Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым табиғатты қорғау мәселесі тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап келеді. Президент өз Жолдауларында және түрлі деңгейдегі кеңестерде экологиялық ахуалды жақсарту, елді мекендерді абаттандыру, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қалдықтарды тиімді басқару және азаматтарды табиғатты қорғау жұмыстарына кеңінен тарту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.
Мемлекет басшысы: «Таза Қазақстан – бір күндік науқан емес. Бұл – әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс» деп атап көрсеткен болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынып, республика көлемінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аталған бастама бүгінде халықтың кең қолдауына ие болып, елдің барлық өңірлерінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Президент тапсырмасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау тек сенбіліктер өткізумен шектелмей, елді мекендерді кешенді абаттандыру, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, жасыл желекті көбейту, өзен-көлдердің жағалауын тазалау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру сияқты ұзақ мерзімді міндеттерді қамтиды. Бұл жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, өңірлердің инвестициялық және туристік әлеуетін көтеруге де ықпал етеді. Осы мемлекеттік бастаманы жүзеге асыру бағытында Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Өңірдің барлық аудан-қалаларында санитарлық тазалық пен абаттандыру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып, қоғамдық орындардың көркі жақсарып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Сайрам ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.
Сайрам ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды тазалық жұмыстары Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек датқа ауылындағы саябақ аумағында өтті. Бұл шара Мемлекет басшысының экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты жұмыстардың бірі болды.
Сенбілікке аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлының бастамасымен 230 тұрғын белсенді түрде қатысты. Сонымен қатар жұмыстарды сапалы әрі қысқа мерзімде орындау үшін 4 арнайы техника жұмылдырылды. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және ауылдардың көркін арттыру. Тазалық жұмыстары барысында саябақтағы жарық шамдары мен орындықтар сырланып, қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар саябақ аумағындағы 0,6 гектар жердегі арамшөптер орылып, аумақ толықтай ретке келтірілді. Нәтижесінде 1,3 тонна тұрмыстық қатты қалдық арнайы полигонға шығарылды. Бұл жұмыстар саябақтың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың демалуына қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәдениетті қалыптастыруда мемлекет пен қоғамның, кәсіпкерлер мен еріктілердің өзара ынтымақтастығы ерекше маңызға ие екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы бағыттағы жұмыстарға Сайрам ауданындағы кәсіпкерлік субъектілері де белсенді үлес қосуда. Солардың бірі – «BAVI» мекемесі. Кәсіпорын сенбілікке демеушілік жасап, тазалық акциясына қатысушыларға өз өнімдерін ұсынып, әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Бизнестің мұндай бастамаларға қолдау көрсетуі Президент көтеріп отырған «жауапты қоғам» қағидатының нақты көрінісі болып табылады.
Экологиялық акция тек Қасымбек датқа ауылымен ғана шектелген жоқ. Сайрам ауданының барлық ауылдық округтерінде де санитарлық тазалық жұмыстары қатар жүргізілді. Жалпы аудан бойынша сенбілікке 2 754 тұрғын қатысып, 23 арнайы техника жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудан көлемінде 134 шақырым көше тазартылып, 23,4 шақырым жаяу жүргіншілер жолы ретке келтірілді. Сонымен қатар 8,6 шақырым өзен-көлдер мен канал жағалауы тазартылып, табиғи аумақтардың санитарлық жағдайы жақсартылды. Бұдан бөлек 9 саябақ пен сквердің аумағы абаттандырылып, 18 балалар және спорт алаңшасы ретке келтірілді. Сенбілік қорытындысында жалпы көлемі 35,6 тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигонға шығарылды. Бұл көрсеткіштер Сайрам ауданында экологиялық жұмыстардың бір реттік акция ретінде емес, жүйелі түрде ұйымдастырылып жатқанын көрсетеді. Мұндай жұмыстар ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз етумен қатар тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруға да үлкен әсер етеді.
Мемлекет басшысы өз сөздерінде экологиялық мәдениет бала кезден қалыптасуы тиіс екенін ерекше атап келеді. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы сенбіліктер жастардың, еріктілердің, білім беру ұйымдарының, қоғамдық ұйымдардың және кәсіпкерлердің белсенді қатысуымен ұйымдастырылуы үлкен маңызға ие. Бұл – өскелең ұрпақтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін күшейтіп, ортақ іске жұмыла білу мәдениетін қалыптастырады.
Президент тапсырмасында ерекше айтылған тағы бір мәселе – әрбір тұрғынның өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы. Өйткені экологиялық мәдениет тек мемлекеттік бағдарламалармен емес, әр азаматтың күнделікті іс-әрекетімен қалыптасады. Ауладағы тазалық, көшені ластамау, ағаш отырғызу, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару – мұның барлығы экологиялық жауапкершіліктің маңызды көрсеткіштері. Бүгінде «Таза Қазақстан» акциясы қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастырып келеді. Тұрғындардың сенбіліктерге белсенді қатысуы, кәсіпкерлердің қолдау көрсетуі, мемлекеттік мекемелердің үйлесімді жұмысы Президент бастамасының халық арасында кең қолдау тапқанын айқын аңғартады.
Сайрам ауданында ұйымдастырылып жатқан мұндай игі шаралар елді мекендердің көркеюіне, тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына және қоршаған ортаның жақсаруына нақты үлес қосуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрақты түрде жалғасып, ауданның әрбір елді мекенінде тазалық пен тәртіпті сақтауға бағытталған жаңа бастамалармен толықтырыла бермек.
Таза табиғат – ұлт денсаулығының кепілі, ал таза елді мекен – өркениетті қоғамның айқын белгісі. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы әрбір азаматтың ортақ ісіне айналып, экологиялық жауапкершілік қоғам өмірінің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ғана келешек ұрпаққа таза табиғат, көрікті ауылдар мен жайлы өмір сүру ортасын қалдыруға болады.
