САЙРАМДЫҚ САДАҚШЫ ӘЛЕМДІК ДОДАДА АЛТЫН МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

Сайрам ауданының спортшысы халықаралық аренада тағы бір мәрте ел мерейін үстем етті. Солтүстік Кипр Түрік Республикасында өткен дәстүрлі садақ атудан IV дүниежүзілік «Фетих» кубогы халықаралық турнирінде жерлесіміз Махамбет Сатбаев алтын медаль иеленіп, Қазақстанның көк Туын биікке көтерді. «Фетих» кубогы – дәстүрлі садақ атуды ұлттық құндылық әрі мәдени мұра ретінде дәріптейтін әлемдік деңгейдегі беделді жарыстардың бірі. Халықаралық дода биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған бірнеше мемлекеттен келген үздік мергендер қатысты. Атап айтқанда, Кипр, Түркия, Косово, Ресей, Түрікменстан, Қазақстан және Қырғызстан елдерінен келген 202 спортшы өзара бақ сынады.

Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен жерлесіміз Махамбет Сатбаев – дәстүрлі садақ атуды кәсіби деңгейде дамытып жүрген білікті спортшы әрі жаттықтырушы. Ол бүгінде «Сайрам ұлттық спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің дәстүрлі садақ ату бөлімінде жас спортшыларды жаттықтырып, ұлттық спорттың өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.Жарыс барысында сайрамдық садақшы 30 метрлік Қазақ жамбы нысанасы бойынша бақ сынап, өзінің мергендік шеберлігін жоғары деңгейде көрсетті. Ол дәлдік пен сабырлылықты ұштастыра отырып, қарсыластарының бәрінен басым түсіп, жарыстың алтын жүлдесіне қол жеткізді.

Бұл нәтиже Махамбет Сатбаевтың ұзақ жылғы еңбегі мен тынымсыз дайындығының жемісі екені сөзсіз. Дәстүрлі садақ атуда спортшыдан тек нысанаға дәл көздеу ғана емес, жоғары шоғырлану, төзімділік, ішкі сабыр және тұрақты дайындық талап етіледі. Халықаралық деңгейдегі бәсекеде осындай қасиеттерді толық таныта алған жерлесіміз ел құрамасының сапында жоғары нәтиже көрсетті.

Спортшының жеңісі Сайрам ауданында ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін де айқын көрсетеді. Соңғы жылдары қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату секілді ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық артып келеді. Ауданда спорт секцияларының жұмысы жолға қойылып, балалар мен жасөспірімдерді ұлттық спортқа тартуға ерекше көңіл бөлінуде.

Ұлттық спорт – халқымыздың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды құралдарының бірі. Оның ішінде дәстүрлі садақ атудың өзіндік орны бар. Қазақ халқының жауынгерлік тарихымен тығыз байланысты бұл өнер бүгінде заманауи спорт түрі ретінде қайта жаңғырып, халықаралық жарыстарда кеңінен насихатталып келеді. Махамбет Сатбаевтың халықаралық додадағы жеңісі де осы үрдістің жарқын көрінісі. Ол ұлттық спорттың тек елімізде ғана емес, әлемдік аренада да бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Әсіресе Қазақ жамбы нысанасы бойынша алтын медаль алуы – ұлттық спорттың ерекшелігін халықаралық деңгейде танытатын маңызды жетістік.

Жеңіс тұғырынан орын алған жерлесіміздің жетістігі Сайрам ауданындағы жас спортшыларға да үлкен үлгі болары анық. Бүгінде ұлттық спортқа қызығушылық танытқан жастардың қатары көбейіп келеді. Осындай халықаралық жетістіктер олардың спортқа деген ынтасын арттырып, жаңа жеңістерге ұмтылуына жол ашады. Сайрамдық спортшының алтын медалі – жеке жетістікпен қатар, ел спортының абыройын асқақтатқан маңызды нәтиже. Халықаралық додада Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған Махамбет Сатбаев ұлттық спорттың көкжиегін кеңейтіп, туған жерінің мерейін үстем етті.

Алдағы уақытта да жерлесіміздің жаңа белестерді бағындырып, халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк туын көкке көтере беруіне тілектеспіз. Оның бүгінгі жеңісі – табандылық пен еңбектің, ұлттық спортқа деген адалдық пен кәсіби шеберліктің жарқын жемісі.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*