ТҰРҒЫНДАР БЕЛСЕНДІЛІГІ – ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ

Арыс қаласында тазалық пен тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл ретте қаланың көркейіп, көшелер мен аулалардың таза болуы тек арнайы қызметтердің жұмысына емес, ең алдымен тұрғындардың ортақ жауапкершілігі мен белсенділігіне байланысты. Осы ұстанымды берік қалыптастыру мақсатында қалада кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды.

«Таза Қазақстан» шарасы аясында өткен тазалық жұмысына мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен түрлі еңбек ұжымдары белсенді қатысты. Қала орталығында ұйымдастырылған сенбілік барысында азаматтар қоғамдық ортаға деген жанашырлығын нақты іспен көрсетті.

Тазалық жұмыстары кезінде көшелер мен жол жиектеріндегі арамшөптер орылып, жиналған қоқыстар арнайы қаптарға салынды. Қоғамдық орындар ретке келтіріліп, тұрмыстық қалдықтар белгіленген орындарға шығарылды. Мұндай жұмыстар қаланың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындарға таза әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сенбіліктің маңызды ерекшелігі – тұрғындардың өз аумақтарына жауапкершілікпен қарауы. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында белсенділік байқалды. Әбдіразақов көшесіндегі №49 үйдің тұрғындары да игі бастамадан шет қалмай, аула аумағын тазалауға атсалысты. Олар балалардың ойын алаңдарын ретке келтіріп, ауланы қоқыстан тазалап, ортақ кеңістіктің ұқыпты болуына өз үлестерін қосты.

Мұндай бастамалар тазалықтың бір күндік сенбілікпен шектелмейтінін көрсетеді. Қаланың әрбір тұрғыны өз үйінің ауласын, көшесін, қоғамдық орындарды таза ұстауға үлес қосқанда ғана шаһардың жалпы келбеті жақсара түседі. Бір адамның әрекеті екінші адамға үлгі болып, осылайша тазалық мәдениеті қоғамда қалыптасады.

Тұрғындардың белсенділігі – туған жерге деген құрметтің көрінісі. Себебі өз ауласына жанашырлықпен қарап, айналасын таза ұстау арқылы әр азамат қаланың көркеюіне нақты үлес қосады. Сенбілік кезінде түрлі жастағы тұрғындардың бір мақсатқа жұмылуы да осы ортақ жауапкершіліктің маңызын айқын аңғартты.

«Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мақсаты да – қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, халық арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру, табиғат пен қоғамдық кеңістікке деген жауапкершілікті арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың қолдауымен және белсенді қатысуымен нәтижелі болмақ.

Арыс қаласының тазалығы – баршаға ортақ міндет. Сондықтан әрбір азамат өз ауласынан бастап тазалыққа мән беріп, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауы қажет. Қала әкімдігі жалпықалалық сенбілікке белсене қатысқан тұрғындар мен еңбек ұжымдарына алғыс білдіреді. Туған қаланың ажарлы, таза әрі жайлы болуы – ортақ еңбектің нәтижесі. Ал осы жолдағы тұрғындардың белсенділігі Арыстың көркеюіне серпін беретін маңызды күш болып қала бермек.

МАҚТААРАЛДА 1207 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫН АШУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Мақтаарал ауданында инвестиция тарту жұмыстарының басты нәтижелерінің бірі – жаңа өндірістердің ашылып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігінің артуы. Бүгінде ауданда жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар өндірістік әлеуетті күшейтумен қатар, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға бағытталып отыр.  Әсіресе 2026–2028 жылдарға жоспарланған инвестициялық жобалардың әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары. Осы кезеңде аудан аумағында жалпы құны 110,5 млрд теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Жобалар толық жүзеге асқан кезде 1207 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл – аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және халықтың табысын арттыруға ықпал ететін маңызды көрсеткіш.

Жаңа жұмыс орындарының ашылуы аудандағы еңбек нарығына да оң әсер етпек. Себебі инвестициялық жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ, тоқыма және құрылыс салаларымен байланысты. Яғни жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы түрлі бағыттағы мамандарға сұранысты арттырып, тұрғындардың өз ауданында еңбек етуіне мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс өткен жылдан-ақ нақты нәтижесін көрсетті. 2025 жылы ауданда 8 инвестициялық жоба толық іске қосылып, 153 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сол жылы ауданға 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 110 пайызға орындалған болатын. Бұл инвестиция тартудың тек қаржылық көрсеткіш емес, нақты экономикалық және әлеуметтік нәтиже беретінін аңғартады.

