Арыс қаласында қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қала аумағында құрылған жұмысшы топ өкілдері кезекті рейд барысында санитарлық тазалық талаптарының орындалуын тексерді. Рейд «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қалаға кіреберіс аумақта жүргізілді. Мамандар кәсіпкерлік нысандар мен жеке сектор аумақтарын аралап, тұрғындар мен нысан иелеріне тазалық талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген уақытта шығару, көшелер мен ортақ пайдаланылатын аумақтарға қоқыс тастамау, құрылыс материалдары мен қалдықтарын жол жиегіне және басқа да орындарға орналастырмау қажеттігі ескертілді. Құм, тас, топырақ секілді материалдардың көшеге төгілуі де қаланың санитарлық жағдайына кері әсер ететіні айтылды.
Жұмысшы топ мүшелері тұрғындарға тазалық мәселесінің тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін түсіндірді. Әсіресе жеке аула мен оған іргелес аумақты таза ұстау, қалдықтарды белгіленген тәртіппен шығару маңызды екені атап өтілді.
Рейд кезінде талаптарды бұзған азаматтарға ескерту жасалып, заң талаптары түсіндірілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы негізінде үш қала тұрғынына әкімшілік құқық бұзушылық туралы ескерту түріндегі хаттамалар толтырылды. Жауапты мамандар анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою қажеттігін ескертті.
«Талаптарды орындамаған немесе заңбұзушылықты қайталаған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынуы мүмкін. Қала тазалығы мен қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Тұрғындарды белгіленген талаптарды сақтап, қоғамдық тазалыққа жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.» – деді мамандар.
