Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін «Келешек» мектебінің бітіруші түлектері «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджін өткізді. Игі бастама аясында мектеп ауласына көшеттер отырғызылды. Түлектердің бұл бастамасы – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, мектеппен байланысын нығайтатын тағылымды шаралардың бірі болмақ.
Биыл аталған білім ордасынан 28 дарынды түлек үлкен өмірге жолдама алмақ. Олардың қатарында Хақназар Шеріпхан «Алтын белгі» иегері атанса, Жасұлан Пернехан «Үздік аттестат» иегері. Сонымен қатар, мектеп шәкірттері білім мен спорт саласында да жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтқанда, Арафат Молдағалиев 2025 жылы Беларусь елінде өткен «Даму кубогы» халықаралық турниріне қатысып, ел намысын қорғаған. Ал Расул Досан өз білімінің арқасында Дания елінде ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі байқауларда үздік нәтижелер көрсеткен.