2026 жылы да инвестициялық белсенділік жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Ауданға жыл қорытындысымен 60 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Жылдың алғашқы алты айында бұл бағытта 23,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Алдағы жобалардың толық қуатына шығуы жаңа жұмыс орындарының санын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Жергілікті кәсіпкерлер жүзеге асырып жатқан жобаларда да жұмыспен қамту мәселесіне ерекше мән берілген. Жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын 4 жобаның нәтижесінде 236 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Солардың бірі – «Мырза» ЖШС-нің ет өнімдерін терең өңдеу цехы. Жобаның құны 350 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорында жартылай дайын өнімдер бөлімі жұмыс істеп тұр. Биыл төртінші тоқсанда ет өңдеу бағытын толық іске қосу жоспарланған. Өндірістің кеңеюі жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал «Халық» ЖШС жалпы құны 2 млрд теңге болатын тігін өндірісін іске асыруда. Кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазір мамандарды даярлау және тапсырыстар қабылдау кезеңі жүріп жатыр. Бұл жоба әсіресе өндірістік мамандықтарды игерген тұрғындар үшін еңбек етуге жаңа мүмкіндік қалыптастырады. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында да жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобалар жүзеге асуда. «Хамро Ата» ЖШС 1,5 млрд теңге инвестиция салып, мақта майын өндіретін зауыт салуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған, құрал-жабдықтарды орнату толық аяқталған. Кәсіпорынды биыл үшінші тоқсанда іске қосу жоспарланып отыр. Ал «Тамила» шаруа қожалығы 500 млн теңге инвестиция есебінен мал бордақылау кешенін салуда. Жыл соңына дейін 2000 басқа арналған кешенді пайдалануға беру жоспарланса, 2027 жылы оның қуаты 5000 басқа дейін ұлғайтылады. Өндіріс көлемінің артуы ауылдық жерлердегі жұмыспен қамту мүмкіндіктерін де кеңейтеді.

Мақтааралдағы индустриялық аймақтың дамуы да еңбекпен қамтуға тікелей ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. 2014 жылы құрылған аумағы 24 гектар индустриялық аймақ бүгінде толық игерілуге жақын. Қазіргі таңда мұнда небәрі 1 гектар бос жер қалған. Биыл индустриялық аймақта жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылып, 91 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Мұнда мата, темір-бетон өнімдері, асфальт-бетон, мақта талшығы мен мақта майын өндіру, сондай-ақ пластикалық өнімдерді қайта өңдеу бағытындағы кәсіпорындар іске қосылуда. Аталған өндірістердің іске қосылуы Мақтааралдағы жұмыс орындарының санын ғана арттырып қоймай, еңбек нарығының құрылымын да кеңейтеді. Тұрғындарға өндірістік, техникалық және басқа да мамандықтар бойынша еңбек етуге мүмкіндік пайда болады.

Аудандағы жұмыспен қамтудың тағы бір ірі резерві – арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 104,2 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Жобалар толық қуатына шыққан кезде 845 адам тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылады. Бұл көрсеткіш Мақтааралдағы инвестициялық жобалардың ауқымын ғана емес, олардың аудан тұрғындарының әл-ауқатына ықпалын да көрсетеді. Өндірістік нысандардың көбеюі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті кадрларға сұраныстың артуына және тұрғындардың тұрақты табыс көзін қалыптастыруына жағдай жасайды.

Арнайы экономикалық аймақта «БНК групп» ЖШС кәсіпкерлерге өндірістік алаңдарды жалға беру мақсатында 8 броунфилдтің құрылысын аяқтаған. Сонымен қатар «HanYa Holdings» ЖШС, «Мақтаарал Xing Feng» ЖШС және «Каз Про Темир» ЖШС өндірістік нысандарының құрылысы жүргізілуде. Бұл кәсіпорындардың 2026–2028 жылдары толық пайдалануға берілуі жоспарланған. Шағын және орта бизнесті қолдау арқылы да жаңа жұмыспен қамту мүмкіндіктері қалыптасуда. Мақтарал ауылдық округінен 2 гектар жер бөлініп, әрқайсысының аумағы 450 шаршы метр болатын 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталған. Қазіргі таңда жалпы құны 540 млн теңгені құрайтын жобаларды іске асыратын 5 кәсіпкермен меморандум жасалған.

Өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу арқылы кәсіпкерлер өз жобаларын іске қосып, жаңа жұмыс орындарын қалыптастырады. Сонымен бірге осы нысандарда жұмысын бастайтын екі кәсіпкерді «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізумен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, Мақтааралдағы инвестициялық саясаттың негізгі нәтижесі тек аудан экономикасына қаржы тартумен шектелмейді. Оның маңызды көрсеткіші – адамдарды жұмыспен қамту, тұрақты табыс көздерін қалыптастыру және жергілікті еңбек нарығын дамыту.

Бүгінде 2026–2028 жылдарға жоспарланған 19 инвестициялық жобаның нәтижесінде 1207 жаңа жұмыс орнының ашылуы көзделіп отыр. Ал 2025 жылы іске қосылған жобалар арқылы 153 тұрақты жұмыс орны құрылды. Алдағы жылдары инвестициялық жобалардың толық қуатына шығуы бұл көрсеткішті одан әрі арттырып, Мақтаарал тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін қалыптастырады. Бұл – инвестицияның аудан экономикасына ғана емес, әр отбасының әлеуметтік жағдайына әсер ететінін көрсететін нақты нәтиже. Өйткені жаңа кәсіпорын – жаңа өндіріс қана емес, ең алдымен жаңа жұмыс орны, тұрақты табыс және халықтың болашағына деген сенім.