Түркістан облысы Мақтаарал ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның нәтижесінде аудан аумағындағы 64-ші ауыл көгілдір отынға қосылып, ауданда елді мекендердің газбен қамтылу көрсеткіші 94,1 пайызға жетті. Аталған жетістік – өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.
Осы айтулы оқиғаға орай Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жантақсай ауылының тұрғындарымен қуанышты сәтті бөлісу үшін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы барып, ауыл халқымен кездесті. Аудан басшысы тұрғындарды ауылдың газбен қамтылуымен құттықтап, бұл – әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Кездесу барысында аудан әкімі биылғы жылы Мақтаарал ауданын толықтай табиғи газбен қамту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар облыстық және республикалық бағдарламалар аясында жүзеге асырылып, барлық елді мекендерге газ жеткізу басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
Жантақсай ауылының тұрғындары өз кезегінде көптен күткен қуанышты жаңалыққа ризашылықтарын білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғыстарын айтты. Табиғи газдың іске қосылуы ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық жағдайдың жақсаруына және әлеуметтік жағдайдың оңалуына да оң әсерін тигізбек.
« – Біз, Жантақсай ауылының тұрғындары ретінде, ауылымызға табиғи газ тартылып, көптен күткен арманымыздың орындалғанына шексіз қуаныштымыз. Бұл жаңалық әрбір отбасы үшін үлкен игілік, тұрмысымызға жасалған нақты қамқорлық деп білемін. Бұрын қыс түсе отын дайындап, көмір мен ағаштың әлегімен жүретін едік. Енді, міне, үйлерімізге табиғи газ кіріп, күнделікті тіршілігіміз әлдеқайда жеңілдеді. Үй жылыту, ас дайындау жұмыстары қауіпсіз әрі ыңғайлы бола түсті. Бұл әсіресе қарттар мен жас балалар бар отбасылар үшін үлкен қолайлылық. Ауылымыздың газдандырылуы тек тұрмыстық жағдайды жақсартып қана қоймай, экологияға да оң әсерін тигізеді. Көшелеріміз түтіннен арылып, ауылдың ажары кіре түсетін болды. Ең бастысы – бұл болашақ ұрпақ үшін жасалған маңызды қадам деп есептейміз. Осы игілікті істің жүзеге асуына атсалысқан барша азаматтарға, жауапты мекемелерге және елдің тұрмысын жақсартуды басты мақсат еткен басшыларға ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, осындай игі жобалар көбейе берсін!» – деді ауыл ақсақалдары.
Айта кетейік, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, газ инспекциясының мамандары да Жантақсай ауылына арнайы барып, әрбір үйге кіріп шығып, газ қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
