АРЫСТА ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Арыс қаласында елді мекендердің сыртқы келбетін жақсартумен қатар, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне де ерекше мән берілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың жай-күйін бағалау мақсатында қала әкімі Қайсар Маңқараев қала аумағын аралап, бірқатар нысандағы атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеді.

Аралау барысында табиғи ортаның тазалығы мен жасыл желектің сақталуына басымдық берілді. Қалаға кіреберістегі арка маңынан басталған жұмыс кезінде Арыс–Шымкент автожолының бойындағы ағаш көшеттерінің жағдайы қаралды. Бұл аумақ қаланың келбетін айқындайтын маңызды бөліктердің бірі болғандықтан, мұндағы жасыл желекті сақтап қалу, оның қалыпты өсуіне жағдай жасау мәселесі назарға алынды.

Қала әкімі жауапты мамандарға отырғызылған көшеттерді суаруды жүйелі ұйымдастырып, олардың әрқайсысына тиісті күтім көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге көгалдандыру жұмыстарында тек көшет отырғызумен шектелмей, олардың жерсінуі мен ұзақ мерзімді сақталуына жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.

Экологиялық ахуал елді мекендердің тазалығымен тікелей байланысты. Осыған орай Дермене және Ақдала ауылдық округтеріндегі жағдай да назардан тыс қалмады. Ауылдардағы тазалық жұмыстары, көше бойларының жинақылығы, көгалдандырылған аумақтардың жай-күйі қаралып, қоршаған ортаға кері әсер ететін факторларды азайту бойынша міндеттер белгіленді.

Жергілікті атқарушы органдарға елді мекендер аумағында санитарлық тазалықты тұрақты сақтап, тұрмыстық қалдықтардың бейберекет жиналуына жол бермеу, қоғамдық орындар мен көше бойларын күтіп ұстау жұмыстарын күшейту тапсырылды. Бұл ретте тазалықты бір реттік науқан емес, күнделікті қалыптасқан тәртіп ретінде орнықтырудың маңызы айтылды. Қала ішіндегі көшелерді аралау кезінде де абаттандыру мен экологиялық тазалық мәселелері бірге қарастырылды. Анықталған кемшіліктерді жою, көше инфрақұрылымын ретке келтіру және тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыру жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Бұдан бөлек, жаңа теміржол вокзалының құрылыс алаңындағы жұмыстардың барысы тек құрылыс сапасы тұрғысынан ғана емес, аумақты тиімді ұйымдастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттілігі тұрғысынан да назарға алынды. Мердігерге құрылыс жұмыстарын белгіленген талаптар мен мерзімдерге сай жүргізу міндеттелді.

Қала басшысы қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижесі ең алдымен тұрғындардың күнделікті өмірінен көрінуі керектігін атап өтті. Таза көшелер, сақталған жасыл желек, ұқыпты күтілген қоғамдық орындар мен реттелген құрылыс аумақтары – қаланың экологиялық мәдениетінің маңызды көрсеткіштері.

Арыста абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да қоршаған ортаны қорғау талаптарымен сабақтастықта жүргізіледі. Берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болып, анықталған мәселелерді жедел шешуге басымдық беріледі.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*