ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БЫЛТЫР 150 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

2025 жылы облыс тұрғындарын жұмыс орындарымен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілген болатын. Нәтижесінде былтыр 147 719 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 100 046 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасса , ал 47 673 азамат уақытша жұмыспен қамтылды. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы мәлімдеді.

«Қазіргі таңда облыста 822 014 азамат жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде жалдамалы қызметкерлер саны – 442 211, өздігінше жұмыспен қамтылғандардың саны – 379 803. Өңірдегі 40 мыңға жуық тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген. Аймақтағы жұмыссыздық деңгейі – 4,6%, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 1,8%, ал әйелдер арасында – 5,4%. Сондай-ақ, 31 мыңнан астам азамат мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Ұлттық жобалар аясында 357 жоба жүзеге асырылып, 4 333 жұмыс орны ашылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орындарын құру» тапсырмасына сәйкес өңірде 35 917 жұмыс орны ашылды. Жаңа бизнес жобаларды дамыту үшін 400 айлық есептік көрсеткіште 1 792 адамға 2,8 млрд теңгеге грант берілді. Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 74 516 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. 2026 жылы облыста 77 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1 136 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұдан өзге, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар үшін 2025 жылы бекітілген 177 квота орындары толығымен орындалып, 2026 жылға 119 мекемеге 180 квота орындары бекітілді. Былтыр облыста 62 244 адамға 6,1 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек төленді. 2026 жылы кедейлікті төмендету мақсатында 59,1 мың адамды АӘК-пен қамтамасыз ету жоспарланып, бұл мақсатқа 6,5 млрд теңге бөлінді» – деп баяндады басқарама басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен аудан-қалаларда 17 Отбасын қолдау орталығы ашылды. Онда 6 667 азаматқа қызмет көрсетілген. Өңірде 102 401 адам мүгедектігі бойынша есепте тұр. 2025 жылы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға жалпы көлемі 19,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, биыл 65 994 мүгедектігі бар адамды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету үшін республикалық және облыстық бюджеттерден 13,5 млрд тенге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, 2025 жылы облысқа 990 этникалық қазақ қоныс аударып, оларға «Қандас» мәртебесі берілді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Түркістан облысы бойынша 2025 жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға 1 107 бірлік квота бекітілді. Бөлінген квота негізінде 1 137 шетел азаматына рұқсат берілді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2300-ДЕН АСТАМ ПӘТЕР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛГЕН

Түркістан облысында өткен жылы кезекте тұрған азаматтарға 2 317 пәтер (176 жалдамалы, 2 138 несиелік) пайдалануға берілеген. Сонымен қатар, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында 580 жалдамалы және 842 несиелік пәтер мемлекет меншігіне алынған. Бұл жайында Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрханов БАҚ брифингте мәлімдеді.

«2026 жылы өңір тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары жалғасын табады. Жоспарға сәйкес, биыл 810 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы жалғасын таппақ. Қазіргі таңда қаржы бөлу жұмыстары атқарылуда. Жалпы, 2025 жылы құрылыс басқармасы бойынша 183 нысанның құрылысына бюджеттен 118,2 млрд теңге қаржы бөлініп, толық игерілген. Оның ішінде, 106 нысан пайдалануға беріліп, қалған 77 нысанның құрылысы 2026-2027 жылдары аяқталады деп жаспарлануда. Ал, 2026 жылы облыс көлемінде 89 нысанның құрылысына 55,9 млрд теңге қаржы қаралған»- деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, былтыр білім беру саласында 4 нысан ел игілігіне берілсе, «Келешек мектептері» жобасы аясында 9 900 оқушыға арналған 16 мектеп ашылды. Ал, денсаулық сақтау саласында Жетісай ауданы Бәйтерек елді мекенінде 25 орынға арналған дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, жеке инвесторлар есебінен Түркістан қаласында оңалту орталығы ел игіліне ұсынылды. Сондай-ақ, 2026 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Сарыағаш және Ордабасы аудандарында 2 перинаталдық орталықтың құрылысы басталған. 2025 жылы 2 әкімшілік ғиамараттың құрылысы аяқталса, биыл Сауран ауданы әкімдігінде акт залын пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ, мәдениет саласында 6 нысанның құрылысы аяқталса, биыл 13 нысанды ел игіліне беру көзделген. Ал, спорт саласында өткен жылы 18 нысан ел игіліне тапсырылып, биылғы жылы тағы 9 нысанның құрылыс жұмыстары басталмақ.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 250 ЗАҢСЫЗ ҚОҚЫС ОРЫНДАРЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

Өткен жылы қоқыс полигондарының өртенуіне қатысты 17 дерек тіркеліп, әкімшілік шаралар қабылданды. Сондай-ақ, 250 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, толықтай тазартылды. Жүргізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға жалпы сомасы 9,3 млн теңге айыппұл салынды. Жалпы облыс аумағында 13 кәріздік тазалау қондырғысы бар. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз жиынында Түркістан облысының Экология департаментінің басшысы Қадірхан Бейсенбаев баяндады.

«2025 жылы қоршаған ортаны қорғау саласында 80-нен астам бақылау шаралары ұйымдастырылды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 177 экологиялық заңнама талаптарын бұзу дерегі анықталып, кемшіліктерді жою үшін 173 нұсқама берілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде істер қозғалып, 740 жеке және заңды тұлғалардан 79,3 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл өндірілді. Облыста пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 423 дерегі анықталып, 325 жеке тұлғаға қатысты 7,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 2025 жылы Түркістан облысында 249 рұқсатсыз қалдық орындары анықталып, толықтай тазалау жұмыстары жүргізілді. Су көздерінің ластануын бақылау бойынша облыстағы кіші өзендер және трансшекаралық Сырдария өзенінен жалпы 55 сынама алынып, нәтижесінде ластану жағдайлары анықталмады. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған шараларға 1 млн-нан аса адам қатысып, 7 мыңға жуық техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 16 мың тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылды. Бүгінгі күнге дейін 1 млн дана ағаш көшеттері отырғызылды. Бұдан бөлек, тұрғындармен кері байланысты күшейту мақсатында енгізілген «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 3 474 өтінім түсіп, олардың барлығы тиісті деңгейде қаралып, толық орындалды»-деді спикер.