ұсынамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Компания өкілдері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы техникаларына жүргізілген талдау қорытындыларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Жобаларын таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Ауыл шаруашылығы техникаларын шығару және оларға сервистік қызмет көрсету бағытындағы бастамалары жемісті боларына сенім білдірді.

«Eurasia Group Kazakhstan» – ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтары мен агротехнологиялары нарығында жұмыс істейтін қазақстандық компания. 2002 жылы құрылған компанияның 500-ге жуық қызметкері бар. Компания ауыл шаруашылығы техникасын және бірегей қосалқы бөлшектерді көтерме жеткізуді жүзеге асырады, сервистік сүйемелдеуді, жөндеу және техникалық қызмет көрсетуді, агроменеджмент қызметтерін, операторларды оқытуды, сондай-ақ егіншілік саласындағы цифрлық шешімдерді ұсынады. Компанияның Қазақстанда 14 өкілдігі бар.

ОРДАБАСЫДАҒЫ ЖУСАНСАЙ АУЫЛЫ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Түркістан облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын бір дәлелі – Ордабасы ауданына қарасты Шұбар аумағындағы Жусансай ауылының табиғи газға қосылуы. Осыған орай бүгін ауылда салтанатты іс-шара өтіп, тұрғындар көптен күткен қуанышқа бөленді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Іс-шара ашылуында аудан әкімі Азат Оралбаев табиғи газдың ауыл өміріндегі маңызына тоқталды. Көгілдір отын – тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартып, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті. Мәслихат өкілдері мен ардагерлер кеңесінің төрағасы да ел игілігі жолындағы жұмыстардың маңызын айтып, ауыл жұртшылығын құттықтап жылы лебіздерін білдірді. Ал ауылдың ақсақалдары ақ батасын беріп, игі істің берекелі болуын тіледі.

Соңғы жылдары ауданда табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2023 жылы Қарақұм, Төрткүл, Ынталы, Спатаев, Қызылжар және Елшібек батыр ауылдары табиғи газға қосылды. 2024 жылы Берген, Батыр ата, Қараспан, Бейсен, Мақташы, Ақжол, Бірлік, Жамбыл, Көкарал, Еңбекші, Бөген және Жеңіс ауылдары көгілдір отынның игілігін көрді. 2025 жылы Төреарық, Көлтоған, Көктөбе, Амангелді, Кемер, Шұбар, Береке, Сарытоғай, Тоқсансай, Сарыарық ауылдарына табиғи газ жеткізілді. Нәтижесінде аудандағы 38 елді мекен табиғи газбен қамтылып, бұл көрсеткіш 2023 жылғы 15 пайыздан бүгінде 67 пайызға жетті.

Ал, халық тығыз орналасқан Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту – аудан үшін аса өзекті мәселе болып тұр. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалуда. Шұбарсуға газ жеткізуші құбырдың құрылысына 2,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Жоба облыстық салалық басқарма арқылы 2 кезеңмен жүзеге асырылуда. 2026 жылдың жылыту маусымына дейін Шұбарсу ауылына газ беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар Аққойлы, Ақпан, Нұра, Ордабасы, Мамыр және Қарабастау ауылдарын газдандыру үшін тиісті салалық басқармаға қаржы бөлуге сұраныс жолданды. Ал Бадам, Дербес, Ақбұлақ, Қалаш және Дихан елді мекендерінің газдандыруға қатысты жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.