Түркістан облысында егістіктерді ағын сумен қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4180 канал бар. Олардың 76%-ы жөндеуді қажет етеді. Аталған мәселені шешу үшін облыс әкімімен кешенді жоспар қабылданған.
Жоспарға сәйкес, Ислам Даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу көзделуде. Нәтижесінде, каналдардың тозу көрсеткіші 50 пайызға дейін төмендейді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бұл мәселені аудан-қала әкімдерінің орынбасарларымен бірге зерделеді.
– Барлық деңгейдегі су арналарының жағдайын баяндаңыздар. Шаруа үшін тіпті әр арықтың жағдайы маңызды екенін ұмытпайық. Өз күшімізбен реттеуге болатын мәселелерді шешуге осы кезден кірісуіміз қажет. Ал қаржы қажет ететін арналар сумен қамтылатын аумақ көлеміне қарай, кезегімен жөнделетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.
Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Акмуратов «Құртай» каналы жер арық күйінде болғандықтан фильтрация арқылы су көп жоғалтатынын, арнаның тереңдеп кеңейгені салдарынан су жеткізу қиындық туғызатынын жеткізді. Канал жыл сайын қамыспен бітеліп, тұрақты механикалық тазалауды қажет етеді. Күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленген. Тиісті жұмыстар атқарылса, нәтижесінде 1000 гектардан астам жерге су жеткізу жақсарады.
Келес ауданында «Оймауыт» су торабының жағдайы өзекті. Бәйдібек ауданында «Комсомол» каналын толық қуатта пайдалану үшін 16,3 шақырымын жөндеу қажет. Ішкі лоток жүйелерінің тозығы жеткен. Шардара ауданы Жаушықұм массивінде 12 192 гектар егістікке су жеткізетін құбыр мен сорғы станциясының да жағдайы күн тәртібінде қаралды. Сарыағаш ауданында «Р-4-2», «Шаншар құлақ» және «Құлтума», «Кескен», «Сарыүйсін», «57-тармақ», «Қаратас», «Рамадан», «Шошым», «Р-15 » каналдары жөндеуді талап етеді.Кентаудағы «Ырмақ-Өзен» су қоймасы екі жыл бұрын «Тұран су» мекемесі тарапынан ағымдағы жөндеуден өткен. Алайда мәселе түбегейлі шешілу үшін күрделі жөндеу қажет. Ырмақ өзенінен су қоймасына дейін құбыр тарту, «Таздар» арығын бетондау маңыздылығы да баяндалды.
Су нысандарын салу, жөндеу және реттеу жұмыстары – су ресурстарын қорғауға, тиімді пайдалануға және болашақ ұрпаққа сақтап қалуға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы мен экологиялық тепе-теңдікті сақтауда ерекше рөл атқарады. Бүгінде Түркістан облысында өзендер мен каналдарды тазалау, су қоймалары мен бөгеттерді жөндеу, жаңа гидротехникалық нысандар салу арқылы су шығынын азайтуға және суды әділ бөлуге мүмкіндік туып отыр. Мұндай жобалар су тасқынының алдын алып, қуаңшылық кезеңінде егіс алқаптарын қажетті сумен қамтуға жағдай жасайды. Бұл жұмыстар мемлекеттік бағдарламалар аясында кезең-кезеңімен іске асырылып, жергілікті атқарушы органдар мен сала мамандарының тұрақты бақылауында жүргізілуі тиіс. Нәтижесінде, су ресурстарын басқарудың тиімді жүйесі қалыптасып, табиғи байлықты ұқыпты пайдалануға жол ашылады.
Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер бойынша жауапты басқармаларға тиісті тапсырмалар берді. Жауаптылар бекітіліп, орындалу мерзімі нақтыланды. Жалпы, су нысандарын салу, жөндеу және реттеу – елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, халықтың тұрмыс сапасын арттыратын және тұрақты дамуға негіз болатын стратегиялық маңызды бағыт. Осындай кешенді жұмыстар арқылы су ресурстарын қорғау ісі жаңа деңгейге көтерілуде.
