Шардара – өндірісі мен кәсіпкерлігі қарқынды дамып келе жатқан аудан.

Соңғы жылдары Шардара ауданы экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Өндіріс орындарын дамыту мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етуде.

Ауданда өндіріс саласы біртіндеп нығайып келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, шағын цехтар мен кәсіпорындардың ашылуы жергілікті экономиканың дамуына серпін беруде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына және аудан бюджетінің кіріс бөлігінің артуына мүмкіндік жасап отыр. Шардарада шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше көңіл бөлінуде.

Кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасап, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану нәтижесінде жаңа бизнес нысандары ашылуда. Сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және өңдеу салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер саны жыл сайын артып келеді. Бұл бәсекелестікті күшейтіп қана қоймай, көрсетілетін қызмет пен өнім сапасының жақсаруына жол ашуда.

Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев жұмыс сапарымен бірқатар өндіріс орындарына барды. Атап айтқанда, аудан басшысы «Шоғы строй» евро қоршау өндіру цехына, «Шардара–Ет» ЖШС-нің күріш өңдеу кәсіпорынына және «Бәйтерек ББМ» ЖШС-нің балық өңдеу зауытының қызметімен танысты.

«Шоғы строй» евро қоршау өндіру цехы.

Шардара қаласы Өтеғұл шағын ауданында орналасқан бұл өндіріс орнында аудан әкімі цехтың өндірістік қуатымен, шығарылатын өнім түрлерімен және еңбек ұжымына жасалған жағдайлармен танысты. Жеке кәсіпкер Ерғазы Таңбай жетекшілік ететін цехта бүгінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын тәулігіне 80 дана евро қоршау және 50 дана қоршау бағанын өндіруге қауқарлы. Негізгі өнімдері – евро қоршаулар, қоршау бағандары мен термопанельдер.

«Шардара–Ет» ЖШС-нің күріш өңдеу кәсіпорны

Шардара–Жетісай тас жолы бойында орналасқан кәсіпорында аудан әкімі күріш өңдеу технологиясымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Жеке кәсіпкер Дінмұханбет Бекмұратов басқаратын кәсіпорын 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын тәулігіне 20 тоннаға дейін күріш өңдей алады, жылдық өндірістік қуаты шамамен 3000 тоннаны құрайды.

«Бәйтерек ББМ» ЖШС-нің балық өңдеу зауыты

Өтеғұл шағын ауданында орналасқан балық өңдеу зауытында аудан әкімі өндірістік үдерістермен және жұмысшыларға жасалған жағдайлармен танысты. Жеке кәсіпкер Ақыл Байқошқаров жетекшілік ететін зауытта қазіргі таңда 30 азамат еңбек етеді. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты шамамен 600 тонна.

Сонымен қатар, аудандағы ауылдық елді мекендерде де кәсіпкерлік белсенділік байқалады. Отбасылық кәсіп, шағын шаруа қожалықтары мен кооперативтердің дамуы тұрғындарды тұрақты табыспен қамтамасыз етіп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етуде. Жергілікті ресурстарды тиімді пайдалану арқылы аудан экономикасы біртіндеп әртараптандырылуда. Инфрақұрылымның жақсаруы да өндіріс пен бизнестің дамуына оң әсерін тигізіп отыр. Инженерлік желілердің жаңартылуы, жол сапасының жақсаруы, инвестиция тартуға қолайлы жағдайлардың жасалуы Шардараны кәсіпкерлікке қолайлы өңірге айналдыруда.

« – Қазіргі таңда ел экономикасының тұрақты дамуы өндіріс орындары мен кәсіпкерлікті қолдаумен тығыз байланысты. Бұл бағыттағы жұмыстар жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын арттыруға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнес жаңа идеялар мен бастамаларды жүзеге асырып, бәсекелестікті күшейтеді. Кәсіпкерлердің белсенділігі қызмет көрсету сапасын жақсартып, тұтынушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту жұмыссыздықты азайтып, тұрғындардың өз өңірінде еңбек етуіне мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына серпін беруде. Жеңілдетілген несиелер, гранттар, субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер бизнес өкілдеріне нақты көмек болып отыр. Сондай-ақ индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда. Өндіріс пен кәсіпкерлікті жүйелі қолдау аймақтардың тең дамуына жол ашады. Жергілікті ресурстарды тиімді пайдалану арқылы өңірлік экономика нығайып, халықтың әл-ауқаты арта түседі. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді.Өндіріс орындарын және кәсіпкерлікті қолдау – ел экономикасының өсімі мен қоғамның дамуын қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі. Осы бағыттағы кешенді шаралар болашақта да экономикалық тұрақтылықтың берік негізі бола бермек.» – деді аудан әкімі Арман Қарсыбаев.

Сапар барысында аудан әкімі барлық кәсіпорын басшыларына алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, кәсіпкерлікті дамыту мен өндірісті қолдау бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде пікір алмасты. Шардара ауданы әкімдігі алдағы уақытта да өндіріс орындарын қолдау және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*