Түркістан облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысы қолға алынып, ел игілігіне берілуде. Солардың бірі, Ордабасы аудандағы Қараспан ауыл округіне табиғи газ желісі тартылып, Мәдениет, Жұлдыз, Ынтымақ, Жаңатұрмыс елді мекендерінде газдандыру нысаны іске қосылды. Нәтижесінде 150-ге жуық абонент «көгілдір отынға» қол жеткізді.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, тұрғындарды нысанның іске қосылуымен құттықтады. Ауылдарды табиғи газбен қамту – Мемлекет басшысының халықты сапалы инфрақұрылыммен қамту жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылып жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі екенін атап өтті. Шараға ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар жиналып, тарихи сәттің куәсі болды. Ауыл тұрғындары ел игілігі жолындағы атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдірді.
« – Ордабасы ауданында әлеуметтік маңызы зор тағы бір игі іс жүзеге асты. Аудан аумағындағы төрт бірдей елді мекенге табиғи газ беріліп, мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды. Бүгін біз үшін үлкен қуаныш. Бұл – мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қолдау. Газдың келуі ең алдымен тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Біз алдағы уақытта да ауданымыздағы елді мекендерді кезең-кезеңімен толық газбен қамтуды жалғастырамыз», – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Әкімнің айтуынша, газдандыру жұмыстары өңірлік даму бағдарламалары аясында жүргізіліп, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген талаптарға сай орындалған. Сонымен қатар, бұл бастама ауылдардың инвестициялық тартымдылығын арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына да серпін береді.
Салтанатты жиында ауыл тұрғындары да сөз алып, көптен күткен табиғи газдың игілігін көре бастағандарын айтып, атқарылған жұмысқа ризашылықтарын білдірді. Ордабасы ауданында жүзеге асқан бұл жоба – елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту жолындағы жүйелі жұмыстың айқын нәтижесі. Алдағы уақытта аудан халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған осындай игі істер жалғасын таба бермек.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ордабасы ауданы бойынша 42 елді мекен табиғи газбен қамтылып, бұл көрсеткіш 73,6 пайызды құрап отыр. 2026 жылдың аяғына дейін Шұбарсу ауылының тұрғындарын толық көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы 4 кезеңмен іске асырылып жатыр. Одан бөлек, 5 елді мекенді газдандыру бойынша (Бадам, Дербес, Ақбұлақ, Қалаш, Дихан) жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
